ҚАУЛЫ ШЫҚҚАНДАР (УКАЗНИК) ДЕГЕН КІМ?

КСРО-да ұжымдық еңбекке адамды қалай «рухтандырды»?

ҚАУЛЫ ШЫҚҚАНДАР (УКАЗНИК) ДЕГЕН КІМ?

Талдықорғандағы Сталин атындағы колхоз/Alamy

Сталиндік репрессия құрбандары туралы сөз қозғағанда, көбіне ұжымдастыру, «Алапат террор» және халықты депортациялау оқиғалары еске түседі. Алайда сталинизм кезеңінде саяси қуғын-сүргінге әртүрлі топтар ұшыраған. Бір ғана арнайы қоныстандыру жүйесінің өзінде отыздан астам санат болған. Солардың қатарында 1948 жылдың 2 маусымында шығарылған қаулы негізінде арнайы қоныстандыру науқанының құрбаны болғандардың қатарында колхозшылар — «указниктер» (қаулы шыққандар) деп аталған топ та бар еді.

Мазмұны

Арнайы қоныстар жүйесі деген не және ол қалай жұмыс істеген еді?

Арнайы қоныстар жүйесінің негізін 1930 жылдардағы «кулактарды жер аудару» құрайды. 1944 жылға дейін арнайы қоныстар НКВД-ның еңбекпен түзеу колониялары бөліміне (ЕТКБ) бағынды. 1944 жылғы 17 тамыздан бастап арнайы қоныстар бөлімі қайта құрылып, әкімшілік басқару, бақылау және арнайы қоныс аударылғандарды қадағалау жұмыстарымен айналысатын дербес автоном жүйеге айналды.

988 373 — 1953 жылы Қазақ КСР-да осынша қоныс аударушы болған.

Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары арнайы қоныс тұрғындарының саны айтарлықтай өсті. 1953 жылдың басында бұл жүйе өзінің шарықтау шегіне, санмен айтқанда, 2 753 356 адамға жетті. Оның ең үлкен бөлігі, нақтысы 988 373 адам Қазақ КСР-інде өмір сүрді. Салдарынан, бұл республика арнайы қоныс жүйесіндегі ең ірі әкімшілік-аймақтық орталыққа айналды. Салыстыру үшін айта кетсек, Орталық Азияның басқа елдері (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан) бәрі бірге 380 000 қоныс аударушыны қабылдаған. Адам саны тұрғысынан 758 000 жан көшіп барған. Екінші орынға Батыс Сібір шықты (Краснояр және Алтай өлкелері, Новосібір, Томск, Омбы және Түмен облыстары).

1948 және 1951 жылдардағы қаулылардағы шатасулар

Арнайы қоныс жүйесінде ресми түрде екі категориядағы указник-арнайы қоныс тұрғындары көзге ұратын — бірінішісі, «1948 жылғы 2 маусымдағы Қаулыға сәйкес» контингент және «1951 жылғы 23 шілдедегі Қаулыға сәйкес» контингент. 1951 жылғы 23 шілдеде қабылданған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қоғамға қарсы, паразиттік элементтермен күрес шаралары туралы» Қаулысын кейбір тарихшы 1948 жылғы Қаулының қала деңгейіндегі аналогы ретінде қарастырады, бірақ бұл түпкілікті нүктесі қойылмаған даулы мәселе болып отыр.

Бұл екі жарлық ұқсас тұжырым бойынша жасалғанына қарамастан, бір-бірінен айрықша ерекшеленеді. Біріншіден, 1948–1953 жылдар аралығындағы ең қатаң режим кезінде арнайы қоныс жүйесіне тек шаруа-указниктер жіберілді. Екіншіден, бұл қаулылардың ауқымы бір-бірінен ерекшеленеді: 1953 жылғы 1 қаңтарға дейін 1948 жылғы 2 маусымдағы Қаулы бойынша арнайы қоныс тұрғындарының саны 27 275 адамды құраса, 1951 жылғы 23 шілдедегі Қаулы бойынша тек 591 адам арнайы қонысқа әкелінді. Үшіншіден (және бұл ең маңыздысы), бұл қаулылар мақсаты жағынан да бір-бірінен ерекше. 1948 жылғы Қаулы әлеуметтік ауытқуларға қатысы жоқ, ол қоғамдық шаруашылыққа белсенді қатыспаған колхозшыларға қарсы бағытталған. 1951 жылғы Қаулының негізгі мақсаты — девиацияға жататын мінез-құлыққа, — қайыршылық пен қаңғыбастыққа қарсы күрес болған еді.

Алексей Свердлов. Плакат: «Біз қарумен жауды қираттық, еңбекпен нан табамыз. Барлығы жұмыс үшін жолдастар!» Суретші Николай Кохоут (Лақап аты Ког) 1920/РИА Новости

Алексей Свердлов. Плакат: «Біз қарумен жауды қираттық, еңбекпен нан табамыз. Барлығы жұмыс үшін жолдастар!» Суретші Николай Кохоут (Лақап аты Ког) 1920/РИА Новости

Ұқсас жағына кезек берсек, 1948 жылғы Қаулыда «Еңбек қызметінен қасақана бас тартып, қоғамға қарсы, паразиттік өмір салтын ұстанатын адамдарды алыс аймақтарға қоныс аудару туралы» делінген болса, 1951 жылғы Қаулыда да «Қоғамға қарсы, паразиттік элементтермен күрес шаралары туралы» деп жазылған, яғни екі категориядағы указниктердің екеуіне де «арамтамақтық» сөзінің деген синонимы бекітілген. Дегенмен алғашқы жағдайда тіршілік үшін қолынан келгенше еңбек еткен шаруаларға қатысты қолданылғанын айта кету керек.

Соғыстан кейінгі кезең, аштық және оның алғышарттары

ІІ Дүниежүзілік соғыстан КСРО өте ауыр күйде шықты. Онсыз да шатқаяқтап тұрған жағдайды 1946 жылы басталып, бірнеше жылға созылған жаппай аштық қиындатып жіберді. Есеп бойынша шамамен 1946–1948 жылдары аштық пен оның салдарынан туған ауру түрлері, соның ішінде тырысқақ эпидемиясынан, ел бойынша 2 миллионға жуық адам қайтыс болды.

Зерттеушілер КСРО-дағы аштықтың негізгі және бір-бірімен байланысты үш себебін анықтап көрсетеді. Алғашқы екеуі — соғыстан кейінгі қиындықтар мен 1946 жылғы алапат құрғақшылық. Үшіншісі һәм осы қатардағы ең маңыздысы — ауыл шаруашылығына ең ауыр соққы әкелген экономикалық саясат.

Сталинград қирандылары. Шамамен 1950 жыл/Photo by Richard Harrington/Three Lions/Getty Images

Сталинград қирандылары. Шамамен 1950 жыл/Photo by Richard Harrington/Three Lions/Getty Images

Құрғақшылық астықтың өнімсіз болуына алып келді, тіпті осы жағдайдың өзі астықты мәжбүрлі тәркілеу саясатын тоқтатуға себеп бола алмады. Тәркіленген астық қор жинауға және шетелге сатуға қолданылды. Бұл колхоздардағы еңбек күніне11Еңбек күні1930-1966 жылдар аралығында колхоздарда атқарылған еңбектің көлемі мен сапасын есептеу және есепке алу үшін қолданылған есептеу бірлігі. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін ақшасыз бөлуге негіз ретінде қызмет етті. төленетін ақыға тікелей әсер етті. Еңбекақы табиғи өнімдермен төленді: көбінесе астық, нан, картоп түрінде. 1946 жылдан бастап колхоздардың басым көпшілігінде еңбек күндеріне төленетін астық мөлшері азайтылды, ал кей ұжымдық шаруашылық астық беруді мүлдем тоқтатты. Тірі қалу үшін шаруалардың тек өзіне және колхоздан бөлек өзінің қосалқы шаруашылығына ғана сенуіне тура келді.

Өгіз арбадағы жігіт/Getty Images

Өгіз арбадағы жігіт/Getty Images

Соғыстан кейінгі дәл сол жылы КСРО бойынша еңбекке қабілетті колхозшылардың шамамен 20%-ы міндетті еңбек күнінің минимумын орындамаған еді. Бұл еңбек күндерінің көлемі соғыс басындағы, яғни 1942 жылы қабылданған стандарттар бойынша есептелді. Қаулыға сәйкес, колхоз мүшелері жыл бойы және тұрғылықты ауданына байланысты ұжымдық шаруашылық үшін 100-ден 150 күнге дейін жұмыс істеуі тиіс болды. Еңбек күндерінің міндетті минимумын дәлелді себепсіз орындамаған азаматтарды соттап, 6 айға дейін колхоздарда еңбекпен түзеу жұмыстарына жіберіп отырды. Еңбекпен түзеу жұмыстарында еңбекақының 25%-ға дейінгі бөлігі колхоз пайдасына ұсталды.

Колхозшылар 100-150 күнді ұжымдық шаруашылық пайдасына істелетін жұмысқа арнау керек

1942 жылы қабылданған «Колхозшылар үшін міндетті еңбек күндерінің ең төменгі көлемін арттыру туралы» қаулы орындалып тұрған бес жыл ішінде 1 миллионға жуық адам сотталды. Соған қарамастан, колхоздардағы еңбектен жалтару процесі тоқтамады. Соғыстан кейін шаруалардың көбі өзінің жеке қосалқы шаруашылығын жүргізуге бет бұрды, өйткені осымен ғана жан сақтай алатын еді. Бірақ олар колхоздардың ресми мүшесі болып қала берді, себебі бұл оларға жеке жер телімін пайдалану құқығын беретін. Мұндай стратегияны қолданған адамдарды «колхозды маңайлаған элементтер», «жалған колхозшылар» немесе «сөз жүзіндегі колхозшылар» деп атады. Олардың іс-әрекеті «социалистік құрылымға» және ұжымдық шаруашылық формасына қауіп ретінде қарастырылды. Бұған жауап ретінде мемлекет «паразиттік өмір салтына» қарсы күрес науқанын бастады.

Бәрі неден басталып еді: Хрущевтің бастамасы

Барлығы 1948 жылдың ақпан айының басында Никита Хрущевтің Украин КСР-нің КП(б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргендегі докладынан басталды. Бұл құжатты Хрущев КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Лаврентий Берияға жолдады. Онда Украин КСР-індегі колхоздарда тәртіпті нығайтатын заң қабылдауды ұсынды. Өз ұсынысын Хрущев мынадай нақты мысалдармен негіздеді:

Киев облысындағы «Перемога» колхозында 1900 жылы туған Иосиф Иваницкий    колхоз мүшелігіне тіркелген. Ол 1927 жылы жылқы ұрлағаны үшін сотталған. Жазасын өтегеннен кейін туып өскен ауылына оралып, ұрлықпен айналысуды әрі қарай жалғастырған ол 1934 жылы сиыр ұрлағаны үшін тағы да сегіз жылға сотталған. Соғыс басталған кезде ауылға оралып, неміс оккупациясы кезінде ұжымдық шаруашылықтың бригадирі болған. Қазіргі уақытта Иосиф колхоз мүшесі ретінде тіркеліп, жеңілдіктің бәрін пайдаланады. Бірақ ол жұмыс істемей, заңсыз табыстармен өмір сүреді — мал сатып алады да, ет және басқа да өнімдерді нарқын өсіріп сатумен айналысады.

Хрущевтің ұсынысын көп ұзамай бүкілодақтық деңгейге шығарды әрі төрт ай өтпестен, 1948 жылдың 2 маусымында «Еңбек қызметінен әдейі бас тартатын, қоғамға қарсы және паразиттік өмір салтын ұстанатын адамдарды алыс аймақтарға көшіру туралы» Қаулы қабылданды. Бұл қаулы РСФСР, УССР, БССР (Украина және Беларусь КСР-інің батыс аймақтарын қоспағанда), Карело-Фин КСР-і, Грузин, Армян, Әзербайжан, Өзбек, Тәжік, Түрікмен, Қазақ және Қырғыз КСР аумағында күшіне енді.

Бір отбасының ат арбадағы бейнесі/Jerry Cooke/Corbis via Getty Images

Бір отбасының ат арбадағы бейнесі/Jerry Cooke/Corbis via Getty Images

«Указник» болу кімдерге қатысты еді

Тұрғындардың арасынан кімді қоныс аударуға лайық деп тану керектігін колхозшылардың, село немесе деревня тұрғындарының жалпы жиналысы шешуге тиіс болды. Олар мынаған өкілетті болды:

«колхозда еңбек етуден қасақана бас тартатын, қоғамға қарсы өмір салтын ұстанатын, ауыл шаруашылығында еңбек тәртібін бұзатын және деревняда өмір сүруі арқылы колхоздың, колхозшылардың әл-ауқатына және олардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдарды қоныс аударту туралы қоғамдық үкім шығару»

Мұндай шешімді ашық дауыс беру арқылы жалпы жиналыста қабылдайтын, шешім қабылдау үшін көпшіліктің қарапайым дауысы жеткілікті еді.

Кеңес кезеңіндегі ауылдағы шаруалар өз жерлерін ұжымдастыруға дауыс беруде, 1930 жыл/Alamy

Кеңес кезеңіндегі ауылдағы шаруалар өз жерлерін ұжымдастыруға дауыс беруде, 1930 жыл/Alamy

Қоғамдық үкім шығарылғаннан кейін адамдарды «қашу және кек алу әрекеттерінің алдын алу мақсатында» уақытша қамау орындарына орналастырды. Осы сәттен бастап процеске аудандық атқару комитеттері қосылатын. Олар қоғамдық үкімді тексеріп, оны мақұлдау немесе бас тарту үшін жеті күн қарайтын. Егер үкім мақұлданса, жазаланған колхозшылар, яғни «указниктер» 8 жылға алыс аймақтарға қоныс аударылатын еді. Мұндай орындардың тізімін КСРО Министрлер Кеңесі белгілейтін, әдетте, бұл өмір сүруге қолайсыз аймақтар болатын. Отбасы мүшелері жазаланғандармен бірге арнайы қонысқа ерікті түрде баруға құқылы болды.

Тарихшылар бұл қаулының жергілікті басшыларға кез келген «қолайсыз» азаматты шалғай жерлерге қоныс аударту құқығын бергенін атап өтеді.

Қаулы қалай жұмыс істеді: Анна Альковскаяға шығарылған үкім

Архив қорларда «указниктер» бойынша көптеген істер сақталған, олардың бірі — Анна Альковскаяның ісі (этикалық себептерге байланысты аты өзгертілген), бұл жағдай қаулының қалай іске асқанын анық көрсетеді.

Анна Альковскаяның жеке ісіне оған және тағы бір «жалған колхозшыға» (оның да аты өзгертілген) ауылдастары шығарған қоғамдық үкімнің көшірмесі тіркелген.

Қоғамдық үкім

Алтай өлкесі «Веселый Труд» колхозы колхозшыларының жалпы жиналысы, 1948 жылғы 25 маусым.
Қатысқандар саны — 310 адам.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 2 маусымдағы Қаулысын басшылыққа ала отырып, «Веселый Труд» колхозы колхозшыларының жалпы жиналысы былай деп қаулы етеді:

1) Матвиевский Кирилл Сергеевич, 1903 жылы туған, 1939 жылдан бері «Веселый Труд» колхозы аумағында жалған колхозшы болып тұрып келген. Осы уақыт ішінде колхозда жұмыс істемей, тек колхоздың жеңілдіктерін пайдаланып келген. Отбасы, құрамында екі еңбекке қабілетті колхозшы бар, олар жүйелі түрде жұмысқа барудан жалтарып паразиттік өмір салтын жасырып отырған. Матвиевский уақытша түрлі ұйымдар мен мекемелерде жұмысқа орналасқан болып, тиісті құжаттарды алған, бірақ шын мәнінде еш жерде жұмыс істемеген. Оның жеке шаруашылығында үй, үш бас ірі қара малы, жеті қой, бір жұмысқа жарамды жылқы, екі арба және 70 сотыққа дейін көкөніс бағы болған. Сонымен қатар, ол ауылшаруашылық артельінің жарғысын үнемі бұзып келген;

2) Альковская Анна Герасимовна, 1928 жылы туған, «Веселый Труд» колхозының колхозшысы. 1947 жылы нашар жұмыс істеген — жыл ішінде барлығы 140 еңбек күнін ғана, ал 1948 жылы алты ай ішінде 22 еңбек күнін ғана атқарып шыққан. Әрекеттері арқылы А. Альковская колхоздағы еңбек тәртібін бұзған. Соңғы екі жылда ол жер пайдалану бойынша ауылшаруашылық артельінің жарғысын жүйелі түрде бұзып, жеке шаруашылығында бес бас ірі қара мал ұстаған және колхоздың орманынан ұрлық жасаумен айналысқан.

Колхоздың жалпы жиналысы:

  1. 1903 жылы туған «Веселый Труд» колхозының жалған колхозшысы      Матвиевский Кирилл Сергеевич;

  2. 1928 жылы туған «Веселый Труд» колхозшыcы Альковская Анна Герасимовна;
    екеуін сегіз жыл мерзімге еліміздің алыс аудандарына қоныс аудартуға қоғамдық үкім шығаруға қаулы етеді.

Аудандық атқару комитетінің «Веселый Труд» колхозының жиналысы шығарған үкімді бекітуін сұраймыз.

Ресми тілден қарапайым тілге төгер болсақ, «жерді пайдалану бойынша ауылшаруашылық артелінің жарғысын жүйелі түрде бұзды» деген сөз, бәлкім, Альковская өзінің жеке пайдалануына белгіленген жерден үлкенірек жер телімін өңдегенін және орманға отын алуға барғанын білдірсе керек. Үкімде көрсетілген ірі қара мал саны, бәлкім, артель жарғысында рұқсат етілген нормадан асып кеткенін меңзесе керек. Еңбек күндеріне қатысты да сұрақтар туындайды, себебі Альковская істі болған сәтте 1942 жылғы Қаулы талаптары күшінде еді, яғни мақта егетін аудандар үшін минимум ретінде жылына 150 күн, ал басқа аймақтар үшін 100–120 күн арасында белгіленген болатын.

КСРО. 28 маусым. 1977 жыл. Суретші С.Жмуренков, «Плакат» /ТАСС Фотохроникасы

КСРО. 28 маусым. 1977 жыл. Суретші С.Жмуренков, «Плакат» /ТАСС Фотохроникасы

Қоғамдық үкімді мұқият тексерудің қажеті болмады. Араға бір күн ғана салып, 26 маусым күні аудандық атқару комитеті оны шұғыл қарастырып шешім шығарған:

Құпия
№ 172 шешім
Жұмысшы депутаттардың аудандық кеңесінің атқару комитеті, 1948 жыл 26 маусым

МӘСЕЛЕ: КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 2 маусымдағы Қаулысына сәйкес «Веселый Труд» колхозы азаматтарының жиналысының «Паразиттік өмір салтын ұстанатын адамдарды елдің шалғай аудандарына қоныс аударту туралы» қоғамдық үкімін бекіту.

1948 жылғы 25 маусымда өткен «Веселый Труд» колхозының азаматтары жиналысының хаттамасын және олардың шығарған қоғамдық үкімін қарастыра отырып, Аудандық кеңестің атқару комитеті

ШЕШІМ ШЫҒАРДЫ:
«Веселый Труд» колхозының жалпы жиналысының азаматтары Матвиевский Кирилл Сергеевич пен Альковская Анна Герасимовнаны елдің шалғай аудандарына әрқайсысын 8 жылға қоныс аударту туралы қоғамдық үкімін бекіту.

Атқару комитеті председателінің міндетін атқарушы: ФИО және қолы

Аудандық атқару комитеті хатшысы: ФИО және қолы

1948 жылғы қаулы КСРО-ның түрлі облысында қалай орындалды?

Анна Альковскаяға қатысты қоғамдық үкім қаулы жариялана сала шығарылған реттеуші құжаттардағы нұсқауларды дәл қайталайтыны назар аударарлық дүние. Олардың ішінде қаулыны қолдану тәртібі туралы республика, облыс және аудандардағы партия ұйымдары жетекшілеріне арналған «Жаднама» да бар. Жаднаманың 18 тармағының тек біреуінен басқасының барлығы дерлік үкімде ескерілген. Ол тармақ бойынша, үкім шығарылған адамдарға өзін ақтауға мүмкіндік берілуі керек еді. Әйтсе де, Альковскаяға да, оның ауылдасына да өз пікірін білдіруге рұқсат берілмегенін көріп отырмыз.

Бақытымызға орай, 1948 жылғы жарлық барлық жерде осылай қатал орындала бермеді. Кейбір аймақтарда колхозшылар еңбек күндерінің орындалмауы үшін ауылдастарын жауапқа тартуға құлықсыз болды және тек тәртіпті қасақана бұзушыларды жазалады. Басқа өңірлерде жарлыққа тек колхозшылар ғана емес, жергілікті партия жетекшілері де қарсы шықты.

1 / 2

Алдын алу шарасы ретінде қоныс аудару туралы ескерту жасалатын. Бұл жағдайда колхозшыға үш айлық сынақ мерзімі берілетін. Адам түзелуге және еңбек күндерінің міндетті минимумын орындай отырып, адал еңбек етуге уәде беріп, қолхат жазатын. Егер бұл міндеттемелер бұзылса, үш айлық мерзім аяқталғанға дейін жалпы жиналыс ескертуді қоныс аударумен алмастыра алатын. Жарлық қабылданған сәттен бастап 1948 жылдың соңына дейін барлық одақтас республикалар бойынша бірнеше ондаған мың осындай ескерту берілді. Қазақ КСР-інде жарлықтың алғашқы алты айында мұндай сынақ мерзімі 4,7 мың колхозшыға берілген.

Қайырым орнына қатігездікті де көрсеткен жағдайлар болды. Ауыр науқастар мен көп балалы аналарды олардың қиын жағдайына қарамастан қоныс аударуға жіберу жиі болған еді. Кейбір басшылар жарлықты ұнатпаған адамдармен есеп айырысу үшін пайдаланып, қолдан айыптау ұйымдастыратын.

Михаил Черемных. «Жұмыс істемейтін адам тамақ ішпейді» («Бұрын және қазір» сериясынан) плакатының репродукциясы./РИА Новости

Михаил Черемных. «Жұмыс істемейтін адам тамақ ішпейді» («Бұрын және қазір» сериясынан) плакатының репродукциясы./РИА Новости

Кейбір шаруашылықта қаулы нәтиже берді: еңбек тәртібі нығайып, колхоз жұмыстарына кедергі келтіру азайды, сондай-ақ колхозға кіру туралы өтініш саны артты.

Қаулы күшіне енген алғашқы үш айдың ішінде, 1948 жылдың қыркүйегіне дейін, 23 мың шаруа қоныс аударуға жіберілді. Оның ішінде Ресей бойынша — 12 мың, Украина бойынша — 9 мың, Қазақстан бойынша — 1,7 мың адам. «Указниктермен» бірге 9 мың отбасы мүшесі өз еркімен көшіп барды, олардың жартысынан көбі 16 жасқа дейінгі балалар еді.

Анна Альковская қайда жіберілді?

Біз соңғы рет Анна Альковскаяға қатысты қоғамдық үкім шығарылғаннан кейін аудандық Жұмысшы депутаттар кеңесінің атқару комитеті 1948 жылғы 26 маусымда, яғни келесі күні айыптау үкімін шығарғанын атап өттік. Сол күні-ақ ауданның ІІМ Бас бөлімінде Анна Альковскаяның аузымен «Қоныс аударылатын адамның анкетасы» толтырылған еді. Бұл құжатта жалпы анкеталық мәліметтер келтірілген, олардан Альковскаяның партияда жоқ екенін және 6 сынып білімі бар екенін білеміз. Үкім шығарылған сәтте Альковская небәрі 20 жаста болған, бойдақ және баласыз болған. Анкетадағы тағы екі тармақ ерекше назар аударуға лайық.

Қазақ КСР, мақта суару. Оңтүстік Қазақстан. 4 наурыз, 1948 жыл/Photo by Pictorial Press/Alamy

Қазақ КСР, мақта суару. Оңтүстік Қазақстан. 4 наурыз, 1948 жыл/Photo by Pictorial Press/Alamy

15-тармақ ерекше белгілерді көрсетуді талап етті, мысалы: физикалық кемістіктер, жарақат, тыртық, дақ, бет-жүзіндегі асимметрия, артық саусақтар және т.б. Анна Альковская анкетасында былай сипатталған:

«шашы сарғыш, мұрны доғал, көзі сұр, қасы ашық түсті, шашы екі өрімге өрілген. Кіндік тұсынан жоғары домалақ тыртығы бар, ал кеудесінде кішкентай қара дақ (бір мең) бар».

Мұндай егжей-тегжейлі сипаттаманы тек адамды толық шешіндірген кезде ғана білу мүмкін еді. Мұндай шараны ІІМ және НКВД қызметкерлері жиі қолданған, мұндай әрекет адамның ар-намысын таптау мен бақылауда ұстаудың қосымша тәсілі ретінде қолданылған.

Анна Альковскаяның жеке ісіне тіркелген келесі құжат — 1948 жылғы 3 шілдеде қалалық денсаулық сақтау бөлімінің емханасында Анна Альковскаяның медициналық тексеруден өткенін дәлелдейтін анықтамасы. Бұл құжатта Анна Альковскаяның денсаулығы жақсы, физикалық еңбекке жарамды екені расталған.

Түркімен шаруалары колхоз әкімшілігінен жалақы алуда/Getty Images

Түркімен шаруалары колхоз әкімшілігінен жалақы алуда/Getty Images

Барлық қажетті тексеруден кейін Анна Альковская Норильск темір жолындағы «Надежда» станциясына қоныс аударылған. Мұны 1948 жылғы 17 қыркүйектегі арнайы қоныс аударушының «Қолхаты» растайды.

Қолхат

Мен, арнайы қоныс аударушы Альковская Анна Герасимовна, КСРО ІІМ арнайы комендатурасына осы қолхат арқылы Дудинка ауданы бойынша қонысымнан ешқайда кетпеуге міндеттенемін және осы қолхатты бұзған жағдайда, РСФСР Қылмыстық кодексінің 82-бабына сәйкес сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілікке тартылатынымды айғақтаймын.

Менің қонысым — «Надежда» станциясы, және арнайы қоныс аударушы ретіндегі құқықтық жағдайым маған түсіндірілді.

Қолы
17.09.1948

Қолхатты қабылдаған:
КСРО ІІМ Норильск Еңбекпен түзеу лагерінің арнайы комендатурасының № __ коменданты 

Анна Альковскаяға қатысты қолхатпен бірге «Арнайы қоныс аударушының анкетасы» да толтырылған. Бұл құжатта жаңа мәлімет ретінде оның отбасылық жағдайының өзгергені көрсетілген. Алғашқы анкета толтырылып, қоныс аударылған сәттен бері өткен бірнеше ай ішінде Анна Альковская тұрмысқа шығып үлгерген. Алайда оның жеке ісінде мұны растайтын ешбір құжат жоқ.

Арнайы қоныс аударған «указник» Анна Альковскаяның оқиғасы қалай аяқталды және ол Алматыға қалай келді?

1948 жылғы 2 маусымдағы Қаулының 5-тармағында былай делінген:

«Қоғамдық үкім бойынша қоныс аударылған адам қоныс аударылғаннан кейін 5 жыл өткен соң, оны қоныс аударуға жіберген жалпы үкімді бекіткен аудандық Жұмысшы депутаттар кеңесінің атқару комитетіне бұрынғы тұрғылықты жеріне қайтару туралы өтініш бере алады. Атқару комитеті бұл өтінішті қоныс аударылған адамның жаңа қонысындағы тәртібі мен еңбек қызметі туралы оң пікірлер болған жағдайда, бұған қоса оны қоныс аударуға жіберген колхоз немесе село тұрғындарының жалпы жиналысының келісімімен қанағаттандыра алады».

«Надежда» станциясында өткізген 5 жылдан кейін Анна Альковская мерзімінен бұрын босатылу және бұрынғы тұрғылықты жеріне қайтару туралы өтініш берді.

1954 жылғы 4 қаңтардағы Норильск ІІМ Бас бөлімінің арнайы коменданты Жұмысшы депутаттар кеңесінің аудандық атқару комитеті төрағасына жолдаған қызметтік хатында былай делінген:

«А. Альковскаяны мерзімінен бұрын босатуды мүмкін деп санаймыз. Оның үстінен ешқандай щағым жоқ, жұмысы туралы оң мінездеме берілген». Алайда аудандық атқару комитеті мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығармады. Осылайша Альковская «Надежда» станциясында қалды.

Бір жылдан кейін Альковская «Надежда» станциясынан кетуге тағы бір рет әрекет жасады. Сол уақытта оның ендігі екі баласы бар еді әрі кіші баласының денсаулығы арнайы қоныс орнын ауыстыруға негізгі себеп болып еді. 1955 жылғы ақпанда Анна Альковская Норильск қаласындағы арнайы комендатура бастығына тағы бір өтініш берді:

«Сізден өтініп сұрайтыным, маған материкке көшуге рұқсат беруіңізді өтінемін. Менің бір жас алты айлық балам бар, ол ауырады және климат ауыстыруға мұқтаж. Сондықтан, мен, анасы ретінде, оның денсаулығын сақтауым керек және оны материкке алып кетуім қажет. Туған-туыстарымнан тек бір ғана апам бар, ол Алма-Ата қаласында, 1-ші Южный поселкесінде, Чимкент көшесі, 45-үйде тұрады. Аты-жөні: Митрофанова Валентина Герасимовна. Сол жерде мен пана таба аламын, сондықтан тек туған-туыстарыма баруға рұқсат беруіңізді сұраймын. Жоғарыда айтылған себептерді негізге ала отырып өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын».

Алға жүгіріп айтар болсақ, әйтіп-бүйтіп өтініш қанағаттандырылды. Міне, дәл осылай Анна Альковская Қазақстанға келген. Алайда көшуіне рұқсат алу ісі бірнеше айға созылып еді. 1955 жылдың 26 мамырында ғана Анна Альковская «маршрут парағын» алып, Красноярск және Новосибирск арқылы Алматыға аттануға рұқсат алды.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. 1921, Мәскеу/Heritage Art/Heritage Images via Getty Images

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. 1921, Мәскеу/Heritage Art/Heritage Images via Getty Images

Алматыға келген соң Альковская қайтадан тұрақты есепке алынды. Бір жылдан кейін оның қоныс аудару мерзімі аяқталды және ол арнайы қоныстан босатылды. Мұны оның жеке ісінде сақталған тиісті қолхат растайды. Осылайша указниктердің бірі ретінде арнайы қоныс аударушының бірі болған Анна Альковскаяның оқиғасы аяқталды.

Сталин дәуіріндегі репрессияға ұшыраған топтардың ішінде бөлек санатқа айналған арнайы қоныс жүйесі указниктерінің тарихы 20 ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің қаншалық ауқымды екенін түсінуге көмектеседі. Ал әр қоныс аударушының тағдыры жүйенің «тәртіп пен заңдылықты» желеу етіп адами қадыр-қасиетті таптағанын, алуан түрлі бүтіндей өмірдің түбіне жеткенін кезекті рет еске салады.

Инесса Цой-Шлапак

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ