Шөп, сынап және құрттар

Қызыл түстің ұзақ әрі қымбатқа түскен тарихы

Лучо Фонтана. Кеңістік тұжырымдамасы. Күту. Фрагмент. 1967. Кенеп, пигмент. Жеке коллекция/christies.com

Ашық түстер азық жинайтын жан-жануардың, соның ішінде адамның да назарын өзіне аударады. Олар біздің бойымызда эмоциялар тудырады және біз олардан әдетте рақат алғандай сезінеміз. Жай сөзбен айтқанда, түрлі түстерді адамдар ұнатады.

Ал егер осы ғаламшарда ақыл-ой тек таза жыртқыштарда немесе жылқы тәрізді шөп қоректілерде дамыған болса, олардың бояу жасау өнеркәсібі мүшкіл жағдайда болар еді. Ал күнкөрісі мен тіршілігі қызыл жидекті, сары жеміс пен жасыл қырықбуынды тез байқай білуіне тікелей тәуелді жандардың (біз сияқты) жарқын әрі сан алуан түстерді ұнатуы эволюциялық бағдарламаларға етене сіңісіп кеткені сөзсіз.

Айнала қоршаған дүниені — өз денесін, баспанасын, керек-жарақтарын, киім-кешегін түрлі түске бояуға деген ықыласын біздің ата-бабаларымыз бағзы заманнан паш етіп келеді. Оның үстіне ғалымдар бояуды қолдануды «қазіргі заманғы өмір салтының» төлсипаттарының бірі деп санайды. Оны ежелгі адам бірден игеріп кете алмаған. Рас, о баста ежелгі адамның мүмкіндіктері шамалы болатын, себебі төзімді бояғыш табиғатта сирек кездеседі.

Бизон. Альтамира үңгірі. 36 мың жыл бұрын/National Museum and Research Center of Altamira/Wikimedia Commons

Бизон. Альтамира үңгірі. 36 мың жыл бұрын/National Museum and Research Center of Altamira/Wikimedia Commons

Ал егер ең жарқын қызыл түс туралы айтатын болсақ, оның түрлі реңктерін беретін бояу ежелгі базарлардағы ең қымбат тауарлардың бірі болды.

Әуелі тас болған

Көптеген минералдар мен металдардың қызыл реңкі бар. Палеолиттің негізгі қызыл бояғышы — жоса, темір тотығының гидраты бар саз. Жосаны өлген адамдарды жерлеген кезде мәйіттердің үстіне себетін, онымен аң терісін бояйтын, ол әлі де тас дәуірінің салт-дәстүрі бойынша тіршілік ететін қазіргі заманғы тайпалар сияқты денені өрнектеп безендіру үшін де пайдаланылған болуы мүмкін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Лейден университетіндегі (Нидерланд) Вил Рубрукс бастаған археологтар тобы Голландияның аумағында еуропалық неандерталдардың жосаны пайдаланғаны туралы айғақтарды тапты. Ол заттардың жасы 150 000 жыл, бұл неандерталдардың бояуды пайдаланғанының қазіргі сәттегі ең көне айғағы. Бастапқыда тек Африкада ғана өмір сүрген саналы адам бояуды одан да ертеректе, 300–200 мың жыл бұрын қолдана бастаған.

Гематит/Alamy

Гематит/Alamy

40 000 жыл бұрын палеолит дәуірінің суретшілері үңгірлердің қабырғаларына қызыл теміртас — гематиттің ұнтағымен сурет салған, ол қызыл-қоңыр түс беретін минералды пигмент ретінде темперамен сурет салу өнерінде осы күнге дейін қолданылады.

Әрине, жосаны да, гематитті де «қызыл» деп әрең-әрең атауға болады, себебі олардың гаммасы қоңырға жақын.

Манохар. Жиһангер падишаһ Хуррам ханзаданың салмағын өлшеуде. Жиһангердің ғұмырнамасынан алынған парақ. 1610-15 жж, Британ мұражайы, Лондон/Wikimedia commons

Манохар. Жиһангер падишаһ Хуррам ханзаданың салмағын өлшеуде. Жиһангердің ғұмырнамасынан алынған парақ. 1610-15 жж, Британ мұражайы, Лондон/Wikimedia commons

Ал қорғасын сүрігі — қорғасын тотығы болса, ол қызғылт-сары-қызыл түсті бояуды береді. Ол барлық ежелгі өркениетте — Мысыр, Үндістан, Қытай мен Месопотамияда киім-кешек бояуға, бояудан косметика жасауға пайдаланылған. Бұл бояудың уытты екені ұзақ уақыт белгісіз болды, мысалы, 18 ғасырдың өзінде де қорғасыны бар ақ бояуды далап алу мақсатында сүрікке айналдыру үшін күйдіретін.

Дегенмен Қытайда одан да қауіпті тағы бір бояғыш — сынаптың алқызыл сульфиді, киновар әлдеқайда көп тараған еді. Киновардың у екені ежелгі қытайлардың ойына да кіріп шықпаған. Олар көрер көзге жағымды осындай түстің денсаулыққа тіпті де зиян келтірмей, керісінше, оны тек нығайта алатынына кәміл сенетін, сондықтан киноварды барлық дәрі-дәрмектерге қосатын. Тіпті қытайлық алхимиктер ғасырлар бойы іздеген мәңгі өмірдің әбілхаят суы да «қызыл киновар дәрі» деп аталатын.

Ойып өрнектелген, лакталған вазалар. Қытай. Цинь империясы/Creative Commons

Ойып өрнектелген, лакталған вазалар. Қытай. Цинь империясы/Creative Commons

Бір жақсысы, сынап сульфиді сирек кездесетін және өндіруі қиын болатын, ежелгі заманда оның бірнеше кеніші ғана белгілі болды, сондықтан бағасы өте қымбат еді, киновар үнеммен пайдаланылатын және де жалпы алғанда адамдар қорғасынға қарағанда сынаптан азырақ және баяуырақ уланатын.

Оның үстіне сүрік те, киновар да мата бояуға жарамсыз еді, суға жиі малшынатын жұмсақ материалдар үшін бұл бояғыштар аса қолайлы болмайтын.

Шошқа безі және басқа да сан алуан нәрселер

Қызыл түстің әдет-ғұрыптық мәні Қытайда аса жоғары болатын, ол ер адамның бойындағы отты тіршілік қуаты «яньді» білдіреді. Сондықтан сан алуан жерден шыққан қызыл бояғыштың орасан зор мөлшерде дәл осы жерде пайда болғаны таңғаларлық емес.

Қолөнершілер қызыл және қара бояумен өрнек салынған қыш бұйымдарды Яншао мәдениеті кезінде-ақ (б.з.д. 5000–3000 жылдар) жасаған. Хань әулеті кезінде (б.з.д. 206–220 жылдар) жібек мата тоқып, алқызыл түске бояған қытайлық шеберлердің даңқы бүкіл әлемге жайылған. Тан мен Сун әулеттері кезінде үйлер мен ғибадатханалардың қақпасы қызыл түске боялды, ал лауазымы жоғары адамдар көбінесе үйлерін түгелдей бояған. Қытай әдебиетіндегі ең танымал классикалық туындылардың бірі «Қызыл отаудағы ұйқы».iiавторы — Цао Сюэцинь (1715–1763) Осы мұқтаждықтардың бәрі үшін көбінесе әртүрлі өсімдіктен, соның ішінде мақсары гүлінен, құмайдың кейбір түрінің сабағы мен собығынан, сондай-ақ Үндістаннан әкелінген цезальпиния сүрегінен алынған бояу пайдаланылды.

Янь Либэнь (суретші). Вэй императоры Вэнь. 7 ғасыр/MFA Boston

Янь Либэнь (суретші). Вэй императоры Вэнь. 7 ғасыр/MFA Boston

Ежелгі Қытайда косметиканы да назардан тыс қалдырмаған. Әйелдер беті мен ернін ерлерді тарту үшін емес, рәсімдер кезінде құдайлардың көңілін аулау үшін бояйтын, түптің түбінде кез келген жастағы жоғары лауазымды әйелдің бетіндегі қалың косметика оның мәртебесінің міндетті нышанына айналды. «Өнегелі қоғамда» бетін боямаған әйелдің көпшіліктің алдына шығуы көргенсіздікпен қылымсу деп саналды. Өзіне өзі кәміл сенетін осындай бойжеткендердің бірін Тан дәуірінің ақыны Ду Фу өз өлеңдерінде әшкереледі.iiҚытай ақыны, бір жарым мың өлең-жырдың авторы. Өмір сүрген уақыты 712–770 жылдар

«Өз сұлулығына өзі таңдай қағып,

Сарайға опа-далапсыз келуге

Оның батылы барды».

Алғашқы опа мен далап Қытайда Шан әулетінің заманында (біздің дәуірге дейінгі 1611 ғасырлар) пайда болды. Бұл косметикалық құралдар мақсары күлтесінен алынған шырынның сіріндісінен дайындалып, косметикаға тиісті тығыздық пен желімтектік беру үшін оған бұқаның езілген бүйрек безі мен шошқаның ұйқы безі қосылған.

Хань дәуірінің бишісі. Астана қабірі. 7-8 ғғ. Шыңжаң/Legion-Media

Хань дәуірінің бишісі. Астана қабірі. 7-8 ғғ. Шыңжаң/Legion-Media

Риян бояу

Шығыстың өсімдіктен жасалған бояғышы финикиялықтар заманында-ақ Батысқа әкелінетін, бірақ олар сирек кездесетін әрі қымбат болатын. Батыстың қызыл бояу алатын өз шикізаты риян деген өсімдік, Жерорта теңізінде, Кіші Азия мен Орта Азияда, сондай-ақ Шығыс Еуропада өсетін. Мұнда маталарды дәл осы риян тамырының шырынымен бояған, бояғыш «крап» деп аталатын және шие түсінің реңдерінің барлық гаммасын бозғылт-қызғылт түстен бастап шиедей қызыл түске дейін алуға мүмкіндік беретін. Бояуыш риян Қазақстанда да өседі, мұнда да ол дәстүрлі түрде маталарды бояу үшін пайдаланылды. Мысалы, қола дәуіріне жататын Лисаковск қорымындағы №1 қорғанда риянға боялған жүн жіптен қолдан тоқылған ызба баудың үлгілері сақталған.

Лисаков қорымынан табылған әйел костюмінің реконструкциясы. Андронов мәдениеті. Қазақстан/Wikimedia commons

Лисаков қорымынан табылған әйел костюмінің реконструкциясы. Андронов мәдениеті. Қазақстан/Wikimedia commons

Мысырда бұл бояғыш кем дегенде біздің дәуірге дейінгі 1500 жылдан бері қолданылған, риян тамырына боялған мата Тутанхамонның қабірінен табылды. Бұл бояудың қоры Помпейдегі қазба жұмыстары кезінде бояу шеберханасынан да табылған, риян және одан жасалған бояғыш Геродоттың, Аға Плиний мен басқа да ежелгі авторлардың еңбектерінде аталады.

Мистерий вилласы. Помпеи, б. з. д. 1 ғасыр/Wikimedia commons

Мистерий вилласы. Помпеи, б. з. д. 1 ғасыр/Wikimedia commons

Әлемді жаулаған қызыл қоңыздар

Дегенмен осыған дейін айтылғандай, рияннан алынған бояғыштар «нағыз», мінсіз қызыл түс деп саналған жоқ, олар тым күңгірт, салқын әрі көмескі болатын. Ал мінсіз қызыл түс болса, бұл күретамырдың жаңа төгілген қанының қошқыл-алқызыл түсі, бұл таңғы аспандағы ең жарқын жолақ, бұл мінсіз қызыл раушан.

Пит Мондриан. Қызыл, көк және сары түсті композиция. 1930/Wikimedia commons

Пит Мондриан. Қызыл, көк және сары түсті композиция. 1930/Wikimedia commons

Біздің ата-бабамыз көйлекті осындай түске бояй алатын бояғышты білетін. Ол кошенил сымыр сияқты құрт-құмырсқаның бірнеше түрінен алынатын.

Кошенилдің аналығы өсімдікке тұмсығымен бір рет жабысады (кейбір түрлері сабақтары мен бұтақтарына, кейбіреулері тамырларына, тіпті жер астында да жабысады), содан кейін өмір бойы тапжылмай отырып, шырын ішумен және жұмыртқа басумен айналысады. Кошенил қатқыл шөткенің немесе ұстараның көмегімен өсімдіктен сыдырып алынады да, кептіріліп, үгітіледі. Алынған ұнтақты аммиактің немесе натрий карбонатының ерітіндісімен өңдейді де, содан кейін тұнбаны сүзу арқылы бөліп алады. Алынған бояғыш қазір «кармин» деп аталады, бұл термин осы қанаты жартылай қатты құрт-құмырсқаның арабша «кермиз» деген атауынан шыққан.

Кошениль. Түсті литография. 1840/Legion-Media

Кошениль. Түсті литография. 1840/Legion-Media

Адамзат «құрттан» туған «құрттаған» бояудың құпияларын баяғыда ашқан. Сондай-ақ «Кету» атты інжіл кітабында «құрттаған жүн» туралы бірнеше рет айтылады.

Америка ашылғанға дейін Армения, Әзірбайжан, Түркия мен Иранда арарат кошенилі барынша кең тараған болатын. 10 ғасырдағы араб жазушысы Әбу Исхак әл-Истахри былай деп жазған еді: «... бұл қала — Арменияның астанасы... Бұл қалада армяндардың қолынан шыққан жүн көйлектер мен кілемдер, жастықтар, орындықтар, баулар мен басқа да заттар өңделеді. Олардан «кирмиз» деп аталатын бояу алынады да, ол бояуға шұға боялады. Оның өзін-өзі айналдыра жібек жіппен орайтын құрт екенін білдім».

Пазырық кілемі. V-IV ғасырдың басында. Алтай, Ресей/Мемлекеттік Эрмитаж/Wikimedia commons

Пазырық кілемі. V-IV ғасырдың басында. Алтай, Ресей/Мемлекеттік Эрмитаж/Wikimedia commons

Жерорта теңізінің еменнен алынатын өз кошенилі болатын, бірақ одан апынған бояғыштың түсі арарат бояғышына қарағанда солғындау болды.

Батыс Еуропа мен Шығыс Еуропада және Ресейдің еуропалық бөлігінде кең тараған поляк кошенилі де көпшілікке белгілі еді. Одан алынатын пигмент Еуропада біздің дәуіріміздің 6 ғасырынан бастап соғыс кезінде, қызыл бояудың басқа көздері болмаған кезде пайдаланылды. Бұл құртты «жер маржаны» деп те атайтын, себебі ол өсімдік тамырында тіршілік еткен.

Джошуа Джонсон. Қызыл аяқ киім киген Летиция Грейс Маккартидің портреті. 1802/Fine Arts Museums of San Francisco/Wikimedia Commons

Джошуа Джонсон. Қызыл аяқ киім киген Летиция Грейс Маккартидің портреті. 1802/Fine Arts Museums of San Francisco/Wikimedia Commons

Қойылтылған кармин бояғыш тек матаны ғана емес, былғарының барлық түрін бояу үшін де өте қолайлы болатын. Оның бағасы қымбат болғандықтан, қызыл түсті аяқкиім түптің түбінде аса салтанатты нышаннң біріне айналды. Оған, мысалы, Андерсеннің әйгілі «Қызыл кебіс» ертегісіндегі кесірлі қызыл кебісімен өзінің жан дүниесін құртқан бойжеткеннің хикаясы дәлел бола алады.

Монтесуманың қызыл алтыны

Жаңа Дүниенің опунцияларда тіршілік еткен өз кошенилі бар еді. Ацтектер одан бояу алуды бағзы заманнан үйренген, қошенилді жаппай өсірген, ал Монтесуманың әйгілі билеушісі жаулап алынған қалалардан жыл сайын екі мың әдемі көрпе мен 40 қап кошенил бояу түрінде алым алып отырған. Мексикалық кошенилді Еуропаға алғаш рет 16 ғасырда Эрнандо Кортес әкелген деп саналады. Көп ұзамай Жаңа дүниеден әкелінетін кошенилдің көлемі күмістен кейін екінші орынға шықты. Қарапайым кактус қоңызынан алынған бояу Атлантика арқылы тұтас трюмдермен тасымалданып, көп ұзамай тек Еуропада ғана емес, Азияда да сатыла бастады. Мексикалық кошенилден қызыл түстің ең жарқын реңктері алынды, бұл Ескі дүниенің тігіншілеріне 17-18 ғасырда қызыл гамманың «жалынды жүрек» пен «тозақ оты» сияқты көптеген жаңа сәнді түстерін ойлап табуға мүмкіндік берді.

1 / 2

Жаңа уақытқа жаңа түс

1868 жылы немістің екі химигі Карл Гребе мен Карл Теодор Либерман (әйгілі импрессионист суретші Макс Либерманның немере інісі) тас көмірдің шайырынан алынатын антраценнен қызыл бояу ализариннің қоспасын жасап шығарды. Олардың әдісі қиын болмайтын әрі қымбат та емес еді, сондықтан ализарин бояғыштарының кәсіптік өндірісін жылдам жолға қоюға мүмкіндік берді.

Буржуалар жеңдерін түріп, несиеге ақша алды да, әлемді қызыл түске қанықтыруға кірісті. Риян өсіру мүлде тоқтады деуге болады, ал кошенил қоңыздар енді өздерін кептіріп, үгітіп тастайды деп қорықпастан, емендер мен кактустардың шырынын тыныш іше алатын болды. Ашық қызыл түс енді тек байлардың ғана емес, баршаның қолы жететін нәрсеге айналды.

Матисс. Қызыл шеберхана. 1911/Wikimedia commons

Матисс. Қызыл шеберхана. 1911/Wikimedia commons

Дегенмен қызыл түсті тым батыл әрі салтанатты деп қабылдайтын көзқарас қоғамдық санада қалып қойды. Қонаққа қызыл көйлек киіп бару бүгінде де әсерлі әрі батыл қылық деп қабылданады.

Ян ван Эйк. Лукка Мадоннасы. 1437-38/Штедель өнер институты, Франкфурт/Wikimedia commons

Ян ван Эйк. Лукка Мадоннасы. 1437-38/Штедель өнер институты, Франкфурт/Wikimedia commons

ОҚУҒА ҰСЫНАМЫЗ:

Булгакова А., Власова Е. Бұрынғы шеберлердің палитрасы // Өнер әлемі: халықаралық антиквариат институтының жаршысы. 2015. № 3. 100-111-б.

Менделеев Д. И., Соколов А. М., –. Косметикалар // Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігі: 86 т. (82 т. және 4 қосымша). – СПб., 1890-1907

Reading Our Lips: The History of Lipstick Regulation in Western Seats of Power, Sarah Schaffer / Class of 2006 May 19, 2006

Лиза Элдридж, Бояулар. Макияж тарихы / Ошеверова Л.. – Мәскеу: ОДРИ, 2016

Болл, Филип (2001). Жарқын Жер: түсті ойлап табу. Лондон: Викинг.

Юлия Боровинская

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы