Алақан петроглифі

Бағзы заманмен қол алысу

Алақан. Жыңғылшық/В.Простаков

Егер Қаратау тауларында ежелгі адамның тасқа қашап салған алақан бейнесіне қолыңды тигізсең, тұңғиық тарих қойнауына бойлап, әп сәтте сол замандағы шаман-суретшімен қол алысқандай сезім кешесің. Міне, бұл ерекше алақан суреті – бүгінге қол созған бағзы заман ишарасы.  

Қаратау тастарындағы адам қолының бейнесін табу қиын. Бұл тек Жыңғылшық петроглифтерінің шоғырланған жері Қаратау қорығында орналасып, туристерді кіргізбеуімен ғана емес, бұта мен ағаш қаптаған ұзақ әрі бұралаң шатқал жолымен де байланысты.

Басты мәселе — бейнелердің уақыт өте қою зеңжармен (тас қабығымен) жабылып қалуында. 4 мың жыл бұрын қашалған бұл суреттер тек күн батар шақта ғана көрінеді. Сол кезде күн сәулесі тас бетіне қиғаш түсіп, ежелгі сызықтардың бедерін айқындай түседі.

Алақан. Жыңғылшық/Ольга Гумирова

Алақан. Жыңғылшық/Ольга Гумирова

Ежелгі суреттің авторы жануарлар бейнесі арасына адамның алақанын қандай мақсатпен салған? Бұл қола дәуірі адамдары түсінігінде қандай мағына береді? Қалай дегенмен де, бұл суретшінің қолтаңбасы я болашақ ұрпаққа жолдаған сәлемі деп кесіп айту қиын.

Адам алақанының бейнесі — Жер бетіндегі ең ежелгі таңбалардың бірі. Батыс Еуропадағы Альтамира, Кастильо (Испания), Гаргас және Пеш-Мерль (Франция) секілді үңгірлерден табылған, охра немесе басқа да бояумен салынған алғашқы алақан суреттері палеолит дәуіріне жатады. Бұл символ қола дәуірінде де, ерте темір дәуірінде де, орта ғасырларда да маңызын жоймаған.

Қола дәуірдегі шаман суретшімен байланыс. 2005/Ольга Гумирова

Қола дәуірдегі шаман суретшімен байланыс. 2005/Ольга Гумирова

Алақан бейнесінің тасқа қашалып немесе бояумен салынуының бірнеше болжамы бар. Кейбір ғалымдар оны желеп-жебеп жүретін тылсым күш алу мақсатындағы рухтармен магиялық келісімнің символы деп есептейді. Енді бірі оны неолит дәуіріндегі Ұлы Құдай-ана бейнесімен байланыстырады. Мыңдаған жылдардан кейін көне мысырлықтар мен вавилондықтар арасында «Исида қолы» немесе «Иштар қолы» аталған амулеттер кең таралған. Бұл амулеттер Ұлы Ана мұрагерлерінің белгісі ретінде зұлым күштерден қорғаушы қызметін атқарған. Сол сияқты, Үндістанда бүгінге дейін сақталған дәстүр бойынша үйдің қабырғасына қызыл бояумен алақан табын басу — үй иелеріне бақыт тілеу нышаны. Ал ғибадатханаларда мұндай бейнелер құрбандық шалудың символдық баламасы ретінде қарастырылған. Кавказ өңірінде орта ғасырларда жайылған алақан бейнесі жеке меншіктің белгісі ретінде қолданылған. Ал біз үшін қазір мұндай таңба ашық ниет, сенім мен мәмілеге, ымыраға шақыру нышаны.

Атақты Келіншектау. Қаратау/Ольга Гумирова

Атақты Келіншектау. Қаратау/Ольга Гумирова

Қола дәуіріндегі суретші-шаман тастан қашап жасаған бұл алақан кімге тиесілі? Бейненің ер адамның қолына ұқсамайтыны анық, демек бұл әйелдің не баланың алақаны болуы мүмкін. Бәлкім, бұл Ұлы Құдай-ананың аманаты шығар?

Мыңдаған жылдар бойы бұл ежелгі алақан бейнесі осы маңайдан өткен жолаушыларға сәлемін айтып, оларды түрлі кесел мен қауіп-қатерден қорғап келеді.

Қаратаудың шатқалдары/Ольга Гумирова

Қаратаудың шатқалдары/Ольга Гумирова

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы