Вавилондағы қалыңдық базары
Викториан дәуірінің әйел саудасына көзқарасы
Бұл картинаны (172*304 см) викториан дәуірінің танымал суретшілерінің бірі Эдвин Лонг салып шыққан. Ол 19 ғасырдың соңында қолы жүрген қыл қалам шеберлерінің қатарында екені сөзсіз. Мысалы, оған «Вавилондағы қалыңдық базары» картинасына сол дәуір үшін аса қомақты қаржы, сол дәуірдегі суретшілер үшін рекордты сома — 6615 фунт стерлинг төлеген.
Қоғамның сүйіктісі болу үшін тек қылқаламды шебер қолдану жеткіліксіз еді, оған қоса суретсүйер қауымға ұнайтын, сол заманның сәніне сәйкес келетін картинаны ұсынуың керек. Ал ол кезде көне тарих, байлық пен сән салтанат, драмалық сахна мен сәл-пәл жанжал тудыратын суреттер сәнде еді.
Британияда 1875 жылы әйел құқығы үшін күрес қызып тұрған шақ еді. Әйелдер күйеуінен қаржылық тұрғыда тәуелсіз бола бастады, әйелдердің білімі туралы пікірталастар жүріп жатты және нәзік жандылардың дауыс беру құқығы туралы айтылып жатты.
Темірді қызып тұрған шағында соғып, өзекті тақырыпқа сай әрекет ету — қазіргі блогерлер бастаған іс емес. 19 ғасырдың өзінде осыған ұқсас жағдай болатын. Егер сенің жұмысың туралы адамдар жаға жыртысып, жан-тәнімен талқылап жатса, онда сен де бай әрі танымал болып шыға келесің. Эдвин Лонг те қапы қалмады, «Аукционы» арқылы ол дәл осы қызып тұрған темірді дөп соқты. Бұл картинаның сюжеті Геродоттың «Тарих» кітабынан үзінді ретінде салынған:
«Менің ойымша, олардың ақылға қонатын деген бір салты мынадай еді. Жылына бір рет әр елді мекенде былай істейтін: неке жасына жеткен барлық бойжеткен қыздарды бір жерге жинап алатын. Олардың айналасына жас жігіттер жиналып, жаршы әр аруды жеке-жеке тұрғызып, қалыңдық саудасы басталып кететін. Алдымен көрсең көз сүрінетін ең ажарлы қыздарды сататын. Оны қомақты қаржыға сатқан соң, жаршы келесі сұлуды ортаға шақыратын (олар бірден күйеуге сатылатын). Вавилондағы ең бай жігіттер ақша үстіне ақша қосып, ең көріктілерін сатып алуға тырысып жататын. Ал қара халық арасынан шыққан, сұлулыққа аса мән бермейтін бозбалалар көріксіз қыз бен ақша да алып қайтатын. Әдемі қыздардың бәрі дерлік сатылған соң, әлгі жаршы сұрықсыз немесе мүгедек қызды орнынан тұрғызып, оны біреу-міреу азғантай төсек орнымен алып кетпес бұрын, болмашы ақшаға алуды ұсынады. Бұған сұлу қыздардан түскен ақшаны жұмсаған. Осылайша көрікті қыздар сұрықсыздау, мүгедектерге тұрмысқа шығуға көмектескен... Мұндай керемет дәстүр қазір ұмыт болған».iГерадот. Тарих 1 196.
Заманауи тарихшылар бұл ақпаратқа күмәнмен қарап, ұлы тарихшының жұмыстарында жиі кездестетін «қоспасы көп әңгімеге» телитіні бар. Бүгінде бізге вавилондық неке қию заңнамасы анық белгілі деуге болады, оның ішінен Герадот жазған мәлімет кездестірмейсіз.
Есесіне әйелдерді тауар секілді саудаға қойып, сатып жіберу еуропалықтарға таңсық емес еді. Олардың саналы ортасы жан-тәнімен осыған қарсы күресіп, мұндайды болдырмауға тырысатын. Оған қоса «сұрықсыз қыздарды тұрмысқа шығаратын сұлулар» дәп сол Британияда қалыпты жағдайға айналған. Кейбір отбасында шырайлы қыздарының жасауына қарағанда ажарсыз қыздарының жасауын қомақты етуге тырысқан. Сондықтан бұл картина төңірегінде шу көтеріліп, белгілі бір деңгейде қарсылық танытқан, әлеуметтік маңызы бар мәселені көтерген деген және т.с.с. айдар тағылып, қоғамға тарап кетті.
Мұражай қорынан дәл көшілірген вавилондық өрнектерге қарап, біз бәрібір «ежелгі әлемге» еніп кете алмаймыз. Себебі картинадағы бәрінің көзіне бірден оттай басылатын викториан дәуіріндегі аукцион үйінің ахуалы таразы басын тартып кетеді. Сатып алушы еркектер артқы планға салынған және олар әлдебір маңызды рөл атқарып тұрған жоқ, тек «ессіз ғашық», «кәрі бай», «кекірейген шенеунік», «именшек кедейдің» образында бейленген. Есесіне картинадағы 13 қыздың әрқайсысын анықтап көруге құмартасың. Ең көрікті қыздың бетін көре алмаймыз, ол көрерменге арқасымен тұр, себебі жаршы оны сатып алушыларға көрсетіп жатыр. Ондағы еркектердің таңданысы мен қызды алу үшін беріп жатқан бағалы заттарға қарап, арудың мінсіз сұлулығы туралы болжай беруге болады.
Ең көріксіз қызды да анықтап көре алмаймыз. Себебі ол мұндағы масқараға шыдай алмай екі қолымен бетін басып, сондағы ең қараңғы бұрышқа тығылып отыр. Оған бақытты отбасын құру үшін емес, күнкөріс үшін ақша табуға келген әлдебір жұпыны киінген бозбала қарап тұрғанын көреміз.
Есесіне оның жанында отырған екінші сұрықсыз қыз бейберекет, көңілді отырғанға ұқсайды. Өзінің көріксіз екенін бұл қыз баяғыдан білетін сияқты және мұнда болып жатқан аукцион оның көңіл күйіне анша-мұнша әсер ете қоймаған секілді. Оған қоса көрші отырған қалыңдықтар да бұл жерден заңды некеге отырып, қосымша ақшамен шығатынына мәз болып отырғандай көрінеді. Иә, олар шенеунікке емес, еңбекші және қызметшілерге тұрмысқа шығады, бірақ қыздар аспандағы айға дәмеленбеген де, тағыдыры баяғыда шешіліп қойған. Сондықтан да болар олар аукционға құлағын да түрмей, өзара әңгімеге бел шешіп кіріскен.
Алайда алғашқы үштіктегі арулардың көзінен мұң байқалады, себебі олар ең шырайлы қыз деген атаққа ие бола алмады. Ал ортадағылардың тағдыры мен тұрмысы белгісіз болған соң ба, әлдебір алаңдаушылық бар, мазасы кеткен.
Қазір Эдвин Лонгтың есімін өз дәуіріндегі мықты суретшілердің қатарынан кездестіре алмаймыз. Оның бейнелеу өнері тарихындағы үлесі жиған ақшасындай елеулі болмады.
Дегенмен соңғы жылдары суретшінің есімі жиі айтыла бастады. Интернет Эдвин Лонгты қайта жарыққа шығарды. Енді оның суреттері ең көп, бәріне үстірт қарайтын аудиторияға жол тартты. Бұл аудитория сұлу қыздар, ғажап интерьер мен шиелінскен сюжеттерді жақсы көреді. Ал Лонг бұл аталғандарды бейнелеуде алдына жан салмайды.
Егер картинаға өнертанушы емес, қарапайым көрермен ретінде қарасақ, онда суреттің ішіне еніп, қиялыңа ерік беретіндей дүние екеніне бек сенімді боламыз.