Ай сөзі: фри

Дональд Трамптың фри картобымен жасаған блицкригі

Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде McDonald's-те жұмыс істеуде. 2024 жылғы 20 қазан, Фестервилл-Тревоуз, Пенсильвания/Doug Mills-Pool/Getty Images

Qalam редакциясы айына бір рет қоршаған әлемді түсінуге арналған маңызды сөзді таңдап алып, оның мағынасына бойлауға тырысады.

Қазан айының соңында Дональд Трамп Пенсильваниядағы «Макдональдс» мейрамханасына барып, өзі бірнеше порция фри картобын қуырды. Осыдан кейін компания қызметкерлеріне АҚШ президенттігіне үміткерлердің ешқайсысын қолдамайтыны туралы хабарлама жіберді. Бірақ болар іс болды: Трамп фастфуд символикасы арқылы Харриске қарсы қоғам назарын өзіне аударғандай болды. Демократиялық басылымдар бұл әрекетін сынға алып (мысалы, Los Angeles Times газетінде бұл жағдай French fries-тен penis size-қа дейін деген тақырыппен жарияланды), онысын ұятты қылық деп атады. Жақын күндері бұл басылым да саяси бейтарап ұстанымын мәлімдеді, ал бұл Камала Харристің туған штатындағы ең ірі газеттің бірі еді.

Трамп жүйесіз саясаткер болғанымен, өз мессенджері мен образдарын шебер жүйелеп, китч аясында шебер қолдана біледі. Ол қазірдің өзінде токсик образдармен ассоциацияланғандықтан денсаулыққа зиян фри картобы оның имиджін одан әрі толықтырып тұрғандай. Бір жағынан, картоп — нағыз «америкалық символ».

Фридің зиян деген танымалдығынан бөлек, оның терең тарихи негіздері де бар. Мысалы, бұл тағамды алғаш рет америкалықтарға президент Джефферсон таныстырған деген болжам айтылып жүр. Сондай-ақ 1840 жылдардағы Ирландиядағы ашаршылықты еске түсіруге болады. Айталық, сол кезде миллионға жуық ирландиялық босқын Америкаға қоныс аударып, елдің құрылысына елеулі үлес қосты. 1850 жылға қарай олардың саны Нью-Йорк пен Бостон тұрғындарының төрттен бірін құраған еді.

Трамптың арзан әрі әсерлі қадамы табысты популистік әрекет болды (әрине, оның «халықшылдығы» шартты ғана. Трамптың талғамын ескерсек, фри картобын алтыннан жасалған фритюрде қуыруы керек еді). Дегенмен Трамп алжапқыш тағып алып, 1920 жылы Кремльдегі сенбілікте бөрене көтерген Ленинді еске салады. Қызығы, Трампқа тағылған айыптардың қатарында «Ленин ізі» де бар. Белгілі болгар саясаттанушысы Иван Крастев Трамптың 2016 жылғы сайлауда жеткен жеңісін Ресейдің АҚШ-тың саясатына араласуы деп түсіндіреді. Оның айтуынша, Ресей Трампты сол кездегі Германияның Ресей патшалығын құлату үшін Ленинді қолдағанындай қолдады, бұл АҚШ-ты әлсіретуге бағытталған қадам болған.

Николай Александрович Сысоев. В.И. Ленин Кремльдегі сенбілікте. Репродукция. Май/РИА Новости

Әрине, бұл жерде әңгіме Трамптың тағам таңдауындағы демократ болуы турасында емес. Дональдтың нағыз постмодернистік президент екенін алғаш атап өткен Славой Жижек еді. Дегенмен мұндай анық ойға келу үшін мықты философ болудың қажеті жоқ. Егер бұл ойды әрі қарай дамытсақ, Трамптың әрекеттерін тек популизм деп емес, поп-арт деп те қарастыруға болады. Мысалы, оның қызыл галстугін сап-сары картоп фри салынған қапшықпен үйлестіргенін қараңызшы — мұның бәрінде белгілі бір тауарлық айқындық пен артықшылық бар. Энди Уорхол, «Макдональдсты» әлемдегі ең әдемі орын деп санаған суретші, осындай образ үшін жанын салар еді. Уорхолдың өзі фри картобын шығармашылығына қоспаса да, поп-арттың тағы бір шебері Клас Ольденбург осы тақырыпқа арналған мүсін қашаған.

Клас Ольденбург. Фри және кетчуп. 1963/Whitney Museum of American Art

Ал Трамптың өзі — нағыз маскот, шоумен және клоун, оны тіпті Рональд Макдональдпен де салыстыруға болады. Поп-арт кең ауқымды ойындарды, ашық әдісті, нақты образды, коллажды ритмді, жарқын бояуларды және көпшілік алдындағы даңқ культін ұнатады, ал бұлардың барлығы қазіргі «картоп кандидатына» тән қасиеттер. Мысал ретінде Камала Харристі алайық: 2019 жылы ол YouTube-те кулинарлық шоу жүргізіп, онда тунец қосылған сэндвичтер, бекон қосып қуырған алма және басқа да мәдениетаралық мағынасы бар тағамдар ұсынды. Әрине, олардың дәмі анағұрлым жағымды әрі мультимәдени реңі болғанымен, оны Трамптың қызыл қаптағы картоп символикасымен салыстыруға келмейді.

Алдағы аптада бізді саяси «ас үйдегі» эксперименттердің нәтижесінде, «құбыжық-піспенан» (Харристің танымал тағамы) күте ме, әлде Уорхолдың қызанақ сорпасы сияқты бірдеңе жеңіске жете ме, оны уақыт көрсетеді.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді