Алматыдағы жарнама
Какао және асқазанға арналған дәрі
19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары халықтың сауатын ашып, білім беруге белсенді кірісті. Дала және Түркістан өлкесінде қазақ тілінде газеттер мен журналдар шыға бастады. Көп өтпей іскерлік, қоғамдық-саяси, көркем өнер мен әзіл-оспақ бағытындағы баспалар пайда болды. Qalam оқырманға қазақ баспасөз мұрасының кейбір үзінділерімен танысып, өткен ғасырдың өзекті болған мәселелеріне шолу жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Адамзат жаратылғалы жарнама онымен біте қайнасып өмір сүріп келеді. Тек замана бейнесіне қарай формасы жаңғырып отырған. Алайда жарнаманың жаппай бұқаралық сипат алуы баспасөздің пайда болуымен тікелей байланысты. Ертеден баспагерлердің негізгі табыс көзі газет-журналға жазылушылардан түскен қаржы емес, жарнама әкелген қаражат болған.
20 ғасырдың басында Қазақ даласында шыққан баспасөздерде бұл үрдістен шет қалмаған. Айталық, Алматыда шығатын «Семиреченские областные ведомости» газетінде 1870 жылдан бастап хабарландыру мен жарнамаға арнап арнайы орын берген. Газеттің бір бетінде жекелеген хабарландырумен қатар, коммерциялық жарнамалар да тұрған.
Мәселен, төменде берілген үзіндіде «Баспана сатылады» деген хабарландыру жарияланған:
Жеке жай сатылады
Лагерден жоғары, Баурушев жеке жайының жанында асханасымен 3 бөлмелі, барлық керек-жарақтары бар үй сатылады. Жер көлемі он десятинаға жуық; Жеміс бағы да бар. Жеке жай Алматинканың бойында орналасқан. Жеке жайдың бағасын Ленсин мен (944) Балхаш қиылысындағы, Беляев үйінен біле аласыз.
Әлбетте, сәнді киімнің жарнамасы қалыс қалмақ емес. Сатушы тауарының еуропалық сапасын айтып жарнама жасауы таныс әдіс. Бірақ кейбір мата түрлерін әсіре әспеттеулері оғаш көрінуі мүмкін:
Алматыдағы «Сулеймановъ, Тазетдиновъ и Ибрагимовы» Сауда үйіндегі дүкен.
Маусымдық жаңалықтар, жаңа топтамалар келді:
Әйелдер мен балалардың аяқкиімі, муфта, әдемі гаджеттер, америкалық су тышқаны, қалталы қасқыр, сасықиісті аңның имитациясы, жаңа үлгілер — Париж, Лондон мен Венаның соңғы жаңалықтары. Әрлеуге арналған заттар, шілтерілер, тігін заттары мен баулар.
Ол шақтағы дәрі-дәрмек шығаратындардың хабарламалары екіұшты болғанға ұқсайды:
Ал асқазанның бұзылуы, холерин, іш өту мен ас қорытудың бұзылуы сынды аурулардың емі.
«Якорный Стомакаль. Ф. А. Рихтер и Ко»
Медициналық Кеңес рұқсатын берген.
Барлық жерде сатылады. «Ф.А. Рихтер и Ко» бас қоймасы Петербург, Николаевская, 16-да орналасқан.
Бірақ 20 ғасырдың басында өте танымал болған Ван Гутен какаосының жарнамасы ерекше дизайнымен айрықшаланған. Аталған какао брендінің танымал болғаны сонша, тіпті оның қолдан жасалған түрлері де сатылған. Дегенмен мұның маркетиңдік айла-шарғы болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз:
Ван-Гутен какаосын сатып алатын тұтынушыларға ескерту:
Ертеден бері жұмыс істеп келе жатқан Ван-Гутен фирмасы тек өзінің жоғары сұрыпты өнімінің арқасында ғана әлемге әйгілі болды.
Өнімнің танымалдығы кейбір ұяттан безгендерді тегі бір я осыған ұқсас атауды алып, Ван-Гутеннің этикетіне ұқсас жапсырманы сыртына жапсырып, қолдан жасалған какаоларды сатуға итермеледі. Олар осылайша біздің өнімге күйе жақпақ.
Сондықтан өнімімізді сатып алар алдында біздің фирмамыз екеніне көз жеткізіңіз.
Ван Гутен қалбырының түпнұсқасын есте сақтау үшін оқырманға газетке басылған этикетканы қиып алу ұсынылған. Ван Гутен какаосының жарнамасы тек Алматыда ғана емес, сондай-ақ Ресей империясының барлық аймағында басылған. Жарнаманың көп болғаны сонша, Ван Гутен какаосына жақсы маркетиң сырын білген Владимир Маяковскийдің (1893–1930 жылдар аралығында өмір сүрген орыс және совет ақыны) өзі оған өлең арнаған.
Сырт көзден ішкі жан дүниеңді
сары жемпірдің тұмшалап қалатыны қандай жақсы!
Өлім алдында тұрған сәтіңде
«Ван Гутеннің какаосын іш!» деп айқайлаған неткен ғажап!
iВладимира Маяковскийдің «Шалбарлы бұлт» поэмасынан алынған үзінді
«Семиреченские областные ведомости» газеті Алматыда 1870 жылдан бастап аптасына бір, ал 1884–1918 жылдар аралығында жетісіне екі мәрте шығып тұрған. Бұл өлкенің басты баспасөзі болған. Аталған газетте әлем жаңалықтары, жергілікті оқиғалар, қылмыстық хроника, жарнамалар мен хабарландырулар басылған. Газет қос тілде шыққан және қазақ тіліндегі нұсқасының мазмұны орыс тіліндегі нұсқасынан айрықшаланған және ол «Түземдік бөлім» деп аталған.