Qalam әртүрлі жылдары еңбек еткен азиялық алпауыт кинорежиссерлер жөніндегі очерктер сериясын шығаруды қолға алды. Аталған очерктерді редакциямыздың тұрақты авторы — кинотанушы Алексей Васильев жазатын болады. Осы бір сериямыздың төртінші шығарылымы жапон режиссері Макото Синкайдың шығармашылығына арналады.
1-шығарылым: Болатбек Шамшиев.
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ САҒЫМҒА АЙНАЛҒАН ТҮСІ
Жапондық аниме режиссері Макото Синкайды жұрт ессіз романтик деп жатады. Ширек ғасырға жуық кино өнерінде еңбек еткен ол — жаңбырды, қарды, балалық естеліктердегі домалақ күнді, темекі түтіні мен ыстық кофенің буын, супермаркетте бір затты алуға ұмсынған қолды дір еткізген радиодан ойнаған әнді, қирауға шақ қалған ғимараттар секілді бір сәттік дүниелерді таспалап, мәңгілік етуге тырысады. Оған түсіңде бір-біріне өліп өшкенімен, ояна сала ғашығының бет-әлпеті сағымға айналып, көзден шыққан жастан да тез кеуіп үлгерген түсін шынайы етпек болған жандар және көшеде қыздармен таныспақ болғанда жігіттердің айтатын таптаурынға айналған сөзі («Бұрын соңды сізді бір жерден көрмедім бе?»), дүниетанымның құпиясын ашу үшін жеткілікті. Аниме тарихындағы ең көп қаржы жинаған «Сенің есімің» (2016) деп аталатын толықметрлік фильмді түсіру үшін Синкайға осының өзі жеткілікті.
Шынтуайтына келгенде, аниме тарихындағы ең көп қаржы жинаған он фильмнің қатарына Синкайдың 3 бірдей туындысының енуі («Сенің есіміңнен» өзге «Ауа райы балалары» (2019) және «Есіктерді жапқан Судзумэ» (2022) фильмдері тізімде бар) бізді, осы уақытта өмір сүрген жандарды ессіз романтикке айналдырады. Жоғарыда аты аталған туындыларда сюжет бар дегенімізбен (бірақ Синкайдың нағыз фанаттарының сүйікті «Секундына бес сантиметр» (2013), «Сұлу сөздердің бағы» (2013) секілді туындылары да күнделікті күйбеңді сөз етеді), онда көбіне-көп он бес жастағы жасөспірімдердің қылтың-сылтыңы, «әйтеуір бір тұста жүрек бар» деген сөзбен сипаттауға болатын дүниелер көрініс тапқан. 15 — бұл анимені тудырған алыптардың ең сүйікті жасы. Бұл адамның алғашқы махаббатты сезініп, оғаш қылық, ессіз әрекет, арманың үшін күресетін өркөкірек кезеңі. Бірақ Синкайдың өзге әріптестері бейнелеген 15 жастағы кейіпкер зымыранмен ұшып, қылмысты ашып, зұлым күштермен шайқасып жатады. Ал Синкайдың осы жастағы кейіпкерлері — жөнелтілмеген хаттар, құшақты аңсағандар мен сағымға айналған түс тізбегіне шырмалған жандар. Синкайдың кейіпкерлері сөйлесудің орнына (махаббат жөніндегі өз сөзінің орнына, ішкі монолог басым) кездейсоқ радиодан қосылған ескі әнге құлақ түреді. Синкайдың камерасы, жасөспірімдерге тән мінезбен қарсы тұрған адамның көз жанарын көрсетпейді. Керісінше, тіке қарауға қымсынған жандай камера объективі бірде жерге, бірде дүкен сөресіне, аспанға, шырмалған тоқ сымына, буқазанның датчигіне, метро тұтқасына ауып кетеді.
«Қайда болса, сонда, бірақ тек көзге тура қармайтын» төлтума әдісін Синкай, 23 жасында «визуалды романдар» шығаратын компанияда, графикалық дизайнер ретінде қызмет етіп жүргенде бірден тапты. Ол жұмыстан қолы босап қалса болғаны, қағазын тізесіне қойып, бар-жоғы 2 минут қана болатын мультиктерін салуға отыратын. Осы бір туындыларында Синкай диалогтар былай тұрсын, ішкі монологтардың өзін енгізе алмады. Оның орнын сызбаға жазылған мәтіндер басқан. Негізгі атқаратын шаруасынан қолы көп босай бермегендіктен, Синкайға осы қарқынмен өз туындысын шығару үшін кемі екі жыл қажет болды. «Өзге әлем» (1998) деп аталатын сондай туындыларының бірінде режиссер планердің, терезе сыртындағы пойыздың дауысынан ұшқан құстардың, жаздың ыстық күнінде бөлмесіне тығылған қыздың образын бейнелеген. Күн сәулесі еденге түскен, желден емес, көз ілеспес жылдамдықпен айналған желдеткіштен терезеге ілінген перде желпілдеп тұр. Бөлмеде еденде қапырақтан ыстықтаған қыз жатыр. Пойыз ішінде қайғыға батқан сол қыз жігітінің құшағына енген. Аталған туынды: «Күндердің бір күнінде сен нағыз махаббатыңды ұшырастырасың. Оған дейін мен сенің жаныңда боламын» деген жазбамен аяқталады. Бұл құдды бір бастан өткерген жабыраңқы күйдің көрінісі іспеттес: ол шақта Синкайдың төлтума туындылары шықпағандықтан, оның дүниетанымында мәңгілік ештеңе жоқ деген түсінік бірінші орында екенін ұққан көрермені болмаған еді.
«Өзге әлем» туындысының фонына Эрик Сатидің фортепианода орындалған «№1 Гимнопедия» деп аталатын музыкалық шығармасы қойылған. Бертін келе аталған әуен Шығыс киногерлерінің ең көп қолданатын шығармасына айналды. Айталық, Ким Ки Дук өзінің «Белгісіз мекенжай» (2000) фильмінде қолданса, «Ауа райы жайлы болғанда келемін» (2020) деп аталатын ең танымал корейлік дорамада тіптен басты тақырыпқа айналып кеткен. Бәлкім, бірде естеліктерді ойға оралтса, бірде фотосуреттерді ақтарып, бірде бір-бірін алмастырған жыл мезгілдерінің жүйткігенін фортепианоның жоғары актавасын басқан саусақ арқылы бейнелеуді, осы бір тақырыпқа дәл келетін визуалды интерпретацияны тапқан Синкай болуы бек-мүмкін. Қалай болмасын, 1999 жылдан бастап Синкай жоғарыда сөз болған әдістерін ұзақтығы 5 минуттан асатын ақ-қара түсті «Қыз және оның мысығы» деп аталатын келесі туындысында оқиғаның өзегі қылуды бастады. Аталған қысқа метрлік туындысын аниме мен мультипликациялық төмен дәрежелі фестивальдерге сайысқа қосқан Синкай, ірілі-ұсақты марапаттар жинап алды. Аталған туынды сюжеті махаббатын жоғалтқан арудың шашылып жатқан үйі, көктемде асырып алған мысығының көзімен өрілген. Фильм жыл мезгілдеріне сай төрт бөлімге бөлінген. Кейінірек Синкай бірде жекелеген айларды, кейде күнтізбені сырғытып, осы бір әдісті басқа туындыларында да қолданады. Оның туындыларында уақыт, мезгіл нақты көрсетіледі. Бұл тіптен хаттарының өзін күн, уақыт пен даладағы ауа райын сипаттаудан бастайтын жапондықтарға тән дүние. Осы іспеттес ұсақ-түйектен таяу арада қалың көрермен үшін түсінікті болған бір дүние аңғарылды: Синкай — жапон топырағынан түлеген автор. Көп жыл өткен соң, Синкай өзінің қомақты қаржы жинаған хиттерін шығара бастағанда, онда ғажайып, фантастикалық элементтер көрініс таба бастады. Дегенмен ол көріністердегі күнделікті күйбеңнің көркем түрде бейнеленуі автордың іштен бұлқынып шыққан қиялынан емес, синтоизм философиясынан,11Синтоизманимастикалық сенімдерге негізделген дәстүрлі Жапон діні ондағы барлық дүниенің асқақтығы мен болмыс бірлігі жөніндегі түсініктен өрбіген.
«Қыз және оның мысығы» туындысы қыс мезгілінде аяқталады (Синкайдың шығармашылығында қыс мезгілі адамды пана, жылылық іздеуге итермелейтін ортақ сезімдер мен ыстық махаббаттың серігіне айналған). Туындыдағы мысық: «Біздің кішкентай әлеміміз, түпсіз терең түнекте өтіп жатыр. Жыл мезгілдері бірінен соң бірі келіп жатыр. Міне қыс келді. Оның қармен бүркемеленген сұлбасы, қараңғы түнектегі бұлыңғыр бұлттарының сыбдыры, оның жаны, менің сезімдерім мен біздің бөлмеміз — осының бәрін қар жасырып тұр. Тек ол отырып кеткен пойыздың шуы, менің сақ құлағыма талықсып жетеді. Маған да, бәлкім оған да осы бір әлемді біз сүйетіндей көрінеміз» деп сөйлей жөнеледі.
Қыс — екеуіне құрылған тұзақ, ал махаббат — именшек әрі сусымалы субстанция болғаны сонша, оны табу үшін өзге бір тұзақ қажет болады. Айту қиынға соғатын дүниені аудиовизуалды баяндау техникасын меңгеру арқылы жеткізуді үйренген Синкай осы сезімдерді көрерменге паш етеді. Көп өтпей Синкайға 1970-жылдары тұнық дауысы анасының баласына айтқан бесік жырындай, біз күн батқанда көшіп кеткен ауылдан талықсып жеткен халық әніндей жапон жұртының жанын жадырататын атақты поп-дива Хироми Ивасакидің (аңызға айналған Покемон мультсериалындағы әнді орындаған әнші) бейнебаянын түсіруге ұсыныс түседі. Ивасакидің аталған әні: «Теңіздей көк аспаннан күлімдеген жанның жүзі жақындап келеді және осы бір күлкі маған күш береді» деп басталады және бейнебаянда атжалман кең далада көлдің жанынан өтіп, тегіс алаңға жетіп, ақ бұлттар торлаған көк аспан астында жүгіріп келеді. Кенет камера алыстаған сәтте, оның кезіп жүгірген әлемі — тыстағы өмірден шаршаған, пәтеріндегі үстел үстіне қойылған үй жануарының дөңгелек ыдыс ішінде жүгіргенін бақылап тұрған, күлімдеген қожайыны болып шығады. «Ойымда тек сен».
ТОКИЯ ОҚИҒАЛАРЫ
Синкайдың жоғарыда баян еткен кішігірім, дегенмен өте жарқын жетістіктеріне, бағдарламалық жасақтамасын режиссер жұмыс істеп жүрген фирма жасайтын, CoMix Wave деп аталатын компания назар аударады. Аталған компания Синкайға OVA (ТВ арқылы емес, дискілер түрінде сатылымға шығатын, ұзақтығы ереже бойынша 25 минутқа созылған анимациялық телефраншизалардың арнайы шығарылымдарын осылай атайды) жасауға қаржы береді. Әлбетте, бұған дейін ол ешқандай да франшиза бойынша жұмыс істемегендіктен, компания оған орта метрлік бірегей анимені жасауға беріп, диск сыртын Синкай бұған дейін салып қойған кішкентай миниатюралармен толықтырмақ болады. Іс жүзінде, Синкай фильмдерінің алғашқы антологиясы шығуға дайындалып жатты. Осы тұста, бұл жақсы бір достықтың бастамасы болғанын атап өткен жөн. Осы бір серіктестік сәтті болғаны сонша, Синкайдың «Секундына бес сантиметр» деп аталған екінші толық метрлік туындысына, компания CoMix Wave Films деген бөлек студия ашып берген. Дегенмен Синкайдың «Сенің есімің» деп аталатын туындысынан бастап, дүниежүзін толық қамтуға аталған компанияның шамасы жетпегендіктен, режиссердің әлем көрермені тамашалаған кейінгі туындыларын таратуды Жапониядағы ең ескі кино компания саналатын «Тохо» қолға алды.
Синкайдың екі жоғары сыныптың оқушысы бір-бірімен смс алмасқан, тек жігіт — мектепте оқып, уақыт өте келе үлкен өмір араласқан Жер шарының тұрғыны, ал қыз — тарсиан деп аталатын өте агрессивті космостағы жаратылыстың соңынан қуған әскердің құрамындағы ұшқыш болған «Шалғай жұлдыздан жеткен үн» (2002) деп аталатын туындысы OVA форматында жарық көрді. Жер әскері тарсиандықтарды қуған сайын, әлгі қыз Жер шарынан бірнеше жарық жылына алыстап кетеді. Енді міне жолданған смс хаттар бір жылдан кейін бір-ақ жетеді, кейін тіптен бармайтын да болады: «Сол кезде мен жүрегім мұзға айналып, мықты адам боламын деп шештім. Бұл есік ендігәрі ашылмайды. Қайта-қайта есігін қағып жүрмейтін боламын, ер жеткен соң да, жалғыз қалсам да қақпаймын». Аталған туынды да диалогтар жоқтың қасы (күн батқанда кейіпкерлер көкке көтерілген зымыранның ізіне қарап, қыз осындай бір құрылғыда ұшсам ғой деген арманын айтқан пролог болмаса). Мұнда оқиға смс хабарламалары арқылы баяндалған, кейде телефонда терілген қалпында берілген. Дегенмен оқиға желісі жиі кадр сыртындағы дауыспен айтылып, экранда темір жол қиылыстарындағы шлагбаумдар, көпір астындағы тар жол, тербелген метро тұтқасы, самалдықтан қарағанда су секілді ағып кеткен батқан күн бейнесімен қатар өрілген. Жігіттің бірнеше жыл бойына көргені, ал қыздың түсіне енгені осы сюжеттер.
«Шалғай жұлдыздан жеткен үн» туындысының Синкайдың жауһарларының қатарына қосуға келмейді. Туындының үштен бірі космостық бейнелерден, ұрыстардан тұрады және осы бір бөлік — біртоға баяндалған. Әлі күнге дейін фантастикалық бейнелерді Синкай сәтті шығара алмай келеді. Ол күнделікті күйбеңді дәл суреттейтін, өмірде айтуға қымсынатын сусымалы сезімдерді жарыққа шығара алатын ұлы ақын әрі нағыз сиқыршы суреткер. Осы тұрғыдан қарастырғанда, «Шалғай жұлдыздан жеткен үн» туындысы, Синкайдың басты тақырыптары мен келешекте баяндайтын бейнелеу тілі толықтай шағылысқан бір тамшысы болғаны анық. Осы туындыда оның өзіндік ғаламы қалыптаса бастаған. Режиссердің қағілез көрермендерінің арасында, құдды бір Синкайдың барлық туындысы бір уақытта (уақыттың салыстырмалығы Синкайдың сүйікті тақырыбының бірі), бірдей кеңістік аясында өтіп жатқандай сезілетінін айтқандар көп. Олардың пікірі орынды. Кейіпкер қыздың түсінде пайда болған көпір астындағы тар жол 17 жылдан кейін «Ауа райы балалары» туындысында көрінеді (бірақ адам танымастай кейіпте өзгерген: «Шалғай жұлдыздан жеткен үнде» бұл көрініс батқан күннің шашыраған нұрымен көмкерілген). Кішігірім темір жол қиылысындағы шлагбаум оның әрбір екінші туындысында көрінетін болады, ал қиылыстың өзі лирикалық шырқаудың сахнасына айналады (мысал ретінде, «Секундына бес сантиметр» туындысындағы «ол маған қарап-қарамағанын көру үшін артыма бұрылып көз саламын» деген сахнасын айтсақ болады).
Ал «Сенің есімің» туындысында мұндай лирикалық шырқаудың көрінісі, «Ауа райы балаларында» мопедпен кесіп өтетін баспалдақ болады. Олай болса метро үстінен кесіп өтетін, бір уақытта үш мың адамды өткізе алатын және Синкай фильмдеріндегі тағы бір рефрен болған Сибуя көпірі жөнінде де айтып өтелік. Бұл тұста Синкай ғаламының бір бөлшегі саналатын Токионың шынайы келбеті жөнінде сөз етуге тура келеді. Ол әр фильмі сайын зор шабытпен, үлкен ынтамен өзінің сүйікті мекендерін, айталық, жаңбыр астындағы жабыраңқы бейнесін «Сұлу сөздердің бағында» және «Ауа райы балаларында» оқиғамен сәтті қабыстыра білген Ёёги секілді биік ғимаратты түрлі жыл мезгілдерінде, әртүрлі жарықта көрсеткенді ұнатады.
Синкайдың «Секундына бес сантиметр» туындысы жарыққа шыққан соң-ақ қызықты бір ойын басталып кетті — тек жапондықтар ғана емес, әлемнің әртүрлі халықтарынан шыққан адамдар Синкай бейнелеген Токиоға келіп, фильмдегі ракурс пен жарықты дәлме-дәл қайталауға тырысып, түсірген суретін интернетке салатынды шығарды. Синдзюку бағының барлық орындықтары мен көпірлерін танымал еткен «Сұлу сөздердің бағы» туындысынан кейін, бұл ойын жаппай белең алып, Синкай таспалаған мекендерді аралатын экскурсиялық топтар пайда болды. Осы тұста Синкайдың кейіпкерлеріне ортақ кеңістік болған Токио жөнінде сөз қылып отырғанымызды қайталап еске саламыз. Әрі режиссердің өзі де кейінгі фильмдерінде алдыңғы туындыларындағы кейіпкерлеріне елеусіз рөлдерді беріп, отқа май құйғандай әрекетке көшкен. Мәселен, «Қыз және оның мысығы» деп аталатын қысқа метрлік туындысындағы Тёби есімді мысық «Бұлттың ар жағы» фильмінде көрінсе, «Секундына бес сантиметрдегі» кейіпкер ол мысықты ұшыратып қалып, тіптен қожайыны Мимидің хәл-жағдайын сұрастырады.
Токионың тек жергілікті тұрғындарға ғана белгілі болған кісі аяғы басылмайтын, жарқын мекендерін қайталап бейнелей беру (дәл мысықтың жағдайындағыдай бір түрлерді қайталау) әдеті Синкайда шығармашылығын сайдквел22Сайдквелл (sidequel)жаңа туындының оқиғасы ертеректе шыққан фильмдегі қиялдан пайда болған әлемде өрбитін, дәл спин-офф секілді түсінік жиынтығына айналдыруды қалағандықтан артып жатқан жоқ. Мекен мен онда өтіп жатқан жүргіншілер — Синкай «Шалғай жұлдыздан жеткен үн» фильміндегі космостан келген соңғы хабарлама арқылы қалыптастырып үлгерген, махаббаттың құрамдастары ғана. Аталған туындыдағы қыз Жерге қайтып оралады. Бірақ ол үшін сегіз жыл қажет. Өйткені тарсиандықтар Сириус жұлдызына қарай қашып кеткен және Жер әскеріне олардың қуып жету үшін сегіз жарық жылы керек. Оның сегіз жылға кешіккенінің себебі осы. Ал сөз еткен соңғы хаттың мәтіні мынандай: «Сәлем, 24-ке келген Набору. Мен көп дүниені есіме түсіремін. Ақыр соңында қолымда ештеңенің жоқ екенін түсіндім. Айталық, жазғы бұлттар мен суық жаңбыр, күзгі желдің иісі, қолшатырға ұрынған жаңбыр тамшыларының үні, көктем мезгіліндегі жер, түн ортасында баратын жайлы кафе. Тағы да, мектептен шыққаннан кейінгі суық жел жоқ». Осы жерге дейін кадр сыртындағы дауыс тек қыздың үні болатын. Бірақ дәл осы хабарламадан кейін жігіт пен қыз кезекпе-кезек сөйлейтін болады және соңғы сөзді екеуі бірге айтады. Аталған әдісті Синкай барлық фильмдерінде қайталап келеді.
– Мектептегі бордың иісі.
– Түн ортасында жүйткіген жүк көлігінің даусы.
– Жаңбырдан кейінгі асфальт иісі.
– Нобору, осының бәрі, менде болған...
– Ұдайы жадымда сақтап келген
– ... Осының бәрін сенімен бөліскім келеді.
– Микано.
Махаббат — бұл бір-біріңмен, жермен, ондағы шлагбаум және көпірлермен, мысық және басқа да жаяу жүргіншілермен, күн мен жаңбырмен, барлық өзгеріп әрі жоғалып кетер тіршілік иелерімен әрбір күніңді бірге өткізу. Жоғалып кетер демекші, мәселен, «Ауа райы балалары» туындысы жарыққа шыққан соң, екі жетіден кейін Ёёги кварталындағы 1969 жылы тұрғызылған жеті қабатты Кайкан ғимараты бұзылды. Бала кезден бері сүйікті болған ғимаратының қабырғасын таяуда қирататынын білген Синкай, оның аман-сау кезінде тот басқан баспалдақтарын, жаңбыр құйған уақытта күннің көзін шақыратын қызыл түсті торий-қақпасын төбесіне орнатып, көрермен жадында мәңгілікке қалдырды. Синкайдың махаббаты (дегенмен өзі мұны махаббат деп атаған емес) — бұл өзі өмір сүріп отырған Отанына деген махаббат.
Бұл тұрғыдан Синкайдың 2008–2014 жылдар аралығында 4 бейне роликті түсіріп берген алпауыт «Тайсэй» құрылыс корпорациясымен серіктес болуы сөзімізге дәлел бола алады. Жаңа қажеттіліктерге сай адам қолынан туған ғаламат туындылардың жанкүйері болған Синкай, аталған ұсыныстан бас тарта алмаған. Балалық шағында тал я күн (дегенмен ағаштар да мәңгілік емес әрі күннің де мәңгілік екеніне қатысты түсінікке тарих шырғалаңы көлеңкесін түсіріп отыр) секілді әлемнің ажырамас бір бөлшегі ретінде көрінген бұзылып жатқан инфрақұрылымдар мен қираған ғимараттарға күйінген Синкай, жаңа салынған ғимараттарды жылы қабылдайды.
Өйткені бұл жаңа ғимараттар келешекте кейінгі буынның естеліктері, өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналады емес пе! Корпорация тапсырысымен түсірген бейне роликтерінде ол Азия мен Еуропаны жалғаған Босфор тоннелінің, Шри-Ланкадағы алғашқы жоғары жылдамдықты тас жолы мен Ханоедегі жаңа әуежайдың құрылысын таспалады. Ол сондай-ақ роликтің алғашқы сериясында Катар астанасы Дохадағы әуежайдың құрылысын да сөз еткен. Бейне роликтегі таспалаған құрылысшы ішкі монологында, осындай күндері аспанға, бұлттарға қарайтынын жеткізеді. Өйткені жылжыған бұлттар одан айырмашылығы, туған жерінің үстінен өтуі мүмкін. Сондай-ақ ол құрылыс аяқталғанда, үйіне оралуға мүмкіндік туған күні аспанға жолдайтын көз жасының төгілетінін айтады.
ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАН ПЕРРОНДАР МЕН ЕТІКШІНІҢ АЛАҚАНЫ
«Шалғай жұлдыздан жеткен үн» туындысынан кейін Синкай «Бұлттың ар жағы» (2004) деп аталатын алғашқы толық метрлік фильмін түсіруге кірісті. Синкайдың шыққан биігін ескере отырып, қазірде аталған туынды сәтсіз фильм ретінде көрінуі мүмкін, алайда өз уақытына көрермен оны жылы қабылдаған. Драматургиялық олқылықтарына қарамастан, сол шақтың өзінде, үлкен аниме нарығында жаңалық болған, ғажайып туындының шыққаны анық бола бастаған. Жоғары сыныпта оқитын екі жасөспірімнің достығы, екеуінің де сыныптас қызға ғашық болуы және олардың ұмтылған армандары бір ортаға тоғысқаны сонша, осы бір сезімдерді қолмен ұстауға болатындай сезілді. Кейіпкер қыздың бірі электр пойызының тамбурында тұрып қалғанда, оның қараңғы көлеңкесі бір минут бұрын достары шығып кеткен перронның түскен жарықпен астасып, осы бір контраст көзді тұмшалайды. Сондай-ақ кейіпкерлердің аяғының астындағы көк шөп, шақырайған күннің шуағы нақты сұлбасын жоғалтқан. Осы бір сахнаны Рюсукэ Хамагути (ол жөнінде сөз ететін боламыз) «Бақытты сәт» (2015) деп аталатын ойналмалы форматта қайталайды. Онда баласының сыныптасы қызы жүкті болып қалғанын естіген бас кейіпкер, шаңқай түсте бейнесі анық емес ағаштардың арасында басы салбырап жүріп өтеді. Аяқ асты ол өзінің кәрі болмай-ақ ана рөліне босағанын, баласы әке болуға дайын екенін ұғынып, өтіп бара жатқан сүйкімді жүргіншілермен тілдесіп кетеді.
«Бұлттың ар жағы» туындысының оқиғасы, соғыстан кейін Жапония ыдырап кетсе қалай болар еді деген сауалды қаузаған балама әлемде өтеді: елдің бір бөлігін АҚШ басып алған, ал солтүстіктегі Хоккайдо аралы Совет Одағы жаулаған және әліге дейін сол жаққа қарайды. 1974 жылдан бері Совет Одағы бұл аралда ұшар басы көк тіреген зәулім мұнара құрылысын жүргізіп келеді. Ал америкалықтар басып алған аймақта өмір сүретін және «Одақтықтар құрылыс саласында мықты!» деп таңданған бір топ достар, мұнараның айналасын шолып шығып, қандай ғимарат екенін көру үшін ұшақ жасауға кіріседі. Кейін ер жете келе олар мемлекеттік қауіпсіздікпен айналысатын органмен байланысады. Аталған фильмнің соңғы сахналары, Америка Совет Одағына бес күннен кейін шабуылға шығатынын білгенде өрбиді. Токиода, бәлкім, бейбіт тұрғындар соңғы шыны аяқ кофесін ішіп отырғанда, америкалықтардың көпір үстінен солтүстікке қарай ауыр қарулы техникасымен шабуылға шыққан сахнасы үрейді ұшырады. Дәл осы туындысында Синкай кванттық физиканы синтоизммен үйлестіруге тырысады. Алайда «Сенің есімің» деп аталатын фильмінде ғана осы бір үйлесімді тапқандай көрінгенімен, ақырғы сахна көрерменді бейжай қалдырмай, Синкайдың күткені орын алмаған.
Осы бір сәтсіздікті сезе қойған Синкай күнделікті күйбең өмір мәселесіне қайта оралып, осы бір қадамы режиссердің адал жанкүйерлерінің ең сүйікті фильміне айналған екі жауһарды тудыруға әсер етті: шынтуайтына келгенде, біз әлі де, ол бірде ертегілерін кейінге ысырып тастап, «әр күннің оқиғасын» баян еткен кезекті бір жауһар фильмін таспалайды деп үміттеніп жүрміз. Дегенмен көрермендер арасында жүрген талас еш толастар емес: екі фильмнің («Секундына бес сантиметр» (2007), «Сұлу сөздердің бағы» (2013)) қайсысы маңызды? Өзімде осы бір таласқа бір мәрте араласып кеткенім бар. Бірде комикс сататын дүңгіршектің қожайынымен сөзге де кеп қалдым. Осы тұста қызықты бір мәселені айтайын: аталған таластар, іс жүзінде, талас емес, қарсы тұрған адамның кім екенін білуге берілген жақсы тәсіл. Өйткені екі туындының абсолютті мінсіздігі мүлдем талқыланбайды: мұнда көбіне-көп бәрі — сіздің тәжірибеңізге қай туынды жақын екеніне байланысты.
Маған екі туынды да ұнағанымен, таңдау қажет болса, «Секундына бес сантиметр» туындысын таңдаймын. Өйткені мектепті аяқтай сала Мәскеудегі институтқа оқуға түсіп, қыс сайын туған қалама түнде жүретін пойызбен қайтатын едім. Фильмде 13 жастағы кейіпкер, отбасымен бірге шалғайдағы бір ауылға көшіп кеткен, Токиода бастауыш мектепте дос болған қызына электр пойызымен барып тұрады. Ал енді жігіттің өзі де Танэгасима аралына көшіп кетті. Енді оған осы жақтан қызы тұратын Тотиги жету қиынға соқпақ. 3 наурыз күні екеуі қыздың аялдамасында кешкі сағат жетіде жолығамыз деп сөз байласады. Бірақ аяқ-асты қалың қар түсіп, пойыздардың бәрі уақытынан кешіге бастайды. Кейбірі тіптен жол ортасында қалады. Синкай бар аңсары суық әрі белгісіз бір мекенге ауған, бірақ онда жылы құшақ пен ыстық махаббат күткен жігіттің ішкі күйін дәл суреттеген. Адам көп жүретін Синдзюку аялдамасының жүргіншілерді тосып отыратын орындықтарын, терезесін, сандар жүйткіген, пойыздардың күн кестесі көрсетілген экран, мыңдаған сәнді аяқкиім мен портфель ұстаған ұстамды жандарды, кенет бір топ еркектер сусын құйып, ыстық бутерброд берген бір ғана сарғыш терезе жақтауына қолын ұмсынған бейне алмастырады. Хромдалған вагондардың орнына — бос тұрған ағаш орындықтар қойылған әрі тамбуры мұз басқан вагондар алмастырған. Ал кешкі жетіні көрсеткен сағат тілі, жігіттің кешіккенінен хабар береді. Бұл оқиға 1995 жылы өрбіп жатқандықтан, терезе сыртында борап жауған қар мен қою қараңғылықтан басқа дым жоқ. Біреуге қоңырау шалар мүмкіндік мүлдем жоқ. Түн ортасы болып қалғанда жігіт межелі жерге жетіп, тобыққа жеткен қарды кешіп, «П» әріпі таңбаланған, бар-жоғы қызыл және көк түстес, 1980-жылдары чехославакиялық трамвайларға қойылғандай, 12 ғана пластмасс орындықтар тұрған перронға келеді. Орындықтардың бірінде оны қыз күтіп отыр. Сол кезде күйгелектенген жігіт мамыражай күй кешеді. Бірге тамақтанып болған соң, екеуі өбіскеннен кейін, жігіт теңдессіз сезімді бастан кешіп, «мәңгіліктің, жүректің, сезімнің не екенін» түсінеді.
Аспанда қалықтап ұшқан құс фильмнің қайырмасы болады. Бірақ ол құс желге қарсы ұша алмай, қанатын жайып желдің ырқына көніп, ойынға айналдырады. Дәл осы құс секілді бас кейіпкерлерде өмір ағысына ырық береді. Өмір толқындары қайда айдаса да көніп, осы бір ағыс фильмдегі протагонисті алмастыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін бұйыққан қыздың ішкі монологы, теңізден соққан желге және Танэгасименің түнгі жегілерінің үніне елітіп, жігітке ғашық болған жаңа кейіпкердің шаттыққа толы үніне алмасады.
Осыдан кейін оқиға 2007 жылдағы Токиоға алмасады. Сикайдың шарқ ұрған камерасының көзі ендігі жерде пойыз орындықтары мен тұтқаларын, Танэгасиманың серферлік тақтайларын емес, сыра шөлмектері мен темекі тұтқылдарына ауады. Біздің бас кейіпкеріміз мансап жолында жоғары өрлеген, бірақ: «Өткен жылдардың бәрінде мен тек алға қарай жүйткідім, өте маңызды әрі тұрақты болар бір дүниені іздедім. Ақыр соңында, ештеңесіз қалған секілдімін. Осы бір масасыз ойдың қайдан келгенін білмеймін әрі өмірімде солай болып жатқанын мойындаудан қорықтым. Сол үшін тоқтамай еңбек еттім. Сосын аңдасам, жүрегім қатайып кетіпті, әрі әрмен қарайғы өмірдің еш мәні де жоқ тәрізді. Бірде таңертең ұйқыдан оянған соң, өмірімнің тас-талқаны шыққанын мойындай алмай жүргенімді ұқтым. Сол кезде нені жоғалтқанымды түсіндім. Ақыры барып компаниядағы жұмысымнан шықтым. Бәрінің құрдымға кеткенін осылай білдім» деп күйінішін айтады.
Оның қолы дүкен сөресіне қара созылған мезетте, радиодан Масаёси Ямадзакидің әні шырқала жөнеледі. Әрмен қарай әнді бас кейіпкер салатын болады. Өйткені осы тұста фильм де, кейіпкер де тығырыққа кеп тіреледі. «Мен махаббат жөнінде ән салғым келеді, бірақ сөзбен айта алмаспын... Жо-жоқ, сөзбен емес, әнмен жеткізгім келеді». Бір сөзінде Синкай аталған әнді қайталана беретін, ырғағы ауыр қайырмасы болғаны үшін емес, жігіттің қызға ғашық болған, өзі де сүйікті болған күндегі кешкен күйіне қайта оралтуға мінсіз үйлесе кеткендіктен таңдағанын айтқан. Өйткені бұл ән ол шақта әрбір жапон азаматы жатқа білетін танымал ән болатын:
«Мен сені үнемі іздей беремін,
Күлімдеген көзіңді ессіз сүйем.
Батқан күннен де сұрап дерегін,
Сені мүлдем таба алмасымды білсем де
Сакураги кварталынан да іздей берем.
Сені үнемі іздей беремін,
Сұлбаңды көрсем деп жалтақтап қарап,
Базарға барсам да, алаңда қалсам да,
Сенің онда жоқ екеніңе сенімді болсам да,
Газетті ашып іздеймін сені.
Қандай да бір ғажайып орнап,
Бір сәтке жаныңда болсам.
Тағы да таң атып,
Жаңа күн туған болса да,
Тағы да мен саған,
Сүйемін деп айта алмадым».
Жапондық әрбір көрерменнің аузы жыбырлап осы әнге қосыла кеткені Синкай үшін маңызды. Өйткені бес минут бойына аталған ән шырқалып тұрғанда, ол өзінің сүйікті әдістерінің біріне (мәселен, «Өзге әлем» туындысында қолданылған) жүгініп, секунд сайын естеліктер бір-бірін алмастырады. Сондай естеліктердің арасында көрерменге мүлдем таңсық болған, айталық, бірде Токио аялдамасында кітап оқып отырған сүйіктісін пойыз ішінде көрген кезі де бар. Сол бір қыс мезгіліндегі кездесуден кейін 12 жыл өтіп кеткен. Балалық кезде екеуі бірге мектепке барған көше қиылысында, тағы да шлагбаум көтеріліп, 25 жастағы олар бір-бірін танымай өтіп барады. Бірақ кенет бірдеңені сезгендей болып, қиылыстан өткен екеуі де артына жалт бұрылып қарайды. Алайда бір-біріне қарсы бағытта жүйткіген пойыздар өтіп, шлагбаум қайта көтерілген сәтте, ешкім де жоқ. Бірақ Синкайдың әдеті бойынша, кадр сыртында екеуі де бірдей сөйлей жөнеледі. Ақырғы сөз айтылар сәтте екі дауыс бірігіп: «Күндердің бір күнінде екеуміз бірге сакураға қарап тамсанатын боламыз. Бәрі де дәл осылай боларына менің де, оның да еш күмәні жоқ» деген сөздерді айтады.
«Секундына бес сантиметр» — нағыз поэзияның жарқын үлгісі. Сондай-ақ аталған туынды сен және сүріп жатқан өмірің — сол бір ғашығыңды, жанында көңілің жайланатын серігіңді ертсең, бақытты боласың дегенге сенімсіздікпен қарайды. «Сұлу сөздердің бағы» — біртоға өрбитін нағыз проза. «Секундына бес сантиметр» — сірә, қар мен пойыздан, я толқындар, көпірік пен сарғалдақтан көк-ақ-сары түсті болып шыққан. «Сұлу сөздердің бағы» — жасыл-сұр түсті. Маусым айындағы Синдзюку-гёэн бағы, тұңғиық гүлі мен ағаштар фильмге жасыл реңк берсе, жаңбырлы күндегі Ёёги мұнарасы, жауыннан жиналған шалшық су мен көз жанары — сұрғылт түс дарытқан. Өйткені маусым айында Токиода жауын-шашын көп болады. 15 жастағы кейіпкер сондай жауынды күні мектепке баруға зауқы соқпай, созылып-керіліп жатады. Жаңбыр жауса, ол қаланы жаяу кезіп жүргенді ұнатады. Ақыры өзі жақсы көретін Синдзюку-гёэн бағына барып, сүйікті орындығына жайғасып, туфлилердің (етікші болғысы келеді) нобайын қарындашпен салып отырғанда, ертеден бері ұшастырып жүрген 27 жастағы келіншекті қайта кезіктіріп қалады. Ол келіншек таң ата сала сыра ішіп отыр. Жігіт оған құр сыраны қылғыта бермей, арасында тіске басар әлдеңе жеу қажетін айтқанда, келіншек сөмкесінен бірнеше түйір шоколад алып шығады. Ол тамақтың дәмін айырудан қалған, тек алкоголь мен шоколадтың ғана дәмін сезеді. Келіншектің сөзінше, ол жүруді де ұмытып қалған. Таңертең сыраға сылқия тойып алып жүру — оның қалыпты өмірге оралу үшін жасаған әрекеті. Үлкендердің жұмбақ әлемі, мас күйде таңғысын бақты аралау және жұқарған жүйке жасөспірім жігітті арбай түседі. Кенет ол келіншектің аяғына қарап аяқкиімінің өлшемін біліп алады. Бәлкім, адамның ең интимді әрі нәзік жері аяқ болар. Біздің табанымызды сенім артатын және жанында жайлылық табатын адамның алақанына ғана сыйады (сосын етікшінің алақанына). Ақыры жауын бітіп, күн шыққанда жігіт әлгі келіншекті мектептен кезіктіреді. Сөйтсе ол жоғары сынып оқушысы ессіз ғашық болып, оны біліп қалған жігіттің қызы қызғанып, шу шығарып, балағат естіген әдебиет пәнінің мұғалімі екен.
Аталған фильмде Синкай жасөспірімдердің жасы үлкен келіншектерге жасаған флиртін дәлме-дәл көрсетеді. Өзіне әсіре сенімді жігіт, кекетіп-мұқатып: «Көзіңізді қайдан көгертіп жүрсіз?», – «Сіз сияқты болғым келеді. Сыраға сылқия тойып алып, Яманотэ платформасынан құлап кетсем». Бұл жасы өзінен үлкен қызға бір уақытта «жасының келгенін» және бұл жерде кімнің еркек екенін көрсеткісі келген жасөспірімнің ессіз әрекеті. Осы арқылы жігіт өзінен интеллектуалдық және эмоциялық тұрғыдан асып түсер келіншекке таңданысын жасырмай көрсетеді. Өйткені «Сұлу сөздердің бағында» протагонист жасөспірім жігіт болғандықтан, Синкай фильм соңындағы титрге өзінің 12 жасын есіне түсіретін әнді таңдап алған. Бұл 1988 жылы Жапонияның барлық радио арналары үздіксіз қойған, жауыннан жиналған шалшық суды кешіп өткен қамсыз өмірді еске түсіретін ғажап ән:
«Жауын әкелетін бақытсыздықтан еш қорықпаймын»,
Үсті-басым малмандай су болғанынан да қорықпаймын,
Жеңіл әнді шырқап, артыңнан жүріп келемін.
Біз екеуміз бірге көпті көп дүниені бастан кешірдік,
Және алғашқы ұрысқанымыздан кейін жалбарынғанымдай:
Кетпеші, кешпеші деп қайта өтінемін».
Жасөспірім жігіттің өзінен жасы үлкен әйелге жасаған флирті — Синкай шебер жеткізе білетін тақырыптың бірі. Айталық, Синкай өзінің «Есіктерді тарс жапқан Судзумэ» деп алалатын соңғы туындысында, Токиодан Кобэге апармақ болған 22 жастағы жігіттің, қырықтың қырқасына шыққан әйелге жасаған флирті, сәтсіз шыққан фильмнің жалғыз жарық тұсы. Бұл сахналарың жарқын болғаны сонша, екінші сорттағы, ішпыстырарлық 2 сағатқа созылған фильмді сол үшін көріп шығуға болады. Жоғарыда баян еткен дүниелерден өзге, аталған фильмдегі бас кейіпкер 1960-жылдары Жапония радиоларынан берілген әндерді («Сұлу сөздердің бағы» туындысындағы әнді дұрыс тапқан кейіпкерден айырмасы, бұл жігіт тіптен жасы үлкен ғашығының өзіне бұл әннің шамадан тыс ескі екенін түсінбейді) қосып, еркектігін көрсету үшін емес, жасы үлкен келіншектің жас күніндегі кумирлері Кэн Такакура мен Бунта Сугавара3i3Кэн Такакура (1931–2014), Бунта Сугавара (1933–2014) жапон актерлері сомдаған экрандағы кейіпкерлер қолынан темекісін тастамайтынын еске салу үшін шылым тартады. Ол жігіт 40 жасты кейде 60 жас деп шатасып кетіп жатады, алайда әйел осы бір әрекеттің өзінен жігіттік сабаздықты көретіндей өмірлік тәжірибе жинап үлгерген.
Синкайдың әлемдік прокатта көп касса жинаған қос жауһар туындысын аттап өтіп, соңғы туындысын талдап болсақ, тақырыпты жабайық. «Есіктерді тарс жапқан Судзумэ» қарапайым себепке байланысты сәтсіз болып қалды: Синкай қыздарға арналған ертегілерді түсіре алмайды. «Секундына бес сантиметр» және «Сұлу сөздердің бағы» туындысының арасында Синкай «Ұмыт болған дауыстарды жаңғыртушы» (2011) деп аталатын фильмін жарыққа шығарды. Ол аталған туындысында өзіне таңсық болған нәзік тақырыпты қаузауға тырысқан. Мәселен, қыз-кейіпкердің иығына құлағын төсеп жатқан мысық-серігі келеді; «Есіктерді тарс жапқан Судзумэ» туындысында мысыққа ханзадаға айналып кеткен тілі бар үш аяқты орындық келіп қосылады. Мұндағы ханзада «Есіктерді тарс жапқан Судзумэ» және «Ұмыт болған дауыстарды жаңғыртушыдағы» басқа жігіттер секілді әйелдерге арналған «Арлекин» баспасы шығарған басты беттегі жігіттер ұқсап шашын тегістеп алған әсіре сымбатты берілген. Негізінен Синкайдың ер кейіпкерлері шашы ұйпа-тұйпа болған, қысқа алынған қарапайым жігіттер.
Дегенмен өз жолынан тайқыған Синкай, бұл туындыларында Мядзакиге ұқсауға тырысқан. Айталық, «Есіктерді тарс жапқан Судзумэ» туындысында ханзада бас кейіпкер қызды қалықтап ұшқан вальске шақырады (дәл Мядзакидің «Қозғалатын қамалының» (2004) прологындағы ханзада секілді). Дегенмен аталған сахнада Синкайдың өзіндік сәнді ромб тәріздес қызғылт камзолы және Дзё Хисаисидің ешқандай бейнесіз-ақ аспанға ұшыратын ғажайып музыкасы да жоқ. «Ұмыт болған дауыстарды жаңғыртушыда» Синкай мядзакилік еуропалық өлшемдегі сұлулықты енгізуге тырысқан: Париж көшелерін, рыцарлардың киімін, гобелендегідей жиналған тоқымды және 1960-жылдардың аяғында «Рим үшін күрес», «Дак» сынды италья-румындық пеплумдардағыдай бұйымдар бейнеленген. Бірақ Мядзаки өз туындыларында батыстық өлшемдерді керек мөлшерінде беріп, бәрін сәтті үйлестіретіне сонша, экран бетінде Шарл Перро мен Памела Трэверс үшінде бірдей болған ертегі әлем пайда болады. Ал Синкайдың қыздарға арналған туындыларындағы әлем, бұл құдды бір, ескі қызылды-жасыл авантюралық фильмдерді көп көріп, әсер еткен дүниелерін кезекпе-кезек сала берген шығармаға ұқсайды: бұл Жан Марэнің Гойко Митичті ерттеп мініп, шауып бара жатқанына ұқсайды.
Дегенмен Синкайдың сәтсіз шыққан екі туындысына да тән нәрсе бар. Екі жағдайда да ол өзінің негізгі әдістерінен теріс айналған: көзге көріне бермеймін көп заттарды сыйдырған субъективті камера мен кейіпкердің ішкі монологы. Мұндағы оқиға желісі тікелей өрбіген диалогтар (екі адам бір-біріне қарсы отырып сөйлесе береді) арқылы айтылған. Бұл өз жолыңнан тайқу емес пе: Синкай қыздардың санасына кіріп, солардың көзімен әлемді көре алмаған.
СИНТОИЗМ ЖӨНІНДЕГІ ЕРТЕГІ ЖӘНЕ ЖАПОНДЫҚ НУАР
Заманауи ертегі жанрын Синкайдың жай ғана меңгеріп қоймай, ұлы баяндаушылардың біріне айналғанын «Сенің есімің» (2016) туындысы дәлелдейді. Жоғарыда аталған фильмде флирттің стандартты формуласының («Бұрын соңды сізді бір жерден көрмедім бе?») терең қатпарында жасырынған шындықты көре білдік. Өйткені жақынырақ танысқың келген адамға дәл осы сөздерді айтқанда, әдетте, әлдебір сезімдерді бастан кешеміз. Осы бір сезім фильмдегі ашылған («Кейінгі кезде жиі кеудемді өте маңызды бір дүниені ұмытып қалғандай сезім билеп, көз жасым төгіліп оянатын болдым») деген өзге бір қарабайырлықтан тамыр тартады. Түстердің кеңістігінде Синкай тікелей материалдық болмаса да, материалдық әлемге қысым жасап, тарих доңғалағын бұрып, жаңалықтар парағын өзгертуге қауқарлы екенін ашып, дәлелдей алды. Бұл фильм жауыр болған кіріспеден басталады: мектеп жасындағы қыз бен жігіттің денелері ауысып кетеді. Қыздың денесінде тап болған жігіт, әлбетте, толықсыған анарын ұстап тамашалайды. Осы әрекеті арқылы сіңілісінің таңданысын туғызады; сосын екеуі істің қалай өрбігенін ұққан соң, бір-біріне телефон арқылы хабарлама жолдауды бастайды. Қыз өз кезегінде жігіттен анарын ұстамауын өтінеді. Аталған әрекеттер, әлбетте, қызықты, бірақ бұл ертегінің кіріспесі ғана. Ал ертегінің желісін мұнда толық баяндап отырмаймын. Өйткені туындыны көрмеген адам жай баяндап беру әбестік болады: «Сенің есіміңнің» ең касса көп жинаған фильмге айналуы тегін емес.
Синтоизм жөнінде бір ескертпе айталық. Кейіпкер қыз ауыл мерекесінде сакэ дайындайды. Ол күрішті шайнап, сосын оны ыдысқа түкіріп тастайды. Сосын оны бақтың бір тұсына жасырып қояды. Осы тұста жас көрерменнің бұл жағдайдан қалайша оғаш күйге түсерін алдын ала білген Синкайдың, бір-бірімен сыпсыңдап әңгіме өрбіткен сыныптас қыздардың: «Бұл әрекетіне ұялмай ма екен!» деп сөге жамандаған сахнасын енгізгені қызық көрінеді. Өйткені синтоизм дінінде, адам тамақ жегенде, асқазанға барған астың жанын өзіне қабылдайды деген сенім бар (ал синтоизмде барлық нәрсенің жаны бар, тіптен ескірген қолшатырдың өзінде және оған каракаса деген есім де қойылған). Аталған фильмнің шарықтау шегінде жігіт қызбен байланыс орнату үшін қыздың жасырған ыдысын тауып, шайнап түкіріп тастаған күрішпен үштен бір бөлігі сілекейден тұратын сакэні ішу қажет. Аталған фильмде «Әрмен қарай не болады?» деген көрерменнің үздіксіз қызығушылығын арттыру үшін Синкай ішкі монолог, субъективті камера, естеліктер ара-тұра жарқ ете қалатын қысқа монтаж бен ұзын-сонар эпизодтарды қолданған. Синкай өзінің сара жолынан айнымаған кезде үздік фильмдерін таспалады. Ол біздің көнбістігімізді, жанымыз жай табатын адамның қасында болуға мүмкіндік бермейтін елеусіз ережелерімізді, бойымыздан кетпеген адалдығымыз, кеткен күннің өзінде бәрінен айрылып қалғандай оғаш күйге түсіріп, өзімізді ессіз етіп көрсетіп, ашуға булықтырған әлсіздігімізді тамашалап, содан ләззат алды. Дегенмен қалай болмасын, біз өзіміз қалағандай әрекет етеміз. «Сенің есімің» — Синкай шығармашылығының шырқауы. Өйткені ол аталған туындысында өз қалағандай әрекет етіп, өз қолтаңбасынан таңбаған. Ол атын шығарған империссионистік тәсілдерін қолданып барлық жастағы адамға қажет жаңа ғасырдың ертегісін тудырды.
«Сенің есімің» туындысынан кейін жарыққа шыққан «Ауа райы балалары» (2019) туындысы бастапқы кезде көрерменнің көңіл қалдырғандай болған. Бұл да заманауи ертегі болғанымен, мұнда «Сенің есімің» туындысын қызықты еткен тосын әрекеттер, үздіксіз қозғалыс жоқ. Шын мәнінде «Ауа райы балалары» ертегісі біртоға баяндалған. Алайда аталған фильмнің сюжеті қалай өрбитінін біліп, қазіргі уақытта қайталап көретін болсаңыз, «шынайы» оқиғаға тереңдеп еніп, үлкен қызығушылықпен тамашалайтын боласыз. Ал бұл оқиға 13–16 жастағы жасөспірімдер, жетімдер я қашқындар, қысқа қайырар болсақ, ата-анасыз өмір сүрген жасөспірімдер жөнінде.
Годар бізде ешқашан әділ таңдаулар мен басқаруға лайық басшылықтың болмайтын айтып, таяуда деменцияға шалдығып, күнін зорға көріп отырған шалдарға дауыс беруге рұқсат берілген, ал қоғамымыздың 12–17 жас аралығындағы жетілген, білімді мүшелеріне рұқсат жоғын алға тартып шағымданған. Синкай екі сағатқа созылған фильмінде, осы бір жетілген, жан-жақты әрі сүйкімді жандардың өздеріне қоғамдағы рөлі жөнінде ойларын айтқызып, жасөспірімдердің даналығын толыққанды зерттеген. Фильмдегі кейіпкерлердің тағдыры сынақ беріп, олар өз бетінше өмір сүрудің жолын таңдаған. Олар әлеуметтік қамсыздандыру жеңілдіктерінен қағылған әрі олардың соңынан полиция ерткен қамқоршылық органдарының өкілдері түскен. Синкай алғаш рет туындысын нуар жанрында түсіріп, соған сай бейнелерді жарыққа шығарды. Жапон нуары әлеуметтік детективтің серкесіне айналған Сэйтё Мацумото («Нүктелер мен сызықтар» 1958, «Шөл дала» 1964) сынды шебер жазушы тудырған детективтік әдебиет жарыққа шыққан 1950-жылдардың соңына қарай қалыптасты. Аталған қаламгер кейінгі жиырма жыл ішінде жапон киносына да орасан зор ықпал етті: оның шығармаларын таспалады (Ёситаро Номура — «Қуғын», 1961, «Құмдағы қорған», 1974, Ёдзи Ямада — «Тұмандағы ту», 1965), оның туындыларынан ұлы режиссерлер шабыт алды (Киндзи Фукасаку — «Өр сынақ», 1962, «Ар намыссыз әрі аяусыз ұрыс», 1973, Дзюнъя Сато — «Қауіпті қуғын», 1976, «Адамның сынақтары», 1977), тіптен атақты Акира Куросаваның өзі Мацумотаның стиліне салып Шекспирдің «Гамлетін» жапондық өмір шындығына сай бейімдеп жазды («Зұлымдар аман қалады», 1960, фильмінде).
Өйткені «Ауа райы балалары» туындысындағы Токио аспаны түнеріп, нуар жанрында тән жауын екі ай бойына тоқтамай жауып тұр, ал ондағы полиция қызметкерінің шаш үлгісі ленинградтық ковбойлардың шашына қатты ұқсайды және ол инспектордың түр-тұлғасы Ален Делоннан (Мацумото дәуіріндегі жапон аудиториясының ардақтысы) аумайды. Аталған туындыда бас кейіпкерлердің арасында енесі қызымен темекі шеге бергені үшін кездесуге рұқсат етпей қойғандықтан, ұдайы мас боп жүретін ұятсыз суреттерді жариялайтын журналдың редакторы да жүреді. Фильмдегі негізгі оқиға стрип-клубта өрбиді, ал 16 жастағы кейіпкердің қолында тапанша бар. Қысылтаң шақта ол осы тапаншамен екі мәрте атуға мәжбүр болады.
Аяқ-асты нуар жанры Синкай көтеретін жетімдік, жүрегің жай табатын жанның жанынан табылу сында негізгі тақырыптарды жеткізетін жаңа тәсілге айналып шыға келді. «Ауа райы балалары» туындысында Синкай кейіпкерді екі оттың ортасында қалдырады: не ол махаббаты мен жан тыныштығынан айырылады, я толассыз жауған жаңбырдан Токионың орталығы суға кетеді. Соңғы сахнада «Сенің есімің» туындысындағы бас кейіпкер Такидің әжесі келіп: «200 жыл бұрын, Токионың атауы Эдо болғанда, қаланың осы бөлігі суға кеткен. Сосын адамдар жерді судан тазартып зәулім ғимараттарды салды. Сондықтан нағыз катастрофа орын алмады, бәрі баз баяғы қалпына түсті» деп кешірім бергендей болады.
Осылайша біз Синкайдың барлық туындыларын талдап шығып, ендігі төрелегін айтуды күш қуаты бойында бар 51 жастағыларға қалдырамыз. Оларды кәрі әженің сөздері таңдандыра алар ма екен! Осы тұста сол күйді дәл сипаттап берген Валерияның ескі әнінің мәтінін ұсынуды жөн көріп отырмыз:
«Махаббат үшін бәрін бердің»,
Зәулім ғимараттар мен барлық қабаттарды,
Махаббат үшін өлуге де бардың,
Өйткені махаббат өмірден де қымбат.
Макото Синкайдың қырларын ашып көрсеткен 5 туындысы
Үздік режиссер ретінде көрсеткен туынды:
«Секундына бес сантиметр» (2007): «Евгений Онегин» – өлеңмен жазылған роман болса, бұл субъективті ракурстар, ішкі монологтар мен 12 жыл бойына күнделікті күйбеңмен өткен оқиғаны жан-жақты баян етуге септескен бейне баяндық монтажбен өрілген өлең фильм.
Шебер баяндаушы ретінде танытқан туынды:
«Сенің есімің» (2016): Синкайдың синтоистік дінді ұстанушылар үшін ең қымбат әрі қолға ұстап көрсете алмайтын түсін материалды екенін дәлелдеген ең ғаламат ертегісі.
Еркек ретінде көрсеткен туынды:
«Сұлу сөздердің бағы» (2013): жаңбыр шуының астында үлкен әйел мен жоғары сыныпта оқитын жігіттің флирті көрсетілген энциклопедия. Сондай-ақ қырық жасқа келген әйелді Токиодан Кобэге апарам деп уәде еткен жоғары оқу орнының студенті арасындағы оқиға сөз болған «Есіктерді тарс жапқан Судзумэ» (2022) туындысында осы санатқа жатқызуға болады.
Романтик ретінде көрсеткен фильм:
«Шалғай жұлдыздан жеткен үн» (2002): Жер мен ғарыштағы қос ғашықтың сегіз жарық жылы арқылы бір-біріне жолданған смс хаттарынан құрылған фильм.
Азамат ретінде көрсеткен фильм:
«Ауа райы балалары» (2019): жасөспірімдердің өз бетінше өмір сүре алатынын сөз еткен неонуар.