«ҮМІТ ШУАҒЫ» КӨРМЕСІ

Асқақ үміт пен совет заманының көлеңкесі

"Үміт шуағы" Экспозиция көрінісі/Aspan gallery

Алматыдағы Aspan галереясында Қазақстанның танымал заманауи суретшілерінің бірі — Гүлнұр Мұқажанованың «Үміт шуағы» атты көрмесі өтіп жатыр. Оның жұмысы Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей секілді елдерде қойылған, ал 2007 жылы ол 52-Венециялық биенналеде көрсетілді. Көрмеге тек бір жұмыс қойылды — ұзындығы 41 метрден асатын полотно бар. БАҚ «шуақ» сөзін «жарық» немесе «сәуле» деп аударып жатыр. Ал суретшінің өзі бұл туындыны «Үміт көлеңкесі» деп атайды, бұл көрменің әлдеқайда терең әрі ойлы екенін білдіреді.

2008 жылдан бері Гүлнұр Берлинде тұрса да, өзінің Отанымен тығыз байланыста. Оның шығармашылығы Орталық Азияның дәстүрлеріне негізделген, ал туындылары көбіне қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени және саяси жағдайларды қозғайды. Гүлнұр Мұқажанова елінің шынайы патриоты: бір жағынан, өз елінің тағдырына алаңдаса, екінші жағынан, оның мәселелерін ашық айтып, оларды шешудің жолдарын іздеуден қорықпайды. «Үміт шуағы» — осы бағыттағы тағы бір еңбегі. Бұл инсталляцияда суретші Қазақстанның постсоветтік кезеңдегі қоғамдық өмірін зерттеген. Qalam global Гүлнұр Мұқажанованың шығармашылығы, оның идеялары мен 22 қыркүйекке дейін жалғасатын көрмесі туралы баяндамақ.

Гүлнұр Мұқажанова және оның «Посткөшпелі шындық» сериясынан шығармалары /Aspan gallery

«Биенналені көріп, менің бар білгенімнің түкке тұрмайтынын түсіндім».

Суретші 1984 жылы Семейде дүниеге келген, бірақ оның балалық шағы Қарағанды маңындағы Ақсу-Аюлы ауылында (Шет аудан орталығы) өткен. Гүлнұр шамамен 5 жаста болғанда, өнерге қызығатын үлкен апайы демалысқа келген екен. Сол кезде екеуі бірге сурет салып, шығармашылықпен айналысқан. Осы қызығушылық Гүлнұрды уақыт өте келе Қарағандыдағы Бөкетов атындағы университеттің бейнелеу өнері кафедрасына жетелеген. Бірінші курсты аяқтаған соң, ол Алматыдағы Жүргенов атындағы Өнер академиясына қолөнер және кілем тоқу факультетіне ауысты. Бұл шешімін туысқан әпкесі қолдап, Алматыға көшкенде көмек көрсеткенін Гүлнұр тебірене есіне алды.

Гүлнұр біртіндеп contemporary art-пен (заманауи өнер) айналысатын жергілікті суретшілермен танысады. Олардың арасында Елена мен Виктор Воробьевтер, Ербосын Мелдеубеков, Сауле Сүлейменова, Эдуард Казарян, Зитта Сұлтанбаева және басқа да танымал авторлар бар еді. Мұқажанова заманауи өнер қауымдастығының негізгі орталығы «Сорос заманауи өнер орталығы» болғанын айтады (СЦСИ-Алматы, 1998–2010 жылдары жұмыс істеді). Мұнда маңызды көрмелер өтіп, білім беру бағдарламалары ұйымдастырылып тұратын. Бұл іс-шараларға қатыса отырып, Гүлнұр аға әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Осы шағын шығармашылық ортада жүріп, Гүлнұр академияда үйрене алмаған заманауи өнердің ерекше тілін меңгереді.

2007 жыл Мұқажанованың өміріндегі бетбұрыс кезеңі болды. Кураторы Юлия Сорокина оны, әлі тәжірибесі жоқ жас суретші бола тұра, 52-Венециялық биенналеге қатысуды сұрайды. «Еуропаға алғаш рет бару, әрі бірден биенналеге, Венецияға тап болу — бұл мен үшін алапат әсер. Өзімнің қайда келгенімді түсінбей, қатты таңырқадым, – деп есіне алады Мұқажанова. – Биенналені көріп, менің бар білгенімнің түкке тұрмайтынын түсіндім, әрі қарай өсіп, дамуға тиіс екенімді ұқтым. Сол кезде мен Еуропада оқу жайлы ойлана бастадым. Әпкем екеуміз Берлинге келіп, жергілікті білім беру жүйесін түсіндіретін адамдармен таныстым. Сол кезде тоқыма дизайны немесе сән саласын таңдаймын деп ойладым. Қайтып келгеннен кейін емтиханға дайындалып, неміс тілін үйрене бастадым».

Посткөшпелі шындық #3, 2014. Инсталляция. Киіз, аралас техника. 65 см/Aspan gallery

«Абстракция мен үшін қазақтың кең даласымен астасып жатыр».

дейді Гүлнұр. Ол 2008 жылы Германияның астанасына көшіп, Вайсензее жоғары өнер мектебін бітірген. Шетелдегі оқуын аяқтаған кезде суретші өз жұмысын киізбен байланыстыра бастады — бұл материалды Орталық Азия көшпелі халқы кілем, киім-кешек пен киіз үй жасау үшін пайдаланған. Мұқажанова ұлттық дәстүрге жүгінгенімен, өз өнері арқылы оның тек дамумен сақталатынын көрсетеді. Өткенді қайта тірілту мүмкін емес, бірақ оны өзгерген контекске сай қайта қарап, түсіндіруге болады. Суретші киізді заманауи өнер кеңістігімен байланыстырып, дәл осы бағытта жұмыс істейді. Мұқажанованың айтуынша, кілемдегі ою-өрнек тек сәндік әшекей ғана емес, шындықты түсінудің тәсілі болған. Ол стилизациямен айналыспайды, керісінше, киізбен жұмыс істеу арқылы заманауилықты оған сай әдіспен бейнелеуге ұмтылады.

Гүлнұр Мұқажанова. Қазіргі сәт», 2018 жыл. Барқыт, брака, люрекс және түйреуіштер/Aspan gallery

Бұл материалды заманауи өнермен үйлестіруді алғаш ойлап тапқан Гүлнұр емес. 20 ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы ең көрнекті суретшілердің бірі, неміс Йозеф Бойс те (1921–1986) киізді шығармашылығында қолданып, оған символикалық мағына берген. «Бойс үшін киіз қосымша материал болды, ал мен киізге аунап өстім. Киіз — менің өмірімнің бір бөлігі», – деп түсіндіреді Мұқажанова. Дегенмен Бойстың есімі Гүлнұр үшін маңызды авторлар қатарында тұр. Бұл тізімде сондай-ақ Густав Климт те (1862–1918) бар, оны «Үміт шуағы» көрмесіне келгендер кейбір түстердің үйлесімін көргенде еске түсіретіні сөзсіз. Сонымен қатар абстракцияның негізін қалаушы Василий Кандинский (1866–1944), абстрактілі кескіндеменің америкалық шеберлері Марк Ротко (1903–1970), Барнетт Ньюман (1905–1970), Хелен Франкенталер (1928–2011) және неміс суретшісі Герхард Рихтер (1932 ж.т.) да аталады. «Үміт шуағы» лирикалық абстракция мен абстрактілі экспрессионизм шеберлерінің ықпалымен толыққан туынды екені айқын. Гүлнұрдың айтуынша: «Маған бейнелік өнерден гөрі абстрактілі кескіндеме жақын. Онда мен өзіме қажетті еркіндікті сезінемін. Абстракция мен үшін табиғатпен, қазақтың кең даласымен астасып жатыр, мен сол даланың перзентімін».

Василий Кандинский. Композиция 3. 1911/Wikimedia Commons

Жаһандану мен Қазақстанның даму мәселесі Гүлнұрды Германияда жүргенде алаңдатқан. Бір жағынан, бұл эмигрант үшін табиғи жағдай — туған ортасынан алыстаудың ауырлығымен күресіп, онымен байланысын үзіп алмайын деген ұмтылыс. Екінші жағынан, алыстан қарап, салыстыру мүмкіндігі туған жеріндегі мәселелерді сыни тұрғыдан қарастыруға итермелейді және эмигрант-патриот ретінде осы екіжақты жағдайды елдің игілігіне пайдалану жолдарын іздеуге ықпал етеді. Әрине, ел ішінде өзгерістердің құбылмалы атмосферасы жақсырақ сезіледі. Дегенмен эмигрант — әрі сырттай бақылаушы, әрі қатысушы ретінде — өз отанындағы жаһандық процеске «биіктен» қарай алады. Ел ішінде жүрген адам біртіндеп жүріп жатқан өзгерістерді байқамай қалуы мүмкін, кейде ештеңе өзгермегендей көрінетіні де содан.

Гүлнұр Мұқажанова. Қазіргі сәт, 2018 жыл. Инсталляция, ағаш, барқыт, люрекс және түйреуіштер. "Focus Kazakhstan: Post-Nomadic Mind", Wapping Project, London, 2018/Aspan gallery

«Мен ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан жан жарасы жайында толғандым» 

2022–2023 жылдары Гонконгтегі арт-резиденцияда жүргенде Гүлнұр Мұқажанова киіз бен матадан екі үлкен полотно жасады, онда қытай және қазақ мәдениеттерінің «диалогы мен қарсылығын» көрсетті. «Қазақ» полотносын Алматыға көрме үшін әкелген, бірақ көрме өтпей қалған. Дегенмен кураторы әрі Aspan gallery-дің директоры Меруерт Қалиева мұндай ерекше жұмыстың көрмеге шығуын қалады.

«Бірнеше жыл бұрын мен көкжиек сызығы тақырыбында жұмыс істегенмін, — деп түсіндіреді Мұқажанова. — 16 метрлік жұмыс («қазақ» полотносы) өзінен жалғастыруды «сұрады». Полотноның бір шетінде қызыл түсті үлкен жазық бар. Бұл — тарихтың аяқталмағанының белгісі, осыдан мен жұмысты жалғастырам деп шештім. Мен үшін бұл көкжиек сызығы. Ол шексіз дала сияқты үзіліссіз болуы керек. Қазір мен көкжиекті үзілген күйде көріп отырмын. Сондықтан полотно фрагменттермен үзіліп, жалаңаш қабырғаларды көрсетеді. Бұл көкжиек — біздің қоғам, постсоветтік Қазақстан. Ел қазірдің өзінде аяққа тұрып кетуі керек еді. Мәдениет гүлденуі тиіс еді. Адамдар күнкөріс емес, лайықты өмір сүруі керек еді. Бірақ біз ата-бабаның абыройын және олар қалдырған мұраны өзіміз аяққа таптадық. Үзілген көкжиек сызығы — бұл қоғамның бөлшектенуі, өткеннiң әлі де жазылмаған жан жарасы және бүгінгі үрейіміз».

Гүлнұр Мұқажанова. Үміт көлеңкелері: кешегі өткен, бүгінгі қазір», 2022. Мерино жүні, жібек талшықтары, тоқыма, түйреуіштер. Әрқайсысы: 150 x 1600 см. Гонконг Көркем және тоқыма мұра орталығындағы өткен «Бұлттар, қуат және ою-өрнек – Орталық Азияны айналып өту» топтық көрмесі /CHAT, Lusher Photography/Aspan gallery

«Үзілген көкжиек» идеясы көрерменге барлығын бірден шолып шығуды ұсынатындай көрінер, бірақ галереяның кеңістігі, бейненің сипаты мен суретшінің жұмыс әдісі мұндай көрермен көзқарасына қайшы келеді. Aspan gallery залы, әсіресе ортадағы бағандармен бөлінгені соншалық, жұмысты толық көруге тым тар. Сонымен қатар, «Үміт шуағы» — шын мәнінде, лирикалық абстракцияның алып туындысы. Мұндай бейнелер көрерменнен «бояуға» терең бойлауды талап етеді. Көрермен туындыға мейлінше жақын келуі керек (идеалды жағдайда, назар тек суретке ғана бағытталуы тиіс) және түстердің үйлесімін медитациялық тұрғыда зерделеп, олардың сезімі мен ойларын еркін оятуына мүмкіндік беруі қажет. Сансыз детальдар көрерменді жақындап көруге мәжбүр етеді. Сонымен қатар туындының әр бөлігі біркелкі емес: Гонконгтегі резиденцияға арналған бөлігі кейінгі кезеңдегі жұмыстардан айтарлықтай ерекшеленеді.

Гүлнұр Мұқажанова. «Жаһандану кезіндегі дәстүрлі құндылықтардың трансформациясы», 2018 ж. Орнату, киіз, аралас материал. 1800 x 4000 см. Wapping Project, Лондон, 2018/Aspan gallery

Мұның барлығы көрерменді полотнаны біртіндеп, асықпай зерттеуге итермелейді, алғашқы бөлігінен соңғысына дейін баяу жылжуға шақырады. Суретшінің өзі де дәл солай жұмыс істеген: киіз басу техникасында фрагментті біртіндеп қосып отырған, себебі бұл жұмыс Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі дамуына — ұзақ мерзімді процеске арналған. Мұқажанованың инсталляциясын музыкалық композициямен салыстыруға болады. Бірақ мұнда дыбыстардың орнына — түс пен реңк, текстура мен ырғақ бар.

Гүлнұр Мұқажанова. Үміт көлеңкелері: кешегі өткен, бүгінгі қазір, 2022. Мерино жүні, жібек талшықтары, тоқыма, түйреуіштер Әрқайсысы: 150 x 1600 см. Гонконг Көркем және тоқыма мұра орталығындағы өткен «Бұлттар, қуат және ою-өрнек – Орталық Азияны айналып өту» топтық көрмесі /CHAT, Lusher Photography/Aspan gallery

Көрерменге «Үміт шуағын» әдеттегіше солдан оңға қарай көруге деген әдеттен арылу қажет. Инсталляция оң жақ қабырғадағы Гонконгтегі резиденциядан әкелінген тұтас 16 метрлік полотнодан басталады. Қызыл фонда «еркін жүзгендей» көрінетін доғал элементтердің көптігі, түстердің үйлесімі және реңктердің жұмсақ, бірқалыпты ырғағы мен олардың қуаты 1910 жылдардағы Кандинскийдің кейбір туындыларын еске түсіреді. Оның туындыны ішкі үйлесімге толы табиғи «микрокосмос» ретінде қарастыратын көзқарасы да ойға оралады. Композицияның бұл теңгерімді әрі үйлесімді бөлігін «арман кеңістігі» — тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі қиялдағы «болашақтың тамаша Қазақстаны» ретінде қарастыруға болады.

Полотноның екінші бөлігі постсоветтік қоғамдағы атмосфераны бейнелейді. Мұнда мүлде басқа көрініс орын алған. «Көкжиектің» үзілген жерлері тыншымайтын тыныштықты білдіретін үзілістерді тудырады, әуеннің дыбысы сынып қалған таспаның шуы секілді үзіліп қалады. Енді Кандинский еске түспейді. Оның орнына Эмиль Нольде (жартылай абстрактілі пейзаждарымен) немесе Эдвард Мунктың драмалық экспрессионизмімен ұқсастықты аңғарасыз.

Гүлнұр Мұқажанова «Үміт көлеңкелері №3», 2024 ж Мерино жүні 150 x 170 см /Aspan gallery

Түстердің контрасты үйлесімі анық дисгармонияны білдіреді. Түстер бір-бірімен «үйлесе алмайтындай» көрінеді. Айқайлап тұрған ашық реңк — бірден оның жанындағы бозғылт, бұлтты бөлікпен үйлесім таппағандай, әртүрлі жұмыстардың қиындысынан құраған секілді. Композицияда тепе-теңдік жоқ. Пішінсіз дақтар экспрессионистік қылқаламмен жасалған қозғалысты штрихтарды еске салады, олардың жиектері жиі «жыртылған» тәрізді. Бұл бейненің бөлшектелген сипаты хаос пен абыржуды сездіреді. Инсталляция дамыған сайын бұл «қайшылықтар» күшейіп, ал үрей арта түседі. Полотноның «үзілген» жерлері жиі қайталанады. Алғашқы бөліктегі ұмтылыс пен үміт тек жекелеген жарқылдар ретінде сақталады, бірақ олар толықтай тарамағандай және жүзеге асатындай тірек таба алмайтын елестерге айналады.

Инсталляцияның соңғы аккорды — үлкен «үзілген» бөлік және басқаларынан бөлек тұрғандай көрінетін қара түсті доминантты полотно. Әдетте, суретші қара түсті қолданудан қашады. Мұқажанова бұл туралы былай деп түсіндіреді: «Жұмыстың соңында мен әдейі қара түсті қолданамын деп шештім, яғни өз қорқынышыма қарсы келуге тырыстым. Қорқынышқа қарсы тұрғанда, оның күші кемиді. Алғашында маған финал толығымен қара түспен тұншыққандай болуы керек сияқты көрінді, бірақ мен оны жарқын реңктермен жұмсартуға тырыстым: қорқынышты қабылдау оңай емес. Мен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ата-бабамыздың жан жарасы туралы толғанамын, олар біздің күнделікті өмірімізде және жеке жағдайларымызда көрініс табады. Бізде жиі айтылатын сөз: «Үндеме». Бұл сөзді мен әжемнен, анамнан және басқа да туыстарымнан естідім. Сол «үндеме» дегеніміз — қорқыныш, біз сол қорқыныштың ішінде әлі күнге дейін өмір сүріп жатырмыз. Әлі де сол арқылы халықты басқарып келеді».

«Үміт шуағы» — постсоветтік Қазақстанның рухани панорамасы. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі «еркіндіктің» көбіне сырттай ғана болғандығы туралы әңгіме. Большевиктер режимінің құлауы мен кеңес империясының ыдырауы шынайы тәуелсіздікке қол жеткізудің алғашқы қадамы ғана болды. Мемлекет пен «қол астындағы» халықтың қарым-қатынас үлгісі өзгеріссіз қалды. Биліктің мінберлерден жаңа құндылықтарды жариялап, халыққа үміт ұялатып жатқандай көрінгенімен, бұл бар болғаны ескі, қатаң билік тікшіл жүйесін жасырған жаңадан сырланған шымылдық еді. Үміт — бұл билікті сақтап қалудағы психологиялық қару, дәл сол сияқты қорқынышты да посткеңестік адамдардың санасынан оңай оятып алуға болады.

Қорқыныш сенімсіздік тудырады, ал сенімсіздік қоғамды бөлшектеп, жікке бөліп жібереді. Әркім өз қамын ойлайтын, ешкімге арқа сүйеуге болмайтын күнделікті «бәріне қарсы күрес» атмосферасы қалыптасады. Бұл жағдайды Ербосын Мелдеубеков өзінің «Брат мой — враг мой» деп аталатын фотосуреті мен «Қош бол, бауырым!» атты мүсіні арқылы дәл бейнелеген еді. Мұқажанованың «Үміт шуағы» инсталляциясындағы алаңдатарлық бөлшектену мен «үзілген көкжиек» те сол жайында. Композициядағы «үзіліс» — қоғам үшін маңызды болатын, бірақ жүзеге аспай отырған диалогтың жоқтығын білдіретін тыныштық үзілістері.

Ербосын Мелдібеков «Бауырым — жауым», 2002 ж Түсті фотосурет 70 x 100 см. Таралымы: бес /Aspan gallery

«Үміт шуағының» соңғы полотносында қоғамда (ең алдымен жеке баста) ескі, авторитарлық үлгілер үстемдік етіп тұрғанда, нақты өзгерістер болмайтыны көрінеді. Жиырмасыншы ғасыр аяқталғанымен, толықтай өткенге кете алмады. Оның елесі әлі де постсоветтік кеңістіктің ауасын құрсаулап тұр. Суретші елдің шынайы жаңаруы тек «құрақ-құрақ» түрде — нақты адамдарда, отбасылар мен ұжымдарда ғана жүзеге аса алатынын көрсетеді, олар өздерінің қабылдау мен қарым-қатынас үлгілерін қайта қарап, өзгертулері керек. Әрине, бұл тез жүзеге асатын процесс емес. Бірақ үміттің соңынан өшетіні белгілі. Тіпті оның көлеңкесінің өзі таңғаларлықтай өміршең.

«Үміт шуағы» экспозиция көрінісі/Aspan gallery

Көшірілді