Еңбекші әйелдерге жалынды сәлем!

Сталиннің 8 наурыздағы құттықтау сөзі

Кеңестік постер/Ашық дереккөзден

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін үзінділерді ұсынамыз.

1926 жыл РСФСР-дің «Рулық өмірдің қалдықтарын құрайтын қылмыс» тарауын қамтитын жаңа Қылмыстық кодексінің қабылданғанымен есте қалды. Осы заңның 199-бабында екі әйел алу немесе көп әйел алу үшін бір жыл мерзімге еңбекке жегу түріндегі жаза немесе мың сом айыппұл салған, дегенмен заң жарияланғанға дейін осындай некеге тұрғандарға заң қолданылмаған.

Сол 1926 жылы Иосиф Сталиннің өзі «Еңбекші қазақ» газетінің бірінші бетінде (№52) қазақ тілінде жұмысшы әйелдерді құттықтаған:

Әлеуметтік пролетариат айналасында еңбекшілердің бір тобын жасаушы бүкіл жер жүзінің еңбекші әйелдеріне жалынды сәлем.

Олардың мына істерінің орындалуына тілектеспін:

Бірінші — жалпы жұмыскер табының жер жүзілік қорғанын нығайтып, жер жүзі еңбекшілері төңкерісіне көмекші болуына.

Екінші — байлардың дін-шаруа бұғауы астында тұтқын болып келе жатқан артта қалған әйелдерді құлдықтан құтқаруына.

Үшінші — қара шаруа әйелдерін төңкеріс көсемі, әлеуметшілік құрылыстың басшысының айналасына жиюына.

Төртінші — неше түрлі теңсіздікті, барлық зорлық-зомбылықты жою үшін пролетариаттың үстем болуы, кеңес топырағында әлеуметшілік жұртшылығын құру үшін өзінің қалпына қарай әлі теңелмей келе жатқан екі топтың берік жымдасуына тілектеспін.

Жасасын жер жүзінің коммунистік әйелдер күні!

Сталин

«Еңбекші қазақ»/Ашық дереккөзден

«Еңбекші қазақ газеті» — Қазақстан Компартиясы өлке комитетінің баспа органы ретінде 1921 жылдан бастап шығып келе жатқан қазақ тіліндегі облыстық газет. Совет заманында газеттің аты әуелі «Социалды Қазақстан», кейін «Социалистік Қазақстан» деп бірнеше рет өзгерді. Қазір газет «Егемен Қазақстан» деген атпен шығады.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді