Ақсақалдың үстінен жазылған арыз

1895 жылғы жергілікті билік үшін күрес

19 ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тектілігі/Wikimedia Commons

19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары халықтың сауатын ашып, білім беруге белсенді кірісті. Дала және Түркістан өлкесінде қазақ тілінде газеттер мен журналдар шыға бастады. Көп өтпей іскерлік, қоғамдық-саяси, көркем өнер мен әзіл-оспақ бағытындағы баспалар пайда болды. Qalam оқырманға қазақ баспасөз мұрасының кейбір үзінділерімен танысып, өткен ғасырдың өзекті болған мәселелеріне шолу жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Омбыда шыққан «Дала уәлаятының газеті» патша әкімшілігінің Дала өлкесіндегі ресми баспасөз органы болып қана қойған жоқ. Түрлі бұйрық пен қаулы һәм саяси хроника беріп отырумен қатар бұл газет жергілікті халыққа бағытталған идеологиялық ықпалдың аса маңызды құралы рөлін де атқарды. Ал 19 ғасырдың соңындағы пропаганданың маңызды тақырыптарының бірі — жаңа колониалдық реформаны енгізу болды. Сонымен қатар 1868 жылы шыққан «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша ереже» қабылданған соң ерекше күшейіп алған жергілікті аристократияны біртіндеп беделден айырып, жолдан тайдыру да мақсатқа айналды. Әсіресе рулық қағидат негізінде құрылған ақсақалдар кеңесі қатты сынға ұшырады. Себебі жаңа реформа бойынша әскери губернатор тағайындайтын уезд басшылары рулық мүддені емес, аймақтық мүддені қорғайтын еді.

Мәселен, 1895 жылы «Дала уәлаятының газеті» Ақбеттау еліндегі бір қазақ жазған, аздап карикатуралық деуге келетін мақала берді. Онда халыққа зардабы тиген мінезі қатты әлдебір ақсақалдың жылдар бойы «тәубеге келдім», «әне-міне Меккеге барамын» деп емексітіп уәде беріп келе жатқаны, тіпті ұлықтарға дейін жетіп, рұқсат алғаны жайлы айтылады.

Қырдан келген хабарлар

Ақбеттау елінен

Бисмилла-рахман-рахим, сіздерге мен бір ақсақалдың жақсы ниетін баян қылайын. Бірақ өкінеміз, бұл ақсақал көп жылдан бері шайтанның қожасынан үлгі алып нашар адамдарды ешбір кінәсіз қалайша алдауды, қорлық-зорлықты үйреткен еді. Бұл адам кәріліктің жақындағанын, кінәсінің көбейгенін біліп һәм бүгін болмаса ертең әзірейіл жанын алғанда есеп-қисап беремін ғой деп ойлаған еді. Әзірейілдің адам сияқтының байлыққа қызықпайтығынын да білген еді. Біздің бұл ақсақал мұнан қатты қорқып, әзірейілдің жан алғанынан құтылмаспым деп ойлаған еді. Біздің бұл құрметті ақсақалымыз кінәмен тәуба қылып жалбарынған деп бұл дүниенің бейнетінен қашып, көз қылып Меккеге бармақшы болды. Біздің ақсақал бұл туралы қазақтар түгел орыстарға да айтты, һәм ұлықтарға барып Меккеге баруға рұқсат бер деп көп сұранды.

«Дала уәлаятының газеті»/ашық дереккөзден

Әрине, бұл ақсақалдың бір жаққа баратын ойы жоқ болатын.

Бұлар тынымсыз атқамінер ақсақал орнын тастап Меккеге кетеді екен деп қатты қуанды. Енді қазақтар не үшін қуанады деп жауап сұралады. Бұлардың қуанған себебі мынау еді: бұл қазақ жаман мінезі қатты, ұрыс-жанжалшыл еді, нашарларға зорлық қылар еді. Әсіресе Ақбеттау елінің қазақтары осы көкжалдың кесепатынан көп қарыздар болды. Қазақтардың қуанышы көпке жетпеген еді. Жаз болды, мұнымен бірге мешкей тыю түспеген ақсақал да қайтып келіп өзінің қол астындағы қазақтардың бәрін қорқытып алды.

«Дала уәлаяты газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді