Ыбырай Алтынсарин алғашқы зайырлы қазақ мектептерінің негізін қалаушы және тұңғыш қазақ хрестоматиясының авторы ретінде тарихта қалды. Алайда ағартушының үйреншікті бейнесінің тасасында әлдеқайда күрделі тарих жасырулы: орыс миссионері Николай Ильминскийдің шәкірті болған ол уақыт өте келе христиан дінін таратуға, қазақ жерлерінің тартып алынуына және отарлық саясатқа қарсы шыққан ойшылға айналған еді. Оның мектептері кейін «Алаш» қозғалысының бастауында тұрған ұлт зиялыларының бір буынын тәрбиелеп шығарды.
Күштеп шоқындыру
1981 жылы ҚазКСР-да Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуының 250 жылдығы кеңінен тойланды. Ауқымды шаралар, театрландырылған қойылымдар, «ғылыми» конференциялар өтті. Дүбірлі тақырыпқа орай кітаптар мен фильмдер жарық көрді. Романдар жазылды. Юбилей барысындағы басты тезистер: «өз еркімен қосылу», «тарихи прогрессивті қадам», «орыс және қазақ халықтарының арасындағы мәңгі достық» және «орыс халқының жетекші әрі қамқоршы рөлі».
Той тойлауға негіз ретінде 1731 жыл, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың және бірқатар қазақ мырзаларының Ресей императоры Анна Иоанновнаға адал қызмет етуге ант беріп, қамқорлығын қабылдаған күн алынды. 18-ғасырда болған бұл саяси шараның жүзеге асуына басты үлес қосқан адам — Ресей дипломаты Алексей Тевкелев. Шоқынған татар мырзасы. Православиені қабылдағанға дейінгі аты — Құтлы-Мұхамед Мәмешұлы Тевкелев. Тарихта елшілік ептілігімен ғана емес, өз қандастарын жаныштаудағы асқан қаныпезерлігімен де қалған.
Луи Каравак. Анна Иоанновна патшайымның портреті / Wikimedia Commons
…1738 жылғы 20 сәуірде Екатеринбург қаласының орталық алаңында күштеп шоқындырылған, кейін өз дініне қайтып оралған татар азаматы Тойгелді Жұлақов көпшілік алдында отқа жағылды. Тура бір жылдан кейін дәл осы алаңда Ресей отарлаушы билігі башқұрт әйел Кішібике Байрасованы өртейді. Айып бірдей:
«грек ағымына (православие) шоқындырылғанына қарамастан, кейін Мұхамед заңын қайта қабылдағаны үшін... отқа жағып өлтіру.... өзгелерге өнеге болсын».
…Әбілқайырды Ресейге қаратуда аса зор үлес қосқан және орыс билігі мен қазақ мырзаларының арасында басты делдал-кепілгерші қызметін атқарған екінші адам — атақты башқұрт батыры, тархан атағының иегері Алдарбай Исекеев. 1735 жылы орыс үкіметінің алғашқы келісімдерін бұзып, башқұрт жерлеріне бекініс салу, жайылымдарын тартып алу және күштеп шоқындыру саясатына төзбеген башқұрттар кезекті мәрте көтеріліс бастайды. 1740 жылы Орынбор комиссиясының генерал-лейтенанты, тағы бір түркітекті орыс шенеунігі Василий Урусов келіссөз жүргіземіз деген желеумен алдап, Алдарбай Исекеевті Самараға алдырады. Алайда келіссөздің орнына башқұрт елшілігі бірден тұтқынға алынады. Алдарбай Исекеевке көтеріліс ұйымдастырушылардың бірі ретінде айып тағылып, ұзақ азапталады. Кейін өлім жазасына кесіліп, 1740 жылғы 16 наурызда дарға асылады.
Александр Орловский. «Салт атты башқұрт пен қырғыз (қазақ)». 1816 жыл / Wikimedia Commons
Ал «служилый татар» Алексей Тевкелев болса дәл осы көтерілісті жаншу барысында ерекше көзге түсіп, бригадир атағын иеленеді. Естеріңізге салайық, Әбілқайыр ханды Ресей билігін мойындауға иландырғаны үшін Тевкелев полковник атағын және императрица Анна Иоанновнаның өз қолынан бір мәрте 1000 рубль сыйақы алған болатын. Бұл ақшаға ол кезде қаладан бірнеше пәтер немесе жерімен бірге крестьяндарын қосып, шағын дворяндық имение сатып алуға болатын.
1755 жылы белгілі татар ағартушысы, молда Ғабдолла Ғалиев бастаған көтерілісті жаныштағаны үшін Тевкелев генерал-майор атанды. Бұл лауазымның жалақысы, өзге табыстар мен қосымша төлемдерді есептемегенде, жылына 1800 рубльге тең. Бұл жылдық жалақысы 50 рубль тілмаш қызметінен бастаған татар баласы үшін адамның басы айналатын тамаша карьера еді.
Қызметтегі жетістіктер артында қандай қанқұйлы істердің тұрғанын орыс тарихшысы Владимир Витевскийдің жазбасынан анық аңғара аламыз:
«Тевкелев елуге жуық ауылдың тас-талқанын шығарды. Башқұрттарды жүздеп қораға қамап өртеп жіберді. Еркектерді ең қатігез жолмен азаптап өлтірді. Ал әйелдері мен бала-шағаларын солдаттарына таратып берді»i
Бұл — 1736 жылдың көктемінде болған бір ғана экспедицияның сипаттамасы. Ал Тевкелев қана емес, жалпы империя жүзеге асырған қанды жазалау жорықтарының жалпы саны, бәлкім, жүзден асып жығылады.
Джон Касл. «Қазақ отбасының көшуі». «1736 жылы Орынбордан Қырғыз-қайсақ ордасының ханы Әбілқайырға жасалған саяхат күнделігі» кітабындағы иллюстрация
Қысқасы, Әбілқайырды үгіттегенде Алексей Тевкелевтің қандай жылы-жұмсақ сөз тапқаны бізге беймәлім. Алайда өз басы Ресей тарапы жүргізетін саясаттың шын мәнінде қандай болатынын анық білгені сөзсіз. Отарлау машинасы күш алғанға дейін бәсеңдік танытуы әбден мүмкін, алайда алған бағытынан ауытқуы мүмкін емес. Оның мақсаты айтпаса да түсінікті: жерден қағу, тілді құрту, салт-дәстүрден айыру мен шоқындыру.
Ильминский жүйесі
Ресеймен әскери қақтығыстар бірінші күннен басталды. Өйткені қазақ сұлтандары мен рубасыларының көбі Әбілқайыр саясатына қарсы болатын. Есесіне Ресей үкіметі де бірден қазақ жерлеріне қол салды. 1734 жылы Орынбор бекінісінің құрылысы басталды. Қазақтарға Еділ бойына ғана емес, Жайықтың арғы бетіне де көшіп-қонуға тыйым салынды. Махамбеттің атақты «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деген сөзі сол кездегі толассыз қазақ көтерілістерінің ортақ лейтмотиві де, ұраны да еді.
Бекіністер саны жылдам көбейді. Онда алдымен әскери казактар, кейіннен Ресейдің өзге аймақтарынан орыс мұжықтар көшірілді. Қазақтарға олардың маңына ауыл тұрғызуға, көшіп-қонуға, мал жаюға рұқсат етпеді. Біртіндеп қазақ жерлері Ресей мемлекетінің меншігі деп жарияланды. «Мемлекеттік қажеттілік» деген желеумен орыс әкімшілігі кез келген көзі түскен шұрайлы аймақты кез келген қазақ сұлтанынан не мырзасынан, тіпті хан әулетінен тартып алуға хақылы болды. Ал 1822 жылы «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы жарғыға» сәйкес, қазақ даласында хандық жойылды.
Джон Касл. Ор өзеніндегі Орынбордың (Орскінің) көрінісі. «1736 жылы Орынбордан Қырғыз-қайсақ ордасының ханы Әбілқайырға жасалған саяхат күнделігі» кітабындағы иллюстрация
Кенесары Қасымұлы ресми тұрғыда мойындалмаған хан еді. Үш жүздің билері мен рубасылары Абылайдың немересін 1841 жылы Торғай өзенінің бойында ақ киізге көтеріп, дала адаттарына сәйкес хан сайлағанымен, Ресей оны мойындаған жоқ. Есесіне қазақ қоғамы да, тіптен атақты Абылайдың өз әулеті де бұл кезде Ресей ықпалымен екіге жарылып үлгерген. Көтеріліс кезінде көптеген қазақ сұлтаны мен мырзасы, ерікті-еріксіз, Кенесарыға қарсы күресті.
1847 жылы Кенесары Қасымұлы опат болды. Қазақ жері толық отарланды. Бірақ қызығы, дәл осы кезде Ресейдің өзге ұлттарды күштеп шоқындыру саясатында, былайша айтқанда, «жылымық кезең» басталды. Әрине, бұл «жылымық» стратегиялық емес, тактикалық өзгеріс еді. Бетбұрыстың басты идеологы — атақты шығыстанушы Николай Ильминский.
Ильминский күштеп шоқындырудың пайдасыз ғана емес, зиян екенін де түсінді. Біріншіден, православиені зорлықпен қабылдағандар сырт көзге ғана христиан болып көрінгенімен, іштей өз наным-сенімін ұмытпады. Мүмкіндік болса, бірден өз дәстүріне қайтып оралды. Оған дәлел: Екатеринбург алаңында отқа жағылған Тойгелді Жұлақов пен Кішібике Байрасовалар. Екіншіден, зорлық-зомбылық өзге ұлттардың орыс халқына және христиан дініне деген өшпенділігін арттырды. Сөйтіп, оларды бітіспес майданға жұмылдырды. Мұны үздіксіз көтерілістерден шаршаған империя үкіметі де түсінді. Сол себепті «Ильминский жүйесіне» толық қолдау танытты. Ал оның негізігі қағидаттары мынау еді: өзге ұлт өкілдерін өз тілінде оқыта бастап, кейіннен орыс тіліне көшіру; әр халыққа өз ұлтының өкілдерінен мұғалімдер мен шіркеу қызметкерлерін дайындау; Інжілді жергілікті халықтардың өз тіліне аударып дәріптеу.
1864 жылы Халық ағарту министрлігі қарамағына қарасты мектептердің оқу бағдарламасын бекітті. Нұсқау бойынша оқу процесі бір аптада 24 сағатты қамтитын: алты сағаты — Құдай заңы (Інжіл), үш сағаты — шіркеу-славян грамотасы, сегіз сағаты — орыс тілі, екі сағаты — таза жазу, бес сағаты — арифметика.
Кенесары хан ескерткіші. Астана, Қазақстан / Alamy
Ильминский, әлбетте, аса білімді, өз ортасы үшін озық ойлы тұлға еді. Алайда, өз сөзімен айтқанда, мынадай көзқараста болды:
«Орыс идеалының негізінде православие жатыр. Сол себепті біз православиеге басымдық береміз. Православие — орыс ұлтының ең негізгі, өзекті әрі мығым тұғыры. Егер өзге ұлт өкілі православиені жан-тәнімен ұғынып мойындаса — ол орыстанды деген сөз»i
Алғашқы қазақ хрестоматиясы
Ыбырай Алтынсарин мен Николай Ильминский 1859 жылы танысты. Ол кезде Ильминский 37 жастағы танымал ғалым, тәжірибелі миссионер болатын. Шығыс тілдерінің, оның ішінде түркі тілдерінің білгірі. Інжілді татар тіліне аударған адам. Алтынсарин болса — кеше ғана жергілікті жетіжылдық орыс мектебін алтын медальмен бітірген 18 жасар бозбала. Естелігінде Ильминский Алтынсариннің еркін ойлылығын, тәуелсіздігін және табандылығын ерекше атап өтеді. Оған дәлел мына оқиға: атасы Балқожа тоғыз жасар Ыбырайды Орынборға оқуға жібергенде, оған жолсерік ретінде Жетібай Өтеміс баласы ереді. Бала мектепке орналасқаннан кейін елге қайтуы тиіс осы адамды Ыбырай комиссия бастығына айтып, жібермей алып қалып, оның өзімен бірге білім алып шығуына септеседі.
Ы.Алтынсарин. «Қырғыз хрестоматиясы» кітабының бір бетінің көшірмесі. Орынбор, И.И.Евфимовский-Мировицкий баспаханасы, 1879 / KazNEB
Ілім-білімге құмар Ыбырай көп оқиды. Ең бастысы, қазақ балаларын оқытуды армандайды. Бұл іске өмірін арнағысы келетінін жасырмайды. Ильминский — идеясын жүзеге асырарға таптырмас адам.
Әлбетте, Ыбырай Ильминскийдің адами қасиеттеріне, біліміне, мәдениетіне тәнті болды. Әлбетте, ұстаз санады. Ильминский де жас жігітке өзінің шынайы пиғылын ашып айтқан жоқ.
Ыбырай Торғай бекінісінде алғашқы мектебін ашқанда, Ильминскийге былай деп хат жазды:
«Январьдің сегізі күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған он төрт қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды»i
Бұл 1862 жыл болатын. Орынбор әкімшілігі Алтынсариннің ісіне көп араласпағанға ұқсайды. Бір жағынан, аяғынан тік тұрып алсын дейді. Екіншіден, шалғайда жатыр. Орынборда отырып айдаладағы Торғайды қалай қадағалайсың. Ал бекініс басшылары мектеп ісіне енжар. Олар үшін, Ыбырайдың өз сөзімен айтқанда, «онсыз да қызыл шатырды қызыл түске, онсыз да ақ қабырғаны ақ түске бояп» көзбояушылықпен айналысқан әлдеқайда артық. Алайда екі жақтың да өзіндік жасырын стратегиясы бар. 1862 жылы, Орынбордан кетпес бұрын, Ильминский Орынбор қырғыздары (қазақтары) облысының басшысы Василий Григорьевтің тапсырысымен қазақ мектептеріне арналған орыс тілі оқулығын жазып, дайындап қойған. Болашақта оқу процесі осы оқулықпен жүруі керек. Ал әзірге қолдану мақсатында қазақ мектебіне бөлінген кітаптар тізімі мынадай: орыс әліппесі, татар әліппесі (араб-парсы тілдерін оқуға негізделген, авторы — Бекчурин), орыс грамматикасы, арифметика, орыс хрестоматиясы, татар-орыс сөздігі мен татар тілінде жазылған Әбілғазының кітабы (Қазан, 1825).
Бұл Алтынсариннің наразылығын тудырады. Ол 1862 жылы Ильминскийге жолдаған хатында былай деп жазады:
«Молдалар ұсынатын татар, араб, парсы кітаптарының бәрі адамның санасын улап, тек топастандыра түседі. Ал қазақтарға, әрбір адам баласындай, оқу барысында ойландыратын, білімге жетелейтін, өз тілінде ұғымды етіп жазылған кітаптар қажет»i
Демек, қазақ баласына арналған сапалы оқулық қажет. Алтынсарин бұл жұмысқа да құлшына кірісті. Соның арқасында 1879 жылы Орынбор қаласында «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» жарық көрді.
Оқулық мұқабасында «бірінші кітап» деген анықтама бар. Демек, ол бұл кітаптың жалғасын жоспарлаған секілді. Мұны Ыбырай Алтынсариннің 1880 жылдың сәуір айында Орынбор аймағының оқу инспекторы Василий Катаринскийге жазған хаты растайды:
«Қырғыз (қазақ) хрестоматиясының» жалғасын жазсам деймін. Бұл бөлімде мен мүмкін болғанынша толық түрде жаратылыс тарихы туралы, география мен тарих туралы, аздап химиядан, физикадан, техникалық өндіріс түрлерінен түсінік бергім келеді. Қазақ халқының қазіргі жағдайында аса маңызды бұл жұмысты ойдағыдай атқарып шығуыма Құдай тағала тек күш пен ғұмыр бергей. Дұрыс пайдаланса, бұл іс қазақ даласының келбетін өзгертер еді»i
1880 жылы физика мен химия пәндері орыс мектептерінде де, тіптен классикалық гимназияларда да оқытылған жоқ. Оларды не әскери кадет корпустарында, не германиялық «Realschulen» үлгісінде жасалған «реальное училище» деп аталатын оқу орындарында ғана оқытатын. Санкт-Петербург пен Мәскеуді қоса алғанда бүкіл империяда бұл кезде небәрі жетпіс «реальное училище» бар еді. Осы тұста Алтынсарин идеяларының Ильминский жоспарынан қаншалық алшақтап бара жатқанын көруге болады. Есесіне Алтынсаринде қазақ балаларына православие негіздерін үйрету туралы сөз болған жоқ.
Өкінішке қарай, бұл жоспар жүзеге асқан жоқ. Себебі миссионерлер жаңа сатыға көтеріліп, қарқын ала бастаған еді.
Миссионерлерге қарсылық
1872 жылы тағы бір миссионер түрколог Ефим Маловтың жетекшілігімен мұсылмандыққа қарсы мағынадағы уағыз кітаптар шығару комиссиясыi
Кейбір шоқынған қазақтарға тегін жер телімі берілді. Мәселен, Қостанай уезінде православиені қабылдаған қазақтар общинасына үкіметтің 8235 десятина жерді тегін бергені белгілі. Ұзын-ырғасы 90 шаршы шақырымға жететін бұл жер бүгінгі Ақтөбе қаласының көлемімен тең түсетін.
Олар басқа қазақтар төлейтін салықтардан босатылды. Хақылары «орыс переселендерінің правосымен» теңестірілді. Сол себепті кеше ғана «Қазақ хрестоматиясының» физика мен химия негіздерін баяндайтын екінші кітабын жазуға әзірленген Алтынсарин 1884 жылы Қазан қаласында «Мұсылманшылық тұтқасы» деп аталатын жаңа еңбегін басып шығарады. Бұл «Ильминский жүйесіне» ашық қарсы шығу еді.
Ы.Алтынсарин. «Мұсылманшылық тұтқасы = شرايط الاسلام» (Шараит ул-Ислам) кітабының бір бетінің көшірмесі. Қазан, Қазан университетінің баспаханасы, 1884 / KazNEB
Жалпы, 1880 жылдардағы Алтынсарин — әу бастағы аса ілтипатшыл, хатында мың мәрте ризашылығын білдіріп отыратын Ыбырай емес. Торғай облысы халықтық училищелерінің инспекторы Ыбырай Алтынсарин Орынбор аймақтық оқу инспекторы Василий Катаринскийге қазақ балаларына жасалған озбырлық туралы былай баяндайды:
«Сізге өте бір қайғылы хабар жеткізуге тура келіп тұр. Біздің Александр Григорьевич Бессонов, сірә, есінен айрылған болар деймін. Әйтпесе оның өз оқушыларына істеген сорақылықтарын басқаша түсіндіре алар емеспін. Бақсам, ол оқытушылар мектебінің үшінші және төртінші кластарында оқушылардың наразылығына қарамастан, бір ай бойы Інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Нәтижесі, ол оқушыларға қатігездік пен ызақорлық танытып, соңғылары оқудан бас тартқан. Жағдай оның өз шәкірттерін алаяқ деп атап, мойындарынан итеріп шығаруына дейін ушыққан». 20 ақпан, 1889 жылi
Тағы бір жазған хатында да наразылығын бүгіп қалмайды:
«Енді тағы бір наразылық, яғни қазақ оқушыларының наразылығы Красноуфимскідегі ауыл шаруашылық мектебінде де туындап отырған көрінеді. Мұның себебі — мұсылман дәстүрін мүлде елемеу, яғни шошқа етін асып беру, оқушыларға шошқа бақтыру, орыс оқушыларымен бірге ғибадат еткізу деседі. Мұның бәрі өте ұнамсыз нәрсе...» 10 мамыр, 1889 жылi
Метрополияны сынаған қазақ
1880 жылы Ыбырай Алтынсарин «Оренбургский листок» басылымында қазақ даласындағы жұт тақырыбына арналған бірнеше мақала жариялады. Онда жұттың себептерін сараптай келіп, малдың қырылуына және содан туындаған аштыққа Ресей үкіметі ұстанып отырған саясаттың, оның ішінде қазақтың шұрайлы жайылымдарының орыс келімсектерінің пайдасына тәркіленіп, жергілікті халықтың құнарсыз аймақтарға көшуге мәжбүр болуы деп тұжырым жасады. Ресми баспасөз бетінде ашық түрде Алтынсаринге дейін Ресейдің қазақ даласындағы отарлау саясатын мұндай өткір сынға алған — Шоқан Уәлиханов қана. Алайда Шоқанның эмиграциядағы «Колокол» газетіне жазған мақалалары бүркеме атпен шықты. Ал атақты «Сот реформасы туралы жазбалары» қызметтік қолданыстағы, жарияланбаған құжат болатын. Алтынсарин болса ойларын елдің бәрі оқитын либерал басылымда жариялап, оны өз атымен шығарды.
Ағартушылық жұмыстан бөлек, қазақ халқының сол кездегі әлеуметтік жағдайы жанына батқан ол Василий Катаринскийге жазған хатында баяндап өтеді:
«Жуырда мен «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен ауыртпалықтар туралы мақала жазып жібердім, әрі онда өзімнің қазақ даласына орыстарды қоныстандыру жөніндегі ұсыныстарға қарсы пікірімді білдірдім. Менің ойымша, бұл ұсыныс ақымақтықтың шыңы. Істі бұлай өрескел жүргізетін болса, қазақ секілді болашағынан үміт күттіретін тамаша халықтың тағдыры құрдымға кетеді, әрі бұл қателікті болашақта түзету мүмкін болмайды». 7 сәуір, 1880 жылi
Мұндай әрекеттердің Ресей отарлау әкімшілігіне ұнамасы хақ. 1884 жылы Алтынсариннің үстінен әкімшілік іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Тағылған айып — «саяси сенімсіздік». Обалы не керек, ескі таныс Ильминский Қазан қаласында тұрғанына қарамастан, Алтынсаринге болысып, Орынбор әкімшілігіне хат жазады. Оны аса адал, таза адам ретінде сипаттайды.
Алтынсаринге қазақтар да шүйлікті. Бір туысы Алтынсаринге болыс сайлауына түскенде өз кандидатурасын қолдамағаны үшін кінә артты. Өзгелері Алтынсариннің судья қызметін атқарған кездегі шешімдерін алға тартты.
1886 жылы генерал-губернатор жаңа іс қозғап, Алтынсаринді Қостанайдан басқа жаққа ауыстыруды талап етті. Ұстаздың басынан бақ тайғанын бәрі сезді. 1889 жылы Обаған ауылында берілген ас үстінде өз руластары «батыр» деп дәріптейтін оспадар қазақ Төлебай Көбекұлы Алтынсаринді көпшілік алдында соққыға жықты. Көп ұзамай, сол жылдың 17 шілдесінде ұстаз Ыбырай Алтынсарин мәңгілікке көз жұмды.
Алтынсарин феномені
Ыбырай Алтынсариннен қалған мынадай өлең жолдары бар:
Өнер-білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Ілім-білімнің құдіретін сөз етіп, ағартушылықтың маңызын паш етті. Бұл тұрғыда арман-мақсаты орындалды десек те болатын шығар. Өйткені 20-ғасыр басында қазақ даласында ел тәуелсіздігі үшін күрескен, өркениетті елдердің үлгісімен парламенттік-демократиялық республика құруды армандаған «Алаш» партиясы құрылды. Оның белсенді мүшелерінің басым көбі Ыбырай Алтынсарин мектептерінің түлектері болатын. Партия көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Алтынсарин өз қолымен ашқан Торғай мектебінде оқыды. Сол сияқты, заңгер, бірінші және екінші Мемлекеттік думаның мүшесі Ахмет Бірімжанов, хирург Әбубәкір Алдияров, алғашқы журналист қазақ қызы Нәзипа Құлжанова, Спандияр Көбеев, Мұхамеджан Сералин сынды тұлғалар шықты. Мектеп түлектерінің тізімін соза беруге болады. Тұтастай бір ұрпақ. Алғашқы қазақ зиялылары. «Алаш» партиясының іргетасы.
«Қазақ» газетінің негізін қалаушылар — Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы. Орынбор, 1913 жыл / Wikimedia Commons
Бұған қоса, ұлы қырым татар ағартушысы Исмайыл Ғаспыралының үйінде Алтынсариннің өз қолтаңбасын қалдырып, сыйға тартқан «Қазақ хрестоматиясы» сақталған. Өзінен он жас үлкен Алтынсарин идеясынан сусындаған Ғаспыралы әлдеқайда діндар орта саналған татар медреселеріне алғашқы болып зайырлы пәндерді енгізді. Жәдид қозғалысын бастады. Соның негізінде 20-ғасыр басында барлық түркі елінде жаңаша білім алған ұлт зиялылары қалыптасты. Ал Алтынсарин ойлары одан да озық еді. Ол ұлтты дамытудың жалғыз жолы — техникалық білім мен іргелі ғылым екенін анық түсінді. Қоғам ілгері басу үшін білім қолданбалы, ал мектеп (демек, қоғам) зайырлы болу керек деп білді.