Жұмекен Нәжімеден

Күй десе ірке алмайсың бұ қазақты…

Жұмекен Нәжімеден/Qalam редакциясы

Ағартушылық пафосына орай Qalam әлемді түсіндіруді тырысады, сондықтан осы жерде қарастырылып жатқан әрбір тарихи я мәдени құбылыс сан алуан қосымша ақпаратпен ұштастырылған. Бірақ бұл айдардың артық сөз бен әдеттегі түсіндірмелерден ада болуын қаладық. Алдарыңызда біз үшін кейбірде аса ерекше сұлу көрінетін, аты затына сай, заманы мен елі бөлек өлеңдердің үзінділері. Осыған ұқсас мәселе жайлы бір замандас лириктің айтқанындай, бұл түсіндіруді талап етпейді, бәлкім, бұл тіпті қанымызға сіңген дүние.

Күй десе ірке алмайсың бұ қазақты:
Оқылмай намаз қапты, дұға қапты.
Кәрілер күй естілген үйге толып,
Жабықтан келін-кепшік сығалапты.

Жылытып суық көңіл, шашы аппақты,
Көсіліп күйші де бір жасап қапты
Түндегі күйші түскен ат кекілін
Таңертең бір қыз тұрып шашақтапты.

Сондықтан күйлер шыққан асып биік,
Жан шіркін ышқынғанда ашып-күйіп,
Қайғыдан аман қапты әдемі қыз
Күйшіге он бес жаста қашып тиіп.

Ол да бір тағдыр екен тасып өтпек,
Жаныпты өзге оттан ғашық от көп.
Күйшіні күтіп алу — мереке боп,
Ал, оны аттандыру — қасірет боп...

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов (1935–1983) — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді