ӨЛІКТЕР БИІ

Мұндай сұмдықты бейнелеудің қажеті қанша?

ӨЛІКТЕР БИІ

Өлім биі (15 ғасырдағы қабырға суретінің көшірмесі; Словения ұлттық галереясы) /Wikimedia Commons

Орта ғасырдағы Батыста ең танымал кескіндеме сюжеттерінің бірі — бұл билеген қаңқалар немесе danse macabre (фр.). Осынау көне сұмдықтың жай-жапсарын барлап көрейік. 

Король мен Папа, рыцарь мен саудагер, шаруа мен тас қалаушы, аббат пен ақсүйек ханым, бала мен қария өздерін қабірге еліктіріп әкететін қаңқалармен құшақтасып, қорқынышты би билейді. Бұл «Өлім биі» — байлыққа, атаққа, жасына және әлеуметтік жағдайына қарамастан ажал бәріне келетінін еске салуға арналған ортағасырлық аллегориялық сюжет.

Өлім бейнесінің эволюциясы

«Өлім биінің» негізгі стилистикалық сипаттамаларын 12 ғасырдан бері белгілі «Үш тірі және үш өлі туралы аңыздан» табуға болады. «Аңыз» — бұл кітап миниатюрасына ғақлия өлең түрінде жазылған пікір: аң аулау кезінде бекзат бозбалалар орманда әлі де сөйлеп, ойлай алатын жартылай шіріген өлі адамдарды кездестіреді. Өлілер өмірдің баянсыздығын, атақ-даңқтың, ләззат пен байлықтың түкке тұрмайтынын айтып, тірілерге үндеу жасайды.

Үш тірі және үш өлі. Дрезден дұғахана немесе шеберханасының шебері (фламандтық, шамамен 1480–1515 жж.)/Wikimedia Commons

Үш тірі және үш өлі. Дрезден дұғахана немесе шеберханасының шебері (фламандтық, шамамен 1480–1515 жж.)/Wikimedia Commons

Memento mori — «өлімді есіңнен шығарма» идеясы антикалық әдебиетте де кездеседі. Дегенмен бұл әрқашан қоғамның білімді өкілдері ғана түсіне алатын жеке деңгейдегі талқылар болды. Ал римдік түсінікте өлімді еске алу «сәтті ұстап қал» carpe diem, салмақты және маңызды істерді орындауға асығу әрекетімен тікелей байланысты болды, өйткені уақыт пен күш те сарқылады.

«Өлімді көз алдыңда ұста. Сені оның құдіретінен жұлып алатын жалғыз нәрсе — бұл сенің өлеңдерің; қалғанының бәрі — нәзік әрі тез бұзылатындар адамдардың өзі сияқты жойылып, көзден ғайып болады».

Кіші Плиний (шамамен б.ғ. 61–113 жж.)

Ертедегі христиан дәуірінде адамның ажалды есте сақтауға үндеуі діни дискурсқа жаңа көзқараспен келді: ажал Құдайға есік ашатын қақпа сынды, көктегі өмір үшін жердегі өмірден бас тартқан әрбір жан үшін ізгі және қалаулы тағдыр ретінде қабылданды. Ал тек кейінгі Орта ғасырларда, яғни 14–15 ғасырларда бұл идея жаңа деңгейге көтерілді, себебі өлім жеке адамның өміріндегі қайғылы оқиға емес, адамдарға ұжымдық берілетін және еріксіз болатын дүние ретінде қабылданды.

1 / 2

14 ғасырда өлімге деген әдеттен тыс әуесқойлықтың қайдан пайда болғанын түсіну үшін оған дейін еуропалықтардың нені бастан кешіргенін ұғыну жеткілікті. Бұл ғасыр 1315–1317-жылдардағы Ұлы Ашаршылықпен табалдырық аттады. Жауын-шашынның көп түсуі салдарынан егін бітік шықпай, бұл өз кезегінде жаһандық климаттың өзгеруімен және Кіші мұз дәуірінің басталуымен байланысты болды. Францияның, Германияның, Англияның, Польшаның және Солтүстік Еуропа елдерінің 10-нан 25%-ға дейінгі қала тұрғындары аштықтан көз жұмды. Бұл үлкен апат тарихта Қара өлім деп аталатын 1346–1353-жылдардағы обаға ұласты. Оба Орталық Азиядан келіп, Жібек жолы бойын жайлап, Еуропаны бір ғасырға жуық немесе одан да көп уақыт бойы қайта айналып шарпып отырды. Оның құрбандары Еуропаның жалпы халқының 30-дан 60%-на дейінгі адамды құрады, яғни бұл бірнеше ондаған миллион адам деген сөз. Тар әрі адам көп шоғырланған ірі қалаларда өлім деңгейі одан да жоғары болды. Лондонның 100 000 тұрғынының 20 000-ға жуығы індеттен аман қалды. Шіріген мәйіттер көбіне қала көшелері мен жол бойында жатты, өзендердің жағасында қалқып жүрді және жер-жерде шіріп жататын болды.

Жан де Сашаның (Амьеннің 1-ші алдерманы, 1644 жылы қайтыс болған) және Мария де Ревеланың (1662 жылы қайтыс болған) қабір ескерткіші, Николас Блассе, Амьен соборында/Wikimedia Commons

Жан де Сашаның (Амьеннің 1-ші алдерманы, 1644 жылы қайтыс болған) және Мария де Ревеланың (1662 жылы қайтыс болған) қабір ескерткіші, Николас Блассе, Амьен соборында/Wikimedia Commons

Кедей де, бай да обадан көз жұмды. Англияның уыздай жас ханшайымы Иоанна мен Франция королевасы Жанна Бургундскаяны да оба жалмады. Арагондық королева Элеанора Португалдық, Наввар королевасы Жанна Француздық және Сицилия королі Людовик қайтыс болды.

14 ғасырдан бастап өлім алыста жатқан бұлдыр көзқарас шеңберінен шығып, жасына, байлығына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, кез келген адамның өміріндегі тұрақты серігіне айналды. Бұдан былай ажал бәрінің үрейлі десе де ұлы теңдестірушісіне, кедейді патшаның қасына теңдей жерлейтін ең жоғары және қапас әділетке айналды.

Өлімнің салтанаты. Палазцо Абателлис аймақтық галереясы, Палермо (1446)/Wikimedia Commons

Өлімнің салтанаты. Палазцо Абателлис аймақтық галереясы, Палермо (1446)/Wikimedia Commons

Алғашқы көркем суреттер

Еуропадағы осы атмосферада, шамамен 14 ғасыр аяғы – 15 ғасыр басында «Өлім биін» бейнелейтін картиналар пайда бола бастады. Алғашқы нақты суреттердің бірі 1424–1425 жылдары Париждегі Бейкүнә сәбилер зиратының оңтүстік қабырғасына салынған. 1430 жылы Лондондағы Әулие Павел соборының зиратында Париж фрескасынан шабыт алған дәл осындай сюжеттегі картина пайда болды. Картина монах және 15 ғасырдың бірінші жартысындағы ең танымал британиялық ақындардың бірі Джон Людгейттің өлеңімен толықты. 1485 жылы париждік баспагер Ги Маршан Бейкүнәлар зиратындағы фресканы қайталайтын гравюралары бар Danse macabre-нің бірінші басылымын жарыққа шығарды.

Паоло Пиччати. Өлімнің салтанаты, Клузоне, Италия, XV ғасыр. Шіркеудің сыртқы қабырғасында/Wikimedia Commons

Паоло Пиччати. Өлімнің салтанаты, Клузоне, Италия, XV ғасыр. Шіркеудің сыртқы қабырғасында/Wikimedia Commons

«Осынау Бейкүнәлар зираты деп аталатын оғаш, үрейлі жерде күн сайын мыңдаған адам қарапайым пішіндерді көріп, оларды зерттеді, қарапайым және түсінікті өлеңдерді оқып, оның әрбір шумағы белгілі мақалмен аяқталатын және бәрінің ажал алдында тең екенін айтып, жұбанып, даусыз өлім алдында діріл қақты. Маймылға ұқсайтын Өлім бұдан басқа жерде орынсыз болуы беймүмкін еді: ақсия күліп, тәлтіректеп келе жатқан би мұғалімінің өзімен бірге Папаны, императорды, рыцарьды, күндеп шаруа істейтін жұмысшыны, монахты, кішкентай баланы, әзілкешті және оларың артынан ерген барлық тап өкілдері мен қолөнерді алып келе жатқан сәті. 1485 жылғы гравюралар осы әйгілі картинаның берген әсерін толық бере алмаған сияқты».

Йохан Хёйзинга. «Орта ғасырдағы күз»

Лондон картинасы 1549 жылы, ал Париж картинасы 1669 жылы жоғалып кетті, бірақ сол кезде «Өлім биі» гравюрасы бүкіл Еуропаға таралып кетті. Шіркеулер мен зираттарда қабырғаларды бояйтын суретшілер артынша өз талғамдарына сай дамыта алатын үлгіні көз алдарына келтіріп отырды.

Осы сюжетке ие картиналар бүгінгі күнге дейін сақталған, бұл оның қаншалықты танымал болғанын көрсетеді. «Дәнс макабрды» солтүстіктен бастап оңтүстік Еуропаға дейінгі барлық шіркеуден табуға болады. Ол қатарда эстониялық Таллиндегі Niguliste kirik шіркеуінен бастап, италиялық Пинцолода орналасқан La Chiesa di San Vigilio католикт шіркеуінің сыртқы қабырғасындағы суреттерге дейін бар.

1 / 2

ЖАН БІТКЕН СҰМДЫҚТАР

Өлімді келемеж ететін алаңда биленетін театрланған билер ме, әлде шіркеу суреттері ме? Қайсысының алғаш пайда болғаны белгісіз. Дегенмен 15 ғасырда «Өлім биін» қалалық мерекелерде жасанып киінгендер жиі орындағаны белгілі. 1449 жылы Брюггедегі Бургундия герцогінің сарайындағы маскарадта би орындалды.

«Егер біз мұндай спектакльдің бояулар, қозғалыстар, билеп жатқандардың дене тұрқынан түсетін жарық пен көлеңкенің сыртқы көрінісін көз алдымызға елестететін болсақ, сол замандағы адамдардың жан дүниесінен «Өлім биінен» туған үрейді сезіне алар едік, оны бізге сезінуге өз кезегінде Ги Маршан мен Гольбейннің гравюлары мүмкіндік береді». 

Йохан Хёйзинга. «Орта ғасыр күзі»

Оңтүстік Еуропада «Өлім биін» байлықтың түкке тұрғысыздығына баса назар аудартатын қатыгез әлеуметтік сатира ретінде қарастырды. Солтүстікте ол өмірдің өткінші табиғаты туралы тақуа, десе де мұңды ескерту ретінде көрініс тапты.

Ганс Холбейн Кіші. Жан де Дантевиль мен Джордж де Сельваның қос портреті (елшілер) (1533). Емен, май және темпера. Ұлттық галерея, Лондон/Wikimedia Commons

Ганс Холбейн Кіші. Жан де Дантевиль мен Джордж де Сельваның қос портреті (елшілер) (1533). Емен, май және темпера. Ұлттық галерея, Лондон/Wikimedia Commons

Бәрі билейді!

Жоғарыда айтылғандай, құрылымдық жағынан «Өлім биі» өте ерте жасалған. Франциядағы Preuilly-sur-Claise қаласындағы Chapelle de Tous-les-Saints шағын шіркеуінде оған қатысқан қарапайым адамдарды байқауға болады. Алғашында бишілердің арасында тек ер кейіпкерлер болса, кейінірек олардың қатарына әйелдер де қосыла бастады.

Фреска былай бейнеленген:

1. Кіреберістің оң жағында билеп тұрған әйел бейнеленген үлкен панно бар. Қатысушылар арасында — королева, әйелдер монастырінің басшысы, әйел, көңілдес, монах әйел, жас қыз, кемпір, бала, қойшы, жесір және ауылдан шыққан әйел бар;

2. Сол жақта еркектердің Danse Macabre бейнелейтін өлшемдері бірдей панно бар. Ер кейіпкерлер қатарында — монах, архиепископ, папа легаты, адвокат, мектеп мұғалімі, менестрель, сот приставы, император және Рим папасы бар;

3. Оның жанында төрт музыканттан тұратын «Өліктер оркестрі» бар: бірі қолында — волынка, екіншісі — тасымалды орган, үшіншісі арфада ойнаса, төртіншісі флейта ұстаған.

«Өліктер оркестрі» «Өлім биі» кейіпкерлерінің арасында тек 15 ғасырдың екінші жартысында пайда болды.

Тиссо. Өлім биі/Wikimedia Commons

Тиссо. Өлім биі/Wikimedia Commons

Өлім салтанаты

«Өлім биі» мен «Үш тірі және үш өлі туралы аңызды» есепке алмағанда қаңқалар және мәйіттермен қатар салынған тірілердің бейнесінің үйлесімінен тұратын орта ғасырлардағы тағы бір танымал сюжет бар. Бұл — «Өлім салтанаты».

Бұл тақырыптағы ең танымал картина — 1562 жылғы аға Брейгельдің туындысы. Кенепте қаңқалар тобы қурап кеткен шөл ландшафтында хаос орнатады. Алыстағы теңізде кемелер апатқа ұшырап, тоғандардың жағасында балықтар шіріп жатыр. Тірі адамдар үрейленіп қашады немесе оларды табыт тәрізді қақпанға түсіретін қаңқаларға қарсы тұруға босқа тырысып бағады. «Өлім биінде» де, «Өлім салтанатында» да ажал таңдамай-ақ алып кете беретін шаруадан бастап, корольге дейінгі әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдар бейнеленген.

Үлкен Питер Брейгел. Өлімнің салтанаты/Wikimedia Commons

Үлкен Питер Брейгел. Өлімнің салтанаты/Wikimedia Commons

Транзи

Бірақ өлім идеясын ең үрейлі көрсете білген «транзи» қорқынышты табыттары болса керек. Мүсіннің атауына сәйкес онда адамның тәні «транзит», яғни ыдырау күйінде бейнеленген.

Егер бұған дейін құлпытастар марқұмның жаны мен тәні дамыл тапқан көркем мінсіз бейнесін танытса, енді қайтыс болған адамның бір ұлылықтан ада, жартылай шіріген тәнін көрсететін мүсіндер пайда болады. Бүгінгі соборға келушілер үшін бұл оғаш көрінуі мүмкін, бірақ адамның бойына үрей ұялататын шындыққа жанасатын табыттар жүз жылдан астам уақыт бойы тартымды және сәнді саналды және оларға жоғарғы тап өкілдері тапсырыс берді.

Жан де Саши ескерткіші Амьен соборы/Wikimedia Commons

Жан де Саши ескерткіші Амьен соборы/Wikimedia Commons

Сүйектерден жасалған маркетинг

Шіркеу үшін «Өлім биі» бар қабырға суреттері жарнама қызметін атқарды: себебі орта ғасырлық христианды тәубесіз келетін өлімнен артық ештеңе қорқытқан жоқ. Сол кездерде «өлім халінде жату» ажал алқымынан алған адамның жаны үшін күрескен шайтан мен періште арасындағы соңғы шайқас алаңы ретінде бейнеленді. Құдайға сенетін христиан үшін «жақсы өлімнің» маңызын асырып айтпау мүмкін емес, себебі рәсімдерді дұрыс сақтау ғана жанның жұмаққа алаңсыз саяхат жасауын қамтамасыз ете алды.

Орта ғасырлық батыс адамының ең басты қорқыныштарының бірі жай өлім емес, өліп бара жатқан адамның күнәларының кешіріліп, жанының құтқарылатынына деген үміттен айрылып, кенеттен болатын ажалдан көз жұмуы еді. Мыңдаған адамның дін қызметшісінің алдында тазармай жатып, демде көз жұмуына түрткі болатын оба індетінің қаупі де осында еді.

Уолтерс. Монах пен өлім бейнеленген француз мойынтұмары/Wikimedia Commons

Уолтерс. Монах пен өлім бейнеленген француз мойынтұмары/Wikimedia Commons

Шекспирдің «Гамлетінде» басты кейіпкер қылмыскер ағасын Құдайға тәу етіп жатқан сәтінде өлтіруден бас тартады, себебі күнәсі кешірілмей, ұйқы үстінде өлтірілген әкесі үшін кек алғысы келеді.

Қара өлім індеті белең алған кезде шіркеу орасан зор байлыққа кенелгені белгілі, себебі өліп бара жатқан адам тұтас байлығын жақын маңдағы ғибадатханаға аманаттап кететін. Мұндай оқиғалардың жиі болғаны сонша, Англияда мұрагерлерді дүние-мүліксіз қалдыруға тыйым салатын арнайы жарлық шығарылды.

Сара Бернардтың Гамлет ретіндегі портреті. Лафайет фотосуреті, Лондон. Маусым 1899/Wikimedia Commons

Сара Бернардтың Гамлет ретіндегі портреті. Лафайет фотосуреті, Лондон. Маусым 1899/Wikimedia Commons

Мұның бәрі не үшін қажет болды?

Осынау «таң-тамаша» кезеңді бір құдіреттің күшімен бастан кешіріп, болған жайттың бәрін ой елегінен өткізген еуропалықтардың неге екені белгісіз, айналасын билеп жүрген қаңқалар мен қара қайыңдай кеуіп қалған мәйіттермен қоршай бастағаны оғаш көрінуі бек мүмкін. Бірақ мұнда олар принципке сай әрекет етті — егер қорқынышты жеңе алмасаң, оны түпкілікті елестетіп, басқа адамдармен тілдес, сонда жеңілдеп қаларсың. Соған тәуекел ет, күнә жасама, жақсылыққа сен және әр күніңді өміріңнің соңғы күні сияқты сүр.

Сондай-ақ Dance Macabre ажал алдында барлық таптың тең екенін көрсетеді. Ал бұл әлеуметтік әділет тұрғысынан қарапайым адамға рақат сезімін сыйлайтын еді. Осылайша билейтін қаңқалар шеңберінде теңдік идеясы тұңғыш рет Батыс Еуропада бой көтерген болатын.

1 / 5

Мариам Новикова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ