ҚҰЛДЫҚ, ТЕҢДІК, БАУЫРЛАСТЫҚ

Янычарлар: сопы, нәпсіқұмарлар мен шайырлар

Осман Империясының сұлтаны Селим I-нің таққа отыруы, 1512 ж. түрік миниатюрасы, 16 Ғасыр./Alamy

Янычарлар немесе «жаңа әскер» — Осман әскерінің элиталық бөлімшелері, оған тартымды әрі күшті христиан құлдарды іріктеп алатын. Олар тұрмыста сопы-дәруішлерге еліктейтін, ал соғыс алаңында үрей мен қорқыныш тудыратын. Сұлтандарға бұл ерекше әрі қорқынышты жауынгерлер не үшін қажет болды? Янычар болу үшін қандай жолдан өтетін, олар қалай өмір сүрді, жаттықты? Ақыр соңында оларды неге таратып жіберді?   

 

Осы және басқа да сұрақтарға жауап — Qalam материалында. Бұл янычарлар туралы материалымыздың екінші бөлімі, біріншісін мына жерден оқи аласыз.

Мазмұн

Сұлтан I Мұрад (1362–1389) тарихта янычарлардың құрушысы ғана емес, сонымен бірге Анадолыда Ахилік (арабш. ахи — бауыр) деген атпен белгілі жауынгерлік рухани бауырластықтың көшбасшысы ретінде де танымал болды. Аңыз бойынша, бұл бауырластықты хорасандық сопы, Ахмет Яссауи ілімінің ізбасары Қажы Бекташ-и Уәли (1209–1271) құрған.iiОрталық Азиядан шыққан сопы философ, уағызшы және шайыр (1100–1166) Бауырластық мүшелері тері өңдеушілердің сауда гильдиясының мүддесін қорғап, селжұқтар мен илханилерге қарсы қарапайым халықтың жағында күрескен. Бауырластық мүшелері І Мұрадтың дала жағдайында таққа отыру рәсімін де ұйымдастырған болатын. Сондықтан оның христиан бозбалалардан жасақтаған жаңа әскерінің осы бауырластықтың рухани және моральдық парадигмасы айналасында құрылуы таңғаларлық жәйт емес еді.

Янычарлар уақыт өте келе Қажы Бекташ-и Уәли негізін қалаған шиғалыққа жақын Бекташи сопылық орденімен ассоциациялана бастайды, бұл енді белгілі бір дәрежеде янычарлардың Осман империясындағы көпшілік мұсылман халқының негізгі бөлігінен діни тұрғыда оқшаулануына әкеп соққан еді. Сондықтан янычарларды жиі «бекташийа тайпасы»iосм. Tâife-i Bektaşiye деп атайтын, тіпті, янычарлар таратылған кезге дейін әскер құрамында әрқашан осы сопылық тариқаттың «әкелерінің» өкілі бар болып келді. Сұлтанның жеке рұқсатымен кейбір янычардың әскери қызметті тастап осы сопылық тариқатқа кіруіне рұқсат берілетін жағдайлар сирек болса да кезігетін.

Ламберт Уайтс - янычар Аға және янычар Бөлүк 1573 ж/Wikimedia Commons

Империяның өркендеу кезеңінде янычарлардың, І Мұрад сұлтанның кезіндегі сопылық бауырластықтар секілді Осман сұлтандарын таққа отырғызу сәтінде немесе шехзаделердің бірінің алғашқы әскери жорыққа аттанар шағында немесе қандай да бір провинцияға билеуші ретінде тағайындалған уақытында ұйымдастырылатын салтанатты ант беру рәсімінде маңызды рөл атқарған кездері болды. Шынына келсек, сұлтандардың нақты тәжі болмаған. Сұлтанды таққа отырғызу салтанаты «қылыш ұстау»iосм. kılıç kuşanma рәсімімен жүзеге асатын. Осы рәсім барысында сұлтанның ұлдары арнайы янычар антынiгүлбенк, осм. gülbenkберетін, онда Әзіреті Әлиді, Қажы Бекташ Уәлиді, сосын әрине, қылышты мадақтайтын. Ант мынадай сөздермен басталатын: «Басым тік, жүрегім дертті, қылышым қанға малынып тұр. Бұл жолда қаншама бас жұлынса да, серттен таймақ емеспіз».

Бауырластық көңіл жібі мен сопылық рух әрдайым янычарлардың құрылымы мен этикасының, иерархиясының ядросы болып қала берді, кейде тіпті сұлтанға қызмет етуден де өткен маңызға ие болатын, қалай десек те олар сұлтанның құлдары саналатын еді ғой?!. Янычарлардың командирі «аға» — барша янычардың үлкен ағасыiосм. Yeniçeri ağasıсаналды және Осман номенклатурасында Капыкулу корпусындағы (кавалерия, «бағбандар» және т.б.) барша «үлкен ағалардың» арасында ең бастысы саналды, бұл титул оны ұлы уәзірмен қатар империядағы ең ықпалды адамдардың бірі етті. Алайда ұлы уәзірдің қолындағы билік көбіне сұлтанның саяси тағынан бастау алса, янычарлардың ағасының артында тұтас «бауырластықтың» күші тұрды, әрбірден соң уәзір атаулының көбі янычарлардың арасынан шыққан жоқ па еді? Мансабының өсуі олардың біраз уақытқа бауырластық тамырынан алшақтауына әкелетін.

Аш болсаң, сен басқасың

Янычарлар корпусы ошақiосм. Yeniçeri Ocağı деп аталды, оның орталық және қасиетті нысаны «Қасиетті Қазан» iосм. Kazan-ı Şerif болып саналды. Олар да киелі қазанға ант берді, олардың ғұрыптары мен рәсімдері сол қазанның айналасында құрылды, ал янычарлар арасында қазанды төңкеру ашық қарсылық дегенді білдіреді, сондықтан үлкен көтеріліс пен шабылған бас қашып құтылмас оқиға еді. Ошақтың бүкіл құрылымы да қазанның айналасына салынған: кіші, орта және үлкен. Янычарлардың кез келген жиналысы – жалпы да, рота жиналысы да қазан төңірегінде өтетін. Олардың басты байланысы тамақты бірге пысыру болды. Янычарлардың рота командирлерін ресми түрде «чорбажы» (осм. çorbacı), көже пысырушы деп аталуы ғажап емес.

Чорбаджи. Осман манускриптінен, 18 ғасыр/Wikimedia commons

Модерн заман тарихындағы алғашқы тұрақты және кәсіби әскер, яғни өз алдына сословие (тап) болған янычарлардың жалғыз табыс көзі бейбіт уақытта да, соғыс уақытында белгіленген жалақы болды, сондықтан олар бейбіт кезеңде өзін тамақпен қамтамасыз етуге толық жауапты болды: азық-түлікті жалақысына сатып алып, тамақты өздері дайындайтын. Ет, бұршақ, ірімшік пен көгөністерді апта сайын сатып алуға қалтасынан ақша шығарып отырғандықтан, олар инфляцияны, ақшаның құнсыздануын, тапшылықтың қайдан пайда болатынын, логистика мәселелері немесе табиғи апаттардың бағаға қалай әсер ететінін басқалардан жақсы білетін. Кез келген экономикалық дағдарыс кезінде янычарлар жорық пен соғысқа ұмтылатын. Себебі, соғыс уақытында оларды қамтамасыз ету толығымен қазынаға жүктеліп, оған қоса, салмақты жорық сыйақысыiосм. sefer bahşişi төленетін. Сондықтан кез келген саяси қақтығыста, янычарлар үнемі соғысқұмар уәзір мен шахзаданы қолдайтын.

Сұлтан берген янычарларға арналған Банкет (Сафранпилав). Егер олар тамақтан бас тартса, онда олар сұлтанға келіспейтіндіктерін білдірді. Бұл жағдайда олар тамақ ішеді. Османлы миниатюралық кескіндеме, "фамилия-мен Вехби" (фолл. 22б). Топкапы сарай мұражайы, Стамбул.1720/Alamy

Сопылық мистикалық исламның цитаделі саналатын бұл батыл да қатал әскердің құрылған сәтінен бастап әлсіз тұсы ақша, сосын әрине, ас-ауқат болды. II Мехмед Жаулаушы (1444–1446, 1451–1481) бастап, II Махмудқа (1808–1839) дейінгі Осман империясының өркендеуі мен экспанциясының барша тарихы — жалақысына, алдындағы асына немесе үстеме ақысына көңілі толмаған янычарлардың тоқтаусыз көтерілісінің тарихы. Кез келген мереке немесе қоғамдық іс-шарада янычарларды сарайда тамақтандыру керек болатын — ондаған мың адам — оларға сұлтанның асханасынан пахлава мен тәттілер жіберілетін. «Қазан төңкерушілер» тіпті мемлекет саясатына наразылықтарын да тамақ арқылы білдіретін — сарайда ұсынылған сорпаны ішуден бас тартатын.

ЯНЫЧАРЛАРДЫҢ ҚҰПИЯ ӨМІРІ

Бәріміз элиталық Осман әскерінің әдепкі рационының өзі Ежелгі Спартадағы жауынгер әріптестерінің асынан әлдеқайда құнарлы болғанын білеміз, бірақ жауынгерлік рухты ұстап тұру үшін спартандықтарға әйелдерімен бірге тамақтануға тыйым салынып, тек жорықтас әскермен тамақтануға рұқсат етілген болса, янычарларда әйел мүлдем болмаған — оларға үйленуге тыйым салынған еді. Сондықтан 16 ғасырдың басына дейін, неке құруға түбегейлі тыйым салынуына байланысты, янычар корпустары тек ерлер бауырластығы болып қала берді: олардың әйелдері де, балалары да, туыстарымен байланысы да болмады.

Мұнда, әрине, жауынгерлік рухты сақтау үшін 30 жасқа дейін әйелдерімен бірге түнеудің өзіне тыйым салынатын спартандар ойға оралады. Адамдар ол уақытта әлдеқайда ерте үйленетін және өмірлері өте қысқа болатын. Бұдан да беріректегі мысал — Батыс Еуропадағы рухани-рыцарлық ордендер.11Рухани-рыцарлық ордендер11–13 ғасырларда әуелгіде Крест жорықтары кезінде Қасиетті жерге саяхаттаған қажыларды қорғау үшін, кейіннен Палестина мен Шығыс Еуропада қорғаныс пен жаулап алу жорықтары үшін құрылған батыс-христиандық рыцарлық ұйымдар болып еді. Алғашқы және ең танымал орден Иоанниттер немесе Госпитальерлер болып еді, әлі күнге бар бұл орден дәл қазір Мальта ордені деген атпен белгіліОлар целибатты (үйленбеу) қабылдап, орден үйлерінде тек ерлер қауымдастығында өмір сүретін. Сонымен қатар, Германия құрамасының футболшыларына әлем чемпионаттары кезінде жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салынғанын да еске алсақ болады, ең соңғысы 2018 жылы болды — мұның бәрі төрт дүркін әлем чемпиондарының жақсы физикалық формада болып, ынталандыру үшін жасалған-ды. Әрине, янычар корпустары үшін рухани бағдар болған Бекташи сопылық тариқатының да, әсіресе жетекшілерінің целибатты ұстанғанын қаперде ұстаған дұрыс. Бірақ, бұл жерде ең маңызды себеп, сұлтанның жеке әскерін империя халқының туыстық интригалары мен әлеуметтік байланысынан қорғау болғанын ұмытпаған жөн.

Сұлтан Осман II (1618-1622 жылдары биледі) өзінің уәзірі Давуд Пашамен бірге янычарлар мен гвардияшылар шеруінде/Alamy

Бұл янычарлардың жеке өмірі мен махаббат байланыстары болмады дегенді білдірмейді, керісінше олардың төсектегі өмірі өсек-аяңның өзегіне айналатын, бірақ янычарларға мұны ашық айту қауіпті еді. Мысалы, 1591 жылы император II Рудольфтің дипломатиялық миссиясын Осман астанасына ертіп барған Митровицалық Барон Вацлав Вратислав, кәрі күйеуі бола тұра әйелдер моншасында киім ауыстырып, янычар Мұстафамен қонақ үйде жасырын кездескен жас түрік әйел туралы еске алады.iAdventures of Baron Wenceslas Wratislaw of Mitrowitz. What He Saw in the Turkish Metropolis, Constantinople, Experienced in His Captivity, and after His Happy Return to His Country. London: 1862 Янычарлардың тыйымға қарамастан, астанада да, провинцияларда да құпия әйелдері мен балалары болғаны туралы көптеген әңгімелер тараған.

Әрине, янычарлардың сексуалдық өмірі үйленуге тыйым салынғандықтан сол күйі шектеліп қалмас еді, сондықтан олардың тән ләззатын қанағаттандыруы коммерциялық формада іске асатынын барлығы білетін. 17 ғасыр османдық саяхатшы Әулие Челеби Стамбұлдың Галата порты ауданында гректер мен еврейлер жүргізетін екі жүздей бордель мен тавернаны санамалайды.iSharkey, Heather J. A History of Muslims, Christians, and Jews in the Middle East. Cambridge: 2017 Олардың негізгі клиенттері, әрине, янычарлар болды. Айта кету керек, секс-кәсіпкерлер мұсылман емес халықтардан ғана шыққан жоқ, тіпті бұрынғы янычарлар да жезөкшелер үйін ұстайтын.

Янычарлар тек әйелдермен ғана емес, ер адамдармен де араласатын, олардың өмірінің бұл қыры жұртшылықты аз қызықтырды дей алмас ек. Егжей-тегжейге тоқталмай-ақ қоялық, десек те олардың араласатын ортасына жас, сақал-мұртсыз хаммам қызметшілері — моншадағы кір езушілер де, сондай-ақ «жайдары әжами»iосм. Civelek acemisi деп атайтын янычарларға күнделікті өмірде қолғабыс болып жүретін жас жігіттер де кіретін, олар: тамақ әзірлейтін, жинастыратын және киімдерін тазалайтын.iDelice, Serkan. The Janissaries and Their Bedfellows: Masculinity and Male Friendship in Eighteenth-Century Ottoman Istanbul. In Gul Ozyegin, Gender and Sexuality in Muslim Cultures. Farnham: 2015 Олар әскери жалақы алмағанымен, янычарлардың жатақтарында ықпалды янычарлардың қамқорлығымен тамақтанып, түней беретін. Айта кету керек, консерваторлығымен танымал 17 ғасырдағы белгілі ислам ғұламасы Вани Мехмед Ефенді янычарларды жорық кезінде осы жас жігіттерді тән ләззатына пайдаланады деп ашық айыптаған.iEder, Franz X. Sexuality in Premodern Europe. A Social and Cultural History from Antiquity to the Early Modern Age. London: 2023

Янычарлардың үйленбеуіне қатысты ресми шешім эмпат әрі айтарлықтай ықпалы бар янычардың бірі бауырын қорғап шыққан жағдайдан кейін өзгерді.

Түрік армиясының (Осман империясы) суреттелген тарихы. Харбаджи (Алебардшы). Жаңашар (Құтқарушы). Жаңашар (Селямликтің Киімінде). Солак (Сұлтан Гвардиясының Сарбазы). Жаңашар (Бар Улуфе (Тағайындау))/Alamy

Ол — бейшара христиан бала ретінде мансабын қарапайым жаңа әскер қатарынан бастап «барша янычардың үлкен ағасы» дәрежесіне дейін көтерілген, кейіннен сұлтан империя Диуанына уәзір әрі уәли етіп тағайындаған ұлы уәзір Юнус-паша еді. Юнус-паша тіпті II Баязид сұлтанның немересіне үйленуге де қол жеткізді. Ол I Селим сұлтанның (1512–1520) алдына барып, янычар қатарында қызмет ететін жасы егделеу туған ағасының да үйленуіне рұқсат беруін сұрайды. Бірнеше рет бас тартса да, сұлтан ақыры рақым етіп, янычарларға үйленуге рұқсат береді. Мұнысы ұзақ мерзімді перспективада империяны ең қуатты әскерінен айыратын шешім болуы мүмкін еді. Дегенмен, янычарлар ә дегенде некеге тұруға құлықсыз болды, тек қартайған шағында ғана үйленетін, себебі неке оларға әскердегі жасақ құрамында қызметін өсіруіне кедергі келтіретін. Бірақ жағдай біртіндеп өзгеріп, уақыт өте келе янычарлар балаларын, әсіресе Kuloğluiяғни құлдың ұлыдеп тіркеген жетімдерді қатарына көптеп қоса бастады, осылайша бауырластық біртіндеп кланға айналып шыға келді.

Алма алма ағышынан

Қызығы, османдықтар «тексіз» құлдардан үлкен әскер құру барысында ең әуелі текті христиан әулетінің балаларын таңдайтын, мұны, тіпті заңмен бекітіп тастаған еді. Сондықтан девширмеге жетімдерді, моральдық келбеті мен беделі төмен отбасының балаларын, бойы аласа, шашы түсуге бейім бозбалаларды алмайтын. Бір отбасының екі ұлының ішінен дені сауы мен сымбаттысын, әсіресе сарайда қызмет ету үшін ең тартымдысын таңдайтын, сондықтан, бір кездері әдемі келбеті үшін сарай күзетіне алынған шарасыз балқандық бозбалалар үшін Византия императоры І Юстин (518–527) кезінен бастап ештеңе өзгермеген еді. Әсіресе, дін қызметкерлерінің ұлдары мен шіркеу мектептерінің шәкірттеріне ерекше басымдық беретін, солардың бірі болашақ Соколлу Мехмед-паша еді. Ол кейін Стамбұлдағы ең әдемі мешіттердің бірі — Соколлу Мехмед-паша мешітін (Sokollu Mehmet Paşa Camii) салдырады. Мешіт тұрғызған сәулетші ұлы осман сәулетшісі Синан, халық арасында Синан Аға деген атпен де танымал болып еді. Аға деген сөзден оның да янычар болғанын дереу түсіне аласыз, ол енді Анадолы христиандарының арасынан шығып еді.

Соколлу Мехмед паша мен Феридун Ахмед бек шамамен 1568 ж/Alamy

Жоғарыда аталып өткен Осман тағына мұрагер шахзаданы өлтірді деп айыпталған ұлы уәзір Махмұд-паша әртүрлі тарихшылардың мәліметінше, Византияның Ангел (Angeloi) ақсүйек әулетінен шыққан, дегенмен ол Серб деспотатындаiяғни, провинциясында туған, сондықтан Махмуд-паша Ангелович ретінде де белгілі. Османдардың христиан рекруттарының адалдығына сенімі мызғымас болғаны сонша, Сербияны жаулап алу кезінде барлық ресми келіссөзді Осман жағынан Махмұд-паша, ал сербтер жағынан оның туған ағасы, ұлы серб воевода Михаил Ангелой жүргізген. Ағайындылар ортақ мәмілеге келе алмай, 1458 жылы Махмұд-пашаның басшылығымен Осман әскері елді күшпен жаулап алған еді. Ал, ағасы Михаил кейін Стамбұлға көшіп барып, христиан болып қала берді.

Ар-намыстың құлы — ақын опат болды

Таңғаларлығы сол, әлемдегі ең тиімді әрі қатал, 1526 жылғы Мохач шайқасында венгр кавалериясын бірнеше сағат ішінде салқынқанды түрде жойып жіберген әскер романтика мен өнерден кенде емес еді. Янычарлардың Осман әдебиетіне қосқан үлесі ерекше. Қанқұйлы кәсіптерінің жүректі қарайтар зардабын осылай сублимациялағаны ма, әлде қатал иерархия мен қорлыққа толы әлімжеттіктен тартқан азабын бауырластықтың бойдақ мүшелері осындай бейбіт әрі мейірімді дүниемен сыртқа шығарғысы келгені ме, әлде сопылық дәстүр ықпал етті ме екен, бір анығы янычарлар ғажап ақын ретінде танылды. Янычарлардың поэтикалық лақап аттарынан рухани романтика мен осы дүниеде тыныштық тапқан күй есіп тұратын: Aşkî (Ғашық), Nihanî (Сырға тұнған), Sıdkî (Адал, шыншыл). Өлеңдерін тек осман тілінде ғана емес, парсы тілінде де жазатын.

Джентиль Беллини. Түрік жаңашары, 1479-1481/Alamy

Біз ендігі жақсы білетін Махмұд-паша сол кезеңнің ең ықпалды Осман шайырларының бірі саналды, сондықтан өзіне аспенмен таласқан поэтикалық лақап аты — AdnîiҒадн жәннатына тиесілі деген атты таңдаған болатын. Мұнысы «Римдік Цезарьдың»iосм. Kayser-i Rûm көмекшісі деген мағынаны білдіретін Avnî (Көмекші) атын иеленген тағы бір Осман ақыны ұлы сұлтан ІІ Мехмедтің лақап атымен үндес еді. Махмұд-паша өлеңдерін түрік және парсы тілдерінде жазған, оның шығармалары көбіне махаббат пен ғашықтық азабын, болмыстың мәнсіздігі мен Құдайдың мәңгілігін жырлайтын.

Жан Бриндиси. Жаңашар музыка жасайды.1855/Wikimedia commons

Сені дүниеге әкелген мен, жаныңды алатын да мен!

Уақыт өте келе асыл тұқымды бойдақ христиандардан құрылған элиталық «жаңа әскер» біртіндеп алып та ескірген қосынға айналып, жауынгерлік рухын, тәртібі мен рухани бауырластығын жоғалтты. Осы уақыт ішінде Осман сұлтанының жеке және адал гвардиясы саналған бұл жасақ, әскерді түбегейлі реформалауды ойлап, янычарларды қорқақ әрі пайдасыз тобыр деп айыптаған жас сұлтан ІІ Османды (1618–1622) дарға асып та үлгерді. Олар сондай-ақ сұлтан Ибраһимге (1640–1648) қарсы қастандық пен өлім жазасына кесуге де қатысты, сұлтан І Мұстафаны (1617–1618), ІІІ Ахмедті (1703–1730) тақтан тайдырды, сондай-ақ көптеген басқа сұлтандарды тақтан түсіруге немесе өлтіруге жанама түрде болсын ықпал етті. Ал өлтірілген немесе тақтан тайдырылған уәзір мен пашада есеп жоқ. Шынымен де олар жүрген жолда талай бас домалады.

Жан-Батист ван Мур. 1730 жылғы Жаңашар көтерілісі. Сурет 1730-1737 жылдар аралығында боялған/Wikimedia commons

ІІ Мехмедтің әкесі, сұлтан ІІ Мұрад (1421–1444, 1446–1451), бір кездері тақтан бас тартып ұлына берген-ді, бірақ бірнеше жылдан кейін янычарлардың қолдауымен өз ұлын тақтан тайдырып, екінші рет сұлтан болуға шешім қабылдайды. Бәлкім, осы санасына түскен жарақат, қаумалаған янычарларға деген сенімсіздік оны «әлемдік тәртіп»iосм. Nizâm-ı Âlem үшін туған бауырларын өлтіруге діни рұқсат алуына, оны заңдастыруына итермелеген де болар. Қануни сұлтан Сүлейманның әкесі, көбіне Жауыз Селим (Yavuz Sultan Selim) деген атпен танымал сұлтан І Селим (1512–1520) бас көтерген янычарлардың көмегімен әкесі сұлтан ІІ Баязидті (1481–1512) тақтан тайдырған еді. Сол кезде 18 жаста болған Сүлейманға бұл көргендері жақсы сабақ болғанға ұқсайды, кейін ол да янычарлардың арасында беделді шехзаде Мұстафаны өлім жазасына кеседі. Көптеген адамдардың пікірінше, осы жағдай Осман империясының құлдырауға бет алуының бастау нүктесі саналады.

Бір кездері бірнеше мың сәнді киініп, бастан-аяқ мұздай қаруланған жаяу әскерден құралған элиталық қосын, 19 ғасырдың басында 400 000 адамнан асып жығылатын жағдайға жетті. Көбінің тіпті әскери іске еш қатысы болмаса да, қазынадан жалақы алып, көтеріліс пен тонаушылық ұйымдастырудан тайынбайтын. Христиан балаларын әскерге жинау баяғыда тоқтаған, шехзаделерді өлтіру де доғарылған, янычарлар ендігі отбасын құрып, бала-шағалы болып кеткен әрі сол балалары әскерге де қосылған. Көпшілігі сауда-саттықпен айналысып, базарлар мен саудагерлерді «қорғаумен», нақтырағы қорқытумен айналысып жүретін болған. Ең бастысы — олар соғысуды ұмытып қалған-ды, әйтсе де көтеріліс ұйымдастыру мен бүлік шығаруда алдына жан салмайтын.

Хиоб Людольф. 1632 жылы Жаңашар көтерілісі кезінде Вазир Муезинзаде Хафиз Ахмет пашаның қайтыс болуы. 1701/Wikimedia Commons

Олардың тарихы қалай қайғылы түрде басталған болса, дәл солай қасіретпен аяқталды. 1826 жылдың 16 маусымында сұлтан ІІ Махмұд еуропалық үлгіде реформаланған «Жаңа тәртіп» (Nizâm-ı Cedîd) деп аталған әскердің көмегімен соңғы рет қазан төңкеріп бағынбау белгісін көрсеткен янычарларды казармаларымен қоса зеңбірекпен атқылап, жойып жіберді. Мыңдаған янычар оққа ұшты, тірі қалған он мыңдайы ұсталып, өлтірілді, ал жүздеген мың бұрынғы янычар халық арасына сіңіп, масқараға толы өткенін жасырып өмір сүрді. Осылайша, Осман тарихында Стамбұлдың кофеханалары мен таверналарында топ-тобымен жиналып, есінен танғанша ішіп, көз жасына ерік беріп, қайғылы ән айтқан ер адамдардың кезеңі басталды. Бұлардың арасында мүлдем басқа өмірге бет бұрып, жаңа, құпияға толы тіршілік еткендері де болды, Жаңа құрлықта христиан дінбасыларын жерлеу кезінде олардың денесінен янычарларға тән тату табылған жағдайлар да кезікті.

Қалай болғанда да, Осман империясының басты брендтерінің бірінің тағдыры көпшілікке мағлұм латын афоризмімен аяқталды: «Дүниедегі даңқ осылай өтеді де кетеді».iлат. Sic transit gloria mundiТүрік тарихында янычарларды зеңбірекпен атқылау, қудалау мен өлім жазасына кесу Vaka-i Hayriye — «Қайырлы оқиға» ретінде есте қалды. Мұндай атаумен басқа ешбір оқиғаны ешкім де еске алмақ емес.

Осман империясының әскери гравюрасы: Эгри Калпаклисси, реформациядан кейінгі сарбаздың киімі; Чубара Нефери, 1-ші реформациядан кейінгі сарбаздың киімі; Низами Джедид Нефери/Alamy

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

Çamuroğlu, Reha. Yeniçerilerin Bektaşiliği ve Vaka-i Şerriyye. Istanbul: 2006.

Cazacu, Matei. Dracula. Leiden: 2017.

İnalcik, Halil. The Ottoman Empire. The Classical Age, 1300-1600. London: 1973.

Gül, Abdulkasim. Yeniçeriliğin Tarihi. Cilt 1-2. Istanbul: 2022.

Kafadar, Cemal. Kim Var İmiş Biz Burada Yoğ İken. Dört Osmanlı Yeniçeri, Tüccar, Derviş ve Hatun. Istanbul: 2009.

Koçu, Reşad Ekrem. Yeniçeriler. Istanbul: 2004.

Mihailović, Konstantin. Memoirs of a Janissary. Ann Arbor: 2010.

Özdemir, Serdar. Osmanlı Devleti'nde Devşirme Sistemi. Istanbul: 2008.

Stavrides, Theoharis. The Sultan of Vezirs. The Life and Times of the Ottoman Grand Vezir Mahmud Pasha Angelovic (1453–1474). Leiden: 2001.

Toroser, Tayfun. Kavanin-i Yeniçeriyan (Yeniçeri Kanunları). Istanbul: 2011.

Uzunçarşılı, İsmail Hakkı. Osmanlı Devleti Teşkilâtından Kapukulu Ocakları. 1. cilt. Ankara: 1988.

Wheatcroft, Andrew. The Enemy at the Gate. Habsburgs, Ottomans, and the Battle for Europe. New York: 2010.

Мебде-и канун-и йеничери оджагы тарихи (История происхождения законов янычарского корпуса). Москва: 1987.