Үлкен үміттер

Түкке тұрғысыз «алтын» асықтар

Үлкен үміттер

Асық. Дудин С.М. Казақтар. Қазақстан. 1889 ж./Wikimedia Commons

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін үзінділерді ұсынамыз.

Асық ойынының тарихы терең және оны ойнаудың жүздеген түрі бар. Тіпті ортағасырлық моңғол шежіресінде Шыңғысхан ағайыны Жамұқамен асық ойнағаны туралы жазылған. Асық ойыны Дүниежүзі көшпенділер ойындарының ресми бағдарламасына кіреді. Оның құрметіне көптеген қалаларда ескерткіш орнатылған. Асықтың сақасына салмақ беру үшін қорғасын, ал ауқатты отбасының балалары кейде бағалы металл құятын. «Дала уәлаяты газетінің» 1894 жылғы №49 санының «Дала хабарлары» атты айдарында қазақ баланың «алтын» асық тауып алғаны туралы аздап қайғылы оқиға жарық көрген.

Дала хабарлары.

Баянауыл.

Жақында Павлодар уезінің Ақбет болысында Байғожы Құтмекенов деген қазақтың баласы Әміре балалармен ойнап жүріп, алтын «асық» тауып алады (қойдың асығынан сәл үлкен, арқардың асығынан сәл кішірек). Тапқан олжасын үйге әкелгенде әке-шешесі де оны алтын екен деп қатты қуанады. Асықтың салмағы 100 золотник [*шамамен 400 грамм] болды. Ол 800 рубльге бағаланды, бір золотник 8 рубль болды. Асықты сату үшін баланың әкесі Байжан Павлодарға барып, сол жақтағы көпес Сорокиннің ұлына олжаны сатып алуды ұсынады. Сорокин оны мұқият тексеріп, өлшеп, асық алтыннан емес, мыстан құйылғанын, сондықтан оны сатып алғысы келмейтінін айтады. Сорокин шын айтты ма, өтірік айтты ма, әйтеуір қазақтың қуанышы су сепкендей басылып, үйіне оралалды. Бірақ асықты лақтырып жібермей сақтап қояды. Ауылдағы қариялар ертеде хан балаларының алтын мен күмістен құйылған асығы болғанын айтады, ол туралы халық шығармаларында да көп жазылған.

«Дала уәлаятының газетiнен» қима/Ашық дереккөздерден

«Дала уәлаятының газетiнен» қима/Ашық дереккөздерден

«Дала уәлаятының газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.