Намазшамда көлеңкелер өледі…
Есенғали Раушанов
Намазшамда көлеңкелер өледі,
Көлеңкелер өлу керек себебі.
Қан жұтқандай қап-қара боп жатады-ай,
Дарияның кемері.
Қан жұтқандай қарауытар қыр дәйім,
Мылқау дүние,
Сені де бір тыңдайын.
Қара шәлі жамылады жесірдей
Көлеңкесін жерге берген тұл қайың.
Кешір, бауырым,
Мен кінәлі емеспін,
Басын шайқап өксиді үнсіз көк өскін.
Жерлеп қайттым бүгін тағы оларды,
Бірақ маған көңіл айтқан жоқ ешкім.
Ауыл жатыр қойнауында төбенің,
Жалқынданып тұрып алды неге күн?
Ерін,
Ұлын,
Ағасы мен інісін
Соғыс жұтқан Әжемді ойлап келемін.
Ай көрінді беті күп боп ісіне,
Жол сұғынды қалың жыныс ішіне.
...Бүгін тағы ұйықтай алмай шығам-ау,
Өлген жандар кіріп кілең түсіме…
Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов (1957–2021) — қазақ ақыны, жазушы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006).