Омбыдағы бәйге
Дала өлкесінің әкімшілік орталығындағы ойын-сауық
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.
Омбы қаласы 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Дала өлкесінің астанасы болды, оның едәуір бөлігін қазіргі Қазақстан территориясы алып жатты. Ал 1897 жылғы халық санағы бойынша қала тұрғындарының жартысына жуығы қазақтар болған. Сондықтан мереке кезінде қалада көбінесе қазақтың дәстүрлі ойын-сауығының болуы ғажап емес. Мысалы, «Дала уәлаяты газетінің» 1894 жылғы маусым айындағы санында түркі халықтары арасында кең тараған ат жарысының бір түрі — бәйге өткізу туралы мынандай материал жарық көрген:
Алтыншы маусымда Омбы шаһарында заманауи бәйге алаңында дүбірлі ат бәйгесі болды. Ат шабатын көмбенің алыстығы 14 шақырым еді. Бұл бәйгеге көбінесе қазақ жылқылары жиылды. Қара үзіп келген бәйгенің жүлдесі күміс бұйым, мұны Сұлтан Абылайхановтың торы аты алды. Бұл ат жалпы бәйге жолын 21 минут 20 секундта шауып мәре сызығын кесіп өтті. Екінші бәйгенің де жүлдесі күмістен еді, мұны Жұман Сейітұлының шұбар аты алды.
Бірақ бір өкінер тұсы, Омбы шаһарындағы қазақтар арғымақ, дүлдүлдерін алып келмеді. Ләкин, бұл бәйгеде шаһар аттары ғана шабады. 29 маусымда тағы да жүйріктер бас қосатын үлкен дүбірлі дода болады. Көмбенің алыстығы 10 шақырым, қара үзген тұлпардың бәйгесі күмістен болады. Бұл бәйгеге дала уәләятын билеп тұрған Генерал губарнаторлардың өзі келеді. Тым болмағанда, Омбы шаһарындағы қазақтар өздерінің жүйрік аттарын баптап, осы бәйгеге алып келсе жарар еді. Бұл қызыққа әр жердің сұрапыл сәйгүліктері жиналады. Тағы түрлі ат үсті ойындарынан жарыс болмақ. Және өзі жүретін екі доңғалақты темір арбалардың жарысына куә боласыз. Екі орында екі бөлек сырнайшы, кернейші музыканттар ойнап тұрады. Өлеңші, жыршылар да болады. Сонымен қатар әртүрлі ауа шарлары ұшырылады. Бұл қызықты тамашаламақ болған адамдар он бес тиыннан төлейді.
Бәйге жеңімпаздарының арасында мынадай қызық есімдерді көруге болады. Күміс жүлдегер Жұман Сейітов дәрігер, «Алаш» партиясының белсенді мүшесі Асылбек Сейітовтің әкесі болуы мүмкін. Ол 1937 жылы атылады. Бәйге жеңімпазы Абылайханов сұлтан (Меделхан) Қазақтың ханы Абылай ханның (1771–1780/81) шөбересі. Омбыда Дала генерал-губернаторлығының қарамағында жұмыс істеді. «Дала уәлаятының газетінде» аудармашы, редактор болған.
«Дала уәлаятының газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.