ЖОШЫ ҰЛЫСЫ

1-бөлім. Алтын Орда деп аталған Ұлы империя

Бату хан/ашық дереккөзден алынған

Жошы ұлысы — 1224 жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға бөліп берген еншісі, Моңғол империясының батыс бөлігіндегі аймақ. Өз кезегінде Жошының ұлы Бату хан Ұлыстың жерін кеңейтіп, Еділ маңы, Орыс, Қара теңізі аймағы мен Кавказды жаулап алған. Осылайша Орта ғасырлық Еуропадағы ең үлкен мемлекеттің негізін қалаған. Қазақ хандығының барлық хандары Жошы тұқымынан тарайды, сондықтан оның Ұлысын қазақ мемлекеттігінің іргетасы болды деп санауға толықтай негіз бар. Биыл Қазақстанда Жошы Ұлысының 800 жылдығы аталып өтеді.  

 

Бұл Жошы Ұлысы тарихының бірінші бөлімі. Екінші бөлімді мына жерден оқуға болады.

Мазмұны

ЖОШЫ ЖӨНІНДЕ БЕЛГІЛІ ДЕРЕКТЕР

Шыңғыс ханның үлкен ұлы жөнінде көп дүние мәлім емес. Тек оның 12 ғасырдың 80 жылдары дүниеге келіп, бастапқыда әкесінің сүйікті перзенті әрі басты мұрагері саналғанын білеміз. Уақыт өте келе Жошының жетістіктеріне туған бауыры, Шыңғысханның екінші ұлы Шағатай11ШағатайБөрте мен Шыңғыс ханнан туған екінші ұл (1183–1242), Орталық Азиядағы атауы құрметіне қойылған үлкен Ұлыстың басы қырын қарай бастаған. Шағатай аса қатігез әрі шамадан тыс қыңыр болған деседі. Оның ағасына таққан негізгі айыбы тегіне қатысты болды. Шынтуайтында Жошы, аналары Бөрте меркіттердің22МеркіттерБіршама уақыт Бөртені тұтқында ұстап, осы арқылы Темучиннің әкесінің әрекеті (Шыңғыс ханның шын есімі) үшін кегін қайтарған тайпаның атауы: бастапқыда ол меркіттің текті батырының қалыңдығын тартып алып, ұлына сол қызды алып бермек болғантұтқынында болып келгеннен кейін туғандықтан, бұл жел сөздің тарауына негіз болған. Бірде Шыңғыс ханның алдында дауласқан қос бауыр қызды-қыздыға салынып, төбелесуге дейін барған. Ашуға берілген екеуі жаға ұстасып қалғанымен, айналадағы жұрт ажыратып үлгерген. Сондықтан Шыңғыс хан империяның мұрагері ретінде Үгедейді33Үгедей (1229–1241)Шыңғыс хан мен Бөртенің үшінші баласы, ұлы хан, яғни Моңғол империясының императоры таңдаған.

Моңғолиядағы Жошы мүсіні/Wikimedia commons

Аталған оқиғаларға қарамастан Жошының дәрежесі жоғары болды. Парсы тарихшысы Жувайний оны «Ұлыс-иди» — Ұлыстың билеушісі,iiмоңғол тілінде ұлыс — мемлекет деген сөз яғни хан деп атаған. Батыс саяхатшысы Плано Карпини де Жошының «хан, яғни император» екенін жазған.

Бастапқыда Жошы Ұлысының иелігі солтүстік Хорезм, Түркістан, сондай-ақ шығыс Дешті Қыпшақ даласы, яғни қазіргі Қазақстан аймағымен шектелген. Аталған аймақтар негізінен Жошының басқаруымен жауланған жерлер. Ұзақ уақыт бойына тарихта Жошы осы жерлермен ғана шектелген деген пікір кең тарап келді, алайда қазір ол әскерімен Батысқа қарай жылжыған деген жорамал айтылып жүр. Польшалық францискан Бенедикт Поляктың дерегі бойынша, Жошы Еділ өзенінің кешіп өтіп, 1223 жылы Қалқа өзені бойындағы қыпшақтар мен орыс князьдеріне қарсы атақты ұрысқа қатысқан: «Екі тарап та көп әскерінен айырылды. Қан сел болып аққаны соншалық, аттың үзеңгісіне дейін жетті».44Қалқа түбіндегі орыс князьдері мен қыпшақтардың бірлескен әскері моңғол әскербасылары Жебе мен Сүбедейге қарсы ұрыс салған 1223 жылы орын алған қанды майдан. Аталған ұрыста моңғол әскербасылары үлкен жеңіске қол жеткізген. Ұрыс барысында 9 князь көз жұмған

Жапон жауынгерлері моңғол атты әскерін шабуылдауда. Жапондық "Моңғол шапқыншылығы туралы шиыршық қағаз" миниатюрасынан, 1293 жыл/Wikimedia commons

Жошы империяның тағына апарар жол өзі үшін жабылғанда қандай сезімде болғанын жеткізу мүмкін емес. Дегенмен Парсы тарихшысы: «Туши (Жошыны осылай атайды) Қыпшақ даласының ауасын жұтып, суын ұрттап көрген соң, төрткүл дүниеде бұдан асқан жер, бұдан таза ауа, бұдан тәтті су, бұдан жақсы шабындық пен жайылым жоғына көз жеткізді»iОсман Жузжани, 13 ғасыр деп жазған. Жошының қыстауы Жетісу жерінде, Қойлы маңайында, қазіргі Жетісу облысы, Талдықорған қаласының төңірегінде орналасқан. Ал жаздық жайлауы, Жошы мазары тұр деп саналатын Ұлытау тауларында болса керек.

Шыңғыс хан, Бөрте және олардың ұлдары. 16 ғасыр соңында салынған миниатюра/Wikimedia commons

Жошы 1225 немесе 1227 жылы бұлыңғыр жағдаяттар барысында қайтыс болған. Дегенмен аңыз бойынша, ол тауда құландарға аңшылыққа шығып, садақ тартқанда аттан құлап кетіп, жұлыны үзіліп кеткен деседі. Бірақ Жошы қайтыс болған соң көп өтпей-ақ, Шағатайдың қолымен әкесі Шыңғыс хан өлтіруге бұйырды деген нұсқа тарап кетті. Өйткені Жошы хан әкесіне қарсы қастандық ұйымдастырып, аңшылық кезінде өлтіруді көздеген делінеді. Бізге жетпеген жылнамалар мен құжаттарға қанық болған, 18 ғасырда өмір сүрген орыс тарихшысы Татищевтің айтуынша, Жошы қыпшақтар мен орыс князьдерінің бірлескен әскеріне қарсы Қалқа шайқасында қаза тапқан.

Жошы хан кесенесі/Wikimedia commons

Ұлытау облысында орналасқан, «Жошының мазары» ретінде белгілі қорымда, шын мәнінде Жошы жатпауы да мүмкін. Заманауи зерттеушілердің дерегі бойынша, аталған мазар Жошы ұлысындағы билеуші тап ислам дінін қабылдап қойған 14 ғасырға тиесілі. Жеті атасынан бері келе жатқан дәстүр бойынша, Жошы өзін жасырын мекенге жерлеуді өсиет етуі бек-мүмкін. Айталық, ұлынан кейін қаза тапқан Шыңғыс хан, өзін жерлеген жердің үстінен мың жылқы таптап өтіп, із қалдырмауын өсиет етіп қалдырған.

Жошының баласы Бату немесе орыс дереккөздері бойынша Батый (1255 жылы қайтыс болған) ұлыстың иелігін Солтүстік-Батысқа қарай созған: Еділ маңы, Киев және Владимир (сондай-ақ ол шақта аса танымал емес, Владимир жерінде орналасқан кішігірім Мәскеу қаласын) князьдігін қоса алғанда, Ежелгі Орыс жерінің басым бөлігін, Кавказ, Қырым және Қара теңіздің солтүстік аймағы мен Дунайға дейінгі аралықты жаулап алды. Шығыс жақта Жошы ұрпағының атының тұяғы оңтүстік Сібірге дейін жетті. Бату тұсында Жошы ұлысы Моңғол империясының құрамына кіргенімен, келешекте құрылатын Алтын Орда империясының негізін салушы Бату десек қателеспейміз.

Бату хан. Марко Полоның «Әлемнің әралуандығы туралы кітап» басылымынан сурет. 1871 жыл/Wikimedia commons

АЛТЫН ОРДА ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

Тарихшылар Жошы Ұлысынiмоңғолша Зучийн улс қалыптасқан дәстүр бойынша «Алтын Орда» деп атайды. Аталған атау бертін келе пайда болған және орыс дереккөздерінде тек 16 ғасырдың орта тұсына қарай кездеседі. Ол шақта Жошы ұрпағы қалаған мемлекеттің ыдырап кеткеніне бір ғасырдай уақыт болған. Дегенмен «Алтын Орда» термині 13–14 ғасырларда қолданысқа еніп бастаған.

«Орда» — түркі тілінде қоныс немесе тайпаның және оның көсемінің тұрағын білдіретін атау. Ал осы бір Орданың қай уақытта алтын болып кеткені белгісіз. Батуды еуропалықтардың арасында алғаш көрген италиялық саяхатшы Плано Карпини (1246 жыл) дерегі бойынша, оның шатыры «ертеректе Венгер короліне тиесілі болған зығыр матадан тігілген». Бірақ 14 ғасырда Өзбек ханның тұрағын өз көзімен көрген атақты араб саяхатшысы Ибн Баттут, оның шатырының төбесі «айрықша көмкерілген», «алтын түстес» болғанын тамсана сипаттаған: «Ханның үйі алтын жапырақтармен сәнделген керегелерден тұрғызылған. Оның қақ ортасында күміспен күптелген және алтынмен апталған тақ тұр; тақтың аяғы таза күмістен жасалған, ал төбе жағы қымбат тастармен безендірілген». Аталған тақта ханның өзі отырған және екі жағында екі-екіден төрт әйелі жайғасқан. Соған қарағанда Өзбек ханның алтын тағы негізінен бес адам емін-еркін сыйып кететін үлкен диван немесе орындыққа ұқсаған тәрізді.

Шыңғыс хан тақта отыр. 15 ғасырда салынған парсы миниатюрасы/Wikimedia commons

Осы тұста исламды ұстанатын Шығыс пен христиандық Батыста ол заманда оң қабылдана бермейтін, Алтын Ордадағы ханшалардың дәрежесіне мән берген жөн. Бұған қатысты Ибн Баттут өз еңбегінде: «Бұл өлкеде әйелдерге шексіз құрмет көрсетілетініне куә болдым. Мұнда әйелдер еркектерге қарағанда қадірлі» деп жазған. Ордадағы әйелдер, шынтуайтында гаремге қамалған немесе паранжа таққан шығыс сылқымдарының таптаурын сипаттамасына мүлдем керағар тұлғалар. Айталық олар мемлекеттік маңызы бар істер мен түрлі шараларға араласып отырған. Әйелдердің аталған мемлекеттің тарихында маңызды әрі дербес рөлі болған және империя тағдырына қатысты тағдыршешті шешімді де әйел қабылдаған. Ол жөнінде уақыты келгенде сөз ететін боламыз.

«Алтын» — сол шақтағы тарихшылар Жошы ұрпағына байланысты қолданған жалғыз түс емес. Әскери дәстүр бойынша Жошы ұлысы әрқайсының өз түсі болған оң және сол қанатқа бөлінген. Тарихшылар қай қанатты Ақ Орда және Көк Орда деп аталғанына қатысты әліге дейін дауласып келеді. Кейбірі Жошы ұлысының Батудың ағасы, Жошының үлкен ұлы Орда ЕженiОның есімі моңғол тілінде Орданың қожасы деген мағына береді билік құрған шығыстағы қанаты, яғни сол қанаты Ақ Орда болды деп санайды.

Тоғыз ақ туға тағызым ету рәсімі/ашық дереккөзден алынған

Батудан айырмасы — Орда Ежен ешқашан билікке құмарлығымен көзге түспеген және інісіне тақты өз еркімен босатып берген. Орда Еженнің ұрпақтары өз ұлысының хандарын өздері құрылтайiмоңғолдар мен түркілер жиналысты осылай атаған арқылы сайлап отырған және Батудың ұрпағы олардың ішкі ісіне мүлдем мұрнын тықпаған; дегенмен ортақ жорықтар кезінде Алтын Орда Ақ Орданың қолдауына ие болып отырған. Орда Еженнің әскері 50 мыңға дейін жеткен. Бұл — айтарлықтай үлкен күш.

Қос қанаттың арасындағы шегара шамамен Жайық (Орал) өзені арқылы бөлінді. Демек бұл заманауи Қазақстанның территориясының басым бөлігі Ақ Орда құрамында болды деген сөз және ұлыстың астанасы бастапқыда Балқаш көлінің маңайында орналасса, кейінірек Сырдария өзенінің жағасындағы Сығанақ қаласына ауысқан. Осының бәрі Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясын Ақорда деп атауға негіз болды.

Қазақбай Әжібекұлы «Кағанат», «Құрылтай»/e-history.kz

Қалай болмасын, ресми түрде Алтын Орда Жошы Ұлысы немесе Ұлы Ұлыс деп аталған және 13 ғасырдың орта тұсына қарай аталған мемлекет сол кездегі Еуропадағы ең алып империя болған. Сол заманда өмір сүрген шетелдік саяхатшылар Жошы Ұлысын тек «Орда» я «Дешті Қыпшақ», яғни Қыпшақ, Пешенек, Құмық даласы (еуропалықтарға ертеден жақсы таныс болған тайпа атауларымен) деп қана атаған. Сондай-ақ түркінің үлкен тайпасының атауына байланысты «Татар» деп те таңбалағандар кездеседі. Оның үстіне Батыста «Татарларды» әдетте мифке айналған «Тартариямен» жиі сәйкестендіреді. Ежелгі гректер өздерінің тозағын Тартар деп атаған көрінеді. Аталған қатерлі аллегорияға таңданудың қажеті де жоқ. Өйткені Батыс Еуропаны үрей құрсауына түсірген жабайы жаулаушылардың беделі жақсы болмағаны анық.

А. Ортелий атласы. Ресей, Мәскеу және Тартарияның сипаттамасы. Антверпен, 1592 жыл/Wikimedia commons

БАТУДЫҢ СИПАТЫ

Құдіретті мемлекеттің негізін қалаған Батуға қатысты мардымды деректер жоқ. Плано Карпини жолдастарымен бірге ханның қабылдауына кірер алдында «екі оттың ортасынан өтіп, егер ханымызға қарсы қандай да бір қастандықты ойласаңыз немесе уламақ болсаңыз, от бәрін тазартады» деп тексергені жөнінде жазған. Сондай-ақ саяхатшыларға киіз үйдің табалдырығын басуға қатаң тиым салған, басатын болса, өлімге кесілетіні ескертілген.

Князь Михаил мен бояр Феодор Черниговскийдің азапталуы. Авторы: Костылев Дмитрий. 1999 жыл/artnow.ru

Ұлы ханмен жолығу алдындағы осындай әзірліктен кейін, біз ханның түр-тұлғасына қатысты жан-жақты баянды күтеріміз анық. Бірақ олай болмай шықты. Не Плано Карпини үрейленіп ханның түрін анық көре алмаған, я одан қатты көңілі қалған. Ол тек Бату немесе басқа ханзадалар ішкенде, олардың алдына әншілер шығып ән салып не «гитарада ойнайтынын» атап өткен. Сондай-ақ хан арлы-берлі қозғалғанда, «қызметшілер күн өтіп кетпес үшін үнемі қалқан я найзаға қадалған шатыр ұстап жүретіні» айтылған. Қалған сипаттамалар жаттанды дүние: «Бату өз халқына аса мейірімді болғанына қарамастан, жұрт одан қатты қорқады», ұрыста қатігез, қу әрі көреген қолбасшы. Шалғай жерге сапар шегіп, осы іспеттес қысқа түйінделген сипаттамамен ғана шектелу орынды іс пе?!

Құлағу хан өз әскерімен. 15 ғасырда салынған парсы миниатюрасы/Wikimedia commons

Өзге бір саяхатшы, Гильом де Рубрук, басқаларына қарағанда ұсақ-түйекке мән беретін болып шықты. Оның айтуынша, Бату хан алтын жалатылған ложа секілді жалпақ тақтада «әйелімен» бірге отырған, бәлкім, бұл оның бәйбішесі Барақшын болса керек (осы есімді есіңізде сақтаңыз). Ханның қалған тоқалдары мен өзге ер адамдар «әр жерге бір молдас құрған». Рубрук пен Бату бір-біріне біршама уақыт қарайлап отырған. Оның сипаттауынша: «Ханның бойы марқұм болған (жаны жанатта болсын!) Жана де Бомон мырзамен шамалас болып қалатын тәрізді. Ханның бетін түгел қызыл дақ басқан». Өкінішке қарай, біздің қолымызда француз королі IX Людовиктің (1226–1270)iӘулие IX Людовик, Францияның королі рыцары әрі крест жорығына қатысқан Жана де Бомон мырзаның түр-тұлғасына қатысты ешқандай дерек жоқ. Аталған теңеуге қарап не Бату қортық я сұңғыла бойлы болды деп жорамалдаймыз. Тек ортаң бойлы адам болмағаны анық. Өйтпеген жағдайда Рубрук дәл солай сипаттар еді.

Бетін қызыл дақ басқан, қортық не алып адам. Біздің Орта ғасырлық Еуропадағы ең үлкен империяның негізін қалаған адамның түр-тұлғасына қатысты білеріміз осы ғана.

Александр Невский Бату ханнан Ресейді аяуды өтінуде. XIX ғасырдың аяғы/Ресей мемлекеттік кітапханасы

ИМПЕРИЯНЫ САҚТАП ТҰРУ — ОҢАЙ ШАРУА ЕМЕС

Мәшһүр болған кітаптардан, Шыңғыс хан басына алтын табақ қойған қыз бір теңізден келесі теңізге дейін созылып жатқан империясының алып аймағын табақ үшінде, ары үшінде алаңдамай емін-еркін жүріп өте алатындай бейбіт заманды армандағаны айтылады. Өкінішке қарай, аталған әдеби образдың Шыңғыс ханға еш қатысы жоқ. Бұл бертін келе шыққан аңыз, дегенмен аталған сипаттамада түрлі халықтар арасында ешқандай да шекара жоқ, біріңғай заңдар аясында және барлық тұрғын тыныштық пен бейбіт өмірдің рақатын сезе алған алып империяның идеясы көрініс тауып отыр.

Шапқыншылық барысында қан көп төгілгеніне қарамастан, моңғолдар (оның ішінде Жошы Ұлысының билеушілері де бар) сауда жолдарының қауіпсіздігіне аса мән берген. 13 ғасырдан бастап Жошылықтар италиялық Генуя республикасының маңызды серіктесіне айналды. Көшпелі дала мен қалалық Италияның, хандар мен демократияның осы бір оғаш көрінген альянсы кейінгі орта ғасырдағы еуразиялық экономиканың өзегіне айналды.

Ежелгі уақыттарда империяны құру, сақтап тұрудан гөрі қиын іс болған. Ал Еуропа жеріндегі ең алып мемлекет саналған Жошы Ұлысы, астанасы Қарақорым болған Моңғол империясының бір провинциясы ғана. Бірақ ұшақ, пойыз бен автокөліктер былай тұрсын, ешқандай да телефон немесе электрондық пошта жоқ заманда мұндай алып империяны басқару қиынға соққаны анық. Ұлыстар бір-бірінен тым алыс орналасқан.

Қарақорымдағы сарай және Күміс субұрқақ. 19 ғасыр нақышы/Bridgeman Images

13 ғасырда саяхатшы Гильом де Рубрук Моңғол империясының астанасы Қарақорымнан Батудың қонысына Еділ өзені арқылы жеткен. Алыс жолды еңсеруге саяхатшы 2 ай, 10 күн уақыт жоғалтқан. Осы жолда Рубрук бірде бір қаланы, я қандай да бір ғимараттың ізін де көрмегенін айтқан. Жол-жөнекей оларға кілең мазарлар мен жалғыз қыстақ ұшырасқан көрінеді. Ол сондай-ақ тоя тамақ жемегенін және тіптен, аштықтан я шөлден өлім құшайын деп қалғанын да мәлімдеген. Соған қарамастан, Рубрук сол кезеңдегі өлшем бойынша көз ілеспес жылдамдықпен қозғалған.

Осы жолды ертеректе жүріп өткен өзге бір саяхатшы (Плано Карпини), аталған сапар қарашаның ортасынан бастап, мамыр айының басына дейін, қыс біткенше, яғни бес айға жуық уақыт созылғанын баяндаған. Айталық ол жол үстінде қарда да, шөлде де, «бірде-бір ағаш өспейтін жазық далада; кейде тек аяқпен ғана тарпып ашқан» орындарда ұйықтағанын сипаттаған. Жел ұйытқып соққан күндері саяхатшыларды қар басып қалған. Осындай жағдайда алып империяны басқару мүмкін бе?!

Н. Рерих. Шыңғыс хан (Салт атты). 1945 жыл/Alamy

Моңғолдар империяның ең осал тұсы — алыс қашықтық екенін жақсы түсінген. Сондықтан олар о бастан, әр 30–50 шақырым сайын, Қытайдан Анадолыға дейінгі аралықты қамтитын пошта аялдамаларының жүйесін соғумен айналысқан. Марко Полоның55Марко Поло (1254–1324)iҚытайға саяхатқа барып, кері оралған, нәтижесінде «Әлемнің алуандығы жөніндегі кітапты» жазып шыққан атақты венециялық саяхатшы айтуынша, шабарман мен аттарды ұдайы алмастырып отыру арқылы, моңғолдар бір күнде 500 шақырым қашықтыққа хабар жеткізе алған. Тек Қытайдың өзінде 5 мың ат және 6000 қайықпен жабдықталған 1400-ге жуық аялдама болған. Империя ыдыраған соң да, моңғолдардың пошта жүйесін Қытай, Иран мен Мәскеу князьдігі жүздеген жыл пайдаланып келген. Ресейде «ямщик» сөзі (түркі тілінде пошта шабарманы), «яма», яғни «аялдама» және «аялдама қарауылы» ұғымдары көркем әдебиет пен фольклорға мықтап тұрып енді. Дегенмен әрбір мәселе бойынша (басқару ісінде айына ондаған сұрақ туындайды) күніне 500 шақырымға ат шаптыра бермесіңіз анық.

Моңғол хабаршысы Гоби шөл даласы арқылы хат алып бара жатыр/bridgemanimages.com

Әлбетте, Моңғол империясы орталықтанған мемлекет ретінде құрылған емес, бұл негізінен ұлыстар автономды болған көп құрамды империя. Бастапқыда Шыңғыс ханның ұлдары мен немерелері «Ұлы империя» деп аталатын ойынның ережесін сақтағанымен, көп өтпей өзара қырқысып, тіптен бір-бірімен соғысып кетті. Жошылықтар таққа таласта жеңіліс тапқан үміткерге болысып, қате таңдау жасағанымен, қарымтасына алып империясын орталық биліктен оқшаулай алды. 13 ғасырдың 60 жылдарынан бастап, Алтын Орданы толықтай егеменді империяға айналды деуге болады.

Н. Рерих. Моңғолия. 1938 жыл/Рерих мұражайы

Моңғолдардың көзқарасы бойынша, Қазақ даласы жайылымдық жерлерінің көптігіне байланысты империяның ең шұрайлы бөлігі саналған. Бірақ кез келген басқа ұлт өкіліне салсаңыз, бұл өлке империяның қалалары көп, халық көп шоғырланған ұлыстарымен салыстырғанда құнарсыз әрі кедей аймақ көрінері анық. Соған қарамастан Жошы Ұлысы ең төзімді жүйе ретінде танылып, ғұмыры ұлы ханның өзге ұлдары мен немерелерінің ұлыстарынан ұзақ болды: Орталық Азияның ежелгі әрі бай құнарлы жерлерін иемденген Шағатай ұлысынан, Таяу Шығысты, Кіші Азияның бір бөлігін, Күнгей Кавказ бен Ауғаныстан және Парсы жерін бағындырған Құлағу ұлысынан, сондай-ақ Қытайды басып алып, онда Юань империясын құрған Төле ұлысынан өміршең болды. Бұл империялардың барлығы дерлік 14 ғасырдың ортасына қарай ыдырап кетті. Ал Жошы Ұлысы, керісінше, осы кезеңде бар қуатын бойына жиған болатын.

Ағайынды Руэрг. Константинополь керуені. 1855/Wikimedia commons

Мұндай төзімділік ғайыптан орнаған бақ емес. Кедей әрі халық аз шоғырланған Жошы Ұлысында құдіретті жергілікті ақсүйектер, ежелден жалғасып келе жатқан дәстүрі бар ықпалды бюрократия болмады, сондықтан мұнда аймақтағы жалғыз ең бай әрі күшті ойыншы ретінде хандар ғана әрекет етті. 14 ғасырдың екінші жартысында орталық және жергілікті ақсүйектердің өрістеуіне және Жошы Ұлысындағы хан тұқымының санының шамадан тыс өсіп кетуіне байланысты империя орыс дереккөздері «Алапат бүлік» деп атау берген сансыз көп қастандық пен төңкерістер кезеңі орнады. Ішкі алауыздықтарға байланысты әлсіреген Алтын Орда, Әмір Темірдің (1336–1405) соққысына төтеп бере алмай, 15 ғасырда ыдырап тынды. Империяның үйіндісінің үстіне, өте шағын хандықтар бой көтерді, оның ішінде Қазақ хандығы да бар (1465 ж.).

ЕЛ МЕН ОНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ

14 ғасырда Алтын Орда империясы гүлденген шақта халқының саны 15 млн адамға дейін жетті деген дерек бар. Бұл кез келген Еуропалық мемлекеттен көп көрсеткіш. Бірақ Моңғол империясы секілді, мұнда да халықтың тығыздығы өте төмен. Жоғарыда сөз еткен саяхатшы Гильом де Рубрук, Қырымның Судак қаласынан түсіп, Еділге қарай аттанған. Екі айға жуық жол жүрген саяхатшы аталған сапарын: «біздің үйде я шатырда қонған кезіміз жоқ. Үнемі ашық аспан астында не арбаның түбінде түнедік және жол-жөнекей ешқандай қыстақ я қандай да бір ғимаратты ұшыратпадық» деп сипаттаған. Саяхатшының көзіне шалған нысан қыпшақтардың қорғандары ғана.

Н. К. Рерих. Шөл қорғаушысы. 1941 ж. Ю. Н. Рерихтің жинағынан. Орналасқан жері белгісіз

Аталған алып мемлекеттің кең даласы мен көз талдыратын бірыңғай тақыр жері көптеген саяхатшының естеліктерінде қайталанады, әсіресе, таулар мен аңғарлар таусылмайтын, қайда барсаң да адамдар қоныс теуіп, егін салып еңбек еткен, тығыз орналасқан қалалардың тас қабырғалары бой көтеріп, тал-дарақпен және тағы да өзге қала қабырғаларымен тұтасып кеткен, тіптен құздың өзіне жүзім мен зәйтүн ағаштары байланған Батыс Еуропадан келгендер үшін бұл алқап тым қораш көрінеді. Даладан бәрі басқаша орналасқан. Мұнда бір елді мекеннің өзі, құдды бір, жолаушымен ұзақ күн, апталап, тіптен айлап ілесіп жүргендей сезіледі, көңілді алаңдатар ештеңе де жоқ және жол үстінде ішіңді пыстырмайды.

Дегенмен Батыс пен Шығыстың айырмасы тек қолы бос саяхатшының сауық құрып я құра алмауында ғана жатқан жоқ. Айталық батыстың табиғи алуандығы адам я табыс көзі үшін бір-бірімен ұдайы бәсекеге түскен, салыстырмалы түрде кішігірім мемлекеттердің өздігінен туындауына сеп болған. Сондықтан аталған мемлекеттердің ешбірі ұзақ уақыт бойына қол астындағы халықтың қаржысыз көл-көсір байлыққа қол жеткізе алмағандықтан, олармен санасуға мәжбүр болған. Халықтың тығыз орналасуы төменгі дәрежеде бәсекені арттырып, нәтижесінде инновациялық өрлеу қарқынды түрде жүрген. Осының бәрі қарсы тараптың мүддесімен өз мүддесін сәтті үйлестіре білген және биліктің шектен шыққан қысымынан заңдардың көмегімен, қоғамның тұтасу мен қасақана ұйымдастырған бүлік немесе тіптен қарулы қақтығыстар арқылы қорғана алатын күрделі қауымдастықтарды тудырды.

Qalam редакциясы

Ал кең далаға тарыдай шашылған, бір-бірінен шалғай қоныс тепкен дала халқы болса экстенсивті шаруашылықты місе тұтты және ең бастысы, билеушінің әскери күшінің алдында мүлдем дәрменсіз болды. Оның үстіне дала билеушісі қол астындағы халыққа тәуелді болмады, өйткені ол кірісінің басым бөлігін жорықтардан я салықтан алып отырды. Алайда Азияның бұл бөлігін мүлдем дәрменсіз деп қорытынды жасауға да болмайды. Мұндағы биліктің құрығы қысқа. Мұнда қамал түрінде бой көтерген әрбір ауыл аймақты, монастырь немесе қаланы оңай бақылауында ұстаған Батыстағы билеушіге қарағанда, хан сарайы тым шалғайда орналасты. Соған байланысты, бәлкім, дала халқы өзін толықтай еркін адам сезінсе керек. Сондықтан дала адамының егер билік аяқ-асты тақыр жерден шаң-тозаңның арасынан ғайыптан пайда болып, көк аспан мен күннің бетін көлегейлеп қалар зұлымдығын танытса, бас сауғалай алар мүмкіндігі де жоқ.

Николай Рерих. Қыпшақ тұрағы. 1908 жыл/Мемлекеттік Третьяков галереясы

13 ғасырда Алтын Ордадағы моңғол ақсүйектері тәңірлік діндерінде қала берді, бірақ билеушілер кез келген дінді ұстануға рұқсат еткен Шыңғыс ханның дәстүрін әрмен қарай жалғады. Хан сарайында құрметке бөленген батыс саяхатшылары (дінбасылар, Плано Карпини мен Гильом де Рубрук) осы сөзімізге дәлел бола алады. Осы тұста аталған саяхатшылардың сырт-келбеті алба-жұлбасы шыққан кедейге ұқсағанын тілге тиек еткен жөн. Екі саяхатшы да францискандық монақтар болғандықтан күнделікті өмірде беліне жіп байланған сұр тұсты қапшықтан тігілген мантияны және аяғына қарапайым сандали киген. Соған қарамастан хандар мен ақсүйектер оларға қарап жерінбеген.

Джотто Ди Бондоне, Ассизи Францискі. 14 ғасырдың басы/Wikimedia commons

Жошы ұлысына басқа ұлыстармен салыстырғанда моңғолдар аз қоныстанды. Рашид ад-Диннің66Рашид ад-Дин 13 ғасырдың басы мен 14 ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы әрі мемлекет қайраткері айтуынша, моңғол әскерінен Жошы ұлысына тек төрт мың сарбаз ғана бөлінген. Түркі халықтарының арасында қалған хан, әскери жорықтары үшін түмен сапын жергілікті тайпа өкілдерімен толтырды. Моңғолдар айналасы бір ғасырдың ішінде қыпшақ, бұлғар, башқұрт және өзге де халықтармен сіңісіп кетті. 14 ғасырдың ортасына қарай Жошы ұлысындағы ресми құжатнама моңғол тілінен түрік тіліне ауысқан және содан бері түрік тілі Азия құрлығындағы халықаралық байланыс тіліне айналған.

Тәңір/ашық дереккөзден алынған

МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМЫ

Жошылықтардың билігі жалпы алғанда Шыңғыс ханның құдіретті беделінен тамыр тартты. Сенім бойынша, ұлы ханның ұрпағы, «алтын ұрықтың» өкілдері құдіретті күш саналған Көк Тәңірі мен Жердің алқауына ие болған. Бүкіл Алтын Орда жері Жошы тұқымының иелігі ретінде саналып, оның он төрт баласы өзара бөліске түскен. Дегенмен аталған иеліктерді үлестіру ханның құзырындағы іс болған. Хан өзінің туыстары мен орыс князьдері секілді вассалдық билеушілеріне түрлі жарлықтардыiтүркі және моңғол тілінде «бұйрық» деген мағынаны беретін, билеуге берілетін немесе арнаулы құзыреттер беретін сенім грамотасы шығарып отырды.

Моңғол дәстүрі бойынша ел әскер ретінде қарастырылып, сарбаз санына қарай әскери өлкелерге бөлінген. Аталған өлкелер өз кезегінде әскерді: түмен (он мың сарбаз), мыңдық, жүздік пен ондықтарға бөлуге міндеттелген. Моңғолдардың әскери құрылымы көптеген көне этностар, тайпалар мен дала әулеттері араласып кеткен балқытпа қазандыққа айналды. Осылайша горизонталды байланыстар мен бірегейліктердің су жаңа жүйелері қалыптасты. Оларды тек «күн нұрынан туған» Шыңғыс ханның ұрпақтарының алдында бас иіп, бағынғаны ғана біріктірді.

Уақыт өте келе аталған әскери құрылымдар жошылықтардың жүздіктері, мыңдықтары мен түмендерін өздерінің арғы атасы ретінде таныған жаңа тайпалар мен руларға айналды. Аталған тайпалық құрылымға сенім артқан Жошы ұрпағы, тіптен Алтын Орда ыдыраған соң да өз билігін сақтап қалды. Қазақ даласы Модерн дәуіріi18-19 ғасырларда орнаған, әдетте, индустриалдық революция мен Ағарту дәуірімен байланыстырылатын Жаңа уақыттың басқа атауы орнаған 19 ғасырға дейін Шығыс ханның культін сақтап келген соңғы мемлекет болды. Дала халқының арасында Шыңғыс хан тарих оқулығында көрініс тапқан жай кейіпкер емес, тірі аруақ ретінде құрметтелді.

Қытайдағы муралда бейнеленген Шыңғыс хан (Ішкі Моңғолия)/Alamy

Моңғолдардың әскери жүйесі орыс князьдерінің отырықшы жерлеріне де тарады. Дегенмен мұнда моңғолдар өз уақытында Қытай шенеуніктерінен үйренген жаңашылдыққа иек артты. 1250-жылдардың екінші жартысында әскерге алынатын адамның саны мен салықты дұрыс есептеу үшін Орыс халқының арасында санақ жүргізді. Сосын Орыс жері де түмендерге бөлінді. Орыс сарбаздары да Орданың әскери жорықтарынан қалыс қалған емес, бірақ Жошы ұрпағын, ең алдымен, аталған аймақтан түсетін күміс пен әртүрлі салықтар қызықтырды.

Хан кеңесі басында бір беклербек тұрған төрт қараша-бектен тұрды. Аталған бектер Ұлыс ішіндегі ықпалды топтардың өкілдері болды. Орданың батыс бөлігінде аталған кеңесті іс жүзінде моңғолдардың өкілетті органы құрылтай алмастырып отырды. Дегенмен бектер кеңесі мүлдем болмады деп айта алмаймыз. Беклербек пен қараша-бектер өз кезегінде, әскери министр мен Бас штабтың қызметін атқарды. Дегенмен басқару қиындықтарына байланысты ұлыс ішінде басқа бір әкімшілік пирамида қалыптаса бастады.

Дуан мәжілісі. Ортағасырлық миниатюра/MeisterDrucke

Моңғолдардың жетістігі көбіне-көп соғыстағы ерлігіне байланысты, дегенмен олардың саяси кемеңгерлігін ұмытпаған жөн. Әкімшілік тәжірибесі болмаса да, олар жаулап алған халықтардың мемлекеттік құрылымын жылдам іс жүзінде қолдана бастады. Моңғолдар халық санағын жүргізу сынды әкімшілік басқарудағы ілгері технологияларға иек артумен ғана шектелмей, сондай-ақ жергілікті шенеуніктерге лайықты ақысын берген. Әскери тапсырмаларға байланысы жоқ, таза азаматтық басқару мен жаңа аппараттың негізін қалаған Ұлысқа қарасты Хорезмнен шыққан талантты тұлғалар, Жошы ұрпағы билігінің тірегіне айналды. Солардың ықпалымен Ұлыс астанасы Сарай қаласында уәзір мен дуиан, яғни премьер-министр мен үкімет пайда болды. Беклербек пен қараша-бектен айырмасы, уәзір мен диуан бейбіт істермен айналысып, салық жүйесі мен кедендік баждарды жасақтап, кірістерді үлестірді. Жалпақ тілмен айтқанда, олар империяның қалалары мен халық тығыз орналасқан аймақтарының мәселесімен айналасты.

Орда Хорезмнен мирас етіп алған исламдық басқару жүйесінің ауқымды қытайлық шенеуніктер жүйесінен артықшылығы, қарапайымдығы және арзандығымен айрықшаланады. Сондықтан Жошы ұрпағы жаулап алған Орыс халқынан салықты жинау қауіпті әрі шығын көп тірлік екенін түсінген соң, олар бастапқы кезде бұл істі арнаулы салық жинаушыларға тапсырып, ал сосын жергілікті халықпен кикілжіңдер орнамас үшін, машақаты көп жұмысты аймақтың князінің мойнына артты. Князьдер өз халқымен келісімге оңай келгендіктен, артық шығын шықпайды. Бастапқыда аталған жүйе мінсіз жұмыс істеп тұрғанымен, ақырында бұл шешім Мәскеу князьдеріне дербес империясын құруға жол ашып берді. Бірақ бұл басқа әңгіме.

С. В. Иванов. Басқақтар. 1909. Репродукция/РИА Новости

КӨШПЕЛІ ҚАЛАЛАР

Қытай немесе Парсы жерімен салыстырғанда Жошы ұлысында қала көп болмады. Сондықтан басқыншы халық мұнда дәстүрлі көшпелі өмір салтын сақтап қала алды. Орданың Батысында да және Шығысында да хан әулеті жазда солтүстікке қарай жайлауға, ал қыста оңтүстіктегі қыстауға көшіп отырды. Ұлыстың Шығыс қанаты жазда Қазақстанның солтүстіктегі жазығын жайласа, қыста Сырдария алабында қоныс тепті. Ұлыстың Батыс қанаты болса, жазда бұрынғы Еділ Бұлғариясында және «Жабайы даланың» солтүстік өлкесін жайлаған.

Көшпелі халықтар мен билеушілерінің үдере көшкен әрекеті шетелдіктердің таңдасын тудырған. Мәселен, Рубрук ордалықтардың үйлерін, яғни шатырларын немесе киіз үйлерін жинап, әрқайсысын 22 өгіз тартқан арбаға жегіп отыратыны жазған. Мұндай арбаның осі кеме желкенінің алдыңғы құрылымына қатты ұқсайды. Тұрмыстық заттар мен қымбат бұйымдарды олар арнайы сандықтарға салып, сандықты түйелерге өңгеріп, нықтап тұрып бекіткен. Бақуатты моңғолдың дүниесі сандық артқан 100 немесе 200 түйеге дейін жетіп отырған. Тек Бату ханның өзінде, күтуші қыздарға арналған кіші киіз үйлерді ескермегенде, әрқайсына үлкен үйден бөлінген 26 әйелі болған. Аталған әйелдерінің әр үйіне түрлі қымбат заттар салынған сандықтар артылған 200 түйеден қосыңыз. Мұндай керуеннің шетіне көз жетпесі анық.

Бату ханның Еділдегі қонысына келген Рубрук, «үрейі ұшқанын» мойындаған. Оның алдынан түрлі халықтар қоныстанған, ұзындығы 3 немесе 4 льеге созылып жатқан сансыз шатырлар шыққан. Аталған француздық өлшем жүргінші бір жарым сағатта еңсеретін аралыққа пара-пар. Егер осы есеп дұрыс болса, онда Батудың қонысы, шамамен, 1520 шақырымға дейін созылды деген сөз.

80-жылдан кейінде ештеңе өзгермеген. Жоғарыда сөз еткен, ұлыс өркендеуінің шегіне жеткен заманда Өзбек ханның көшін өз көзімен көрген Ибн Баттут, аталған оқиғаны: «Біз тұрғындарымен бірге жылжыған үлкен қаланы көрдік; ол қалада мешіт те, базар да, мұржасынан түтін будақтаған асхана да бар: олар аттар сүйреген арба үстіндегі киіз үйде жолда жүріп бара жатып та ас пісіре береді. Аталған көш межелеген орынға жеткенде, киіз үйді арбадан түсіріп, жерге қояды. Өйткені олардың үйлері өте жеңіл. Мешіттер мен дүңгіршектерін де осылай алып жүре алады» деп сипаттаған.

Көшпенділер/ашық дереккөзден алынған

ДАЛАЛЫҚ МЕГАПОЛИС

Дегенмен үлкен мемлекет құру үшін империяға жауланып алған елдерден келетін алымдар мен сауда керуендері, вассал билеушілер мен елшілер келіп тұрақтайтын әкімшілік ғимараттар орналасқан отырықшы қалалар қажет. Орданың Хорезм, Молдавия, Қырым, Еділ Бұлғариясы мен орыс князьдіктерінде қалалар көп шоғырланды. Аталған өлкелерде қалалық өркениеттер өркендей берді. Сондай-ақ дала атырабында, әсіресе, маңызды сауда жолдарының қалтарыстарында жаңа қалалар бой көтерді. Археологтардың дерегі бойынша, Жошы Ұлысында бас-аяғы 110 қала болған көрінеді. Империяның астанасы империяның ең басты қаласы саналған.

Эжен Фланден. Исфаһандағы Керуен-сарай. 1851 © public domain

Бастапқыда Бату қазіргі Татарстан жерінде орналасқан, Еділ Бұлғарлары жаулап алған Болгардың бұрынғы астанасына тұрақтаса, кейінірек империяның орталығын 1254 жылы Еділдің төменгі сағасындағы Сарай-Батуға қарай жылжытты. Сарай-Батудың әрмен қарайғы тағдырына қатысты тарихшылар арасында бірізді пікір жоқ. Кейбір тарихшылар, Батудың немере інісі Берке хан (1256-1266) империя астанасын Сарай-әл-Махрусқа (Құдай сақтаған сарай) немесе жай ғана Сарай-Беркеге ауыстырды десе, кейбірі жаңа сарайларды қосып, бұрынғы астананы сақтап қалды деп санайды. Тарихшылардың тұжыруынша, аталған қала Астрахан облысындағы Селитренное қалашығының орнында тұрған.

Сарай-Бату. Астрахан облысындағы заманауи реконструкция/Shutterstock

Сарай аз уақыттың ішінде Азиядағы ғана емес, сондай-ақ Еуропадағы ең үлкен мегаполиске айналды. Жорамал бойынша, Константинополь мен Парижден де ауқымды болған. Тарихшылардың есебі бойынша, қала халқының саны шамамен 100 мыңға дейін жеткен. Қала құрылымын жақсы білген Ибн Баттут Сарайды: «Тегіс жерде бой көтерген, іші адамға толған, ауқымына көз жетпейтін, көркі таңдай қақтырарлық, базарлары мен кең көшелері бар қала» деп сипаттаған. Соған қарағанда қаланың ауқымы тәжірибелі саяхатшыны шын мәнінде таңдандырған тәрізді. Өйткені Ибн Баттут күн шыққанда қаланың бір шетінен екінші шетіне қарай аттанып, түске қарай бірақ жеткенін бүге-шүгесіне дейін баян еткен. Намазын оқып болған соң кері жолға шыққан ол үйіне күн батқанда бірақ келген. Ибн Баттут: «Қалада қатар тізілген үйлер көп, мұнда бос жатқан жер, бірде-бір бау-бақша жоқ» деп тамсана сипаттаған (дегенмен оған бау-бақшалар неге жақпай қалғаны белгісіз?!).

Жан Леон Жером. Каир көрінісі. 19 ғасырдың аяғы/bridgemanimages.com

Ол қаладан бас-аяғы 13 мешітті көрген және көптеген этностық топтарды (моңғол, ас, қыпшақ, шеркес, орыс, византиялықтар) кезіктірген. Сондай-ақ Сарайда кем дегенде бір христиан храмы болғаны анық. Ал Орда тағына отырған алғашқы мұсылман билеуші болса да, Берке хан 1261 жылы қалада православтық епархияны құруға рұқсат берген. Ибн Баттуттың айтуынша, әр халықтың бөлек тұрақтары мен жеке базарлары болған. Ирак, Мысыр, Сириядан келген көпестер тауарларын (қымбат маталар, кілемдер, дәмдеуіштер мен қолөнер бұйымдары) қорғау үшін дуалмен қоршалған аудандарға келіп жайғасқан.

Семенихин Игорь/"Шығыс базары" сериясынан 2007/artlib.ru

Ибн Баттуттың дерегі бойынша, хан сарайы «Алтыншаш» деп аталған. Бұл Алтын Орданың алтынға қатысты мифіне қосылған тағы бір дерек. Шынтуайтында бұл бас емес, тастың атауы. Тек Ибан Баттут атаудың аудармасынан жаңылысқан, бірақ негізі Алтынбас дегенді меңзесе керек. Солай болған жағдайда, Сарайдың алтынмен қапталған күмбезі, қаптаған мешіт мұнаралары мен шіркеудің күмбезімен көз тартарлық сұлу көрінгені қисынды болмақ.

Ұлы Жібек жолы/HongNian Zhang

Археологиялық қазбалардан, қаланың көптеген ғимараты Үргеніштен келген хорезмдік шеберлердің дәстүрі бойынша жалтыраған қышпен безендірілгені анықталып отыр. Мозаикаларда көгілдір, көк, ақ, сары, кейде алтын түстері басым болған. Сондай-ақ қалада күрделі арықтар мен тоған жүйесі, су құбырлары мен кәріз жүйесі де соғылған. Сарай ішіне жылыту жүйесі де жеткізілген. Дегенмен жауланған елдерден әкелінген көптеген құл-шеберлер, ешқандай жағдай жасалмаған тар үйшіктерде өмір сүрген.

Құл-Шәриф мешіті. Қазан/kul-sharif.com

Ол кезең үшін ең таңғаларлық дүние қала сыртында биік дуалдар тұрғызылмаған. Сарайдың кең көшелері мен алып ауқымын осымен байланыстыруға болады. Шын мәнінде Алтын Орданың құдіретті ханына шабуыл жасауға кімнің дәті барар дейсіз?! Дегенмен осы бір қамсыздығы үшін Жошы Ұлысының астанасы үлкен құн төледі.

Орданың тағы бір маңызды мегаполисі саналған Кіші Сарай немесе Сарайшық қаласы Қазақстанның Солтүстік-Батысында, қазіргі Атырау қаласының маңайында, Хорезмге бастар жолдың бойында орналасты. Аталған Азиядан Еуропаға бастайтын маңызды сауда жолы өтететін ауқымды қала-базардың Жошы ұрпағы үшін мазар ретіндегі маңызы зор. 1396 жылы Әмір Темірдің жорығынан кейін қала қайтадан гүлденіп, тіптен біршама уақыт Ноғай Ордасының* астанасы да атанды.77Ноғай Ордасы15-17 ғасырлар аралығында Еділ мен Жайық өзендерінің арасында Алтын Орда сынықтарынан құрылған мемлекет

Қыш тақташалы әшекей фрагменттері. Сарай-Бату қ. 1980 жылдардағы қазба жұмыстары/ГИМ

ИТАЛИЯҒА ДЕГЕН КӨЗСІЗ ҚҰМАРЛЫҚ

13 ғасырдың 60-жылдары Сирия, Шығыс Иран мен Орталық Азия жерінде Моңғол империясының ұлыстары, сондай-ақ Елхан (Шыңғыс ханның немересі Құлағу ханның ұрпағы Иран мен Таяу Шығыста 13 ғасырдың ортасынан 14 ғасырға дейінгі аралықта құрған Құлағу мемлекетінің басқа атауы) мен мәмлүктердің Мысыр (Мысырда негізінен қыпшақ-құлдарынан құрылған мәмлүктердің әскери бірлестігі (араб тілінен, еріксіз адам ретінде аударылады). Мәмлүктер Мысырдағы билікті жаулап алып (1250 жылдан 1517 жылға дейін билік құрған), империясы арасында үздіксіз соғыстар жүріп жатты. Аталған соғыстар ғасырлар бойына Қытайдан Еуропаға қарай бастаған сауда жолдарының бағытын өзгертуге итермеледі. Нәтижесінде Жібек жолы жабылды. Қанды қақтығыстардың кесірінен ежелгі сауда орталықтары саналған Самарқан, Бұқара, сондай-ақ Сирияның портты қалалары (бұрындары Жібек жолы осы қалалармен тоқтайтын) тоқырады. Сирия жерінен Қытай мен Индияның қымбат тауарлары (дәмдеуіштер мен жібек) Еуропаға қарай кемемен аттанды.

Орталық Азия мен сириялық порттардың оазистерін айналып өту қиын болғанымен, қолдан келетін іс. Керуендер парсы жерлері арқылы Жер орта теңізіне, ал солтүстікке қарай, Жошы ұлысының жерлерімен Отырардан Сырдария өзенінің бойындағы қалаларға, сосын Хорезм, Маңғыстау (Маңғышлақ), Төменгі Еділ мен Қара теңіз порттарына жетеді. Босфор мен Дарданелланы басып өткен соң, тауарлар әрмен қарай Батыс Еуропаға қарай жөнелтіледі.

Сауда керуені/ашық дереккөзден алынған

Осы оқиғалармен қатар, Жер орта теңізінің шығыс бөлігін толықтай бақылауда ұстаған, құдіретті теңіз державасы саналған Венеция да үлкен мәселелерге тап болды. Айталық, 1204 жылы Византияның астанасы Константинопольді талқандаған кресшілердің артында Венеция тұрды. Ал 1261 жылы латиндарды қуып шығып, Константинопольді қайтарып алған Гректер, әлбетте, қазіргі тілмен айтқанда, санкциялардың көмегімен кек алмаққа бекінді. Ең қатаң жаза сириялық порттар үшін балама жол болған Қара теңізде сауда жасауға салынған тыйым болды. Аталған нарықты византиялықтар Венецияның көнеден бері келе жатқан бәсекелесі (өзге бір италиялық теңіз республикасы), шығыспен сауданы жандандыру мүмкіндігінен мәңгілікке айырылып қалғандай көрінген Генуяға берді.

Хиостағы Венециандық галералар. Мозаиканың бөлшегі. Венеция (XIV ғасырдың басы)/Wikimedia commons

Осы тұста екі шет қалған мемлекет (Жошылықтар мен Генуя) бір-бірін тапты. Осылайша Жібек жолының жаңа жолы қалыптасты: қазақ даласы арқылы Қара теңізге жетті. 1266 жылы генуялықтар Қырымда өздерінің Кафа (заманауи Феодосия қаласы) деп аталатын колониясын тұрғызды. Көп өтпей аталған қала, егер Жошы ұрпағы тәж киген болса, тәжіндегі ең сәнді жауһарға болатын, үлкен орталыққа айналды. Қаланы нағыз өркендеген шағында көрген Ибн Баттут: «Каффадағы әскери және жүк тиелген, кіші және үлкен кемелерді қосқанда, саны екі жүзге жетіп жығылады» деп жазған. Бұл тіптен қазіргі өлшеммен қарағанда да тым үлкен сан. Сондықтан «Бұл әлемдегі ең атақты айлақтың бірі» деп сипаттаған жолаушының сөздерін, шамадан тыс әсірелеу дей алмаймыз.

Кафа қамалының батыс қасбеті. К. Кюгельхеннің суреті. 1820/Wikimedia Commons

Әлбетте, венециялықтар қарсыласуға тырысқанымен, бірақ 1298 жылы Курцоле түбіндегі майданда генузиялықтардан жеңіліс тапты. Осы бір ұрыс кезінде біз үшін маңызды тұлға венециялық Марко Поло тұтқынға түсті. Осылайша түрмеде жатып іші пысқан саяхатшы, Қытайға Жібек жолы арқылы жасаған аңызға айналған саяхаты жөнінде баян еткен. Аталған еңбексіз тарихшылардың күні қараң десек жаңылыспаймыз.

Дегенмен венециялықтар қол қусырып қарап отырмаған және 1319 жылы Өзбек хан оларға, бәлкім, генузиялықтар есіріп кетпесін деген есеппен, Тана қаласынан (заманауи Азов) өздерінің факториясынiСауда-саттық қаласы ашуға мүмкіндік берген. Алайда генуялықтар мен венециялықтардың жаңа (қаншасыншы ұрыс болды екен?!) соғысы 1381 жылы Генуияның жеңісімен аяқталып, олар венециялықтарға Танаға екі жыл бойына кемелерін әкелуге тыйым салды. Дегенмен көп өтпей Алтын Орданы Әмір Темір тас талқан етіп жеңген соң, аталған жеңістің еш маңызы болмай қалды.

Венеция флоты Кьоджа қаласында, Генуяға қарсы соғыс кезінде. 1379 жыл/Alamy

Бірақ барлығы оңынан жұмыс істеп тұрғанда, хандар кеден бажы мен салықтардан түскен кіріс есебінен қисапсыз байлыққа кенелді. Осының арқасында Ордада транзиттік саудаға бағдарланған тұтастай экономикалық жаңа сала пайда болды: Жібек жолының жаңа жолының бойына салынған керуен сарай желілерінен бастап, сарайға теңіздің арғы бетінен жеткен түрлі заттарды жеткізу арқылы ханның алқауына ие болып, сол мүмкіндікті пайдалана білген бай көпестердің корпорациясы ортақтар қалыптасты. Дегенмен өз кезегінде, Алтын Орда тек қымбат заттардың тұтынушысы болумен ғана шектелмеді. Халықаралық нарыққа империя жүн, былғары, бидай, тұз, жылқы, түйені, ал орталық-азиялық иеліктерден жібек, қамқа және мақта маталар, қымбат асыл тастар, бояуларды тасымалдады. Әлбетте, экспорттың ең басты тауары — құлдар болды.

Азия мен Еуропаны қосатын сауда жолының парсы жерінен түркі жеріне, яғни Жошы ұлысына қарай ойысуы, түрік тілінің халықаралық аренада жетістікке жетуі жолында шешуі фактор болғаны анық. Осылайша Азия тарихында парсылардың орнына түкірлер келіп, бұл үрдіс Османдықтардың (1453 жылы Константинопольді жаулап алып, Осман империясын құрған түркі әулеті) арқасында Модерн дәуіріне дейін жалғасын тапты.

Жошы Ұлысы тарихының екінші бөлімін осы жерден оқыңыз.

С. В. Иванов. Шығыс славяндар еліндегі сауда. 1909/Wikimedia commons

Көшірілді