Керек һәм керек емес білім
Семей мұғалімдер курсындағы дау-дамай
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін, тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.
1917 жылы сол кездегі Алаш автономиясының астанасы Семейде екі жылдық мұғалімдер курсы ұйымдастырылды. Бұл курстағы ең маңызды және даулы тақырып, оқу бағдарламасының айналасында болды және көбісі осы курсқа ұсынылған пәндерді бірі қатты жақтаса, бірі аямай сынға алды. «Қазақ» газетінің беттерінде жарияланған «Мұғалімдер курсы туралы» мәтінді жазған анонимді автор да курсқа қажетті һәм қажет емес пән туралы өзінің радикалды көзқарасын ұсынады:
Араб тілінің керегі аз дейтінім: баяғыдан бері қырда дін тілі деп 15 жыл оқып та араб тілін білген кісі жоқ. Тіл үйрену керек болса, бізге бәрінен бұрын орыс тілін үйрену мақсат.
Автордың араб тілін ғана емес, ислам тарихы, тіпті ұлт тарихын да қатаң сынады:
Ислам тарихы мен ұлт тарихы жалпы тарихтың уақытын алады. Жалпы тарихты оқымай тұрып, аналарды оқығанмен тарих оқудағы мақсат табылмайды, түсінілмейді. Жалпы тарихты оқып болған соң, ұлт тарихы мен ислам тарихы тұрсын, Қытай мен Француз тарихына тереңдеймін десе де жол бос.
«Қазақ» газеті — 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулат негізін қалаған қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси және әдеби газет. Барлығы 266 саны жарық көріп, таралымы 8000 данаға дейін жеткен.