Зерттеуші Зира Наурызбайдың, адамның «Тал бесіктен жер бесікке дейінгі» аралықтағы айтулы сәттеріне байланысты тылсымға толы қазақ әдет-ғұрпы туралы Qalam порталына арнайы жазған жаңа лекция курсы.
Қазақтың жерлеу рәсімдері жөнінде жазған зерттеуінде Ыбырай Алтынсарин қаза тапқан ердің үйінің төбесіне қара мата іліп қоятын қазіргі уақытта ұмыт қалған жоралғыны сипаттаған. Қара матаны найза я бақанның басына байлап, киіз үйдің сыртына я шаңырақ арқылы өткізіп белгі қояды. Марқұмның жылдық асы өткен соң әулеттегі абыройы бар еркек бақанның немесе найзаның басындағы матаны жұлып алып, өртеп жібереді. Осы сәтте әйелдер марқұмның артынан соңғы рет жоқтау айтады. Марқұмның артынан қалған жесірі, қыздары, келіндері көптің көзінше қара матаның шешілуіне кедергі келтіруі де мүмкін. Осы ишара арқылы олар марқұмның рухымен әлі қоштасуға дайын емес екенін көрсетеді. Аталған жоралғыдан кейін әулет ішіндегі беделі бар ер кісі жоқтау айтқан әйелдер отырған киіз үйге кіріп алғыс айтып, аза тұту күнінің аяқталғанын хабарлайды. Осылайша ол бүгін мен өткеннің, қайғының шегарасын белгілеп, сөз жүзінде отбасына ендігі жерде ертеңін ойлап, қалыпты өмір сүру керегін айтады. Қазіргі психологияда осы іспеттес ишараның маңызды екені жазылып жүр.
Мифтік таным бойынша желбіреген байрақ — рухтың тасымалдаушысы болса, қара байрақ — марқұмның рухын тасымалдаушысы саналады. Ал қара байрақты өрттеп тастау марқұмның рухын жақындары жібергенін (тіпті исламдық кезеңде ондай түсінік болмаса да) және аза тұтудың тоқтағанының символы. Мифтік таным бойынша арғы әлемде бәрі қарама-қайшы ретпен өрбиді деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан марқұмға арғы әлемде найзасы қызмет етсін деген ниетпен сындырып тастайтын болған. Затты сындырғанда — оның рухы босап шығып, марқұмның рухына бара алады-мыс.
«Құнанбай» көркем фильмінде (реж. Д.Жылқыбай, сценаристі Т.Әсемқұлов, 2015 жыл) Құнанбай әкесі Өскенбайға жылдық ас бергенде қара байрақты жұлып алатын сахна бар. Бірақ аталған фильмде бір қателік кеткен: Ы. Алтынсариннің айтуынша, байрақтың түсі қаза тапқан кісінің жасына байланысты болған. Жас адам қайтыс болса, тудың түсі қызыл, ал егер орта жастағы кісі бақилық болса — қара байрақ, жасы келген кісі қаза болса — ақ байрақ болған. Қаза болған кісінің жасына байланысты байрақ түсінің өзгеріп отыруы, сондай-ақ қазаны қабылдауға қатысты таным-түсініктің байланысы айдан анық.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын этнографиялық энциклопедияда «ақ өлім» деген түсінік бар. Қазақ бұл тіркесті өз ажалынан немесе ауырып бақилық болған, халыққа пайдасы тиер іс үшін жанын құрбан етіп, шейіт болған адамға қатысты қолданған. Ақ өлім ағайын-туыстың арасында аяқтай алмаған ісін, арманын өзінен кейінгілерге тапсырып, бақұлдасып абыроймен өмірден өткенін аңғартады. Қазақ ішінде ақ өлімге қарама-қайшы түсініктегі «арам өлу» (исламдық «харам» — мұсылмандарға тиымды білдіретін ұғым) деген де тіркес кездеседі. Аталған тіркес ұрлық кезінде я басқа қылмыстық іс үстінде жалғыз қалып иманы үйірілмей өлген адамға қатысты қолданылады.
Шау тартып, жасы жетіп қайтыс болған кісілердің қазасына қатысты «ақ бұйрықты өлім» деген тіркес қолданылады. Ақ бұйрықты өлім — кездейсоқ опат жағдайда емес, жасы жетіп қартайып, өз ажалынан болған қаза. Діни сенім бойынша Алланың бұйрығымен болған, жөнімен келген қаза. Өз ажалымен қайтыс болған «асарын асап, жасарын жасап», артына жақсы өсиет және үлгі-өнеге қалдырып, атау-кере, иман-суын ішіп, бала-шаға, туыс-туғандарының алдында армансыз көз жұмған жандарға «ақ бұйрықты өлім бұйырған екен» дейді.
Ақ бұйрықты өлім болғанда яғни жасы келген кісі қайтқанда найзаға не бақанға ақ байрақ ілінеді. Мұндай өлімді жұрт ауыр қаза ретінде қабылдамайды. Ұзақ жасаған кісінің қазасы заңды дүние ретінде қабылданып, ал жерлеу рәсімі — той, мереке ретінде өтеді. Бала кезімде әжем айтқандай, осындай ақ өлім кезінде ғана қонағасында тәтті тағамдар қойылып, қаза болған кісінің жасын, атақ-абыройын берсін деген ниетпен жұрт үйіне сарқыт алады.
«Ақ өлім» деген түсініктің екі нұсқасы барын байқауға болады: жасы келген кісінің өз өлімімен өлуі және ел үшін басын бәйгеге тігіп қайтыс болуы. Ілкі кезеңдерде шайқас үстінде қаза болғандарға ақ өлім бұйырды десе керек. Осыған қарап, мұндай өлімнен кейін ақ байрақ емес, о баста қызыл байрақ (ала байрақ) ілінген деп жорамалдауға болады. Мұндағы байрақтың түсі қайтыс болған кісінің жасын емес, майданда төккен қанын және оның жауынгерлер табынан шыққанын аңғартса керек. 1860-жылдары Ы. Алтынсарин өзінің этнографиялық туындысында, ежелден қалған символдар мәнін жоғалтқанын тілге тиек еткен. Қазіргі қазақтар ата-бабасының жолдастары алдында ұрыста көз жұмуды арман еткенін ұмыт қалдырған. Айталық, ноғай-қазақ жауынгері Доспамбет жырау:
«Екi арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егiлсе,
Аққан судай төгiлсе,
Бетегелi Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкiнбес», – деп жырлаған.
Жырау шығармасында ұрыс үстіндегі өлімді жақсы тұрақ, сауыт-сайман, арғымақ, дәмді тамақ және сұлу-әйел секілді өте жоғары бағалаған.
Тобыршығы биiк жай салып,
Дұспан аттым, өкiнбен.
...Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештiм, өкiнбен.
«Ер Тарғын» жырында атағы шыққан батыр дау-дамайдан қашып туған жерінен жыраққа кетіп, бірде қырым ханына, бірде өзге бір билеушіге қызмет етеді. Оның әскері — руластары емес. Батыр жау жағынан тың тыңдап шыққанда ағаштан құлап, белі шойырылып қалады. Ақырында қимылдай алмай қалған батырды әскері иен далада жалғыз тастап кетеді. Батырдың жанында тек өзімен бірге әкесінің сарайынан қашып кеткен қырым ханының қызы Ақжүніс қана қалады. Ақжүніс Тарғынға қарап көзсіз ерлігін айтып мадақтап, сосын оны сөзбен түйреп алады:
Қызметші қара құлдарша
Қорлықпенен өлген ер!
Қай батырдан кем едің,
Өлерде болдың қара жер!
Ғашығының осы бір өткір сөздер әсер еткен Тарғын намыстанып, бойын ашу кернейді. Ауырсыну мен қорқынышын жеңген батыр бір соққымен белін орнына келтіріп, атқа қонады. Өйткені нағыз жауынгер жора-жолдастарының көз алдында, тек ат үстіне жау қолынан қаза табу қажет.
Қазақтың басқа өлкелері Ресей империясының билігін қабылдап, бейбіт өмір сүре бастаған мезетте Маңғыстау түбегі отарлық қамытын мойындамай, ара-тұра көтеріліп тұрған аймаққа айналды. Сондықтан аталған өлкеде әскери этос ұзақ уақыт бойына сақталып тұрды. 1955 жылы Қараған-Босаға деп аталатын аймақта хиуалықтар мен адайлар арасында ұрыс болған. Аталған майданда ұрыс салған Қалнияз жырау «Балуанияз батыр» жырында ол жөнінде сөз еткен. Жыр қатігездігімен аты шыққан әскербасы Бөрі-Бақы 300 жауынгерімен қазақ жеріне басып кіргенін жар салған жаушының хабарымен басталады. Жауға қарсы Балуанияз бастаған қол көтеріледі. Бірақ қапияда қол басшы бар-жоғы 60 жігітті ғана жинайды.
Жырда түркімен аламандарының жәуміт руы қолға түсірген тұтқындарды алып, өз жеріне асығыс-үсігіс қашқаны сөз болады. Жаудың соңынан қуған қазақтар оларға жақын келеді. Таяп қалғаны сонша тұтқындағы қазақ қыздарының дауысы естіледі. Қыздардың даусын естіген Балуанияз өкіріп жылайды.iқазақтың батырлар жырында еркектің көзінен жас шығуы төмен іс саналмайды Көзінен жас парлаған Балуанияз жігіттеріне түркімендерге шабуыл жасап, қыздарды тұтқыннан босатуға бұйырады. Сосын жырда шайқас суреттеледі. Балуанияз Бөрі-Бақыны, ал оның досы Тұрмағамбет — хиуалықтардың екінші бір батырын найзамен ат үстінен түйреп алады. Басшыларынан айырылған түркімендер тұтқынға алған ерлер мен әйелдерді тастап қашады. Жырдың соңында ақын Балуанияздың батылдығын, ерлігі мен қамқорлығын мадақтап, жеңіске жеткенін айтып дәріптегенімен, қашып бара жатқан жаудың бірі оны садақпен атып ауыр жаралап кетеді.
Өлкетанушы Сұлтан Қадыр жүзбе-жүз өрбіген әңгіме барысында шайқастың Қалнияз жырау шығармасына қоспаған ел арасында сақталып қалған ұсақ-түйегін баяндап берді. Аталған оқиғалар сол кез үшін қалыпты тірлік саналған. Мәселен, Тұрмағамбет батыр өлім алдында жатқан досына: «Жара байғазылы болсын, батыреке!» деп жақындап келген. Байғазы — жаңа киім, жаңа бұйым үшін берілетін сый-жоралғы. Аталған сыйлықты қазақтар әдетте кішкентай балаға береді. Жоғарыдағы сөздері арқылы Тұрмағамбет батыр хәл үстінде жатқан досына, ұрыста алған ауыр жарасын көргендерден көп сыйлық ал деп қалжыңдап тұр.
Аталған оқиғадан жарты ғасырдай уақыт өткен соң, шау тартқан Тұрмағамбет шайқастан кейін, сол бір оқиға өткен аймақтан өтіп бара жатып: «О, Балуанияз, мен сенің сарбаздарыңа жеңіске жетіп, өзіңе — ақ өліммен жан тапсыруға көмектестім. Неліктен сен мені жаныңа алып кетпейсің?! Уақыт өзгерді, ескі жосық қирады, енді кәрі сүйегімді саудыратып өмір сүргім келмейді. Егер сен шынтуайтында рухты батыр болсаң, менің жанымды бүгіннен қалдырмай алып кет! Жаныңда жай табуға рұқсат ет!» деп айтқан деседі. Таң атпай Тұрмағамбет батыр дүние салып, денесін жолдастары Қараған-Босағаның жанына арулап жерлеген.
Тұрмағамбет батырдың азалы байрағының түсі қандай болған? Ақ болса керек. Ал 78 жасында атқа қонып, өлім құшқан Қабанбай батырды аза тұту үшін найзаға қандай түсті байрақ байлады екен? Батырдың соңғы ұрысы бірнеше жырда сипатталған («Бабалар сөзі» жинағының 58-томында). Атағы шыққан батыр бұл ұрысына дейін ұзаққа созылған аурумен алысып жүрген. Қабанбайдың ауырып қалғанын естіген қырғыздың жас бөрісі Садыр әскерін алып қазақ даласына жасырын келіп, әкесінің кегін алу үшін батырдың ауылына шабуылға шығады. Жау кіріп келгенде Қабанбай Қубас атын әкелуге бұйырады. Ол шақта Қубастың жасы 38-де болған. Әрі ұрысқа мінілмегеніне де біршама уақыт өткен. Қабанбай аты мен қаруына серт деп аталатын жоралғыны жасайды. Бұл жоралғы мифологиялық ой-жүлгенің сарқыншағы. Бұл түсінік бойынша тек аттың ғана емес, сондай-ақ заттың да жаны және өз санасы бар. Қабанбай аты мен қаруына соңғы мәрте қызмет етуін сұрайды. Қарымтасына батыр жауды жастандыруға уәде етеді. Ал жиылған жұртқа өзін жерлеуге дайындала беруін хабарлаған. Қабанбай жауын жастандырған соң ауылға қайтар жолда көз жұматынын болжаған.
Аталған жырдың қаншалық тарихи шындық екенін дөп басып айта алмаймыз. Фольклоршылар мен тарихшылар, қырғыз батыры Садырдың бейнесі өзге бір жауынгер кейіпкер Қарабектің бейнесімен қабысып кеткенін тұспалдап отыр. Оның үстіне атақты қолбасшы, қасиетті Қабанбайдың мазары ретінде Қазақстанның түрлі аймақтары мен Шыңжаң Ұйғыр автономды ауданында (ҚХР) бірнеше мазар бар. Біз үшін мұнда тарихи шындық емес, қазақтардың өлім жөніндегі түсінігі маңызды. Аталған түсініктер өзгертілмеген, олар тарихи жағдаяттармен бірге өзгеріп отырған.
Асыл туған батыр ер,
Тоқсанға жасы жетпей қарымас. (Шалкиіз)
Марқұмның жылқысын «тұл ат» жерлеу рәсімінен кейін (яки басқа деректерде жетісінен соң) өзге жылқылардан бөліп жалы мен құйрығын кесіп тастап, өріске жібереді. Аталған әрекет «тұлдау» деп аталады. Марқұмның атына мінуге, оны жұмысқа жегуге тыйым салынған. Ал қоныс аудару барысында кері ерттеп (күнделікті өмірде табуға айналған әрекет), азалы жабынға орап, ерге марқұмның бас киімін, қамшысын, қаруы мен сауыт-сайманын бекітіп қойған. Марқұмның жесірі не қызы азалы киімді киіп көштің алдында азалы байрақты ұстап, тұл атты жетегіне алған. Жоралғылар М. Әуезовтың «Абай жолы» романында суреттеледі: жас Абай Бөжейдің (туысы әрі әкесінің қарсыласы) азалы көшін күтіп алады. Бәлкім, бұрындары көш кезінде «тұл атқа» тұл-қуыршақты бекітіп қойған болуы мүмкін.
Марқұмның атын жылдық асының соңғы күнінде, бәйгеден кейін құрбандыққа шалған. Бұрынғы қазақтардың арасында адал ат иесіне жетуге асығып, жылдық асты тағатсыздана күтеді деген түсінік болған. Айталық, Абылай ханның (18 ғасыр) «Сұлу торы» деп аталатын жоғалып кеткен күйі болған. Күйдің аңызы мынандай: Бөгенбай батырдың туысы әрі жолдасы Жантай жоңғарларды жеңгеннен кейін, қақтығысып қалып қайтыс болады. Абылай хан мен оның батырлары Жантайдың жылдық асына жиналғанда, аты даладан шауып келіп, киіз үйдің есігіне басын сұққан деседі. Сонда Абылай хан: «Иеңді сағындың ба, мен де оны сағынып жүрмін» деп айтып, күй арнаған. Жырға атын батырмен бірге қосып жырлаған соғысқа мінетін мықты аттарды тұлпар деп атаған; аталған ұғымның этмологиясы «тұл» сөзімен байланысты деп тұспалдауға болады.
Құрбандыққа шалынған жылқының етін қадірменді кісілерге және жерлеу рәсімінде қызмет еткен жандарға тартады. Еттің бір бөлігін марқұмның мазарына апарып қойып кетуі де мүмкін болған. Бұл әрекеттің ежелгі уақытта орындалған марқұмды жылқымен бірге жерлеу жоралғысымен (сондай-ақ орта ғасырдағы жылқының терісін қабірдің бетіне жабу жоралғысымен) және мазар жанына құрбандыққа шалынған жылқының етін кездейсоқ жортқан жолаушылар үшін қалдырып кету әрекеттерімен сабақтастығын байқауға болады. Этнографиялық энциклопедияда Әбілхайыр ханды жерлеу кезінде мазардан найзаны суырып алып, пайда болған тесікке етті салған. Осылайша, құрбандыққа шалынған жылқының етімен марқұмды да «тамақтандырған».
Екінші жағынан, марқұмның жылдық асынан кейін құрбандыққа шалынған жылқы қожасының артынан қызмет етуге арғы әлемге аттанады деген түсінікте болған. Қазіргі уақытта егер марқұмның туған-туысының жерлеу кезінде, жетісінде және қырқында жылқы союға мүмкіндігі болмаса, онда жылдық асында міндетті түрде құрбандыққа шалуға тырысады. Яғни жылқыны құрбандыққа шалуға қатысты түсінік әлге дейін жалғасын тауып келеді.