![КҮҢ БЕ, ӘЛДЕ ХАН ЕЛШІСІ МЕ?](https://api.qalam.global/storage/media/feb59d78-042d-482e-9414-42efeb13c898/lead_img.webp)
Кіші Маркус Гераертс. Белгісіз әйелдің портреті. Ару Сұлтан болуы мүмкін. 1590 жылдар/ Royal Collection, London/Wikimedia Commons
Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Ақ теңізден жол тартқан шағын кеме бірнеше ай жүріп, 1560 жылы көктемнің соңына таяу Лондон айлағына келіп тұрақтады. Сол кемеде Орта Азиядан келген Ару Сұлтан атты жас қыз да бар еді. Алайда оның өткені жайлы егжей-тегжейлі ақпарат аз. Тек Корольдіктің көпес-жиһангезі Энтони Дженкинсон алғаш рет Ару Сұлтанды солтүстік Ресейден Мәскеуге, содан кейін Ұлы Еділ өзенімен төмен бойлап Қазан мен Астраханға жетіп, артынан Каспий теңізінің шығыс жағалауына апарар кемеге отырып, ұлы Бұхара қаласына табан тіреген атақты саяхатында жолықтырғаны ғана айтылады.
Ол қайдан келді?
Ару Сұлтан — ағылшын тілді әлемде «Aura Soltana» деген есіммен белгілі, әлі күнге жұмбақ тұлға. Дегенмен бүгінде ол туралы жаңа ақпараттар пайда болып жатыр. Лондонға келгеннен кейін көп ұзамай Ару Сұлтан I Елизавета патшайымның11Бірінші Елизавета патшайым (1533—1603) i
Англия мен Ирландияны (1558—1603) басқарған. Тюдор әулетінің соңғы монархы. Оның есімі Елизавета дәуірінің алтын ғасырымен қатар жүреді. «Жеңілмейтін армададан» басым түскен. «Пәк патшайым» деген атпен де белгілі, себебі тұрмыста болмаған сарайында фрейлина болған және сол замандағы жаңа сән тенденцияларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарған. Тіпті Елизавета қоғамында былғарыдан тігілген өкшелі аяқ киімнің кең таралуына да осы Ару Сұлтан себепші болған деседі.
![Уилльям Ларкин. Ньюкастл графинясының портреті. 1615 жыл. Аяғында биік өкшелі туфли.](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/2c0177a4-762b-44e5-894f-6c2f6a51e16b.webp)
Уилльям Ларкин. Ньюкастл графинясының портреті. 1615 жыл. Аяғында биік өкшелі туфли.
Кейбір сән тарихшысы Ару Сұлтанның сарайдағы киім үлгісіне қатысты ықпалын мойындайды, алайда оны жәй ғана Дженкинсон22Энтони Дженкинсон (1529—1611) Ағылшын саяхатшысы, көпес, дипломат. Ресей, Персия, Орта Азия елдерін аралап, сауда жолдарын ұйымдастырды, Иван ІV-нің (Грозный) сарайында елші қызметін атқарды алып келіп, патшайымға экзотикалық сый ретінде тартқан күң деп атайды. Енді бір мамандар, әсіресе қазақстандық зерттеушілер Ару Сұлтанның әлдеқайда маңызды тұлға болғанын, атап айтқанда Қазақ хандығы мен Батыс елі арасындағы алғашқы келісімді ұйымдастыру үшін жіберілген елші қызметін атқарған дейді.
![Джордж Гауер. I Елизавета патшайым. 1567 жыл. Жеке коллекциядан/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/f6bddc6d-9fbd-4a58-b058-fcc70ef3bba3.webp)
Джордж Гауер. I Елизавета патшайым. 1567 жыл. Жеке коллекциядан/Wikimedia Commons
Энтони Дженкинсонның Шығысқа жасаған экспедициялары
Дженкинсон 1529 жылы Лестерширдегі ауқатты отбасында дүниеге келген. Ол Каспийге жасаған үш экспедициясынан бұрын да табысты теңізші, жиһангез ретінде белгілі болған адам. 17-ге келгенше Еуропаның айтарлықтай бөлігін, Осман империясы, Левант және Жерорта теңізі аралдарында мата сатып, көптеген саяхат құрған. Ол сондай-ақ Солтүстік Африка жағалауында болып, Англиядан Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін жүзіп өткен.
Ол 1557 жылы 12 мамырда Гринвичтен Ресейге баратын төрт кемеден құралған флотилиямен алғашқы Орта Азия саяхатына шыққанда небәрі 30 жаста еді. Оның мақсаты Ресей патшасы Иван IV-ден («Грозный») қауіпсіздік қаулысын алып, сол арқылы Каспийге шығып және сол жерден Үндістанға, жаңа сауда жолдарын ашу үшін Қытайға шығуға мүмкіндік алу болды.
![Александр Литовченко. Иван Грозный ағылшын елшісіне I Елизаветаға арналған сыйлықтарды көрсетуде. 1875/Орыс музейі](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/f6e09f9d-85ca-4005-a00b-e96cc5f09f6c.webp)
Александр Литовченко. Иван Грозный ағылшын елшісіне I Елизаветаға арналған сыйлықтарды көрсетуде. 1875/Орыс музейі
Неліктен ағылшын көпестері өз тауарларын сату үшін сондай шалғай жерлерге баруға дайын болғаны қызық десеңіз, себебі сол заманда католиктік державалар Англияны Еуропадан аластатып, Елизаветаның 1570 жылы Римнің діни үстемдігін мойындаудан бас тартқаны үшін шіркеуден шеттетіледі. Осылай Ағылшын көпестері жаңа сауда жолдарын табуға мұқтаж болып, Жібек жолы арқылы Үндістанға және Қытайға шыға бастады. Жағдайды жақсарту мақсатында, 1580 жылы Елизавета Осман империясымен алдағы 343 жылға созылатын сауда шартын жасасады.
Дженкинсонның кемелері Солтүстік Ресейге 1567 жылдың 12 шілдесінде келіп, өзінің қарамағындағы адамдармен бірге оңтүстікке қарай 500 км қашықтықтағы Мәскеуге жол тартады. Араға тоғыз ай салып қана Дженкинсон «Катхайға» (Қытай) аттанады. Мәскеуде жүрген кезінде ол патша Иванмен бірнеше рет кездесіп, өзіне қажетті құжаттарын жасатып алады. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, ол тіпті IV Иванға, Елизавета патшайымды өзіне қалыңдық қылып алуға көндіру үшін, арадағы делдал болған дейді.
1558 жылы сәуірде ағайынды Ричард және Роберт Джонсондармен және татар аудармашысымен бірге Дженкинсон оңтүстікке жол тартты. Ол кезде, Иванның әскерлері Алтын Орданың бұғауынан енді ғана босап, Қазан хандығын жеңіп, жер аумағын кеңейте бастаған қилы кезең болатын. Ресейліктер қалаларды қайта қалпына келтіре бастағанымен, Дженкинсон көшелерде көмусіз қалған өлі денелерді көріп үлгерді.
![Адам Олеарийдің гравюрасында бейнеленген Қазан қаласы. 1630/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/fed6c86a-2610-4dbb-bc22-15647d91b15e.webp)
Адам Олеарийдің гравюрасында бейнеленген Қазан қаласы. 1630/Wikimedia Commons
Ол Еділдің сағасындағы Астраханға жетіп, шаһардың қирап жатқанын көреді. Қалаларды Орыс шапқыншылығынан кейін оба мен ашаршылық жайлады. Көптеген жергілікті Ноғай (немесе Ноғай татарлары) құлдықта жүрді. Дженкинсонның өзі жазбаларында былай дейді:
«Ол жақта, мен Татардың біраз жақсы балаларын, сатып алуыма болар еді. Мысалы, бір ұлдың, не бойжеткен қыздың құны алты пенске, Англиядағы бір нанның бағасына пара-пар. Дегенмен олай жасамауының себебін өзі былай деп түсіндіреді: бізге ол кезде бәрінен бұрын ең маңыздысы — азық-түлік болатын».
Болжам бойынша, Дженкинсон Ару Сұлтанды Еділден (Волга) оңтүстікке қарай жүрген кезде кездестірген. Біз ол екеуінің нақты қалай жолыққаны туралы мән-жайды білмейміз, бірақ Дженкинсон Ару Сұлтанды Орталық Азияға өзімен алып кетпей, оны солтүстікке қарай кері жіберіп, Ақ теңіз жақтағы Мәскеуден солтүстікке қарай 300 км жерде орналасқан Вологдадағы Мәскеу компаниясының жетекшісі Генри Лэйннің қамқорлығына жіберуді жөн көреді. Орталық Азиядан оралған соң 1559 жылы 18 қыркүйекте Мәскеуден Лэйнге жазған жүрекжарды хатында Дженкинсон оған «менің венчім (бойжеткен қыз) Аура Солтанаға қарайласқаныңыз үшін, шын жүректен алғыс білдіремін» делінедіiЭнтони Дженкинсонның және басқа ағылшындардың Ресей мен Персияға жасаған алғашқы саяхаттары, Э. Дельмар Морган және Ч. Х. Кут (Бурт Франклин, Нью-Йорк: 1886): 109. Дженкинсон осы жазбасында ғана Ару Сұлтан жайлы атап өтеді.
![Ресей, Астрахан. Степан Разин бастаған шаруалардың 1670 жылы Астраханды жаулап алуы (“Астрахан бекінісіндегі қырғын”). Гравюра, 1719 жыл/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/9bbdacf4-4c8a-4b6e-88c2-e62eb72762b2.webp)
Ресей, Астрахан. Степан Разин бастаған шаруалардың 1670 жылы Астраханды жаулап алуы (“Астрахан бекінісіндегі қырғын”). Гравюра, 1719 жыл/Wikimedia Commons
Оның күң болғаны туралы ой Дженкинсонның Астраханда құлдардың арзандығы туралы пікірлерінен қалыптасса керек. Оған қоса, дәл келесі сөйлемде оған күң алудың еш қажеті жоқтығы және азық-түлік алу әлдеқайда маңызды екені жазылған. Дженкинсонның Бұхарада тұтқында болған 25 орыс құлдың, ақысын төлеп сатып алып, оларды Мәскеуге қайтарып, азат еткендігінің өзі, оның құл саудасын жақтамайтындығын меңзейді.
Астраханнан асқаннан кейін Дженкинсон Орыс патшалығының шегарасынан шығады. Татар және Парсы көпестерінің тобымен бірге 1558 жылы 6 тамызда қаладан аттанып, жүзу барысында теңіз жағалауындағы қалаларды картаға түсіре бастайды. Шамамен бір ай өткен соң олар Каспийдің шығыс жағалауындағы Маңғыстауға жетіп, жергілікті түрікмен тайпаларымен қақтығысып қалады. Бірақ бір аптаның ішінде олар Бұқараға қарай күрделі саяхатқа шығуға дайын болатын, енді олардың тауарларының саны мыңға жуық түйені қамтыды.
![Мариано де Франчески. Керуен. 1800 жылдардың соңы/Birmingham Museum of Art/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/c791a854-d8fd-4798-bc20-424c7181162c.webp)
Мариано де Франчески. Керуен. 1800 жылдардың соңы/Birmingham Museum of Art/Wikimedia Commons
Дженкинсон Бұхараға 23 желтоқсанда келіп, 1559 жылдың 8 наурызына дейін қалып қояды. Соғыстар мен елдегі тұрақсыздық оның Үндістан саяхатына шығуына кедергі келтірді, сондықтан өзінің сауда тауарларын кәдеге жаратқан соң, ол бір жыл бес айдан соң 1559 жылдың 2 қыркүйегінде қайта Мәскеуге келеді. Ол азат еткен құлдармен қатар, патшамен жолығуды қалаған Орта Азиялық хандықтың елшілерін алып барады. 1560 жылы ақпанда Мәскеуден кетіп, сол жылдың маусымына қарай Лондонға қайта оралады.
![CM. Прокудин-Горский. Ескі Бұхарадағы әмір сарайының кіреберісі. 1907 /Library of Congress](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/ade18e0f-49b8-49b9-ba29-72f8c3d7b756.webp)
CM. Прокудин-Горский. Ескі Бұхарадағы әмір сарайының кіреберісі. 1907 /Library of Congress
Елге қайта оралған күйде Дженкинсон карта жасаушы Николас Рейнольдспен және редактор Клемент Адамспен бірге карта құрастыруға кірісе бастайды. Осы күндері, Орта Азияның ең алғашқы және дәл түсірілген нұсқаларының бірі болып танылған карта небәрі 25 дана болып жарық көріп, кейін 1562 жылы Антверпенде Ортелиус оның жеңілдетілген түрін қайта басады, ол уақытқа дейін Дженкинсон Англияны тастап Орта Азияға жасаған үш саяхатының екіншісіне аттанып кетеді.
![Дженкинсон картасына негізделген Ортелий картасы. 16-ғасырдың соңы/Library of Congress](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/d2937e8c-eac2-47f6-ac34-afc52bf6a601.webp)
Дженкинсон картасына негізделген Ортелий картасы. 16-ғасырдың соңы/Library of Congress
Осыған дейін Дженкинсонның картасы Ортелиустың жеңілдетілген нұсқасымен ғана басылып жүрді. Солай болған күннің өзінде, бұл карта — жер бетінде Қазақтарды алғаш атымен атап жазған жаңашыл еңбек. Олардың аумағы, Каспийдің шығысына қарай «Кассакия» деп белгіленген. Дженкинсон картасының түпнұсқа көшірмелерінің бірде-бірі сақталмаған деп есептелді, алайда 1987 жылы Польшаның Вроцлав қаласында картаның бір данасы табылды.
![Энтони Дженкинсонның түпнұсқа картасы. 1562 жыл/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/8b0d7062-2e8e-4070-aad0-add07b8dfc55.webp)
Энтони Дженкинсонның түпнұсқа картасы. 1562 жыл/Wikimedia Commons
Елизавета заманындағы сән иконасы
Бірақ картаны әрі қарай талқыламас бұрын жас «татар қызы» Ару Сұлтанға оралайық. Тарихшы Джессика Брейннің пікірінше, Дженкинсон оны Орталық Азияға екінші саяхаты кезінде күңдікке сатып алған. Ол Ару Сұлтанның қағаз бетінде аталған Англиядағы алғашқы мұсылман әйелі болғанын және ол Елизавета патшайымға сыйлық ретінде ұсынылып, Патшалық қауымның елеулі мүшесіне айналғандығын және көптеген бағалы сыйлықтарды, атап айтқанда қымбат маталарды патшайымның өз қолынан алғанын қоса жазады.
![Роберт Пик. I Елизаветаның шеруі. 1600 жыл/Alamy](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/f6bc56a3-dbcd-45dc-af50-cca1f84b3483.webp)
Роберт Пик. I Елизаветаның шеруі. 1600 жыл/Alamy
Профессор Джерри Броттон өзінің I Елизавета патшайымның ислам әлемімен байланысы жайлы Сұлтан мен Патшайым атты кітабында, Ару Сұлтан Елизаветаның қарамағына келгеннен кейін, оның сән кеңесшісі қызмет атқарып, аяқ киім мен сән көйлектерінің жаңа үлгілерін ұсынып отырғанын атап өтеді.
Ару Сұлтан жайлы алғаш рет Лондонда 1560 жылдың мамыр айында Елизаветаның оған біршама бағалы киімдер бергені туралы жазбаларда айтылады, оның ішінде қара таффетадан тігілген екі көйлек, руссет сатинінен тігілген француз петтикоты және қара сатиннен тағы бір француз петтикоты бар. Бұл көйлектер патшайымның жеке гардеробынан болса керек. Бұл Елизавета патшайымның Осман патшасы МУРАД III-нің әйелі Сафие Сұлтанмен тығыз қарым-қатынас құрған кезі еді. Ол оған көптеген сыйлықтар жіберетін болған.
![Елизавета дәуірінде өмір сүрген ағылшын ханымы, Саутвелл ледиі Элизабет Ховардтың портреті (шамамен 1564–1646 ж.ж.). Оның үстінде мықын тұсы іші нығыздап толтырылған білікше және ағаш шеңберлердің көмегімен ерекшеленіп көзге бірден түсетін фарфингейлді көйлек. Авторы белгісіз, шамамен 1600 жылдар/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/e5b8deb1-6c69-41e1-8d7e-25f0647c8e8c.webp)
Елизавета дәуірінде өмір сүрген ағылшын ханымы, Саутвелл ледиі Элизабет Ховардтың портреті (шамамен 1564–1646 ж.ж.). Оның үстінде мықын тұсы іші нығыздап толтырылған білікше және ағаш шеңберлердің көмегімен ерекшеленіп көзге бірден түсетін фарфингейлді көйлек. Авторы белгісіз, шамамен 1600 жылдар/Wikimedia Commons
Осы уақыттың төңірегінде 20 жас шамасындағы жас қыз Ару Сұлтанды Татарлық Ипполита деген «лақап атпен» атайтын болған. Патшалықта оны әдетте Ару Сұлтана Гипполита деп атаған. Грек мифологиясында Ипполита Амазонка (Орта Азияға теңеу) патшайымы болған, ол афиналық Тесейге тұрмысқа шығады.
![Кейінгі антикалық мозаикада бейнеленген Ипполита. Б.з.б. 5-6-ғасырлар/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/3683891d-8457-4a29-9e56-1470f2935c7c.webp)
Кейінгі антикалық мозаикада бейнеленген Ипполита. Б.з.б. 5-6-ғасырлар/Wikimedia Commons
Айта кетейік, бұл алғашқы сыйлықтарды Елизавета Ару Сұлтан Англияға келгеннен кейін көп ұзамай-ақ, тіпті, Дженкинсонның өзі қайтып оралғанға дейін берген. Егер ол күңдіктегі қыз болса, патшайымнан бағалы сыйлықтар алатын дәрежеге соншалықты тез арада қалай көтерілген? Оның үстіне алғаш сыйлық бергені жайлы жазбадан бір жыл өте, 1561 жылы 13 шілдеде Елизавета Ару Сұлтан үшін ұйымдастырылған символикалық баптизм рәсіміне қатысады да, сөйтіп патшайым оның өкіл анасы атанады. Жас қызға берген сыйлықтардың арасына 6 унциядан асатын алтын зергерлік бұйымдар кірген:
«13 шілдеде Татар Ипполитына Мәртебелі патшайым сыйға тартқан 4 1/2 унциялы алтын әшекей және 1 ¾ унциялы бір алтын табақ зергерден сатып алынды».
Көп ұзамай I Елизавета Ару Сұлтанды «біздің қадірлі және сүйікті аруымыз Татарлық Иполита» деп атайды. 1562 жылы ол патшайымнан қалайыдан жасалған қуыршақ алды. 1564 жылдың маусым айында патшалық жазбаларында патшайымнан келесі құнды киімдерді сыйға алғандығы жазылғанiJanet Arnold, Queen Elizabeth's Wardrobe Unlock'd (Maney, 1988) қараңыз: 107.:
-
барқытпен жиектелген, фустиан мақтамен және зығырмен қапталған дамаскілік көйлек пен кертл (ортағасырлық көйлек түрі);
-
барқытпен жиектелген гросгрейн;
-
шамлеттен тігілген көйлек пен кертл;
-
қызыл шұғадан немесе гросгрейннен тігілген петтикоат;
-
6 тал жеңі голландиялық зығырдан тігілген сарафан; 6 орамал; жолақтары мен руфтары бар 6 партлет; 4 жұп голландиялық зығыр жеңдер;
-
сарафандар мен орамалдар дайындауға арналған жарты фунт «систер» жібі;
-
партлеттер мен жеңдерді кестелеуге арналған 6 унция Гранада жібек жібі;
-
басқа кестелерге арналған Венеция алтын жібінің 5 унциясы;
-
испан инелерінің «клауты». «Клаут» инелер шаншылған мата болған;
-
Саркенет орамалы;
-
барқыт бас киім;
-
алтын, күміс, жібектен тігілген құны £4 тұратын 2 коул (орамал түрі).
Сән тарихшылары, оның ішінде Джанет Арнольд пен Патриция Леннокс Ару Сұлтанға берілген бұл сыйлықтарды атап өтіп, оның патшалықтың сән әлемін жаңартқанын айтады. Патшайым үшін оның аяқ киім жасаушысы Гаррет Джонсон бірнеше жұп былғары аяқ киім, оның ішінде испан былғарысынан жасалған өкшесі бар етік, былғары пантобльдер және барқыт аяқ киімдер тігеді. Арнольдтың пайымдауынша, патшайым бұл стильді Ару Сұлтаннан көшіріп алған. Оған дейін патшалықта сатин аяқ киімдер сәнді деп саналған, ал өкшесі бар былғары етікті тек Қазақтың даласында киетін болған. 1564 жылы патшайымның сыйлықтарының көп болуы, оның ішінде арнайы лауазымға арналған киімдердің болуы Ару Сұлтанның, бірнеше жыл бойы Патшайымның көмекшісі болғанына дәлел.
Ару Сұлтан жайлы соңғы сілтеме жануарлардың терісін сыпырушы Адам Блэндке дамаск шапанын тігуге арналған қоян терісіне берген тапсырысы — 1569 жылғы патшалық құжаттарынан табылды.
![Николас Хиллиард. Сәтен аяқ киімдегі I Елизавета. 1599/Walker Art Gallery /Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/7755272c-a252-4ef6-967d-927a51d66c28.webp)
Николас Хиллиард. Сәтен аяқ киімдегі I Елизавета. 1599/Walker Art Gallery /Wikimedia Commons
Бірақ Ару Сұлтан жайлы анықталмаған жұмбақтар әлі де бар. Ол ақыры Отанына оралды ма? Егер ол Лондонда қалған болса, тұрмысқа шығып, отбасын құрды ма? Ол Англияда қайтыс болды ма және олай болған жағдайда қай жерге жерленді? Бұл сұрақтардың жауаптары патшалықтың әлі ашылмаған құжаттарында болуы мүмкін.
![Дамаскілік көйлек/Alamy](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/267bd617-83cd-460c-8f87-aa85168440e5.webp)
Дамаскілік көйлек/Alamy
Дау тудырған тұлға: күң бе, ақсүйек пе, әлде дипломатиялық уәкіл ме?
Ару Сұлтанның тарихи рөлі мен жеке болмысы туралы тағы бір теорияны, қазір қазақ тарихшысы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров ұсынады. Ол Ару Сұлтанды патшайым I Елизаветаның Тюдор корольдігіне келген, Қазақ хандығының алғашқы дипломатиялық өкілі және ислам мен түрік әлемінің алғашқы елшісі болды деп жазадыiСыдыкназаров, «Дипломатическая миссия Ару Султан. Историко-политический экскурс». Адам Әлемi, No. 1 (95) (2023): 108-131. Ол сол кездегі хандықтың басшысы, Хақназар хан Англияның тағында да әйел адам отырғанын білгендіктен Ару Сұлтанды өзі әдейі таңдаған. Мұхит-Ардагер, Дженкинсонның Хақназар ханмен кездесуі әбден мүмкін деп есептейді және хан Ару Сұлтанды Лондонға дипломатиялық миссиямен әдейі жіберген.
Сонымен қатар Сыдықназаров «Дженкинсонның картасы, Ортелиус шығарған нұсқадан әлдеқайда күрделі екендігін және ол карта Орталық Азияның әлеуметі мен саясатынан хабардар адамның көмегінсіз жазыла алмайды деген пайымға барады. Ал сол ақпараттың бәрін айтып отырған Ару Сұлтанның өзі болған» дейді ол. Оның есімінің мағынасы қазақшада, «Ару» — сұлулық немесе әдемі қыз деген мағынаны және «Сұлтан» деген асыл тұқымды қазақ руынан шыққанын білдіретінін атап өткен. Сұлтан деген атақ еркектерге де, әйелдерге де беріліп, Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтарын атайтын болған. Оңтүстік Қазақстандағы Түркістаннан табылған 16 ғасырда жерленген патша мәйіттерін зерттегенде олардың арасында, есімінде Сұлтан қосымшасы бар көптеген әйелдер табылған.
Сыдықназаровтың айтуынша, Дженкинсон картасының түпнұсқасы, қазақ әйелдерінің 15 суретін қамтиды, мұндай фактілер әдетте еуропалық картографияда өте сирек кездеседі. «Біздің ойымызша, ол (Ару Сұлтан) Дженкинсонға анасын үлкен-кіші балаларымен, аға-інілерімен, апа-сіңілілерін, әкесімен, аталарын картада бейнелеуге көмектескен», - дейді ол. Ал картаның Ортелиустік Антверпен нұсқасында ол бейнелердің болмауы католиктік шіркеудің қатаңдығының нәтижесі деп тұжырымдайды.
Сыдықназаровтың айтуынша, «Дженкинсонның Бұхараға Хақназар хан жайлы білмей сапарға аттануы екіталай, себебі хан Дженкинсон өтпек болған жерлердің заңды әміршісі болған. Екі тұлғаның кездескені жайлы құжаттардың болмауы олардың кездеспеуінің дәлелі бола алмайды және оның құжат түріндегі нұсқасы ерте ме, кеш пе мұрағаттан міндетті түрде табылады», - дейді Сыдықназаров. Тарихшы Дженкинсонның қазақтармен келіссөзге барғанын әдейі жарияламағанын айтады, себебі бұл IV Иванға ұнамауы мүмкін еді. Дженкинсон Үндістанға апаратын сауда жолдарын ашу қазақтардың рұқсатынсыз мүмкін еместігін білсе керек. «Дәл сол себеппен Ару Сұлтан Лондонға аталған сауда келіссөздерін жалғастыру үшін жіберілді», – дейді ол.
Ару Сұлтанның ата-тегі қазір де белгісіз. Ханның басқа бауырлары, Мамаш пен Әбілқайыр сұлтан және оның әпке-сіңілілері Мұңғатай, Дін-Мұхаммед пен Бозғыл сұлтандар Хақназар ханның тегінде кездескенімен, Ару Сұлтан аталмайды.
Оның күң болғаны не болмағаны жөнінде Сыдықназаров Дженкинсон жас мұсылман қызды күң ретінде қайта Лондонға алып баруы мүмкін емес екендігін айтады. Оған жай ғана олай жасауға рұқсат берілмейтін еді. Тіпті, ол өзі асыл мәртебеге ие болмаса, Англиядағы Корольдік қауымның мүшесі атанып, патшайымның күтушісі лауазымын ала алмас еді.
Портрет және Құпия мұра
Ару сұлтанға қатысты тағы бір ашылмаған құпия бар. Қазір Хэмптон Корт сарайында ілініп тұрған, Маркус Гераэртстің (1561-1636) атаусыз суретін бірнеше тарихшылар Ару Сұлтанның портреті деп бағамдаған. Бір кездері Патшайым Елизаветаның өзі деп саналып жүрген, үлкен портреттеi216x135 см, үстіндегі киімі Орта Азиялық үлгіге анық келетін жас әйел бейнеленген. Әсілінде, ол сурет бір кездері «Әсем көйлектегі ханым» деген атпен де белгілі болған. Әйелдің қолында кішкентай кресті және мұсылмандардың тәспісі бар.
![Кіші Маркус Гераертс. Тәспі. Сурет деталі. Белгісіз әйелдің портреті. Ару Сұлтан болуы мүмкін. 1590 жылдар/ Royal Collection, London/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/996c14b1-94df-4b5c-be8d-b30b0cb59091.webp)
Кіші Маркус Гераертс. Тәспі. Сурет деталі. Белгісіз әйелдің портреті. Ару Сұлтан болуы мүмкін. 1590 жылдар/ Royal Collection, London/Wikimedia Commons
Суретте орта жастағы, терісінің түсі ашық келген және жүзіне біршама мұң қонған әйел бейнеленген. Ол ағаштың астында, бір қолымен бұғының басын сипап тұрады. Оның киген шапаны әдеттегі Елизавета заманындағы көйлектерге ұқсамайды, алды ашықтау келген және белінде бекітпесі бар екені анық көрінеді. Ол кездегі киімдер әдетте шаршы кесілген омыраулы және руфы биік болар еді. Шапандағы өрнектер де, Орта Азиялық байланысты меңзейді.
![Жюль де Кювервиль (1865–1927). Жас қазақ келіні, 1895 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/6c6eb57e-9837-4029-b0ac-fc1cb7dd34fa.webp)
Жюль де Кювервиль (1865–1927). Жас қазақ келіні, 1895 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France
Бірақ ең басты, әрі анық белгі әйелдің басындағы сол кездегі қазақтар мен басқа да Орта азиялықтарға тән ұзын сәукелеге ұқсас бас киім. Мен жақында ғана суреттегі бас киімге өте ұқсайтын, Алматыдағы Ұлттық музейден Батыс Қазақстан, Каспий маңынан табылған сәукелені көрдім.
Алайда бұл суретті Ару Сұлтанның портреті деп тұжырымдауда біраз қиындыққа тап боламыз. Суретші Гераэртс 1561 жылы, Ару Сұлтан Лондонға келгеннен кейін бір жыл өткен соң дүниеге келген. Жылы нақты жазылмағанымен, сурет 1590 жылдардың төңірегінде салынса керек, ал ол уақытта Ару Сұлтан 50-ге толып қойған болар еді. Десе де ол жайлы 1570 жылдан кейін ешқандай ақпарат табылмай, сол кездер шамасында дүниеден өтті деп болжанған. Гераэртс Ару Сұлтан қайтыс болғаннан кейін он не одан да көп жыл өткен соң оның портретін сала алар ма еді? Ал егер ол 1590 жылға дейін аман қалған болса, неге жазбаларда аталмаған?
Сондай-ақ суретте, Гераэрттердің картиналарына сай картушта жазылған бірқатар жазбалар мен ұзын өлең жолдары да бар. Бір жазуда (латын тілінде) «Әділетсіздіктің әділетті шағымы» деп жазылған, екінші бір жерінде «Қайғының емі - қайғы» делінген.
Жазулар мен сонет қандай да бір жағдайда, бәлкім, махаббатта алданған өте қайғылы кейіпкерді ұсынады. Ол ойлар, патшайымның қызы болған біреудің немесе Патшалықтың атақ-мансабына ие адамның ойлары болуы екіталай. Сондай-ақ, ол ойлар суреттегі Ару Сұлтан болса, оның жоғарғы санаттағы, дипломатиялық тұлға болғанымен сәйкеспейді. Сондықтан біз осы суреттегі адамның шындығында кім болғанын анықтау жолында аса сақ болуымыз қажет.
![Кіші Маркус Гераертс. Картуш. Сурет деталі. Белгісіз әйелдің портреті. Ару Сұлтан болуы мүмкін. 1590 жылдар/ Royal Collection, London/Wikimedia Commons](https://api.qalam.global/storage/media/r/1000x-/99f20b29-54e4-4638-8798-b8de3689d900.webp)
Кіші Маркус Гераертс. Картуш. Сурет деталі. Белгісіз әйелдің портреті. Ару Сұлтан болуы мүмкін. 1590 жылдар/ Royal Collection, London/Wikimedia Commons
Қысқаша айтқанда, Ару Сұлтанды Энтони Дженкинсон күң ретінде сатып алуы екіталай. Оны Елизаветтік патшайым қауымы Англияға келгеннен кейін тез қабылдап алуы оның күң болуымен сәйкес келмейді. Елизавета патшайымның оған танытқан қызығушылығы, бағалы киімдер мен басқа да сыйлықтары, соның ішінде алтын зергерлік бұйымдарды сыйға тартуы, оның өкіл анасы болуы және оған патшалық ханымы атануына мүмкіндік беруі - Ару Сұлтанның алғашында-ақ жоғары мәртебесі бар болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, Дженкинсонға Орталық Азияның хандары жас мұсылман қызды Англияға күң ретінде қайта алып кетуге рұқсат бермес еді.
Тіпті, оның хан тұқымынан екендігі ықтимал болса да, Ару Сұлтанның қазақ ханынан Елизавета патшайымға барар елші ретінде тағайындалуы әлі дәлелденбеген. Ағылшын корольдік мұрағатынан табылған жаңа жазбалар ақыр соңында бұл мәселенің анығын ашуы мүмкін. Бірақ қазір бұл әлі де шешімі табылмай тұрған түйін.