Жібек айдаһарының сыбдыры
Сучжоудағы ғаламат тігін өнері
Қытайлық Сучжоу (Су Сю деп те атайды) тігін кестесін алғаш рет көргенде, мұндай дүниені жасау қарапайым адамның қолынан келмейді деген ой туады. Әр туындыны — құдды бір жүздеген эльф бірнеше жыл бойына тыным таппай тіккендей әсер қалады. Бір қарағанда мата өте жұқа, ал жібі түссіз, мөлдір болып көрінгенімен, ондағы бай түстік палитра, тіптен кескіндеме өнерінің өзінде сирек кездеседі.
Қытай — жібектің Отаны. Мұндағы археологтар анықтағын жібек өндірісінің ең көне іздері б.д.д. 4 мың жылдықта салтанат құрған Яншаоi
Сучжоулық тігін түрін жібектен өрілген кескіндеме деп айтсақ еш қателеспейміз: ертеде бұл маталарды киімді сәндеу үшін жиі қолданған, дегенмен ол кезде де және қазіргі уақытта да, бұл ең алдымен — үйді, сарайлар мен храмдарды безендіруге арналған жібек матадағы панно және өзі дербес көркем туынды. Көбіне-көп мұндай кескіндемелерді қалқа мен Қытайдың дәстүрлі жылжымалы есігіне керіп, іліп қоятын болған. Аталған матада, әдетте, тазалық пен байлықтың символы лотос пен пион гүлдері, сондай-ақ ұзақ өмірдің символы анар мен шабдалы жемістері секілді дәстүрлі Қытай кескіндеме өнері үшін маңызды болған мотивтер бейнеленді.
Дәстүрлі сучжоулық кескіндемеде жануарлардың бейнелері де, мәселен, мандаринка-үндігі (мінсіз отбасылық махаббаттың символы), жарқанат пен айдаһар, фенникс және Сучжоулық тігіншілердің сүйікті цилинь сынды мифтік жаратылыстар жиі кездеседі.
Цилинь — мифологиялық жаратылыс. Аңыз бойынша ол екі мың жылдан астам уақыт өмір сүреді және оның денесі — аттыкі, аяғы — бұғынікі, басы — айдаһардікі, бірнеше мүйізі бар және қабыршағы көк түсті мақұлық. Ол мейірімді әрі рухани тұрғыдан толысқаны соншалық, ешқандай да жарақат алмай және тіптен түймедей болған қоңыздың өзіне залал келтірмей жүреді. Конфуцийдің заманында цилинь бейбітшілік пен тыныштықтың, жақсы хабардың жаршысы болған, сондай-ақ ол ұлы ерлердің өлімін және тіптен патшалықтардың күн батқаны жөніндегі хабарды жеткізуші жаратылыс саналған. Бертін келе оның келбеті өзгеріске түсіп, биліктің бейнесіне айналды. Цилиннің келбеті арыстанға ұқсап, қанаты пайда болды, осылайша бейбітсүйгіштік бейнесінен ажырай бастаған.
Сонымен қатар дәстүрлі Сучжоу тігін өнерінде байлық пен өркендеудің символдары — теңге мен алтын құймалары да кең қолданылды; ара-тұра кестеде байлық, денсаулық пен махаббатты тілеген иероглифтер де жазылып тұрды. Қытайдың әйгілі шеберлерінің классикалық суреттерінің композициясы мен сюжеттері де жиі пайдаланылды. Қазіргі уақытта Сучжоу шеберлері гүлдер мен одан ұшқан көбелектердің композициясын салғанды жақсы көреді; дегенмен олар сүйкімді марғауларды да назардан тыс қалдырмады, айталық, қазір мысықтың бейнесі тігілген маталар Сучжоу өнер мектебімен астастырылатын болды. Кейбір заманауи шеберлер кескіндемелерінде еуропалық сурет өнерінің жауһарларын, мәселен, италиялық Қайта Өрлеу кезеңіндегі қыл қалам шебелерінің, сондай-ақ импрессионистердің атағы жер жарған картиналарын көшіріп салып жүр.
Сучжоу тігін өнерінің сиқыры — шеберлікке жету үшін үздіксіз бірнеше жыл тынбай оқудың нәтижесінен туындайды. Жалпы шеберлікке жету үшін он жылдан кем оқуға болмайды деген түсінік қалыптасқан, ең қайырлысы одан да ұзақ қол үйреткен жөн, тіптен мұның өзі аз болуы мүмкін. Өйткені аталған техника өте күрделі. Қытайдың өзге тігін мектептерінен айрықшалығы, Сучжоуда тігінмен әдетте әйелдер айналысады. Дейтұрғанмен мұнда да аты шыққан еркек-шеберлер жетерлік, алайда дәстүр бойынша мұнда тігіншілікке негізінен қыздарды баулыған.
Жұмыс басында тігіншілер кескіндеменің түссіз негізін әдетте палисандр ағашынан жасалған жиекке керіп орнатады. Сосын қажетті жібек жіптің түс палитрасын таңдайды, кейде жүздеген түске дейін қолданылуы мүмкін. Түрлі түсті бояулармен жұмыс істейтін қыл қалам шеберлері үшін бір уақытта палитрада жүздеген бояу түрінің болуы қалыпты құбылыс болғанымен, тігін өнеріндегі мұндай алуан түрлілік таңданысты тудырады. Адамның шашынан да жіңішке жартылай мөлдір жіпті бірнеше бөлікке бөлуге тура келеді. Тігіншілер сырудың бірнеше түрін қолданады, ал бейнесі салынып жатқан бір объектіні құрайтын жіптердің қалыңдығының өзі әртүрлі шамада. Бұл өз кезегінде, бейненің тұнық әрі нақты бедерленуі үшін қажет. Сучжоу кескіндемелерінің барлығы дерлік екі жақты, яғни кескіннің тазартылмаған, «техникалық» беті жоқ.
Сучжоу тігінінің ең ғаламат әрі күрделі түрі — екі жақты тігін. Мұнда кескіндеменің екі бетіне жекелеген композиция салынады. Шебер кескіндеменің екі бетінде инелерді алмастырмастан, бірақ басқа түстегі жіптерді енгізе отырып қатар тігеді; мұндай жұмыс темірдей төзім мен назарды қажет етеді. Егер екі беттің де бір аймағына бірдей түс керек болса, шебер бір ғана инені қолданады, ал егер екі түрлі түсті қажет етсе, онда екі инені пайдаланады. Тігін жіптерінің ұштары әдетте кескіндемеге тоқылып кетеді, осылайша жіптерді түйіндемеуге болады, ал жіптер тігін барысында бірігіп, тұтасып кетеді. Мұндай картиналарды әдетте қабырғаға ілмейді, оның орнына лакталған ағаш жиекке тартып, айталық, классикалық Қытайдың жылжымалы есігіне орналастырады. Ал кішірек картиналарды әртүрлі жиектерге салып, кішігірім тіреуіштерге жайғастырып қояды. Бұл кескіндеменің мінсіз көрінетін толыққанды бағалауға мүмкіндік береді. Бір кескіндемені тігу жұмысы көлемі мен қиындығына байланысты, бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы ықтимал.
Бұл тігін стилінің тарихы екі мың жылдан әріге кетеді және ол Үш патшалық тұсында қалыптасқан. Аталған тігін мектебінің Отаны — Қытайдағы «Жібекті астанасы» саналған Цзянсу провинциясындағы Сучжоу қаласы саналады. Қаладағы көше атауларының көпшілігі әлі күнге дейін тігіншілікпен байланысты: «Жібек матаның қиылысы», «Жібек шеберханасы», «Гүлдерді тігетін көше». Аталған стиль біздің дәуіріміздің 10–12 ғасырларында, Сун династиясы билік құрған тұста толыққанды қалыптасты. Ал 13–17 ғасырларда Мин династиясы тұсында Сучжоу кескіндемесі император сарайына қатты ұнап, атағы жер жарды. Қандай жағдай болмасын, Сучжоу техникасы өрлеу мен құлдырауды кезекпе-кезек өткеріп, дамуын әрмен қарай жалғастыра берді. 1957 жылы Сучжоуда Тігін ғылыми-зерттеу институты құрылғанымен, бертін келе, «мәдени революция» тұсында, салтанатты әрі ақсүйектік өнерге қатер төніп, шеберлер жан бағу үшін көшедегі бұйымдар мен жерлеу рәсімінде киетін киімдерді сәндеумен айналысып кетті.
Уақыт зырғып жайлы заман келді. Дәстүр бойынша анадан қызына беріліп отыратын шеберлік қиын кезеңдерді артқа тастады. Қазірде Сучжоуда дизайнерлік студиялар жетерлік. Онда үлкен жиекке тартылған авторлық қымбат кескіндемеден бастап, кішігірім аксессуар, мәселен, көбелектің немесе гүлдің сурет өрнектелген шағындау брелокқа дейін сатып ала аласыз. Сучжоу тігін өнерінің жыл өткен сайын аты шығып келеді (айталық, шеберлердің жұмыстары тек Қытай ішінде ғана емес, бір бөлігі шетелдік дүңгіршектерге, музейлер мен жекеменшік коллекцияларға жөнелтіліп отырады).
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
Жозен Бертин-Гест. Традиционная китайская вышивка. Кристина - новый век, 2007.