Өркен Салубай

Әлмисақ өлеңі

Өркен Салубай/Qalam

Мен ақының едім, миығында періште күліп, ашуы ажал болжаған,

Дұға қылғанда, күн мен ай жарығында он ғалам.

Жаһанға мені жамыратқанда жер бетіндегі жеті ұйық,

Күн күркірінен тірілгем найзағайлардан от иіп.

Жабайы заманда қараңғы жартастардың жаңғырықтарын жамылып,

Үнсіз қалғанмын адамзат кейпімде уақытқа танылып.

Жанарыма тығылды жалынышқа кіріптар жапанның жарығы,

Ажалды сескентті Қорқыттың қобызы мен Асанның зар үні. 

Жұлдыз нұрынан пайда болғанда миы өлі көлеңкем,

Ұжымақтан маған, ұшып жеткенсің киелі өлең сен.

Көл бетіндегі шертиген шеңберлерден жарты ай да ұялған,

Мен жағадағы ақын едім, қартайған қиялдан.

Алақан сызығымды жалғап бидай дәніндегі бір тал әжімге,

Табиғат үйреткен тәкаппарлығымды ұмыттым мұрса, ал, лажым не?!...

Жаңғырықтарым соңымнан келеді, өз сөзімді қуалап,

Бақсы жарғанаттар ұшады бағзы үнімді дуалап.

Түскенде алғаш кіршіксіз топыраққа жуас іздерім,

Аңқау көлеңкем ғана қалды күнәсіз менің.

Әлмисақтан көрінді тәніме жасырынған топырақ реңі,

Ауырды оған ақынның ғана босырақ жүрегі.

Өркен Салубай 1984 жылы 4 тамызда Алтай аймағы, Көлбай ауылында дүниеге келген. Ақын, редактор.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді