Қазақтар тек ет жеген…
20 ғасырдағы Зайсандағы балықшы қазақтар
«Мың рет естігеннен бір көрген артық» деген халқымыздың ерекше тағылымы бар. Сол себепті Qalam оқырмандарды әртүрлі дәуірден бізге жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа бір айдар қосты. Осы аптада біз Зайсандағы балықшы қазақтардың суреттерін таңдап алдық.
Біз көшпенді қазақ тұрмысы балық аулаумен байланысты емес деп ойлауға үйреніп қалғанбыз, ал Батыс Қазақстан тұрғындары қазан көтеріп, еттің орнына бекірені асып жейтіні — бізге біртүрлі экзотика сияқты көрінеді. Дегенмен, Қазақстанның кейбір өңірлерінде балық аулау ісі жақсы дамыған еді.
Бұл фотосуреттерде 20-ғасырдың басында Зайсан көлінің маңында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысында, Қытаймен шегараға жақын жерде өмір сүрген қазақ балықшылары бейнеленген. Жергілікті қазақтар қармақты жақсы салып, балықты керемет аулаған, көшпелі немесе жартылай көшпелі өмір салтын ұстанған. Бұл сирек кездесетін кадрларды 1909–1911-жылдары осы өңірге сапар жасаған казак әскери қызметкері Н.Г. Катанаев түсірген. Ол жасаған фотосуреттер 1911 жылы Омбы қаласында өткен Батыс Сібірдің алғашқы көрмесінде көрсетілген «Сібір казак әскері аумағының көріністері» атты альбомға енгізілді. Альбомда жергілікті қазақтар мен Ресей империясының отарлау саясаты аясында Қазақстанға қоныс аударған орыс казактарының тұрмысы бейнеленген.