АҒЫЛШЫН ӘЙЕЛДЕРІ ҚАЛАЙША КӨЖЕКТЕРДІ ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛДІ

Әйел табиғатының құпиясы туралы

Уильям Хогарт. Қояндарды дүниеге әкелген әйел. Шарж. 1726/Alamy

Ресми медицинаның әйел денсаулығына, әсіресе репродуктивтік саулығына қатысты күрделі көзқарасы 20 ғасырдың басына дейін дерлік құбыжықтарды туғызып келді. Сөздің тура мағынасында жағдай осылай болды. Әсіресе пациентердің әзілді түсінуі жоғары деңгейде болса.

Гинекология ұзақ уақыт бойы медицинаның ең артта қалған саласы болды. Әйел ағзасын түсіну, тіпті дамыған антикалық дәуірдің өзінде мүлдем фантастикалық сипатта болды. Гиппократ,iб.з.д. 460–370, ежелгі грек дәрігері, еуропалық медицинаның негізін қалаушы ЦельсiАвл Корнелий Цельс, римдік дәрігер, «Медицина туралы» трактатының авторы және Галенi129–200, римдік дәрігер және хирург секілді құрметті дәрігерлердің осы тақырыпқа қатысты қалдырған мәліметтері қазіргі оқырманды жиі естен тандырады. Бедеулікті емдеу үшін жыныс мүшесіне есектің құрғақ тезегін байлау немесе босанғалы жатқан әйелдердің жастығының астына бақа сүйектерін салу — медицина трактаттарында кездесетін кеңестердің ішіндегі ең жабайысы емес еді.

Жүкті әйел. Ортағасырлық медициналық трактаттан алынған миниатюра/Wikimedia Commons

Еуропа медицинасы 19 ғасырға дейін бұл антикалық дәрігерлердің беделін мызғымастай санап келгенін ескерсек, олардың еңбектерінен алынған әйел ағзасы мен оның функциялары туралы қиял-ғажайып мәліметтердің мың жылдан астам уақыт бойы бұлжымас фактілер ретінде қабылданғанына таңданудың қажеті жоқ.

Бұл ішінара ресми дәрігерлер мен халық ішіндегі бала туғызуға маманданған әйелдер арасындағы қарсылықпен де байланысты болды — екі тарап та өзінің дәрігерлік практикасын қызу қорғады. Заң шығарушылар оларды ажыратып заңдар әзірледі, мұндай заңдар бойынша дәрігер, мысалы, науқастарды өзі қарай алмайтын, тек перденің артында отырып, әлгі кіндік шешеге кеңес беріп отыратын, өзі төтенше жағдайларда ғана араласатын (мұндай дәстүр Еуропада да, Азияда да өте ұзақ уақыт бойы сақталып, кей жерлерде тіпті біздің заманымызға дейін жетті).

Қоғамдық әдеп нормалары, діни талаптар, тас дәуірінен бастап әйелдердің репродуктивтік өмірімен байланысты болып келе жатқан ежелгі ритуалдар мен дәстүрлердің барлығы жиылып сауат біршама артқан ағарту дәуірінің өзінде де дәрігерлердің әйел ауруларын өте нашар түсінуіне және ең күлкілі ырымдарға сенуіне себепші болып келді.

Жөргектегі баланы анасына беру, гравюра, 16 ғасыр/Wikimedia Commons

Мысалы, ұрықтың қалыптасуы анасының «әсерленгіштігіне» қарай жүреді дейтін пікір абсолют ақиқат саналды. Демек әйел бастан кешірген кез келген қуатты, әсерлі сезім ұрпаққа салмақты түрде әсер етуі мүмкін деп есептелді. Анасы бір нәрседен қорқып, қолын бетіне басса — баласының көзі мен аузының арасында мең пайда болады. Плантатордың әйелі қара нәсілді құлдардың мақта жинап жатқанына қараса — қара нәсілді нәресте дүниеге келеді. Ал тағы бірі — жүкті әйел тек балықты ғана құмартып жейтін болса, баласы мылқау боп туса таң қалмау керек.

«Қарашы, қандай боп өсті!

Ақ болғанына таңқалма:

Жүкті ана отырмап па еді

Көз алмай үңіліп әппақ қарға!»iАлександр Пушкин, «Өлі патшайым мен жеті батыр туралы ертегі».

«Ананың қалдырған ізі» деп аталған бұл теория, жалпы алғанда, әйелдерге пайдалы да болды, өйткені ол жүкті әйелдерге ерекше сақтықпен қарауды талап етті. Егер отбасының қаражаты жеткілікті болса, жүкті әйелге барынша қамқорлықпен қарау қабылданды — ол қайғырмауы немесе уайымдамауы керек еді, ең дәмді және түрлі тағамдарды жеу қажет еді, оны тек әдемі заттар мен адамдар қоршауы тиіс болатын (мысалы, оған ең сау және тартымды қыздарды қызметші етіп қоятын).

Тек 18 ғасырдың ортасында ғана ресми медицина «ананың қалдырған ізі» теориясына күмән келтіре бастады — мұны бастап берген сауатсыз қызметші әйел Мэри Тофтқа алғыс айту керек.

Лавиния Фонтана (1552-1614). Жүкті әйелдің портреті, автопортрет болуы мүмкін/Wikimedia Commons

1726 жылғы қыркүйекте Ұлыбритания мен Ирландия королі І Георгтың (1714–1727) сарайына таңғажайып жаңалық жетті: Суррей ауылында тұратын жиырма бес жасар Мэри Тофт көжектерді дүниеге әкелді! Мэри қызметші болып жұмыс істейтін және Джошуа Тофт есімді тоқымашымен үйленген. 1726 жылғы тамызда ол түсік тастады, бірақ қыркүйек айында ол әлі де өзін жүкті сезінді, ал айдың соңында оның қайтадан толғағы басталды. Алдымен көршісі Мэри Гилл, содан кейін енесі Энн Тофт келіп қарады. Олардың көз алдында мысыққа ұқсас мақұлық дүниеге келді.

Отбасы мұны көршілеріне айтып, көрші Гилфорд қаласындағы акушер, доктор Жон Хоуардқа көмекке жүгінді. Әйел ағзасының құрылымы жайында қолда бар білімнің барлығын білетін доктор дереу келді.

Джон Лагерр. Мэри Тофтың портреті. 1726/Wikimedia Commons

Энн Тофт дәрігерге келінінің төсегінен түнде табылған жануар бөліктерін берді. Келесі күні Хоуард қайта келіп, Мэриге жануардың жаңа бөліктерін «тууына» көмектесті. Ол сол уақыттағы дәрігерлерге тән әдеппен перденің артында отырып, босанып жатқан әйелдің айналасындағы кіндік шешелермен сөйлесе отырып көмектескен-ді — босандырушы әйелдердің біріккен күш-жігерінің арқасында қоянның аяғына ұқсайтын терісі сыпырылған бәлдене «өмірге келді». Мұндай өзгеше толғақтар келесі айда да жалғасты. Бір күні Хоуардтың «қатысуымен» Мэри тағы да қоянның басын, мысықтың аяғы мен бір күнде өлі туған тоғыз көжекті «дүниеге әкелді».

Шынымен де құбыжықтарды туды деп сенген Хоуард Англиядағы ең танымал дәрігерлер мен ғалымдарға, сондай-ақ корольдің хатшысына бұл медициналық феномен туралы хабарлап хат жазды. Қызығушылық танытқан король өзінің сарай дәрігері Натаниел Сент-Андрені істі зерттеп, сараптамалық қорытынды беруге аттандырды. Сент-Андре Хоуардпен бірдей қояндардың дүниеге келуі жалған емес деген тұжырымға келді.

Натаниэль Сент-Андре 1726 жылғы "Көжек дәрігері" сатиралық гравюрасы/Wikimedia Commons

Бұл екі ер кісі Мэридің айтқандарына сенді: жүктілік кезінде далада жұмыс істеп жүргенде қояннан қорыққанын, содан кейін келесі түні сол қоянды түсінде көргенін айтып сендірді. Тофттың айтқандары баспасөздің де назарына ілікті. Мэри жергілікті жердегі танымал адамға айналды. Танымалдығы тіпті одан да асып жайылды:

«Қаладағы кез келген жан, еркек болсын, әйел болсын, онымен көрісіп, желдей ескен сөзге көз жеткізді: оның қарнында болып жатқан тоқтаусыз дүмпу, дыбыстар мен қозғалыстар таңғаларлық нәрсе; Лондондағы барша белгілі дәрігер, хирург пен акушер атаулы оның тағы да босануын көру үшін күндіз-түні қасында», – деп жазды Мэри туралы танымал саяси шолушы, екінші барон Херуи.

Уильям Хогарт. Сенімшілдік, ырымшылдық және фанатизм. 1762/Wikimedia Commons

Дәл сол уақытта елдің басқа аймақтарында да әйелдер таңғажайып жаратылыстарды дүниеге әкелгені анықталды — сол кездегі медициналық журналдардан «нәрестелердің»: «жалаңаш балапанға ұқсайтын алып, таңқаларлық жаратылыс», «бәрімізге таныс шошқа эмбрионы» деп сипатталған тақырыптарын таба аламыз.

Мұндай таңғажайып босанулар эстафетасы біршама уақыт жалғасты, бірақ Англияда сол кезде тәжірибе жүргізіп жүрген неміс хирургі Кириак Алерс (Cyriacus Ahlers) зерттеуге кіріскен соң барлығы сап тиылды. Тофт «дүниеге әкелген» қояндардың бөліктерін зерттей отырып, ол олардың ішінен астық дәндері мен шөптерді тапты, бұл олардың Мэридің құрсағынан шықпағанын дәлелдеді (тіпті «ананың қалдырған ізі» теориясы бұл ғажайып әйелдің ішінде шөбі шүйгін алқаптар бар деп болжауға мүмкіндік бермеді).

Тофтты Лондонға әкеліп, өлшеп, тұрақты бақылауға алады. Өзінің беделін сақтап қалуға тырысқан Сент-Андре әйгілі дәрігер Джеймс Дугласты зерттеуге қатысуға шақырған еді, Оны әйелдің шынымен белгісіз жануарды дүниеге әкеле алатынына сендіруге тырысты. Өкінішке қарай, Дуглас та бір кілтипан бар деп күдіктенді.

​​Үш жүкті әйел/Wikimedia Commons

Туыстарынан оқшауланған Тофттың енді мысықтар мен қояндарды «босануы» мүмкін болмады. Кейінірек оған тағайындалған қызметшілердің бірі, Тофттың оған бөлмесіне өлі қоян жеткізіп беруін өтініп пара бермек болғанын айтып қойған еді. Соңында, Тофт алдағанын мойындады, бірақ не үшін олай жасағанын түсіндірмеді. Алғашында оны алаяқтық жасады деп айыптап қамауға алған да, бірақ дәрігерлер мен король сарайына қатысты мазақ толқыны туындағандықтан, істі сотқа жеткізбеуге шешім қабылданды. Мэри ақталып, үйіне қайтты.

Натаниел Сент-Андре мен Хоуард екеуі осы оқиғаға орай дәрігерлік мансабын құрбан етті.

Екі ғасыр өткеннен кейін, медицина тұрғысынан қарағанда, босану сияқты қарапайым нәрсеге қатысты ер дәрігерлердің түсінігінің қаншалықты мардымсыз болғанына әрі әйелдерді еркектермен салыстырғанда қаншалықты өзгеше жаратылыс деп санағанына таң қалмасқа амал жоқ.

Александр Привалов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді