Түркі және моңғол көшпенділерінің әлемін өздері үшін ашқан байырғы еуропалық саяхатшылар кімдер еді? Олар қазіргі Қазақстан территориясын не үшін аралады, ең бастысы, оларды не нәрсе таңғалдырды? Бұл туралы зерттеуші Ник Филдинг Qalam-ға берген арнайы сұхбатында талқылайды.
Ортағасырлық саяхатшылар қазіргі Қазақстан территориясынан не көрді?
Бұл өлкеге алғаш табан тіреген еуропалықтар — миссионерлер еді. Олар папа билігінің тапсырмасымен сапарға аттанып, арабтарға қарсы тұру үшін христиандық Еуропа мен моңғолдар арасында бірлесіп одақ құруға тырысты. Алайда олардың көрген-білгені мен сипаттап жазғаны бір-біріне кереғар. Мысалы, Иоанн Плано Карпини мен Вильгельм де Рубрук бұл жерде қалалардың бар екенін көріп таңғалған.

Ұлы хан Мөңке сарайындағы Вильгельм де Рубрук. Вильгельм Тирскийдің «Histoire d’Outremer» қолжазбасынан алынған миниатюра. 14-ғасыр / Кембридждегі Корпус-Кристи колледжінің кітапханасы / Wikimedia Commons
Егер Отырарға, Сауранға, Сығанаққа немесе Жанкентке бара қалсаңыз, бір кездері мұнда дәуірлеген ірі қалалардың орны көзге оттай басылады. 1200 жылы Отырар халқының саны 200 000 болды, ал сол жылы Лондон халқының саны 40 мыңға жететін.

Отырар қаласының қирандылары. Түркістан облысы, Қазақстан / Wikimedia Commons
Мысалы, Вильгельм де Рубрук Жетісудағы Қойлық (Қаялық) қаласын егжей-тегжей сипаттайды. Бүгінде сол жаққа барсаңыз, қирандыларын көре аласыз. Керемет әсерге бөленген ол бұл қалада мешіт, будда ғибадатханасы мен несториан шіркеуі барын айтып, діни сенім бостандығы болғанын көзімен көреді.
1558 жылы ағылшын дипломаты Энтони Дженкинсон Орталық Азияға саяхат жасады. Ол нені көкірегіне түйе алды?
Дженкинсон — ерекше адам. Алайда анау айтқандай аса танымал да емес. Сол үшін ол туралы білгіңіз келсе, белгілі бір дәрежеде сарапшы болуыңыз керек.
Бірақ ол расымен Орталық Азияны аралап шықты. Дженкинсон екі рет Парсы еліне, бір рет Бұхараға сапар шекті. 16-ғасырдың ортасында бұл таңғажайып жетістік саналатын.
Ол сауданы Жібек жолы арқылы солтүстікке: Каспий теңізі арқылы Астраханға, Қазанға, одан әрі Архангельскіге дейін жіберуді көздеді. Ағылшын кемелері сол жерден тауарды алып, Еуропаға жеткізіп, бұдан орасан зор пайда табады деді.
Ол Жібек жолының аяқталар жерінде, яғни Жерорта теңізі жағалауында сауда жасайтын генуялықтар мен венециялықтарды айналып өтуді ойлады. Бір сөзбен айтқанда, қалыптасқан сауда жүйесін бұзғысы келді. Бұл идея қисынға келгенімен, сол кезеңге орай сәті келе қоймады. Себебі 1550–1560 жылдары далалы өңірде жағдай өте тұрақсыз болатын.
Саяхаттау қиынға соқты. Дженкинсон Каспий жағалауынан Бұхараға жеткенімен, ондағылар оған былай кеңес етеді:
«Бұдан әрі шығысқа қарай баруға болмайды, қорғаушысы жоқ сізді өлтіре салады. Ал ол жерлерді жабайы адамдар мекен етеді».
Сөйтіп, ол атының басын кері бұрады.
Соған қарамастан, ол сол уақыттарды өте дәл сипаттап жазып қалдырды. Мысалы, арба үстіне тігілген киіз үйлерді «сол дәуірге тән құбылыс» деп әңгімелейді. Дженкинсон жылжып бара жатқан қалалар туралы айта келіп, барлық арба бірге жүргенін және әр арбада бір-бір киіз үй тігілген деп жазады.
Ол Каспий теңізінен Бұхараға мың түйелі керуенмен жеткенін айтады. Дженкинсон сол кезеңдері Англияның негізгі экспортына баланатын ағылшын жүн маталарын тасымалдайтын. Жолай оларға қарақшылар жолығып, тауардың көп бөлігін тонап алатыны бар. Бірақ Бұхара сұлтаны қолды болған затының бір бөлігін Дженкинсонға қайтартып әперген.

Энтони Дженкинсон. «Nova Absolutaque Russiae, Moscoviae et Tartariae descriptio» («Ресей, Мәскеу мемлекеті және Тартарияның жаңа да барынша толық сипаттамасы») картасының фрагменті. Лондон, 1562 жыл / Wikimedia Commons
Дженкинсон тауарларын сатып, қап-қап ақшасын арқалап, кері қайтты. Бірақ ол өзімен бірге өте маңызды адамды — Орталық Азияның Ару Сұлтан есімді жас әйелін ала кетеді.
Кейде оны Аура Солтан деп атаған, ал ол арудың оқиғасы өз алдына өте қызық. Біз әлі күнге дейін бұл жайттың қалай аяқталғанын білмейміз. Десе де Дженкинсон өзімен бірге ілестіріп алып кеткен әйел — қазақ қызы, тіпті Хақназар ханның туысы болуы да мүмкін делінеді.
Ол ағылшынның ең ұлы патшайымдарының бірі саналатын І Елизаветаның сарай ханымы (фрейлина) болды. Елизавета оны кіндік қызы ретінде ме, әйтеуір, жақын тартып, қамқорлығына алды. Өз кезегінде, Ару Сұлтан Англияға дала мәдениетінің кейбір элементтерін, соның ішінде биік өкшелі аяқкиімді әкелді.
Люси Аткинсонның қырдағы әйелдердің жағдайы туралы не жазғанын айтып беріңізші?
Люси Аткинсон шоқтығы биік әйел еді. Ол болашақ күйеуі Томас Аткинсонмен Санкт-Петербургте алғаш рет кездескенге дейін ешқашан атқа мініп көрмепті. Бір жылдан кейін олар отау құрып, үйлену тойынан екі күн өткен соң Шығысқа аттанады.

Томас Аткинсон, Макс Розенталь. Сұлтан Сүйік пен оның отбасы, 1865 жыл / bonart.kz
Алдымен Батыс Сібірге, содан кейін оңтүстікке қарай Ұлы далаға сапар шекті. Люсидің бұған дейін жылқының жанына жолап көрмегеніне қатысты сізге түсініктірек болу үшін айта кетейін, орыс тау-кен инженері оған ер-тоқым беріп:
«Сіз атқа мініп, сапар шеккелі жатырсыз, сондықтан сізге ер-тоқым сыйлайын» дейді.
Бұл әйелдерге арналған ер-тоқым еді. Сіздер мұндай ер-тоқымды көрдіңіздер ме, білмеймін: онда екі аяғын аттың мінер жағына салып, бір бүйірлеп отырады. Мұны көрген жолбасшы болып жүрген қазақтар ер-тоқымға қарап былай дейді:
«Мұндай ер-тоқыммен барар жеріңізге жете алмассыз, à cheval күйде мінуге тура келеді».
Люси француз тіліндегі à cheval тіркесін қолданды, бұл атқа әдеттегідей міну дегенді білдіреді. Әуелде ол атқа міне алмаса, кейін алты жыл бойы ат үстінде жүріп бүкіл аймақты аралады.
Ол Қазақ даласында жүргенде балалы болды. Люси өзінің «Татар даласы және оны мекен етушілер туралы естеліктер» атты кітабында (қалың көпшілік оқуы керек керемет кітап) бір ерекше қызық оқиғаны сипаттайды. Оны жеті-сегіз әйел жиналған киіз үйге шақырады.
Люси орысша сөйлегендіктен жанына аудармашы алып жүретін. Аудармашы қазақ әйелдеріне аударма жасау үшін онымен ілесіп киіз үйге кірді. Люси тізе бүгіп отырғаны сол еді, іле-шала екі ер адам кіріп келеді. Люси аудармашыға бұрылып:
«Оларға шық деп бұйыр» дейді.
Томас ол екі жігіттің көзінен не көргенін айнытпай бейнелеп, бұл көріністің суретін салады. Олар бұған разы болмаса да, шығып кетеді.
Біз бұл жерден қарама-қайшы көріністі көреміз. Қазақ әйелдері өте күшті, білекті болатын. Көшпелілердің бар тіршілігі солардың қолында еді. Киіз үйді жығу, тігу керек болса — солар жасайтын, малға да қарайтын, оның сыртында қаншама жұмыс атқаратын. Олар ер адамдармен тең, тіпті одан да көп еңбек етті. Сондықтан оларды сырт көзден жасырып, жапқан емес. Далалы жерде әйелдерді мұндай қатты қысымда ұстап, тірлік кешу мүмкін емес. Ондай жағдайда бәрі қырылып қалар. Қырда өмір сүру үшін әйелдерге біраз бостандық қажет болды.

Поль Лаббе. Киіз үй тігу. Mission en Sibérie. Le Sémiretchié. Les Kirghizes («Сібірдегі миссия. Жетісу. Қырғыздар») кітабынан иллюстрация. Париж, 1903 жыл / Gallica, Bibliothèque nationale de France
Мен дәп осылай болғанына сенімдімін. Әрине, бұл кейбір ер адамдар әйелдерді төмен санамады деген сөз емес.
Бірақ Томирис, одан өзге де жауынгер әйелдер туралы аңыздар бар. Геродоттың амазонкалар туралы жазғанын да білеміз. Демек, жауынгер әйелдер деген дәстүр болды.
Жақында Қызылордаға жолым түсіп, ол жерден батыр әйелдер бейнеленген суретті көрдім. Қазақстанда әйелдерді батыр есебінде құрметтейтіні белгілі. Бұған қатысты күшті және ықпалды әйелдердің көптеген айқын мысалы бар.
Мысалы, қырғыздардың «Манасы» немесе қазақ дәстүріндегі осыған ұқсас әңгімелерге қарасақ та, батыр әйелдерді көреміз. Батыр әйелдер. Осының бәрін ескерсек, әйелдердің қатты қысымға ұшырамағанын және біздің түсінігіміздегідей тек әлсіз, дәрменсіз жаратылыс деп саналмағанын айту керек.
Кейбір елдерде әйелдерге кейде жануарлар сияқты қарайды. Олар қоғамдық өмірден шеттетіліп, толығымен оқшауланады.
Далада мұндай жағдай ешқашан болған емес. Мұнда әйелдердің қоғамның толыққанды мүшесі екені туралы сезім әлдеқайда күшті. Мысалы, күйшілерді алсақ, бұл елдегі ең үздік күйшілердің қатарында әйел күйшілер де болған.

Дина Нұрпейісова. Алматы, 1951 жылғы наурыз / ҚР ОМ КФДҚА
Мұны өз көзіңізбен көруге де болады. Мен олардың 1920 жылдары ойнаған бейнежазбаларын көрдім. Олар он саусағынан өнері тамған нағыз шебер күйшілер екен.
Менің ойымша, далалы жердің әйелдерінің үнін өшіру, аузын жабу өте қиын болар еді. Тіпті мүмкін де емес.
