Азалы түстер реңкі
Азалы күнге қай түс лайық
Қара, ақ, қызыл, көк, күлгін, сары, сұр… Бұлар — шеберлердің маусым сайын сәнді деп тапқан түстері емес, әрбір халықтың қайғы-қасіретін білдіретін рухани реңктер.
Жақын адамның қазасы — кімге де болса ауыр қайғы, зор қорқыныш. Ықылым заманнан бері солай болған, бола да бермек. Тірі адам тіршілігін жасайды дегендей, біз басқа түскен қасіретті еңсеру үшін, ақыл-естен айырылып, есеңгіреп қалмау үшін ата-бабамыздан бері келе жатқан жөн-жоралғылардан жанға тыныштық іздейміз, қайғыға сынбай, сабыр етеміз. Кісі өліміне қатысты кең таралған рәсімдердің бірі — қаралы үйді және сол үйдің адамдарының киімін белгілі бір түспен көмкеру.
Л. Я. Стернберг Брокгауз бен Эфронның энциклопедиялық сөздігіндегі «Аза тұту» мақаласында: «Байырғы халықтар киімнің біркелкі түсін қатаң сақтамайды, бірақ аза тұту кезінде арнайы киім кию кең таралған», – деп жазды. Манганья тайпасында (Оңтүстік Африкада) өзгеше киім киюдің орнына, басына пальма жапырақтарын орап алады да, жапырақ қурағанша аза тұтады».
Бұл рәсімдер тектен-тек пайда болмағаны анық. Олар әуелгі мәні — қайтқан адамды ойлап, қайғыға бату емес, артында қалған адамның қамы. Ежелгі заманнан бері бір үйде бірінен соң бірі көз жұматын жағдайлар жиі кездеседі (мысалы, эпидемия кезінде). «Мысалы, қаралы күні сырт киімін өзгерту зұлым рухтарды, яғни ажалды үркіту үшін, жүздерін жасырып, жаналғыштан тығылу деген мағына жатыр дейді Деникер;1
Екі мақсат үшін өзгеше түсті арнайы киім кию жеткілікті болды, себебі ол бөгде адамдардың көзіне бірден түседі.».i
Аза тұту кезінде ең көп таралған түстер — қара мен ақ. Бір жағынан, олар өздерінің күңгірттігімен өлім рухынан жасырынуға мүмкіндік берді, ал екінші жағынан, олар күнделікті киімнің түстерінен ерекше. Осылайша ресми киімдері қара түсті болған Испан корольдік үйінің мүшелері қаралы күні ақ түсті киім киген. Бірақ Испаниядағы ақ түс корольдік аза тұтудың түсі ғана емес. Егер ақ көйлек киген әйел көрсеңіз, қалыңдық деп емес, жесір қалған әйел деп білгейсіз. (Ал оларда қалыңдық көйлегінің түсі — қызыл). Ақ түс — Жапония, Корея және Қытайдағы азалы түс. Жапонияда қаралы үйдің дастарқанына ақ тағамдар ғана қойылады. Ал қытайлықтар бір кездері өлген адамға қызыл киім кигізіп қоятын болсақ, ол зұлым рух түрінде оралауы мүмкін деп сенген. Үндістанда аза тұтушылар жерлеу рәсімінде ақ халат киеді, ал ақ сари — жесір әйелдер киімі.
Ал сұр түсті еврейлер мен буддистер киеді. Бұл — ағартылмаған кенептің түсі, еске алу уақытына тірліктің қызығы мен қуанышынан бас тартудың символы.
Бірақ Түркияда жоқтау түсі — күлгін. Бұл — ислами түсінік бойынша бұл жердегі өмірдің алдамшылығын айшықтау. Бір қызығы, Оңтүстік Американың католиктері де түрік мұсылмандары сияқты, жерлеу күні және еске алу күндері марқұмның жақын туыстары күлгін немесе қызылкүрең түсті киім киеді (ал бөтен адамдар қара киім киіп келуі керек).
Егер күлгін түс сізге қайғы-қасіретті білдіру үшін тым ашық болып көрінсе, кейбір Африка елдерінде, мысалы, Мысырда қызыл, яғни төгілген қанның түсі азалы түс екенін ескеріңіз. Алайда бұған аға буын өкілдері таңғалмауы мүмкін, себебі Кеңес Одағы кезінде табытқа қара жиекті қызыл сәтен мата жапқан ғой. Француз католиктері де, әсіресе, соңғы мессада, қайғы-қасіретін қызыл түстен сезінуі мүмкін.
Иранда, Тәжікстанда және Өзбекстанда қара түспен қатар көгілдір түс — мешіттерді безендіруге жиі қолданылатын мистикалық ойлаудың түсі.
Жалпы, мұсылмандар үшін тазалық пен руханиятты бейнелейтін ақ түс және пайғамбар туының жасыл, қасиетті түсі дәстүрлі аза тұту түстері ретінде жүреді. Мұсылмандар үшін бұл түстердің екеуі де — жұмақ пен сауаптың сипаты.
Қара түс — қараңғылықтың, түннің, жоқтықтың түсі. Сондай-ақ ежелден көптеген халықтар танымында қайғы мен азаптың символы болған. Үңірейген қабір де қап-қара, қап-қараңғы болатыны тағы бар. Тіпті, қайғы толған көзге де қара боп көрінуі де мүмкін. Еуропалықтар үшін «қайғы» ең алдымен «қара» дегенді білдіреді, ал егер Еуропада бояғыштардың қаншалықты қымбат екенін ескерсек, негізінен импортталатын тауарды еуропалықтар қарапайым отбасылар үшін қолжетімді болғаны үшін қара түске бояп шығарады. Ал қара түс көмір мен күйеден алынады.
Сары түс — майя тайпасы мен ацтектерде де дәстүрлі аза тұту түсі болды және әлі күнге дейін Мексикада бұл түс мәнін сақтап келеді. Мұнда еске алу күні көшеде сары жалаушалар, ленталар мен шарқат сататын саудагерлер қаптап кетеді. Сондай-ақ олар үшін барқытшөп те — азалы гүл.
Қазақтар ежелгі заманнан бері жерлеу рәсіміне қара киім киіп барған, бірақ қайтыс болған адамның жасына немесе жағдайына байланысты жоқтау жалауларының түстері әртүрлі болған. Құрбанәлі Халид «Тауарих хамса» кітабында: «Марқұмды жерлегеннен кейін қазақтар «қарасын» тігеді. «Қара» дегеніміз ұзын найзаны қадап, ұшына ту байлау; егер марқұм қыршын кетсе — қызыл, ересек адам болса — ақ, орта жастағы адамға — бір жағын қара, екінші жағын қызыл немесе ақ матадан тіккен. Қазақ билеушілерін жерлегенде тірі кезіндегі туының түсіндей ғып тіккен, яғни бұл жағдайда хандардың жасына қарамаған. Тудың түсі қандай болса да, оны «қара» деп атаған», яғни, қара ту — қара түн (2, 180 б.). Белгілі қазақ этнографы Өзбекәлі Жәнібеков, өткен ғасырларда қазақ арасында қадірлі адам қайтыс болғанда, оның үйінің үстіне қара ала шашақты қара ту тігіп, туған-туыстары қара киініп, аза тұтқандығын және марқұмның атына қара жабу жауып, жайылымға жіберген». Демек артында қалған адам түгілі жылқысы да жоқтаған.
Қазіргі уақытта аза тұтудың маңызы өте консервативті қоғамдардың өзінде де әлсіреп барады. Оның үстіне, эпидемияның алдын алу мақсатында функционалдығы азайды. Қазіргі өмір қарқынына ілесе алмай келе жатқан адамдардың айлап, жылдап аза тұтып, қайғырып отыратын уақыты да жоқ. Оған қоса, азалы түсті киімдерді тек жерлеу рәсімде және құдайы асын бергенде киеді де, одан кейін жайын қалады.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Г. А. Умарова, Символика цвета и цветовые предпочтения в костюме мусульман (на примере Таджикистана). – Вестник КАЗГУКИ, 2014.
2. К. Ж. Елибаева, Символика и семантика цвета в казахской культуре. – Вестник МГУКИ, 2012.