Қыз саудасы және қалың мал

Оқырмандар хатындағы «әйел теңдігі» үшін күрес

19-ғасырдың екінші жартысынан бастап Дала және Түркістан өлкесінде газет-журнал шығару ісі қолға алынды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдар да жарық көре бастады. Оның бір бөлігі алдымен патшалық, кейін кеңестік биліктің ресми идеологиясын жеткізетін һәм тарататын құралдың рөлін атқарды. Дегенмен осы кезең қазақтан шыққан зиялы қауым ағартушылық қызметті белсене жүргізген уақыт екенін атай кету керек. Бұл түрлі қоғамдық-саяси, көркем және әзіл-оспақ басылымдардың пайда болуына түрткі болды.

 

Qalam сіздерге қазақ баспасөзі түрлі дәуірде таратқан ақпарат үзінділерімен танысып, өткеннің өзекті тақырыптарын қайта бір елеп-екшеп көруді ұсынады.

Революцияға дейінгі өмірді баспасөз арқылы жүйелі түрде һәм жан-жақты сынға алу — кеңес пропагандасының маңызды құралдарының бірі болды. Көбінесе мұндай мақалалардың жариялануына Кеңес билігінің саяси не заңнамалық бастамалары себеп болып жататын. Сын оқырмандардан кеп түскен хатта да жиі кездесіпті. Оның кейбірі қаншалық шынайы екені сұрақ тудырады.

 «Қазақ тілі»

«Қазақ тілі»

1921 жылдың шілдесінде Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасында тұңғыш рет көп әйел алуға және қалың мал төлеуге тыйым салу туралы декрет қабылданды, ал заң бұзғандар қылмыстық жаза тартады делінді. Шамамен сол уақытта Орталық Азия газеттерінде оқырмандардың қалың мал пен көп әйел алуды сынаған хаттары шыға бастады. Семей губерниясы партия комитеті және атқарушы комитетінің ресми органы саналатын «Қазақ тілі» газеті де тыс қалған жоқ. Мәселен, басылымның 1921 жылғы 24 желтоқсандағы №159 санында Сайфолла Хайбуллин есімді оқырманның мынадай хаты жарияланды:

«Қазақ тілі»

«Қазақ тілі»

Әйел теңдігі

 

Қалың мал алу қашан тыйылады?

 

Павлодар уезі Ақ келін елі, 3-ші ауылдың қазағы Рақымжан Ноғас баласы 1920 жылы исполком бастығы болып еді. Өзін көзі ашық, үмітті жастарымыздың бірі деп санаушы едік. Қазір сол жылы 4-ші ауылдың қазағы Қорабай Берді баласына 37 қараға қарындасын сатып, мал алып, iшiп жеп отыр. Әр елде бақылаушы халық билері бар. Қалың мал кесіп алғандай тыйылады десек, бұрынғыдан да күшейіп кетті. Әйел бишара әке-шешесі, туған-туысқаны аямай мал орнына жұмсап сатып отырса да, аузын буған өгіздей үндемей кете барады. Енді бұған не шара?

 

Сайфолла Хайбуллин.

Ал «Алаш қаласындағы жастар» атынан кеп түскен басқа бір хатта өзге емес, ауыл төрағасының өзі әшкереленіпті:

Алаштағы қыз саудасы

 

Алаш қаласында Мұхамедхан бай Сейілқұл баласы 14 жастағы қызын Көкеннің председателі Темірқожа Ханқожа баласына 100 жылқы, 100 қойға сатып отыр. 14 жастағы қызды қырықтағы кісіге беру бір теріс болса, малға сату екі теріс. Алаш тергеушілері осы жұмыстың ізіне түссе екен.

 

Алаш жастары.

«Қазақ тілі» — Семей губерниясы партия комитеті және атқарушы комитетінің ресми органы болған газет. Алғашқы нөмірі 1919 жылдың 4 желтоқсанында апталық басылым түрінде жарық көрді. Кейінірек аптасына үш реттен шыға бастады. Газет жұмысшыларды революциялық идеяларды қорғауға үгіттеу жұмыстарында маңызды рөлге ие болды.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы