19 ғасырдағы киіз үй ісі
Түркістан альбомының топтамасы
«Мың рет естігеннен бір көрген артық» деген халқымыздың ерекше тағылымы бар. Сол себепті Qalam оқырмандарды әртүрлі дәуірден бізге жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа бір айдар қосты.
1871 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П. Кауфманның бұйрығымен Түркістан альбомын шығару жұмыстары басталды. Бұл жоба отарлық фотосурет саласындағы маңызды бастама болды. Оның мақсаты — «Түркістан өлкесіндегі көшпелі және отырықшы халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттау» деп жарияланды. 1300 фотосуреттен тұратын басылым төрт бөлімге бөлінді: тарихи, археологиялық, этнографиялық және кәсіпшілік. Кәсіп туралы бөлімде түркістандық қазақтар мен қырғыздардың қолөнершілерінің тұрмыс тіршілігі бейнеленген. Олардың ерекше кәсібі, көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі — киіз үй жасау ісі.
Орталық Азияның көшпелі халықтарының жылжымалы баспанасы модульдік қаңқадан тұрады. Бұл қаңқа иілген уықтан жасалып, олар керегеге бекітіледі. Бұл құрылым шаңырақ салмағын біркелкі ұстайды. Киіз үйдің қаңқасы бірнеше қабат киіз жабындармен жабылып, құрылымның тұрақтылығы әртүрлі мата белбеулер мен арқан көмегімен тартылады.