Эжен Делакруа. Сарданапалдың өлімі

Азғын ләззаттың ақыры

Эжен Делакруа. Сарданапалдың өлімі. 1827/Musée du Louvre/Wikimedia commons

«Сарданапалдың өлімі», 1827 жыл

Авторы: Эжен Делакруа

Лувр (Париж, Франция)

Сарданапал — Ассирияның мифтік патшасы. Оған қатысты мәліметтерді біз ежелгі грек-рим деректерінен кездестіреміз, алайда бұл әңгімелердің түпнұсқасы жоғалған, бізге жеткен дәйексөздер сол кездегі авторлар мен олардың еңбегінен алынған үзінділерге ғана негізделген. Сарданапал бейнесін тарихшылар шынайы ассириялық патшалармен — Ашшурбанипал, Сеннахериб, Син-шар-ишкун және тағы басқалармен салыстырып көрген, алайда бұл талпыныстардың бәрі күмәнді болып шыққан. Шын мәнінде, Сарданапал бейнесі ешбір нақты патшаның өмірбаянына сәйкес келмейді.

Антика аңызына сәйкес, Сарданапал Ниневияны (кейбір деректерде — Вавилонды) біздің дәуірімізге дейінгі 8 ғасырда билеген. Бірақ «билеген» деген сөз артық айтылған: патша мемлекет істерімен айналысқан жоқ, керісінше, уақытын гаремде өткізуді ұнататын. Ол жерде ол күңдермен және сарай қызметкерлерімен көңіл көтеріп, әйел киімдерін киіп, жіп иіріп, мата тоқып, бетін бояуға әуес болған. Сол қылықтары гректер мен римдіктердің шамына тиген, алайда бұл кез келген ассириялық патшаға тән шындық еді — Месопотамиядағы ер адамдар, тіпті ең мықты жауынгерлер де, ежелден бері беттеріне грим жағып, көзін бояп, хош иісті майды молынан қолданған, тіпті кейде беттеріне өрнек те салатын. Олар мұны тек прагматикалық мақсатта жасады, яғни грим күннің ыстығынан қорғаса, өткір иісті хош иістер жәндіктерден сақтайтын, ал өрнектерді ритуалды сипатта — құдайларға құрмет көрсету үшін салатын.

Мэдокс Браун Форд. Сарданапалдың түсі. 1871/Delaware Art Museum/Wikimedia commons

Мэдокс Браун Форд. Сарданапалдың түсі. 1871/Delaware Art Museum/Wikimedia commons

Сарданапал жіп иіруге, әйелдерге және басқа да гарем істеріне әуестеніп, әскер мен мемлекетті басқаруды туыстарына тапсырды, алайда олар бұл міндетті атқара алмады. Халық қиындық көріп, жау-дұшпаны еркінсіп, шегараға төнді, ақсүйектер қастандық ұйымдастыра бастады. Сондай бір қастандық сәтті жүзеге асып, бүлікшілер астананы қоршап алып, өртеп жібереді. Бәрінің түбіне жеткенін түсінген Сарданапал сарайында теңдессіз қазынаға малынып, әсем тұлпарларды, сұлу күңдерді иеленіп, көркем бозбалаларды маңайына жиып қоштасу тойын өткізеді. Барлық малын бауыздауды бұйырды, содан кейін өзінің зәулім сарайын, ішіндегі бар мүлкін отқа жағып, жалынға оранған жерлеу рәсімін жасады.

Римдіктер Сарданапал бейнесін ерекше құрмет тұтып, цезарьларға арналған ескерту ретінде пайдаланған. Қазіргі император туралы жаман пікір айту кейде қауіпті болатын, бірақ Сарданапал сияқты жиренішті және азғын патша туралы ашу-ызамен жазсаң, кім туралы әңгіме қозғалып тұрғаны бәріне түсінікті еді. Әсіресе, Сарданапалды көбіне жас император ГелиогабалменiiРим императоры 218–222 жылдарысалыстыратын. Себебі оны өлтіргеннен кейін халыққа билеуші не үшін мерт болғанын түсіндіру қажет еді. Әрине, бет бояғаны үшін, басқа біреуге ұнаған тақта отырғаны үшін емес. Осылайша Сарданапал жалпы адамзат санасында елдің игілігіне нұқсан келтіре отырып, азғын байлыққа бас ұрған билеушінің үлгісі болды.

Франсуа Жерар. Француз королі Х Карлдың портреті. 1825/Museo Nacional del Prado/Wikimedia commons

Франсуа Жерар. Француз королі Х Карлдың портреті. 1825/Museo Nacional del Prado/Wikimedia commons

1827 жылы Эжен Делакруа өзінің «Сарданапалын» бейнелеген кезде, бұл мысал сол заманда да өзекті еді: сол кездегі Франция королі X Карл сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығын шектеуді күшейтіп, саяси дағдарыстар кезек-кезегімен діңкені құртты. Ақша судай ағып жатқанымен, тек белгілі бір топтардың қалтасына түсетін. Елде жаңа революция болатыны туралы болжамды ойлар пайда болып, үш жылдан кейін ойлаған дүние бас көтерді. Айта кетерлік жайт, сол уақытта суретшінің өзі қаржылық қиындық көрмеген және биліктің ерекше қамқорлығында болған еді. Өйткені билік өнер адамдарына өте жомарт болып, оларды сыйлықтармен марапаттап, идеяларын қаржыландырып отырған. Алайда қоғамның жай-күйін жақсы сезген Делакруа өз парызын сезініп, патшаға осы туындысы арқылы ескерту жасауды дұрыс деп тапты. Оның үстіне, сол кездегі прогрессивті қоғам жақында ғана дүниеден өткен Байронға (Джордж Гордон Байрон (1788–1824) — ағылшын ақыны) ғашық болған, оның «Сарданапал» драмасы аса танымал еді. Ал Делакруа өзінің осы шедеврін Байронның «Сарданапалын» негізге алып жазған.

Эжена Делакруаның автопортреті. 1837/Musée du Louvre/Wikimedia commons

Эжена Делакруаның автопортреті. 1837/Musée du Louvre/Wikimedia commons

Картинада — патша бейнесі, ол әсемдеп ойылған піл мүсіндерінің үстінде тұрған төсекте жатыр. Пілдердің азулары кесілген, бұл — оның биліктен айырылғанының белгісі. Артқы жақта — өртке оранған қала. Ал күзетшілері жанарының нұры сөнген патшаның алдында күңдерді аяусыз өлтіріп жатыр. Еденде жөн-жосықсыз шашылып жатқан алтын мен басқа да асыл заттар анық көрінеді.

Делакруа бұл туындысын «ізгілік жолынан тайғандарға ескерту» деп сипаттаған болатын. Алайда сол кездегі сыншылар оны ескерту емес, азғындық деп санап, қатаң сынады. Картинаны «қорқынышты», «қатыгез» және «әдепсіз шынайылығы» үшін айыптады. Ең қатты сын алдыңғы жақтағы заттардың тым көп болуына қатысты еді, өйткені ол кезде бұл академиялық өнер канондарына қайшы саналатын. Бірақ осы сынның барлығына қарамастан, «Сарданапалдың өлімі» ақырында романтизм дәуірінің ұлы шедеврінің бірі болып, Луврдан орын алды. Бұл картина билігін теріс пайдалану мен азғындықтың қайғылы салдарын көрсетіп тұр, сондықтан да ол сол кезеңнің шынайы ескертуі ретінде танылған.

Эжен Делакруа. Сарданапалдың өлімі. 1827/Musée du Louvre/Wikimedia commons

Эжен Делакруа. Сарданапалдың өлімі. 1827/Musée du Louvre/Wikimedia commons

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы