Жошы ұлысы — 1224 жылы Шыңғыс ханның өзі үлкен ұлы Жошыға бөліп берген еншісі, Моңғол империясының батыс бөлігіндегі аймақ. Өз кезегінде Жошының ұлы Бату хан Ұлыстың жерін кеңейтіп, Еділ маңы, Орыс, Қара теңізі аймағы мен Кавказды жаулап алған. Осылайша Орта ғасырлық Еуропадағы ең үлкен мемлекеттің негізін қалаған. Қазақ хандығының барлық ханы Жошы тұқымынан тарайды, сондықтан оның Ұлысын қазақ мемлекеттігінің іргетасы болды деп санауға толықтай негіз бар. Биыл Қазақстанда Жошы Ұлысының 800 жылдығы аталып өтеді.
Бұл Жошы Ұлысы тарихының екінші бөлімі. Бірінші бөлімді мына жерден оқуға болады.
ХРИСТИАН ДІНІН ҚАБЫЛДАМАҚ БОЛҒАН ОРДАЛЫҚТАР
1255 жылы 50 жасқа да толмаған Бату хан қайтыс болған соң, Жошы ұлысының тағына оның ұлы Сартақ отырды. Ол христиан дінін ұстанғандықтан, Сарайда алғашқы шіркеу ашылды. Дәл осы шақта Көк Тәңіріне сыйынған Ордалықтар христиан дінін қабылдауы мүмкін еді. Түптеп келгенде христиан дінін ұстанған Орыс жерлері олардың қол астында болды, ал өз кезегінде өздеріне қажет болған адамдармен тіл табыса білген князьдер Сарайға жиі бас сұғып тұрды. Дегенмен Ордалықтар христиан дінін қабылдаған болса, Еуразия құрлығының қалай құбыларын көз алдыңа елестетудің өзі қиын?!
Алайда бізге Сартақтың ойында не болғаны белгісіз, ал Рубрук болса, тіптен оның дінді ынты-шынтысымен ұстанғанына күмәнмен қарайды. Сартақты ханзада кезінде жолықтырған саяхатшы, оның қағаз дайындай алатын шеберлерді жолдауды өтінгенін жеткізген. Соған қарағанда, Сартақ Сарайда кітап өндірісін жандандырмақ болған тәрізді. Рубрук өкпесін жасырмай, ханзада өзінен сұрап немесе тартып алған заттарын түгел тізіп шығады: шіркеулік киімдер мен түрлі керек жарақтар, сондай-ақ керемет Псалтырь, «өлең тіліне аударылған Библия, құны 30 бизанти тұратын араб тіліндегі кітап және басқа да заттар».
Ақыр аяғында аталған заттарды Сартақ кәдеге жарата алмаған. Хан сайланғаннан кейін көп өтпей, бәлкім улағаннан, қайтыс болды, сосын оның жасөспірім ұлы Ұлақшы (ол да уланған) өлім құшқан. Алайда Плано Карпини мен Рубрук та көрген Батудың бәйбішесі Барақшын қатын (бақытсыз Ұлақшы таққа отырған кездегі регент) ертеден бері құмартқан билігін сақтап қалуға барын салған.
ДАЛА КЛЕОПАТРАСЫ
Барақшын — Алтын Орда тарихындағы алғашқы ықпалды әйел. Араб авторларының бірі Барақшынды: «Қажет жерде қолдана білген телегей теңіз ақылдың иесі» деп сипаттаған. Барақшын, Үгедей ханның, яғни Моңғол империясының императорының әйелі болған деген нұсқа да айтылады. Аталған нұсқа бойынша, ұлы хан қайтыс болған соң Барақшын Батуға қашып барып, шаңырақ көтерген. Ал Бату қаза болғаннан кейін, Тұқан есімді ұлына күйеуге шыққан. Сартақ Барақшын қатынның баласы болуы бек мүмкін (дегенмен мұны дәлелдейтін айғақ жоқ). Қалай болмасын дала Клеопатрасы бір уақытта Тұқан ханның өгей шешесі әрі жұбайы да болған.
Кішкентай Ұлақшы аяқ асты дүние салған соң, қаһарлы әйел таққа Тұқаннан туған өз баласын қоймақ болып, Орданың ата жауы, Елханның билеушісі Құлағудың11ҚұлағуШыңғыс ханның немересі, Батыс Азиядағы Елхан ұлысының билеушісі (1256–1265) қолдауына арқа сүйеген. Аңыз бойынша Барақшын Құлағуға қауырсыны жоқ жебе, белдігі жоқ шекпен жіберу арқылы: «Қорамсақта жебе таусылды және жабыны садақсыз қалды, хандықтың тағына отыруға кел» дегенді ишаралады. Жауапты күтуге шыдамы жетпеген қатын (күтуге бірнеше ай уақыт кетер еді) Құлағумен жүзбе-жүз жолығуға аттанған әрі сол жолда қайтыс болған. Ықпалды әйелді Бату ханның інісі Беркенің адамдары өлтірген. Сартақ пен Ұлақшыны да өлтірген сол көрінеді.
Әулет ішіндегі алғашқы дағдарыстың сценарийі кейінірек түрлі нұсқада бірнеше дүркін қайталанды. Шексіз хандық биліктің арбауына түскендер көп. У немесе қастандық — әлемнің шыңына әп сәтте жеткізер оңай жол осы. Тек Шыңғыс ханның алтын ұрпағынан шықсаң болғаны. Әулеттің Берке хан іспетті үлкендерінің өзі қастандық ұйымдастыру мүмкін. Тәжірибесі мол, көпті көрген, жан-жағына адал жақтастарды жинаған үлкендер, жастардың алдында артықшылығы болды. Дегенмен тақты жас әрі шапшаң жастардың тартып алған кезі де жетерлік. Түптеп келгенде тақты ең батыл әрі қатігез болған ханзада иемденіп отырды. Батыс пен Шығыстың да монархиялық елдерінде де мұрагерлік тәртіп орныққанға дейін жағдай осылай өрбіді. Осы тұста Орданың бір айрықшалығын атап өткен жөн. Мұнда әйелдер еркектерден басым түсіп, айласын асыруы бек мүмкін. Тек жоғарыдағы баян етілген жағдайда Барақшынның жолы болмады.
ШЕЙХ-ФАКИРЛЕРДІҢ ДОСЫ
Ұлыс ішіндегі келесі дағдарыс 13 ғасырдың 80 жылдары хан тағына Шыңғыс ұрпағы үшін оғаш саналған кейіпкер — Батудың немересі Туда Меңгу отырғанда басталды. Ол исламға шамадан тыс құлшыныс танытты. Әлбетте, бұл таңырқайтын жаңалық емес. Орда тағына отырған алғашқы мұсылман хан ретінде Берке белгілі, бірақ Туда Меңгудің құмарлығы шектен тыс болып шықты. Ол софылық ағымның ықпалына еріп, ханға қажет болып қалар барлық игіліктен теріс айналды: тәндік және түрлі қуаныштардан, кедейлік пен мейрімділіктен бас тартты.
Дегенмен аталған құндылықтар билеуші үшін қауіпті. 14 ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Ибн-Халдун дерегі бойынша, Туда Меңгу «дүние ісінен баз кешіп, тақтан бас тартты; сөйтіп шейх-факирлердің қауымдастығына қосылды». Ақырында оны ақылынан адасты деп жариялап, 1287 жылы тақтан тайдырды. Аталған оқиғаны 14 ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Вассаф әл-Хазрат: «Ханның ессіздігінен кейін... оны қолданыстан шығып қалған алтын теңгені әмиянның түбіне тастаған секілді, қамауда ұстады» деп көркем түрде сипаттаған.
БІР КӨЗДІ СЕМІЗ ИТ
Осы тұста Орданың саяси сахнасына аса маңызды жаңа кейіпкер шықты. Бір сөзімізде империяны сақтап тұрғаннан, құру оңай деп айтқан болатынбыз. Қоныстардың арасы тым шалғай болғандықтан, тіптен пошталық қызметтің болғанына қарамастан, билеушілерге аймақтарға тағайындаған уәзірлеріне арқа сүйеуге тура келді.
Қазіргі уақытта бір минуттан кейін мессенджер арқылы жауап ала алмай қалсақ ашуланып жатамыз, ал сауалыңызға жауапты екі немесе үш айлап күтуді көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Болмашы сұраққа жауап күтсеңіз бір сәрі, бірақ оның өзі жағымсыз екені анық. Ал өте маңызды болған саяси шешімді тағатсыздана күткен болсаңыз ше?! Осыған байланысты ерікті я еріксіз түрде болсын билеушілерге аймақтағы уәзірлеріне шексіз еркіндік беруге тура келген. Орда ішінде мұндай уәзірлерді түмен басы, яғни түменнің басшысы деп атаған.
Уақыт өте келе кейбір түмен басылар жергілікті ақсүйектерді маңайына топтап, көрші халықтармен өз атынан жаңа одақтар құру арқылы шамадан тыс билікке ие болды. Осы әрекеттен барлығы оларға көл-көсір әлеуметтік және нақты материалдық капитал жинақтауға мүмкіндік берді. Ал егер аймақ басшыларының денсаулығы жақсы болса, өз орнында тіптен ханның өзінен ұзақ отыра алды. Ақырында аймақ басшылары, ол кездегі жылдамдықты ескерер болсақ, шамамен Марстағы қашықтықтан келіп жеткен Сарайдағы ханның сұрауларына мұрнын шүйіріп қарады. Оның үстіне кейде билеушінің жер бетіндегі ғұмыры, таққа отырғаны жөніндегі хабар Орданың шалғай аймақтарына жетіп үлгергенше қиылып жатты. Хандардың өзі де қандай да бір қашықтағы Альфа-Центаврадағы өмірдің ұсақ-түйегіне бас қатырғысы келмеді. Онсыз да олардың бас қатырар басқа тірлігі жетерлік.
Мектеп оқулықтарында «феодалдық бытыраңқылықтарды» сөгу қалыпты үрдіске айналған. Бірақ «бытыраңқылықтың» жағымсыз бейнесі, шамамен 14–15 ғасырда Еуропаның бір жерінде заманауи орталықтанған мемлекет пайда болғаннан кейін ғана қалыптасқан. Сондықтан бұрынғы ұрыс-керістер мен тұрақсыздықтар жеңген орталықтанған монархтар прогресті жылтырақ киімімен танытуды қалаған.
Дегенмен іс жүзінде «бытыраңқылық», яғни бір ғана тұлғаның бастауымен аяқ-астынан қалыптасқан үлкен мемлекеттің шашыраңқылығы, сол кезеңдегі әлем үшін қалыпты нәрсе саналған. Шашыраңқылық империяларға ғана емес, сондай-ақ корольдіктерге, тіптен билік әрбір үйдің асханасына бас сұғып, кез келген адамның әмиянын бақылауда ұстай алатындай ауқымға кішіреймейінше, князьдіктерге де тән болды. Ол шақтағы экономика аштық шегінде жұмыс істеп тұрғандықтан, мемлекеттердің жастар арасында патриоттық үгіт-насихатты сіңіретін білім беру жүйесі немесе полицияны, бюрократиялық аппаратты қамтамасыз етуге шамасы жетпеді. Осыған байланысты орталық билік провинциялардың билеушілеріне сенім артуға мәжбүр болды, ал өз кезегінде, шалғайдағы шенеунік өзін толықтай дербес билеуші ретінде санай бастады. Осы тұста кішігірім патшалықтар мен квази-мемлекеттер қауіпсіздік және тәртіп мәселесін үлкен империяларға қарағанда тиімді шеше алғанын атап өткен жөн.
Осылайша Орданың тарихи сахнасына түмен басы, яғни ханның әскери уәзірі, империяның оңтүстік-батыс провинциясының билігі шексіз билеушісі, 13 ғасырдың екінші жартысында Шығыс Еуропадағы құдіретті әміршінің бірі Ноғай (1235–1299) ноян көтерілді. Оның бір көзі ғана көрген (жарақаттың салдарынан) және шамадан тыс семіз болған. Сондықтан «Ит Қалың хан» деген орыс жырында бейнеленген кейіпкер Ноғай деп ойлаймын. «Қалың» түркі тілінде семіз деген мағына береді, ал Ноғай (моңғол тілінде) ит деген сөз. Жалпы алғанда дала халқы иттерді жақсы көрген және өз жерінде Ноғай аталған лақап атты қорлау ретінде қабылдамаса керек. Мәселен, «Моңғолдардың құпия шежіресінде»i13 ғасырға тиесілі, моңғолдардың жартылай эпикалық, жартылай тарихи баяны Құбылай мен Сүбедей жиі «жақсы иттер» деп сипатталған.
Ноғай ержүрек батыр, көреген қолбасшы әрі қайтпас-қайсар тұлға болған. Қара теңіздің солтүстік аймақтарында көшіп-қонған Ноғай, ақырын басып өз иелігін кеңейте түскен, Болгария мен Сербияны, Галицк-Волынск князьдіктерін бақылап, Венгрияның үрейде ұстаған. Сондай-ақ Орыс князьдіктеріне бақылау жүргізуді Сарайдан өз қолына алуға тырысып, Польша мен Литваға барған, Венециямен құпия келіссөздер жүргізіп, Византиямен соғысқан. Қадалған жерінен қан алмай тынбайтын Ноғайдан құтылу үшін, тіптен Базилевс (Византия императорының грек тіліндегі титулы) діннен безген кәпірге некесіз қызын күйеуге беруге мәжбүр болған.
Ноғай Шыңғыс ханның тұқымы болғанымен, таққа отыратын әулеттен шықпады. Сондықтан империяның бейресми билеушісі болғысы келген тәрізді. Діндар Туда Меңгу тақтан құлаған соң, Ноғайдың жаңа ханмен арасы жақсы болмады. Екі тарап та бір-біріне шамадан тыс дербес деп санап, соған наразы екенін білдірген. Кім кімді бірінші болып өлтіргісі келгені түсініксіз, бірақ Ноғай бұл таласта қулығын асырды.
Таққа қаза тапқан ханның немере інісі Тоқты отырды. Тоқтының таққа келуіне жол ашқан Ноғай, онымен жақсы байланыс орнатуға тырысты. Алайда бұл ұмтылысы ақталмады. Тоқты хан өзінің түмен басының қолындағы ойыншығы болуға келіспеді. Сауысқандай сақ әрі есепшіл Тоқты күшін жинап, ақырында, Ноғайға қарсы майданды бастады. Бірақ ойсырай жеңілді. Бұл соғыста Ноғай өзін Шыңғыс тұқымы секілді ұстамады. Соған қарағанда, Ноғайдың бойындағы қатігез жаулаушының қаны аз болған тәрізді. Ол қолға түскен Тоқтыны жібер салды. Екі жылдан соң, яғни 1299 жылы күш жиып қайта келген Тоқты, ақырында Ноғайды жеңіп тынды. Осылайша Құдіретті түмен басы қаза тапты. Аңыз бойынша, Ноғайды белгісіз орыс сарбазы өлтірген деседі (орда әскерінің сапында орыс сарбаздары көп болды). Бірақ үлкен сыйлықты алуға үміттенген сарбаз ұлы қолбасшының басын Тоқтыға алып келгенде, хан Шыңғыс тұқымына қол көтеруге дәті барған қара табан сарбазды жазалауға бұйырған. Тоқты осылайша, Шыңғыс ханның нағыз ұрпағы екенін көрсетті.
15 ғасырдың соңында Алтын Орданың қирандысының үстіне құрылған орда, қанқұмар Ноғай есімін иеленді. Тарихшылардың жорамалынша, кезінде түмен басы біріктірген халықтар аталған орданың негізін қалаған және ондағы ұлттың атауыiноғайлықтардың саны, шамамен, 100 мыңға жетеді соның құрметіне қойылған. Сондай-ақ көшпелі халық ішінде атақты қамшының түрі Ноғай деген атаумен сақталып қалған.
АЛТЫН ҒАСЫР
Жоғарыда сөз еткендей Орда, Тоқты ханның інісі Өзбек хан (1313–1341) таққа отырған уақытта алтынға айналды. Өзбек хан Берке немесе Туда Меңгу секілді исламды қабылдағанымен, бірақ ол үшін дін жеке басының таңдауы емес, саяси шешім болған. Орда Өзбек ханның тұсында ислам мемлекетіне айналды. Исламды қабылдау үдерісі ел ішіндегі алуан түрлі элементтерді біріктіретін маңызды құрал саналды.
Бір жағынан Жошы ұлысы көптеген халықтың басын қосты: моңғолдар, әртүрлі түркі тайпалары. Екінші жағынан — орда біртұтас рухани және мәдени кеңістік ретінде де көрінген емес. Ұлыстың Хорезм немесе Еділ Бұлғариясы сынды стратегиялық тұрғыдан маңызды өлкелер ертеде-ақ ислам дінін қабылдап қойған. Ал Ұлыстың өзге моңғолдар көп шоғырланған аймақтары сауда жолдары арқылы дінін жайған мұсылман уағызшылары арқылы да исламнан хабардар болған. Хорезмдік шенеунік-мұсылмандар империяны басқару ісінде маңызды рөл атқарды.
Үлкен қалаларда әртүрлі дінді ұстанған ұсталар мен көпестер аз болмады, бірақ орда ішінде сопылар мен дервиши (Йассауи, Қаландрия, Кубравия және т.б. тариқаттар) сынды мұсылман-миссионерлерінің ықпалы зор болды. Алайда осы бір әлемнің төрт жағынан орда билігінің негізгі тірегі — Тәңірлік дінді ұстанған әскери-көшпенді түмендер мен мыңдықтар қоршап тұрды.
Заманауи терминологиямен айтар болсақ, ислам дінінің көмегімен Өзбек өзінің державасын біріктіріп, халқы үшін бірыңғай мәдени кодты жасақтауға тырысты. Осы тұста таңғажайып деуге келетін, Шыңғыс ұрпағының исламдық заңды мұрагерлер желісі пайда болып отыр. Айтуларға қарағанда, Шыңғыс ханды көзі тірісінде пайғамбардың сахабаларының бірі ислам дініне өткізген. Бірақ ұлы ханды сол бойы сүндетке отырғыза алмаған көрінеді.
Дәл осы уақыттарда Жошы Ұлысының шығыс бөлігінде де ислам діні мемлекеттік дінге айналып үлгерді (14 ғасырдың 20-жылдары). Ол шешімді Ерзен хан қабылдаған болатын. Ол Ақ орданың астанасын Сығанаққа көшіріп, мешіттер мен медреселер тұрғызған және Ұлытаудағы Жошы мазарын салуға бұйырған. Дегенмен ислам, әлбетте, ұзақ уақыт бойына ақсүйектер мен қалалар халқы үшін басым дін болғанымен, өз құдайларына табынуын жалғастыра берген көшпенді тайпаларына еш ықпалы болмады.
Өзбек хан, сөзсіз, мұсылман болған, бірақ әсіре діншілдікпен ауырмаған. Ол сондай-ақ ерекше батырлығымен де айрықшаланбаған. Оның ұзаққа созылған билігі салыстырмалы түрде бейбіт әрі бақытқа толы секілді көрінеді. Сауда керуендері империяның алып аймағын еш кедергісіз кесіп өтті, ал шулы керуен-сарайлардың іші жанға толды, қарақшылардың шабуылы мен жолда ашығып қалудан қорыққан ешкім болмады. Жалпы алғанда, алтын ғасыр — тарихшылар үшін ең нашар уақыт. Халық өмірі қамсыз әрі бақуатты болған сайын, тарихшылардың жұмыс азаяды. Сондықтан Өзбек ханның жанындағы ерекше әйелге аз кем назар аударайық. Ол әйел көңіл бөлуге тұрарлық тұлға. Осы тұста оның ислам дінін ресми түрде қабылдауының өзі, сарайдағы беделіне әсер етпегенін қызықты көрінеді.
АЙЛАЛЫ ХАНЫМ
Өзбек ханның бәйбішесінің есімі Тайдулла болған. Ибн Баттут өз еңбегінде: «Тайуғлаға келер болсақ (тарихшы солай деген), ол патшайым әрі билеушінің ең сүйікті әйелі (яғни басқа әйелдері де болған). Билеуші сүйікті әйелін шатыр алдынан күтіп алып, қолынан ұстап ішке кіргізеді, ал ханша таққа отырған соң ғана, сұлтанның өзі жайғасады» деп жазған. Ханның мұндай сыпайылығы, нағыз сексист Ибн Баттуттың таңданысын тудырған және өз көзіне өзі сенбеген тарихшы: «Осы оқиғалардың бәрі жұрт алдында өтіп жатты және ханша орамал тақпаған» деп сөзін әрмен қарай жалғаған.
Елең еткізер ақпараттарды ұсынуға бейім Ибн Баттут: «Билеуші көп түнін бәйбішесінің үйінде өткізеді екен» деп жазған. Тарихшының көзқарасы бойынша, ханның өрескел көрінген мінез-құлқын түсіндірмек болып, ол тергеу жұмысына кіріскен. Осы тұста «сөзіне сенуге болатын әлдебіреу», ханша әр түн сайын пәк қызға айналатынын жеткізген. Ал басқа бір жан, ханшаның жатыры айрықша әйелдерде ғана кездесетін «жүзік» секілді дөңгелек болғанын айтқан. Мұндай әйелді Ибн Баттуттың өзі кезіктірмеген, бірақ Қытайда бұған оқытатын мектептер бар деседі.
Аталған нанымсыз деректер бір дүниеден хабар береді: саяхатшы үшін Орда ішіндегі әйелдердің жоғары беделі шамадан тыс оғаш көрінген. Сондықтан кей тұста түсіндірме беру үшін қиял-ғажайып себептерге жүгінген тәрізді.
Бізге жеткен деректерден әйелдердің билігі хан киіз үйімен ғана шектелмегенін көріп отырмыз. Түркі эпостық жырларында жарқын әрі батыл әйел образдары көп. Дала халқының түп аналары мен билеушілердің сүйікті әйелдеріне арналып салынған кесенелері жетерлік. 12 ғасырда өмір сүрген әл-Ыдырыс өз еңбегінде: «Олардың әйелдері әдемі, ерлеріне қарағанда төзімді әрі өркөкірек мінезі мен жігерінің арқасында керек дүниеге қол жеткізу ісінде жасампаз келеді» деп сипаттап жазған. Сондай-ақ басқа да тарихшылар мен саяхатшылардың еңбегінде көшпелі әйелдері жаужүрек екені, ат үстінде еркін отырып, садақ тартатыны, ал майданға ерлеріне қарағанда жиі араласатыны жөнінде деректер кездеседі.
Бірақ осы айтылғандарға қарамастан Таудулла басқа әйелдерден айрықшаланып тұрады әрі оның бейнесі шекспирлік Макбет ханымды еске түсіреді. Өзбек хан қайтыс болған соң Тайдулла мемлекеттік биліктің тізгінін өз қолына алады. Ол алдымен Өзбек ханның тоқалдарының бірінен туған таққа мұрагер ханзаданың өлімін ұйымдастырады, сосын, бәлкім, сүйікті баласы Жәнібекті хан көтеру үшін туған баласы Тыныбектің де көзін жояды. Тайдулланың осы бір қанды қол әрекеттеріне байланысты аяқ-асты ғаламат аңыз туындайды. Аңыз бойынша көзі көрмей қалған Тайдулла, Ордаға орыс митрополиті Алексейді ауруынан сауығу үшін шақырған деседі. Митрополит тек дұға етумен ғана шектелмей, ем-домға көмектесетін дәрі-дәрмек те жасай алған. Ханның жесірі осылайша аурудан айығып, ал метрополит лайықты сый-құрметке бөленген. Кремльде осы бір оқиғаның құрметіне Чудов монастыры бой көтерген. Тарихшылар арасында, метрополит атағы жер жарған ханшаны емес, оның сүйікті ұлы — Жәнібекті емдеген деген де нұсқа айтылады. Әрі хан тән емес, жан ауруына шалдығуы да бек мүмкін. Алексей оның жан азабын жеңілдеткенімен, бірақ хан көп өтпей дүние салған. Дегенмен ханды туған баласы Бердібек буындырып өлтірген деген нұсқа да кең таралған. Қалай болғанда да 1357 жылы Жәнібек хан дүние салған соң Ордадағы қамсыз әрі тыныш өмір, мәңгілікке аяқталды.
Егер Бердібек шынтуайтында әкесін өлтірген болса, онда бұл іске Тайдулланың да қатысы бар болуы мүмкін. Оның бұлай жасауға нендей жағдай итермеледі дегенге келер болсақ, тек жорамал жасауға ғана тура келеді. Бердібек тым күдікшіл әрі қатігез адам болған. Ол ішінде жөргектегі сәбилерде бар, бас-аяғы 12 ханзаданы өлтіргенімен, көп өтпей басқа бір ханзаданың қолынан қаза табады. 1359 жылы өз тегін аса қатыгездікпен қырып салған Бердібектің ессіздігінен кейін, Батудың тікелей тұқымы үзіліп, таққа басқа атадан туған балалар келді делінеді. Бәлкім, мемлекеттің терең әрі қанды дағдарысқа тап болуына дәл осы жағдай сеп болуы да ықтимал. Өйткені Орданың Батыс аймағында көпшілік мойындаған Жошының ұрпағы мүлдем қалмаған.
Таққа келген жаңа хан Тайдулланы биліктен түбегейлі ығыстырып шығарған. Айлалы қатын бұл мазаққа көнгісі келмей, қастандық ұйымдастырып, ханды барлық балаларымен қоса өлтіріп тастаған. Ол осыдан кейін таққа Наурыз есімді ханзаданы отырғызған, бәлкім бұл оның немересі болуы бек мүмкін, бірақ кей нұсқаларда көңілдесі деп те айтылады. Бірақ бұл жолы оған қарсы татар ақсүйек әулеттері бірігіп, 1361 жылы Наурыз хан мен оның отбасы түгел, сондай-ақ ұлы ханшаны да өлтіреді. 20 жылға жуық уақыт шексіз билікті қолына шоғырландырған тым қатігез әрі айрықша әйелдің ғаламат тағдыры осылайша қиылады.
«АЛАПАТ БҰЛҒАҚ»
Орда ішіндегі түрлі төңкерістер мен таққа таластарға жол ашқан жоғарыда жағдайдан кейін, тарихта «алапат бұлғақ» деген атау алған империяның ұзаққа созылған дағдарысы басталды. 20 жыл ішінде (1360–1380 жж.) бас-аяғы тақта 25 хан ауысқан. Таққа қанқұйлы талас жүріп жатқан мезетте сауда-саттық тоқырап, тәуелді болған аймақтардан түсетін кірістер қысқарды, осылайша патшалықтың шеткері өлкелері бөліне бастады: Хорезм, Бұлғария, Мордова, Қара теңіз аймағы мен Қырым. Кей аймақтарда билікті жергілікті ақсүйектер өз қолына алса, кей өлкелерде — әскер басылар иемденді. Осы тұста көрші мемлекеттер де құр қарап жатпады. 1362 жылы ертеректе көз алдыңа елестетудің өзі мүмкін болмаған жағдай орын алды. Орда жеріне Литва әскері басып кірді. Көксудағы (қазіргі Украинаның оңтүстігінде орналасқан, Оңтүстік Буга өзенінің бір арнасы болған — Көк өзені) майданда Литва князі Ольгерд (1345–1377) орданың әскерін талқандап, Подолия (оңтүстік-батыс Украина) аймағын тартып алды. Әлбетте, Литва әскеріне қарсы жергілікті Жошылық әскербасылар ғана майданға түсті, бірақ өз иелігінде жеңіліс табу ұятты іс. Ақырында Алтын Орда шегірен былғары секілді қысқара берген.
Аталған кезеңнің ең жарқын тұлғасы, әлбетте, Мамай (шамамен, 1335–1380 жж.) болды. Ол өліара шақта пайда болатын әдепкі қаһарман. Орыс дереккөздерінде Мамай хан деп қате көрсетілген. Шынтуайтында ол Шыңғыс ұрпағынан шықпаған. Таққа талас өршіген ол кезеңде Жошы ұрпағы болу, тіптен қауіпті болған секілді. Мәселен, есеп бойынша Шыңғыс хан ұрпағының ғұмыр жасы ұзаққа болмайтыны анықталып отыр. Бірақ Орда ішінде батыл, авантюрист, қарадан шығып хан бола алған Мамай секілді адамдардың уақыты туды.
Мамай шалғай болса да, өте қуатты Қара теңіз маңы мен Қырым ұлыстарын маңайына топтастырды. Ол шақта дербестікке қол жеткізгендер көп болды. Алайда, егемен болған көп өлкелердің билеушілерінен айырмашылығы, Мамай империяның тұтастығын сақтай алды. Түмен басы болып жүргенде ханның қызына үйленген Мамай гурхан атанған, яғни ханның күйеу баласы әрі беклербек дәрежесіне көтерілген. Жошыдан тарамаған қарапайым адам үшін, империя ішінде бұдан артық дәрежеге қол жеткізу мүмкін де емес. Күш жиған Мамай империяның қол бала болған хандар арқылы басқаруды жөн көрген. Бірақ көп өтпей орнаған бейберекетсіздік түбі хандардың да, Мамайдың басын жұтты.
Осы тұста тарих сахнасына аяқ-асты Батыс қанаттың емес, Шығыс қанаттың өкілі, Қазақ хандарының арғы атасы — Орыс хан көтерілді. Оның үстіне, ноғай билері Қазақ хандығын «Орыстың жұрты» деп атайды және Қазақ мемлекеттігінің негізін салушы мифке айналған Алаша ханның түп бейнесі осы Орыс хан болуы да бек мүмкін.
1368 жылы таққа отыра сала Орыс хан, Сарайдың тағайындаған басшысын өлтіріп, өз атынан күміс тиын соққызған. Осы ишарат арқылы Сарайдың тағына да қақылы екенін паш еткен. Бердібектің ханзадаларды қойша қырған ессіздігінен кейін, шынтуайтында Сарайда билікке лайықты Жошы ұрпағы қалмаған. Орыс хан жөнінде дерек қалдырған тарихшының бірі: «Ол өзі өте қу, құдіретті әрі күшті хан болған» деп жазған.
Ол Сарайдағы билік үшін күресті және оқтын-оқтын жеңіске де жетіп отырды, тіптен бірде тақты тартып та алды, бірақ түбегейлі орнығуға шамасы жетпеді. Оның батыстағы басты қарсыласы, әлбетте, Мамай болды. Алайда осы бір қақтығыс нәтижесінде екі тараптың да жауы — Шыңғыс ханның елеусіз қалған ұрпағы Тоқтамыс таққа келді.
Орыс хан Маңғыстау өлкесінің билеушісін өлтірген кезде, жас Тоқтамыс бас сауғалап Әмір Темірге барған. Ақсақ Темір жас жігітке жылы қабақ танытқан. Муин ад-дин Натанзин өз еңбегінде: «Әмір оған үлкен құрмет көрсетті, көптеген қымбат киімдер мен асыл тастар, аттар мен оларға жабдықтарын қоса сыйға тартты» деп жазған. Ол тіптен ханзадаға өз киіз үйінен де үлкен әрі салтанатты қоныс тігіп берген.
Алайда Темір секілді билеушілердің, көңіл қалауымен қандай да бір әрекетке бара қоюы екіталай. Оның үстіне ұлы жаулаушы шахматты жақсы көрген әрі барлық қадамын алдын ала есептеп жасап отырған. Темірдің жас әрі қызба Тоқтамысты Орданың алғашқы қатардағы қабырғасын тас талқан етер бомбарда зеңбірегі (олар аталған уақытта енді пайда бола бастаған) ретінде қолданбақ болғаны айдан анық дүние. Сосын, асықпай, империяның қирандысын сылтып басып, ұлы әмір «Исламның семсері» өзі келмек.
Құдіретті Әмір Темірдің қолдауымен Тоқтамыс 70-жылдары бірнеше дүркін әкесінің басын алған Орыс ханнан кегін алуға тырысты, бірақ қанша ұмтылғанымен қолынан келмеді. Соңғы майданда екі жерінен жараланған Тоқтамыс, аман қалу үшін өзен суына секірген. Орыс ханның ең мықты батырының бірі оған оқ атып, төрт бірдей буынын тесіп өткен. Осы тұста нағыз ғаламат жағдай орын алды. Жарақаты мен үш күн бойына ат дүбірі естілсе болғаны қалың қамыстың арасында суға сүңгіп жасырынған Тоқтамысты, Әмір Темірдің емшілері аман алып қалады.
Ақыр соңында Тоқтамыс әкесінің өлімі үшін кегін алмайды. Орыс хан 1377 жылы «Қаштым» деген жерде (бұл Челябинск облысындағы Қаштым өзені болуы мүмкін) өз ажалынан көз жұмды. Оның өлімі Тоқтамыстың жолын ашып берді. Бұл жолы қарсы тұрар үлкен күш болмағандықтан, Тоқтамыс алдымен Орданың шығыс қанатын бағындырып, сосын Сарайға қарай бағдар алды. Тоқтамыс 1380 жылы Орда астанасына жеткенімен, Мамайға қарсы жорыққа шығуға асықпады.
Бұл шақта Мамай Қара теңіз маңайында, «алапат бұлғақты» пайдаланып, салық төлеуден бас тартып, батылдана түскен Орыс жеріне жорыққа әзірлік жасап жатты. Осы тұста айтарлықтай түсініксіз жағдай туындады. Мәскеу мен Орда арасында кикілжің туды ма? Демек Сарайдағы тақты тартып алған Тоқтамыспен арасы бұзылды ма? Әлде Мәскеу князьдері Мамаймен тіресті ме? Шығыс дереккөздерінде дәстүр бойынша, 1380 жылы орын алған Куликов шайқасы жөнінде ешқандай ақпарат айтылмаған. Бәлкім, шығыс тарихшылары аталған жәйтті Тоқтамыс пен Мамайдың арасындағы қақтығыстың кезекті бір уақиғасы ретінде ғана қабылдаған болар. Өйткені әскерін Мамайға қарсы бағыттаған Дмитрий Иванович (Дмитрий Донский (1359–1389), объективті қарар болсақ, Тоқтамыстың мүддесін қорғаған.
Дегенмен Тоқтамыс пен Мәскеу князінің арасында келіссөз болып-болмағанына қатысты нақты дерек жоқ. Мамай Куликов түбінде Мәскеу әскерінен жеңіліс табады, сосын Қалқа жағасында қалған жасағын Тоқтамыс тас талқан етеді. Беклербек бас сауғалап Кафаға қашып барғанымен, ақыры сондағы генузиялықтардың қолынан қаза табады. Бәлкім, олар Куликов түбінде тақты заңсыз иемденіп алған Мамайдың жағында соғысқаны үшін, Тоқтамысқа жағу мақсатында солай жасаса керек. Бірақ 1382 жылы Тоқтамыс Мәскеуді отқа орап, алым-салықты қалпына келтіріп, Орыс жерін толықтай өзіне бағындырды. Осы жағдаятты ескерер болсақ, Тоқтамыстың Мәскеу князімен ымыраласып, қандай да бір келісімге келгеніне күмәнмен қарауға болады. Бәлкім, Тоқтамыс Куликов түбінде орыс әскерінің Мамайды жеңеріне сенімді болмай, сақтық мақсатында қол жиған болар. Өйткені егер Мамай Мәскеу әскерін жеңіп кетсе, жағдай мүлдем басқаша өрбитін еді... Ондай жағдайда жеңілмейтін Беклербекпен келісуге тура келеді.
ТАРИХЫНЫҢ АҚЫРЫ
Әмір Темір Тоқтамыс хақында: «Ол менің ұлымдай болды, ал оған мен әкесіндей қамқорлық таныттым» деп айтқан деседі. Қанша қайшылықты болса да, таққа отыра сала буыны қатпаған Тоқтамыс, Әзірбайжан мен Сырдария бойындағы қалалардың әміршісі, өзінің қамқоршысы Әмір Темірге шабуылды бастаған. Бұған жауап ретінде Темір, кезінде атағы дүркіреген, бірақ сол биігіне қайта орала алмаған Хорезмнің астанасы Үргенішті талқандап, 1395 жылы Еділ маңына жорыққа шығады. Осылайша Темір әскері сыртқы қорғаныш қамалы жоқ Сарайды тонап, отқа ораған. Бәлкім, сол уақытта Темір қулығы асқан Тоқтамысты жазалап қана қоймай, сондай-ақ Ұлы Жібек жолын Жошы ұлысынан өз иелігіне қарай бұрып, бұрынғы ескі сүрлеуіне қайтаруды ойлаған да болар. Түптеп келгенде Самарқан мен Бұқара, Иран мен Ирак жері оның қол астында болды және оның әскері Еуропаға қарай су жолы ашылатын Сирия жеріне таяп қалған еді.
Алтын Орда тарихының ақыры таянған сәтте, тарих сахнасына аяқ-астынан дала жырларындағы ең атақты қаһарманның бірі, Ақ Орданың құрамында болған маңғыт руының тумасы, орыс князьдері Юсупоптардың арғы атасы саналатын Едіге батыр шықты. Едігенің де әкесін Орыс хан өлтірген, сондықтан ол да дәл Тоқтамыс тәрізді кек қайтаруды мақсат етіп, Темірдің қол астына пана сұрап қашып барған. Бастапқы уақытта Едіге Тоқтамыспен бірге соғысты, бірақ бертін келе екеуінің жолы екіге айырылды. Тоқтамыс Едігенің өгей әкесін өлтіріп, ақыр соңында сау басына сақина тілеп, бітіспес жау тауып алды. Тоқтамыс Темірге шабуылға шыққанда, дәл осы Едіге айлакер ханға қарсы тұрып, Тоқтамыс және оның балаларымен өмірінің соңына дейін соғысып өтті. Едіге батыр алып империя құлдыраған сәтте, оқиғалардың бел ортасында жүрді. Бірнеше ғасыр өткен соң, патшаның сүйікті фавориті Распутинді өлтірген, Едігенің ұрпағы Феликс Юсупов та, Ресей империясының ақырын таятқан оқиғалардың қақ ортасында бой көрсетті.
Жошы ұлысы Әмір Темірдің соққысынан кейін мүлдем ес жия алмады. Дегенмен басына бәле тілеп алған Тоқтамыс хан, 1406 жылы, аңыз бойынша Едігенің ұлының қолынан қаза тапқанға дейін, жағдайды қалпына келтірмек болып әрекет еткен. Ал Едігенің өзіне келер болсақ, ол да осы бір дүрбелеңнің арасында жүріп 1419 жылы дүние салған. Жошы ұлысы ілініп-салынып тағы бірнеше жыл тұрғанымен, оның қирандысының үстіне жаңа хандықтар бой көтерді. Ал 1502 жылы ертеректе дербестікке қол жеткізіп үлгерген Қырым хандығы, сөз жүзіндегі Жошы ұлысының соңғы ханының қонысын талқандады. Осымен ұлы империяның ғұмыры аяқталды.
ЭПИЛОГ
Алтын Орда моңғолдарға дейін және одан кейін құрылған көптеген елдер секілді жаулап алудың нәтижесінде пайда болды. Еуразияның төсінде кенеттен пайда болған және бұрын-соңды болмаған әскери күш айналысына үрей тудырып зор құрметке бөленді. Алтын Орданың тарихы бүгінде түрліше тәпсірленеді. Кейбіреулер үшін бұл төл мемлекеттілігінің қалыптасуының алтын дәуірі. Ал өзгелер үшін — трагедия. Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алтын Орданың барлығын бір мәмілеге келтіретін үшінші тараптағы көзқарасын табуға тырысты. Ол Алтын Орданы Рим империясымен салыстырды. Рим империясы да өз кезегінде жаулап алудың нәтижесінде құрылғанымен, жаңа өркениеттің негізі атанып, бүгінге дейін Еуропа мәдениетіне нәр беріп келе жатқан сарқылмас қазына болып қала береді. Алтын Ордаға қандай көзқарас танытсақ та, жаңа саяси және мәдени шындыққа түрткі болып, көптеген заманауи мемлекеттің пайда болуына және дамуына серпін берді. Сонымен қатар тек жаулап алудың арқасында ғана емес. Жошы ұлысы Қытай мен Орталық Азияның озық әкімшілік тәжірибесін қалыптастарды, арасын мыңдаған шақырым бөліп жатқан халықтарды тығыз байланыстырған алғашқы пошта қызметіне ықпал етті, түркі тілінің халықаралық қатынастарда ең маңызды тілге айналуына жол ашты және ұзақ уақыт бойы Шығыс пен Батысты байланыстырып, тауарлар мен идеялардың жаһандық айналымын қамтамасыз етті. Жошы Ұлысының немесе Алтын Орданың 800 жылдығы — Еуразия тарихындағы маңызды мерейтой.
Жошы Ұлысы тарихының бірінші бөлімін осы жерден оқыңыз.
ОҚУҒА ҰСЫНАМЫЗ
Акимбеков С.М. История степей: феномен государства Чингисхана в истории Евразии. — Алматы, 2021.
Вернадский В.В. Монголы и Русь. — Тверь-Москва, 2001.
Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. — М., 1998.
Джованни Плано Карпини, Гильом де Рубрук (Рашид-ад-Дин, Ибн Баттута, Иоганн Шильтбергер). Путешествия в Золотую Орду. — М., 2021.
Золотоордынская цивилизация. — Казань, 2008–2009. Вып. 1–2.
Мыськов Е.П. Политическая история Золотой Орды (1236–1313). — Волгоград, 2003.
Насонов А.Н. Монголы и Русь. История татарской политики на Руси. — Л., 1940.
Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. — Саранск, 1960.
Султанов Т.И. Чингиз-хан и Чингизиды. Судьба и власть. — М., 2006.
Темиргалиев Р. Казахи. Путь предков. — Алматы, 2021.
Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т. 1. — СПб., 1884. Т. 2. М.-Л., 1941.
Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи XIII в. (проблемы исторической преемственности). — М., 1993.
Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. — М., 2002.
Трепавлов В.В. Золотая Орда в XIV столетии. — М., 2010.
Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. — М., 1964