Баянжүректің биші бақсылары
Рухтар әлеміне бастайтын жолда билейтін бүркіт адамдар
Биші бақсылар бейнеленген петроглифтер Жетісу өңіріндегі киелі Баянжүректің ерекшелігі.
Рух жауынгерлері арнайы ғұрып-рәсімдер үшін таудың биік шыңынан орын алғаны белгілі, сондықтан олардың кескіні бейнеленген тақталар киелі мекеннің ең биік нүктесінде орналасқан. Одан оңтүстік пен шығыста Жоңғар жотасының қарлы шыңдары мен Қасқарау алқабының және батыста жота мен Қапал қаласының арасындағы алып сақ қорымының сұлу көрінісі көз тартады. Бұл пішіндер аспанға қарайтын көлденең тақтайшаларға қашалған, ал бақсылар өздерінің ғұрыптық билерін адамдардың алдында емес, Көк аспан, Күн, Ай және жұлдыздардың алдында билейді. Қола дәуіріндегі бізден жырақта қалған ата-бабаларымыз жоғары күштерге осылайша сәлем жолдайды.
Қасиетті мекенде екі емес, үш бақсының бейнесі бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Үшіншісін екі мыңыншы жылдары тарих ғылымдарының докторы А.Н. Марьяшев атақты фотограф О.Беляловпен бірге тапты. Бұл кескінді күн батқан тұста қиғаш жарық түскенде көруге болады.
Қазақстандағы петроглифтердің басым көбінде дерлік адамдар мен рухтар арасын жалғаушы бір кейіпкер бар. Таңбалы таста аң терісін жамылып, асатаяқ ұстағандар, Ешкіөлместегі өгіз мүйізді, құйрығы бар кескін, Аққайнар мен Құлжабасында қасқырдың бетпердесін кигендер… Әрбір бақсының басқа әлемге саяхаттауға жол ашатын әрі тылсым күш сыйлайтын өзінің қамқоршы рухы немесе тотемі болуы керек. Баянжүрек бақсыларының көбіне көркем және этнографиялық деректі фильмдерде кездесетін келбеті бар: қауырсыннан тігілген баскиімі, киіміндегі шашағы, жүннен жасалған жұмсақ етік соған дәлел. Солтүстік Еуразия мен Америкадағы бақсылар мыңдаған жылдар бойы дәл осындай киім киіп, рәсім жасады. Қалыбы мен рәсімдік безендірілуіне қарап, мұндай киімдер көбіне құстардың кескінін бейнелейтінін байқауға болады, әдетте бүркітке ұқсас келеді. Бұл құстардың ерекше киелі мәртебесі ертеден бастау алады және олардың аспан мен күнге жақын ұшуы да соған түрткі болса керек.
Баянжүрек бақсыларының баскиімдеріндегі қауырсындардың саны кездейсоқ белгіленді ме деген нұсқа әзірге жоқ. Суретші бейнені солай көрді ме, әлде оның ғалымдар анықтай қоймаған құпия астары бар ма? Кейіпкерлердің бірінің басындағы ерекше әшекейі де көпшілікті қызықтырады, оған ерекше ден қойған кейбір азаматтар бұл Жер бетінде жат ғаламшарлықтардың барын дәлелдейді деп санайды. Бірақ оның жалған болжам екенін еске салғымыз келеді, себебі бұл — күйменің белгісі, күннің символы. Бақсылардың қолындағы заттар да пікірталас туғызады: кейбір ғалымдар оларды айна деп есептесе, кейбіреулері сылдырмақ деген ойда. Екі нұсқа да шындыққа жанасады. Бірақ бақсылардың билеп тұрғанына ешкім шүбә келтірмейді. Кескіндегі бейнелер қақ алдынан көрсетілген, тізесін бүгіп, көзін көкке тігіп қанатын қомдап ұшайын деп тұрған құстың бейнесі сияқты қолын кең сермейді. Олар құдды құсқа айналып, көкке ұшып кеткелі тұрған сияқты.
Баянжүрек бақсылары бейнеленген петроглифтер бақсылық біздің еліміздің аумағында кем дегенде төрт мың жыл бойы болғанын растайды және бұл би ертеде оған қатысушыларды әдеттегіден ерекше күйге енуіне көмектесетін рәсімнің бөлігі болғанын, ал рәсім кезінде бақсы тайпаластары бара алмайтын басқа әлемге саяхат жасап, қамқор рухтармен сөйлесіп, тұтас тайпаның амандығын сұрайтынын көрсетеді.