Бұхара һәм Хиуадағы орыс тілі
Медресе жанынан ашылған арнай бөлімдер
19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары халықтың сауатын ашып, білім беруге белсенді кірісті. Дала және Түркістан өлкесінде қазақ тілінде газеттер мен журналдар шыға бастады. Көп өтпей іскерлік, қоғамдық-саяси, көркем өнер мен әзіл-оспақ бағытындағы баспалар пайда болды. Qalam оқырманға қазақ баспасөз мұрасының кейбір үзінділерімен танысып, өткен ғасырдың өзекті болған мәселелеріне шолу жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Сол кездегі қазіргі Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтары қараған Дала бас үкіметінде 19 ғасырдың бірінші жартысынан бастап орыс-қазақ мектептері ашыла бастады. Ресей империясы 19 ғасырдың екінші жартысында ғана жаулап алған Түркістан өлкесінде жағдай мүлдем басқаша болды, Хиуа хандығы да, Бұхара да ресми түрде протекторат мәртебесінде өмір сүрді, Қоқан хандығы тіпті жойылды. Түркістанда орыс қоныстанушыларының іс жүзінде болмауына, сондай-ақ Орта Азияның мұсылман халқы арасында православ дінін таратудан бас тартуына байланысты конфессиялық немесе діни оқу орындарында, яғни медреселерде орыс тілін насихаттауға назар аударылды. Осы мақсатта 1884 жылы Түркістан генерал-губернаторы генерал Н.О. Розенбахтың басшылығымен арнайы құпия комиссия құрылды.
Жергілікті халық қарсы болды, наразылық салдарынан патша үкіметі жиі жеңілдіктер жасап, ережелерді реформалаумен қатар, орыс тілін үйренудің артықшылығы туралы және бастаманың жергілікті халық тарапынан болғаны туралы ақпарат таратып отырды. Мұндай хабарлар қазақ газеттерінде де жарияланды, мысалы, «Дала уәлаяты газетінің» 1894 жылдың бірінші санында былай деп жазылған:
Бұхара һәм Хиуа шаһарларында орыс тілінің қажет болуы
Бұхара һәм Хиуадағы ұлықтар уа үкіметтері өз қол астындағы халықтарының орысша тілді үйреніп білудің пайдасын ойлап, Ресей халқының ұлықтарынан уа үкіметінен өтініп сұрамақшы болып тұрыпты. Бұхара һәм Хиуаға қараған белгілі медреселер ішінде орысша тілді кішкене уа үлкен өскен балаларды үйрететін орысша медресені ашып бекітсе екен депті.
«Дала уәлаятының газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.