Көктем
Әлемде бәрі тып-тыныш
(The Years At The Spring. All Right With The World).1902
Лоуренс Альма-Тадема.
Сурет жеке адамның топтамасында
19–20 ғасырлар тоғысында мәдениетті, сауатты адам үшін Лоуренс Альма-Тадеманың суретін жақсы көру әбестік саналатын, себебі жансыз бейнені тілсіз сөйлеткен суреткердің қылқаламынан орасан зор қазына қалғанмен, ол кезде арғы тегі нидерландтық шебер салон бояушысы деген жаманатқа ілінген-ді, бір көргенде, әдемі болғанмен, татымсыз талғамсыздық нышаны саналып кетті.
Сыншылар мен әріптестері оны сынап-мінеп, түрлі атқа ұшыратып, жер-жебіріне жететін, ал қабылан терісін жамылып, драп көйлектер киген Клеопатралар мен римдік әйелдерді жаны сүйген суретші ешкімге құлақ аспастан, раушан гүлдер қаулап өскен мәрмәр сарайда тарих тақырыбындағы туындыларын сала берді, ал оның суреттері өнертану саласын онша түсіне бермейтін буржуа өкілдері арасында зор табысқа ие болды, себебі бір қарағанда, өзіне жарасымды костюм киген ақсүйек әйел кішігірім қайықпен әдемі қолтырауындардың арасында жүзіп бара жатады... Қысқасы, арзан емес, бірақ ақшасына тұратын дүние.
Сыпайылық, ашықтық, құнттылық, шынайылық, жасанды драма — осының бәрі Альма-Тадеманға қатысты десек, артық емес. Ол корольдер мен академиялардан көптеген ордендер алған, рыцарь атағын иеленген, дегенмен 1912 жылы дүниеден озып, британдық көркемөнер қауымдастығы «осыдан құтылдық па?» дегендей терең тыныстап, артынша ұмытып кетті. Бірақ, бұнысы бекер болды. Салон шеберінің жұмысына деген қызығушылық 20 ғасырдың екінші жартысында арта түсті.
Сөйтсе, оның сылаңдаған сұлу мысырлық әйелдері, иудей қыздары, римдік бикештері мен ежелгі герман бойжеткендері тарихи шындыққа түк жанаспаса да, суретші заманында өмір сүрген қыз-қырқынның мінсіз, анық, шынайы, дәлме-дәл бейнесін қайталайтын болып шықты. Осылайша «өнер саудалаушы» «Ғаламат Дәуірдің» танымал тұлғасының біріне айналды (естеріңізде болса, 19 ғасырдың соңғы онжылдығы мен Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі аралықты осылай атайды).
«Көктем. Әлемде бәрі тып-тыныш» — суреткердің ең бейнелі әрі танымал туындысы саналмайды. Дегенмен оның атауы құлаққа жағымды және осы туынды сол кезде үстемдік етіп тұрған оптимизмді, өмірлік шаттықты, бейбітшілікке деген сенім мен саналылықты паш етеді, алайда осыдан он жылдан кейін тып-тыныш әлем аспанын улы газ басып, шыбын жаны шырқыраған жауынгерлердің жан айқайы тілгілейтін болады. Демек 1902 жылдың өзінде әлем тып-тыныш емес еді, қазіргі кезде бәріміз білетіндей — сол дәуірдің ғажап суреттері, өлең жолдары мен кітаптары алда күтіп тұрған сорақылықты бәрібір өзгерте алмаған.