WESTERN UNION-нан АБАЙҒА дейін

Алғашқы америкалық саяхатшылардың қазақ даласына сапары

~ 8 мин оқу
WESTERN UNION-нан АБАЙҒА дейін

Коллаж / Qalam

Осыдан 250 жыл бұрын, Абылай хан ел ішіндегі алауыздықпен күресіп, қос қапталдан қысқан екі алпауыт Ресей мен Цин империяларының арасында жанталасып жүргенде, 1776 жылғы 4 шілдеде Екінші Континент конгресі АҚШ Тәуелсіздігі декларациясын қабылдады. Ғасырлар бедерінде әлемдегі жетекші державалардың біріне айналар жаңа мемлекеттің тарихы осылай басталды.

 

Осы орайда Qalam Қазақ даласына аяқ басып, әркез объектив бола бермесе де, әсерлі сипатталып, баяндалған алғашқы америкалық саяхатшылардың естеліктері мен жолжазбаларын еске алмақ.

Мазмұны

Western Union және Қазақ даласы

Жолжазбаларын, соның ішінде Қазақ даласына сапарынан алған әсерін жеке кітап етіп жариялаған алғашқы америкалықтың бірі — 1856 жылы Амур өзеніне сауда агенті болып тағайындалған Перри Макдонаф Коллинз (1813–1900) болатын. 1857 жылы-ақ ол Мәскеуден Иркутскіге аттанып, жол бойы естеліктерін 1860 жылы A Voyage Down the Amoor. With a Land Journey Through Siberia, and Incidental Notices of Manchooria, Kamschatka, and Japan («Амур өзені бойымен саяхат. Сібір арқылы құрлық сапары және Маньчжурия, Камчатка мен Жапония жайлы жолай жазылған мәліметтер») деген кітап қылып шығарады.

Ұлы даланы көргендегі әсерін ол былай сипаттайды:

«Біз Обь өзенінің негізгі батыс саласы мен Ертістің оңтүстік саласы аралығында көсіліп жатқан Есіл даласын кесіп өттік. Олардың арасындағы жатқанның бәрі — Ұлы Қазақ даласыныңiтүпнұсқада — «the great Kirgeese Steppe» жалғасы. Жол жақсы тапталып қалған екен, сондықтан көп бөлігін тез-ақ еңсеріп тастадық».

«Жергілікті халықтың түрінен-ақ, — дейді америкалық, — олардың өздері де, тауарлары да бізге таңсық көрінгені сияқты, біз де олар үшін таңсық болғанымыз байқалып тұрды».

Перри Коллинздің Беринг бұғазы мен Сібір арқылы өтетін телеграф желісінің жобасы. Джозеф Хатчинс Колтон, 1864 / Boston Public Library

Перри Коллинздің Беринг бұғазы мен Сібір арқылы өтетін телеграф желісінің жобасы. Джозеф Хатчинс Колтон, 1864 / Boston Public Library

Перри Коллинз қазақ мәдениеті мен географиясының білгіріне айнала қойған жоқ, алайда Collins Overland Telegraph деген атпен белгілі, Калифорния мен Мәскеудің арасын жалғауға тиіс-міс «Орыс-американ телеграфы» жобасының идеясын шығарған адам ретінде есімі тарихта қалды. Жоба Western Union Telegraph Company компаниясына тиісті еді, қазір біз оны халықаралық ақша аударымдары нарығындағы дүниежүзілік көшбасшылардың бірі — Western Union деп танимыз.

Абай және ағылшын философиясы

Перри Коллинз негізін қалаған «Орыс-американ телеграфы» Қазақ даласына тағы бір қызметкерін ала келді. Ол телеграф бизнесінде аса табысқа жете қоймаса да, кейіннен әйгілі жиһанкез әрі жазушыға айналған Огайо штатының тумасы Джордж Кеннан (1845–1924) еді. Коллинзге қарағанда, Кеннан сәтін салып, біздің жерімізде әлдеқайда ұзағырақ саяхаттайды. Кейін Associated Press-тің толыққанды тілшісі әрі National Geographic-тің тұрақты авторына айналатын қаламгер жергілікті тұрмыс-салт, киім-кешек үлгілері мен ауызекі әңгімелерді ыждағатпен сипаттауымен аты шығады. Ол Өскеменге барар жолды «біздің тау-тасты Вирджиниядағы ең нашар өткелден де өткен сұмдық жол» деп сипаттаған еді.

Салт атты қазақтар. 1885 жыл / Джордж Кеннан коллекциясы (George Kennan Papers), АҚШ Конгресі кітапханасы

Салт атты қазақтар. 1885 жыл / Джордж Кеннан коллекциясы (George Kennan Papers), АҚШ Конгресі кітапханасы

Айта кетері, ол Сібір мен Шығыс Қазақстанға барған саяхаттары туралы жазылған кітабының «О России. Сибирь и ссылка» (Ресей туралы. Сібір және жер аудару) деп аталатын орысша аудармасын 1890 жылы Парижде шығатын ағылшын тіліндегі басылымынан (Siberia and the Exile System) бір жыл бұрын жариялаған болатын.

Сондай-ақ Джордж Кеннан халықтық революция қозғалысына қатысқаны үшін Семей облысына жер аударылған этнограф Александр Леонтьевпен кездескенін де еске алады:

«Екеуіміз танысқан сәтте сан алуан тақырыпта көңілді де қызу әңгіме өрбіп кетті. Леонтьев мырза маған Семей кітапханасының тарихын баяндап берді және оның жер аударылғандарға ғана пайдалы болмай, сонымен бірге қаладағы зияткерлік әуестікті оятатын үлкен игілік екенін жеткізді. «Тіпті қырғыздардыңiсол кезде қазақтарды солай атайтын — Ред. өзі оны пайдаланып жүр» деді ол».

Содан кейін ол:

— Мен кітапханаға барып, тіпті Бокль, Милль және Дрейпер сияқты авторларды оқып жүретін Ибраһим Құнанбай [түпнұсқада — Ибраһим Конобай] деген бір қарт қырғызды танимын, — деді.

— Қой, қалжыңдап тұрған боларсыз! — деп дауыстады көңілді студент.

— Түк те қалжың емес, — деп салқын ғана жауап қатты Леонтьев. — Басында ол маған индукция мен дедукцияның не екенін түсіндіріп берші деп, өзімді де таңғалдырған болатын. Ал кейін оның ағылшын философиясын ыждағат қойып зерттеп, әлгі авторлардың шығармаларын, әрине, орысша аудармасында оқып жүргенін білдім.

— Ол солардың жазғанынан бірдеңе ұғады деп ойлайсыз ба? — деп сұрады студент.

— Бірде онымен бір кеш бойы Дрейпердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» жайында әңгімелестім. Сөйтсем, оның бұл тақырып туралы түсінігі өте айқын екен.

Біз Абай Құнанбайұлының ағылшын философиясына әуестенгенін солай білдік.

Джордж Кеннан. Томск, 1885 жылдың тамызы / «Мациевич және Ко.» фотостудиясы (Томск), Джордж Кеннан коллекциясы, АҚШ Конгресі кітапханасы

Джордж Кеннан. Томск, 1885 жылдың тамызы / «Мациевич және Ко.» фотостудиясы (Томск), Джордж Кеннан коллекциясы, АҚШ Конгресі кітапханасы

Дегенмен Кеннан Семейдің зияткерлік және мәдени өмірін ғана емес, оның экономикалық әлеуетін де былайша сипаттайды:

«Бұл қаланың он бес мыңдай тұрғыны бар: орыстар, татарлар мен қырғыздар [қазақтар]. Ол Түменнен 900 миль жерде, Ертістің оң жағалауында жатыр. Ташкент пен Орталық Азияға баратын керуен жолының бойында тұрғаны арқасында ол облыстың әкімшілік орталығы қызметін атқарады, әрі жергілікті өнеркәсіп пен сауданың шоғырланған ошағы саналады.

 

Төңіректегі жұрт, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады, өлкенің 547 000 тұрғынының 497 мыңы — көшпенділер. Облыста жыл сайын басқа да өнімдермен қатар, 45 000 фунт бал, 370 мың фунт темекі мен 12 000 000 бушельден астам астық өндіріледі.

 

Ондағы 11 жәрмеңкенің сауда айналымы 1 000 000 фунт стерлингке дейін жетеді. Жыл сайын Семейден Моңғолия мен Орта Азияның түрлі аймағына 40–50 керуен аттанып, өзімен бірге 150 мыңнан 200 000 фунт стерлингке дейінгі сомаға орыс тауарларын алып кетеді».

Дала талғамы мен «татар гитарасы»

Қазақ даласына Western Union телеграф желісін тартамыз деген үмітпен табан тіреген америкалық саяхатшылардай емес, Януарий Мак-Гахан (1844–1878) ол кезде есімі елге белгілі әскери тілші болатын. Сондықтан ол Ресей әскері Хиуаны қоршап алғанда сонда жүрген, ал хандық іс жүзінде құлағаннан кейін сол маңнан Сырдария қазақтарына барып қосылады. Ол «Campaigning on the Oxus and the Fall of Khiva» («ОксусiӘмудария бойындағы әскери қимылдар және Хиуаның құлауы») деген естелік кітабын 1874 жылы шығарды.

Януарий Мак-Гахан. Фотосурет негізіндегі Томас Дьюэлл Скот гравюрасы. The Illustrated London News, 1878 жылғы 22 маусым / Wikimedia Commons

Януарий Мак-Гахан. Фотосурет негізіндегі Томас Дьюэлл Скот гравюрасы. The Illustrated London News, 1878 жылғы 22 маусым / Wikimedia Commons

Джордж Кеннан мен Перри Коллинз секілді оған пошта (ям) қызметінің тарантасымен бір елді мекеннен екіншісіне сабылып жүрудің керегі болмаған. Қазақ ауылына түсіп, солардың көшіне еріп саяхаттағандықтан, Мак-Гахан олардан ұзағырақ жол жүрді деуге болар. Оның қазақтың мінез-болмысын былайша сипаттағанына да таңғалуға болмас:

«Осы тұста қырғыздардың [қазақтардың] ортасында жүрген кезімнен көңілімде ең бір жағымды естеліктер қалғанын айтпай кете алмаймын. Олардың бәрі дерлік маған өте мейірімді, қонақжай әрі адал болды. Мен олардың арасында тұтас бір ай жүрдім, олармен бірге көшіп-қондым, бірге дәм татып, киіз үйлерінде қондым. Жанымда үнемі қаражатым, аттарым, қару-жарағым мен олардың көзін қызықтыруы мүмкін құнды заттарым жүретін. Соған қарамастан мен олардан жақсылықтан басқа ештеңе көрген жоқпын; осы уақытта ең майда-шүйде затымның өзі жоғалмақ түгілі, ұмыт қалдырған бірдеңемді қайтарып беру үшін қырғыздар артымнан бес-алты шақырымға (верст) дейін атпен шауып жеткен жағдайлар әлденеше рет болды».

Мак-Гаханның жазбаларында сол кездегі қазақтардың киім-кешегін сипаттаған тұстары да жетерлік. Мысалы, қазақ әйелдерінің киімін ол былай суреттейді:

«Олар тігісі мен жеңіне ерекше өрнектелген түрлі-түсті кесте салынған және жұқа табақшадай ірі күміс түймелері мол қызыл жібек шапан киген. Жаға тұсынан жалғыз маржан ілгек салынған шапанның астынан тізеге дейін түсетін және кеуде тұсында көз тартып ашылып тұратын ақ жібек көйлек көрінеді. Олардың қарапайым, бірақ даладағы тұрмыс үшін аса сәнді киім үлгісін жібектен тігілген ақ дамбал мен қызыл етік толықтырып тұрады».

Дегенмен ашық әрі сәнді киінетін әйелдер ғана емес екен:

«[Үй иесінің] ағасы не мақта, не жібек матадан тігілген, күміс түймелер көмкерген қысқа тар күртеше киген екен, оның үстіне, тұтастай дерлік алуан түрлі ою салып кестеленген ашық сары былғарыдан кең шалбар, арасына пышақ пен шақпақ тасты ескі тапанша қыстырылған сары жібек белбеу, әдемі кішкене елтірі бөрік және қарайтылмаған былғарыдан тігілген кең қоныш етік киіпті».

Мак-Гахан қазақтың көңілді отырысына, әсіресе домбыра тарту өнеріне де аса тәнті болыпты. Өзі оның пішінін ұзынынан қақ бөлінген алмұртқа ұқсатып, «татар гитарасы» деп атапты:

«Кешкі астан кейін мен жас қожайыннан гитараны нұсқап, бірдеңе тартып бер деп өтіндім. Ол көп жалындырмастан, гитарамен сүйемелдей отырып, бірнеше ән шырқады. Бұл әндердің екеуі айтылғанда қалған қырғыздар [қазақтар] батырларша қарқылдап күліп, мәз-мейрам боп қалды.

Содан кейін ол, маған түсіндіргендей, қайсыбір қырғыз батырының түрікмендерге шапқандағы ерліктерін дәріптейтін бірнеше жауынгерлік ән айтты, жұртшылық бұларды да қошеметтеп қабыл алды».

Қазақ киіз үйі. Януарий Мак-Гаханның «Әмудария бойындағы әскери қимылдар және Хиуаның құлауы» (Campaigning on the Oxus and the Fall of Khiva) кітабынан иллюстрация. 1874 / Internet Archive

Қазақ киіз үйі. Януарий Мак-Гаханның «Әмудария бойындағы әскери қимылдар және Хиуаның құлауы» (Campaigning on the Oxus and the Fall of Khiva) кітабынан иллюстрация. 1874 / Internet Archive

Алғашқы америкалық дипломат көрген қазақтар

Дегенмен 19-ғасырда қазақ жеріне табаны тиген ең танымал америкалық саяхатшы Нью-Йорк штатының тумасы Юджин Скайлер (1840–1890) болса керек. Оның атын шығарған саяхаттары ғана емес, Йель университетінде психология бойынша докторлық диссертациясын қорғаған тамаша ғылыми мансабы да болатын. Айтпақшы, ол Америка тарихындағы алғашқы үш Ph.D. (лат. Philosophiae doctor) докторлық дәрежесі иегерлерінің бірі болған.

Юджин Скайлер. Константинополь, шамамен 1870 жылдар / АҚШ Конгресі кітапханасы

Юджин Скайлер. Константинополь, шамамен 1870 жылдар / АҚШ Конгресі кітапханасы

Алайда ол Қазақ даласына психологияны зерттеуге емес, дипломатиялық қызметін ілгерілету үшін келген. Сөйтіп, Скайлер Орталық Азияға табан тіреген алғашқы америкалық дипломат атанды.

Ол өзінің саяхаттары туралы 1876 жылы жарық көрген екі томдық «Turkistan: Notes of a Journey in Russian Turkistan, Khokand, Bukhara, and Kuldja» («Түркістан: Орыс Түркістаны, Қоқан, Бұхара және Құлжаға саяхат туралы жазбалар») еңбегінде баяндайды.

Қазақ ауылы. Юджин Скайлердің «Түркістан: Орыс Түркістаны, Қоқан, Бұхара және Құлжаға саяхат туралы жазбалар» (Turkistan: Notes of a Journey in Russian Turkistan, Khokand, Bukhara, and Kuldja) кітабынан иллюстрация. 1876 / Internet Archive

Қазақ ауылы. Юджин Скайлердің «Түркістан: Орыс Түркістаны, Қоқан, Бұхара және Құлжаға саяхат туралы жазбалар» (Turkistan: Notes of a Journey in Russian Turkistan, Khokand, Bukhara, and Kuldja) кітабынан иллюстрация. 1876 / Internet Archive

Ал қазақтар туралы әңгімесін ол былай бастайды:

«Олар өздерін қырғыз демейді — бұл орыстардың қойған аты, олар орыс казактары [Cossack] сияқты, тек қазақ [Kazak] ретінде ғана белгілі. Осы орыс сөзінен ажырату үшін орыстар оларды қырғыз-қайсақ [Kirghiz Kaisak] деп атауды әдет қылған, бұл — мүлде қате әрі мағынасыз атау. Орталық Азиядағы «қазақ» сөзі кезбе немесе көшпенді дегенді білдіреді, бұл өте орынды. Дегенмен ыңғайлы болсын деп, біз бәрібір жалпы қолданысқа сүйеніп, оларды қырғыз деп атай береміз».

Соған қоса ол қазақ тарихына шағын шолу жасай кеткен:

«Қырғыздар [қазақтар] татар тілінің ең таза диалектілерінің бірі саналатын тілде сөйлейді, дегенмен халық ретінде оларда бөгде элементтер көп. Олар 15-ғасырдың екінші жартысында Балқаш көлі маңындағы билеушілерінің озбырлығынан құтылу үшін Керей (түпнұсқада — Гирей) мен Жәнібек сұлтандардың соңынан ерген бірнеше түркі тайпасы мен руынан тарайды. Көп ұзамай өзгелер де келіп қосылып, олар тез арада көршілеріне қазақ деген атпен танылып, гүлденген қауымға айналған. Бұл халықтың өзегі, сөзсіз, түркілік және олардың көптеген тайпасы мен рулары Қоқан мен Бұхарадағы өзбек тайпаларымен бірдей аталады».

Әрине, дипломат болған соң ол Қазақ даласындағы саяси жағдайды тілге тиек қылмай тұра алмайды:

«Қырғыздар өз ақсүйектерін қатты құрметтейді, ал қарапайым халық, яғни «қара сүйек» аталатындар «ақ сүйектің» — бұрынғы хандар мен билеуші рулар ұрпақтарының беделін мойындаған. Бұл адамдар өз тайпалары мен отбасыларының сөзін сөйлеп, қандастарының абыройы мен қауіпсіздігін қорғайтын.

Сонымен бірге батылдық, ептілік пен ерлікті бағалап, өз еркіндігін қадір тұтқандықтан, егер Далада Сырым, Арынғазы немесе Кенесары сияқты батыр не қаһарман шықса, олар кез келген сондай тұлғаның туы астынан табылуға әрдайым дайын тұратын.

Билеуші сұлтандар не ешқандай ықпалы жоқ, Ресей тағайындай салған адамдар болатын, не өздері де кейде көтеріліс жасауға бейім тұратын. Сондықтан олар да, Орынбордан аттанатын жыл сайынғы әскери экспедициялар да Даладағы тәртіпті қамтамасыз ете алмаған».

Дегенмен Скайлердің еңбектерінде қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен көшпелі өмірін суреттейтін тұстар да аз емес.

Коллинз, Кеннан, Мак-Гахан мен Скайлердің жазбалары — 19-ғасырдың екінші жартысындағы жолжазбалар ғана емес, сонымен қатар Қазақ даласының терең, көп жағдайда қайғылы өзгерістері қарсаңындағы өмірінен сыр шертетін сирек куәліктер. Сөзсіз кездесетін қателіктерге, сыңаржақ пікірлер мен сырткөз ұстанымына қарамастан, олардың естелігі қазақ қоғамының күнделікті тұрмысының, мәдениеті мен саяси болмысының жанды бейнесін хатқа түсіріп, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынастың бастамасы болған.