1917 жылғы төңкерісті бастаған көсемнің бірі, КСРО-дан бір жола кетпес бұрын алдымен Алматыға жер аударған. Алматыдаға уақытын ол көбіне жазу үстелінде өткізген. Саят құрып, аңшылыққа шығумен қатар жолбарыстарды қорғаған.
«Алматыға биыл аппақ, тап-таза, үлпек қалың қар жауды... Ал көктемде даланы қып-қызыл қызғалдақ жапты. Олардың санында есеп жоқ. Құдды бір, бірнеше шақырымға созылған қып-қызыл алып кілем іспеттес. Жазда — атағы жер жарған алматылық қып-қызыл үлкен апорт алмасы пісті... Алма бағы да бірнеше маусымды өткерді. Алдымен ағаштар гүлдеді. Сосын ағаштардың бұтақтары ауыр жемісін көтере алмай жерге дейін иілді. Кейінірек алма пісіп, жерге түсіп, ағаш астына төселген сабан төсеніштің үстінде жайылып жатты. Ал ауыр алмасынан арылған ағаш бұтақтары қайтіп өз қалпына келіп, көкке қарай бой түзеді. Бақ ішінде піскен алма мен алмұрттың иісі аңқып, ара мен сона ызыңдады. Біз болсақ, тосап қайнаттық».
Бұл эмигранттық жылы жай прозасына ұқсағанымен, бар болғаны Троцкийдің жұбайы Наталья Седованың Алматыға 1928 жылы қаңтар айында жер ауып келген соң басталған жаңа өмірінен сыр шерткен күнделігінен алынған жолдар.
18 қаңтар күні Лев Троцкий отбасымен бірге Мәскеудің Ярослав вокзалына аттанады. МСБ агенттері есікті сындырып кіріп, №2 революционерді (Лениннен кейінгі) өз еркімен үйін тастап шығуға бас тартқандықтан, үш адам болып күштеп алып шығуға мәжбүр болды. Бәлкім, орындаушылар айтарлықтай күш салмаса керек, өйткені естеліктерде Троцкийдің бойы қысқа әрі арық келгені айтылады. Дегенмен бұл оны күштеп алып шыққан алғашқы жағдай емес (1917 жылы наурыз айында британ теңізшілері оны қолтықтап «Христианиафиорд» деп аталатын норвег кемесінен шығарып жіберген).
Мәскеуде Троцкийді ұлының: «Жолдастар, Троцкий мырзаны қалай алып бара жатқанына қараңыздар» деп айқайлағанына қарамастан баспалдақпен төмен сүйреген. Осы бір сәт 1931 жылы жарық көрген «Алтын бұзау» романындағы М.С.Паниковскийді атқарушы комитеттің ғимаратынан күштеп шығарған оқиғасында көрініс тапқан. Троцкийдің өзі, әйелінің айтуынша, аталған әрекет кезінде «сабыр сақтап, байыптылық» танытқан. Жеке пойызымен таяуда ғана майдан даласының қатерлі аймақтарын шолып шыққан, теңіз әскерінің бұрынғы халық комиссарын, осылайша вагонға күштеп мінгізіп, Бішкекке (Фрунзе) жеткізген. Сол жақтан Қордай асуы арқылы көлікпен Алматыға әкелген. Ол шақтарда бұл айтарлықтай алыс қашықтық саналған. Қазақтың классикаға айналған «Амангелді» (1939 ж.) фильмінде: «Егер Ленин патшадан осы жақта жасырынып қалғанда, оны ешкім таба алмас еді» деген әзіл айтылады. Сол кездегі КСРО Революциялық әскери кеңесінің төрағасы Ворошилов мырза, Троцкий Алматыға жер аударылғаннан кейін: «Егер ол сонда жүріп көз жұмса, хабар жақын арада жете қоймайды» деп айтқан көрінеді.
Ақыр аяғында Троцкий мемуарында, «Биліктен қалай айырылып қалдыңыз?» деген сауалға жауап табу өмірінің ең басты мақсатына айналғанын мойындаған.
Шынтуайтында құрметіне қала мен эскадралық миналы кемелерге есімі берілген, бірнеше минуттың ішінде кронштадтық теңізшілердің басын дуалап алуға шамасы жеткен астары қызыл түсті пальто киген жоғары шенді тұлғаның, дәл өзінің туған күнінде (7-қарашада) ол шақта салыстырмалы түрде атағы кемшін болған Сталиннен өзі құрған мемлекетте саяси (ақыр аяғында өмірін қиған) таласта ұтылып қалғаны ақылға қонбайтын дүние.
Сталин мен Троцкий арасындағы алғашқы кикілжің 1918 жылы орнады (олар әскери мамандарды Қызыл әскердің қатарына қосу мәселесіне байланысты келіспей қалды). Он жылдан кейін идеяның адамынан қызметте отырған тұлға толықтай басым түсті. Троцкийге қарсы үлкен науқан 1923 жылы басталды, ал оны істен толықтай ығыстыру әрекеті 1924 жылы Ленинді жерлеу рәсіміне Сухумиде ем-дом қабылдап қатыса алмай қалған кезінде жүзеге асты. Жерлеу рәсіміне ол шын мәнінде үлгере алмады ма әлде Сталин әдейі оған күнін қате айтты ма ол жағы белгісіз. Қалай болғанда да 27 қаңтарда Троцкийдің Қызыл алаңда бой көрсетпеуі, Сталиннің ұпайын түгендеуіне септесті.
Троцкий өзі бюрократиялық абсолютизм деп айдар таққан партиялық аппаратқа қарсы шыға бастағанда, ол қарсылас-бас хатшы құрған торға тұтылып үлгерген еді. Аталған ойында ол қаһарман атана алғанымен, жеңімпаз бола алмасы анық болған. Троцкий дүниежүзілік ауқымдағы революция орнатуды армандады әрі өзі де әлемдік деңгейдегі тұлға болды, бірақ шектеулі-іске асқан жаңа тәжірибе аясында ешкімге керексіз болып қалды. Азамат соғысы кезінде Троцкий ату децимациясын жариялауға (дәл Свияжскдегідей) ерікті болып, іс жүзінде аяусыз күрестің теоретигі (сондай-ақ практигі) саналғанымен, бейбіт заманда оның зұлымдыққа толы данышпандығы ортаңқол қаталдыққа жеңіліп қалды.
20-жылдары жазылып қалған Троцкийдің дауысын тыңдау қызықты көрінеді. Оның үнінен үстемдік байқалады әрі адамды еліктіре түседі, соған қарамастан бұл бөтенге айналып жалғыз қалған адамның даусы екені сезінесіз. Оның тембрі жалғыз қалудан қорықпайтын, өзі айтпақшы «көпшілік үшін орнайтын болашақты болжаған» асқақтау ақынның үні.
Троцкий Алматыға келген соң, 2022 жылы күз мезгілінде ресейлік релоканттардың алдынан шыққан мәселеге тап болды (тұратын баспана жоқ). Айталық оған теориялық тұрғыдан шені бойынша тиесілі пәтерлердің бәріне, Қызылордадан қоныс аударған Қазақ АКСР-ның партиялық билеушілері орнығып алған болатын. Троцкийді алғашында Гоголь көшесі бойында орналасқан «Жетісу» қонақ үйіне жайғастырған. Бөлме Троцкийдің әйелінің айтуынша, құдды бір «Гогольдің заманынан қалған жиһаздармен» жабдықталғандай ескі болған. Бастапқы уақыттарда Троцкий бөлмесінен мүлдем шықпаған.
Кейінірек оларды Красин көшесінде орналасқан жекежайға аттандырған (қызметкерлері және ұдайы қасынан табылатын күзетшілері көлікпен көшіріскен). Троцкийге ондағы «климаттық жағдай» ұнамағанымен, электр жарығы көңіліне медеу болған. Жаңа орында Троцкийге ештеңе ұнамайды және ол наразылығын хаттарында қуана-қуана паш етеді. «Денсаулықты құртатын мейрамхана асы» көңілінен шықпайды, оған ауа райы жақпайды, көпірлердің жоқтығына наразылық білдіреді, айналадағы балшықтар, безгек («безгек болғанымен, мұнда нан жоқ!»), алапес, құтырған иттер, бүргелер, өзі сипаттап жазғандай «түрмедегідей жағдай» шамына тиеді. Аталған наразылық шырқау шегіне Мәскеуге күз мезгілінде, мұнда табылмайтын галошты сұратып (11 немесе 11.5 өлшеміндегі) хат жазғанда жетті десек те болады. Ақырында «Красный треугольник» (Қызыл үшбұрыш) маркалы галоштар жеткізілген.
Оның ақсүйектік әдеттері (сәнді көлік, үй қызметкерлері немесе партия отырыстарында француз романдарын көпке көрсетіп оқу әдебі) кеңестік билік орнаған алғашқы жылдарында-ақ белгілі бола бастаған. Негізінен оны айдауда жүргендегі қылтың-сылтыңы бейберекетсіздік пен түрлі оқиғаларды қызықтау құмарлығына байланысты емес, тәртіп пен жүйені жоғары бағалағанынан туса керек (осы тұста, оның лақап ат ретінде түрме қарауылының тегін таңдап алғанын еске түсірсек те жеткілікті болар). Ақыр соңында талапшылдығының арқасында ол жазға қарай тау етегінде орналасқан саяжайға (әйелі айтпақшы, үйшікке) қол жеткізген (қазірде ол орында Ұлттық кітапхана бой көтерген). Ал оның түрмедегідей жағдайда жүрмін деген сөзіне келер болсақ, жаңылысты дей алмаймыз. Айталық ол патшаның қудалауында жүрген шағында, айдаудағы өзге адамдар секілді, аңшылыққа шығып, тиісінше мылтық ұстауға рұқсат алған. Нақтысын айтқанда, оның түбіне жеткен дәл осы аңшылыққа құмарлығы болатын. Мәселен, 1923 жылы кезекті бір аңшығы кезінде Троцкий тұмауратып, өзі «криптогенді дене қызуы» деп сипаттаған ауруды жұқтырып алған. Дәл осы аурудың кесірінен ол антитроцкийлік науқанның басы мен Лениннің жерлеу рәсімін өткізіп алды. Естеліктерінде өзі дәл аңғарғандай: «революция мен соғысты болжауға келеді, бірақ күздің қара суығында шыққан аңшылықтың салдарын білу мүмкін емес».
Айталық, Алматыда жүрген шағында Троцкий бірегей тұран жолбарысын қорғау жөніндегі келісімге қол қойып үлгерді (бәлкім, ол өзін жойылу алдында тұрған жыртқыш ретінде сезінсе керек). Оның осы бір ұмтылысына қарамастан, жолбарыстың аталған түрі Қазақстанда 1948 жылы толықтай дерлік жойылды. Ал Троцкийдің өзі осы мерзімнен 8 жыл бұрын көз жұмды.
Дегенмен Кеңес билігінің оны үлкен саясаттан тез арада ығыстыру әрекеті (Ярослав вокзалынан жөнелткендей) жүзеге аса қоймады. Алматыда ол белсеніп жұмыс істеп, конгрестегі жақтастарын өз жағына тартпақ болып, көп хат жазғаны соншалық, Қауырсын деген ескі партиялық лақап аты жаңаша түрленіп сала берді (сондай-ақ оған хатты теріп отыратын машинистка да берілген). Хаттарының бірінде ол: «Карл Фогтың бірқатар жапқан жаласын теріске шығару үшін Маркс, қаріпін тығыз етіп 200 беттік кітапты жазып шықты... Сталин жендеттерінің осы іспеттес жалаларын осылайша терістеуге ұмтылсақ қалай болар екен? Бәлкім, мың томдық энциклопедияны жарыққа шығаруға тура келер...» деп жазған болатын.
Мың томдық энциклопедияны жариялаудың сәті түспеді, бірақ 1928 жылдың сәуір айынан қазан айына дейінгі аралықта Троцкий Алматыдан кейде ауқымды теориялық жұмыстарды сөз еткен 800 көлемді хат пен 500-ге жуық жеделхат жолдаған.
Мұнда жүріп ол ескіліктің адамдарын кездестіреді. Айталық, 1917 жылдың қазан айынан бері петроград әскери-революциялық комитеттің құрамына кірген, Түркісіб басшысы, тегі достоевскийлік Владимир Шатов есімді адамды ұшырастырған. Алматыда жүріп ол «Перманенттік революция», «Орыс революциясының тарихы» деген сынды бағдарламалық жұмыстарын жазып шықты. Алматы көшелерін кезген Троцкийдің суреттері сақталып қалмаған, дегенмен өзі жасаған мемлекетте айдауда жүрген адамның сюрреалистік бейнесін (Дзержинский ескерткішінің алдында тұрған Троцкийді, Федерация саябағындағы атауы өз құрметіне қойылған партиялық клубтың ішіндегі Троцкийді) ойша құрастырып алуға болады. Ол жер ауып келгенге дейін Жетісуда аты Троцкийдің құрметіне қойылған қала бар болатын. Сол себепті, Алматының шенеуніктері оны құпия тапсырма бойынша тәртіп орнатуға келген тексеруші ретінде қабылдағаны таңғаларлық жағдай емес (әрі оны Гоголь көшесінің бойына бекерден-бекер орналастырмаса керек).
Сонымен қатар Троцкий Батысқа қарай кері шегінетін (немесе оның мінезін ескерер болсақ, шабуылға шығар) жолдарды да қарастырды. Бірақ еуропалық мемлекеттер оған келуге тыйым салды, өйткені оның бәлесі жұғама ма деп қауіптенді. Сондықтан Троцкий өз елінде де, Еуропа жерінде де қуғындағы тұлғаға айналды. Сталин МСБ арқылы саяси қызметінен бас тартуды ұсынды (неміс үкіметі де оған осындай талап қойды). Осылайша Троцкий өзі «визасыз планета» деп атағандай, қысылтаң жағдайға душар болды. Оның елшіліктің сөзбұйда тірлігіне қатысты «бұл бас тарту мәтінін Бернард Шоу жазса болар еді!» немесе «АҚШ әлемдегі ең мықты ғана емес, сондай-ақ ең қорқақ мемлекет» деген сынды сөздерін бөлек жанр ретінде қарастыруға болады. Оның еуропалық демократияның екі жүзділігін әшкере еткен сөздері әлі күнге дейін өзекті: «Демократиялық мемлекеттердің мені кіргізуден бас тартуының себебі алуан түрлі. Норвег үкіметі, айталық менің жеке басымның қауіпсіздігі үшін солай жасап отыр екен. Баспана қақы, бәріміз білетіндей, қасиетті әрі мызғымас қағида. Бірақ мұнда қуғындағы адам алдын ала Ослоға барып, ешкім қасақана өлтіріп тастамайтынына куәлік етуге тиіс екен... Осы тұста француз үкіметі тапқырлық танытты: олар мені Франциядан қуу жөніндегі Мальви бұйрығы әлі күшін жоймағанын айтты. Бұл демократияға жету жолындағы мүлдем еңсеруге келмейтін кедергі! Сонда баспана қақы сақталатын мемлекет қайда бар? Ол мемлекет Англия емес пе? Ол жақта маған виза беруге үзілді-кесілді бас тартты. Лейбористік полиция министрі Клайнс, лордтар палатасында осы бір әрекетін ақтап шыққан. Ол демократияның философиясы жөнінде құлаққа кірмейтін баяндама жасағаны соншалық, бұл қарқынмен II Карлдың кез келген министрін ақтап алуға болар еді. Клайнстің ойынша, баспана қақы деген қуғындалған адамға пана ұсыну емес, мемлекеттің ондай мүмкіндіктен бас тартуы болып отыр».
1928 жылы 9-маусымда Мәскеу қаласында оның 29 жастағы қызы әрі жақтасы Нина (әкесінің артынша оның да партия мүшелігінен шығарып тастаған) құрт ауруынан қаза тапты. Жерлеу рәсіміне Мәскеуге келуге Троцкийге рұқсат берілмеді. Бұл Троцкий бастан кешкен алғашқы болғанымен, бірақ соңғы ауыр қаза болмады (әрмен қарай оның 4 баласы да өлім құшты).
1928 жылы қараша айында оның тыстағы әлеммен хат алмасуы түбегейлі қиылды, ал желтоқсанда осы хабарды жеткізген бұйрық қолына түсті. 1929 жылы қаңтар айында оны антикеңестік партияны құруға ұмтылып, қарулы қақтығысқа әзірлік жасағаны үшін КСРО аймағынан қуғындады. Троцкийді дәл келген жолымен кері Қордай асуы арқылы Фрунзеге, сосын туған Одессасына жеткізіп, сол жақтан «Ильич» («Калинин» кемесімен апаруға тиіс болғанымен, ол суықтан қатып қалған) деп аталатын бос кеме арқылы Ыстанбұлға жеткізілген. Өтемақы ретінде кеңес үкіметі оған 1500 доллар ақша берген.
Дегенмен Алматыда ол басқа саяхаттарында жолықтырған Диего Ривьера, Фрида Калоны кездестірмеді және бұл қала оның таңданысын туғызбағаны анық. Дегенмен оның өткен өміріне зер сала отырып, Алматы салыстырмалы түрде тыныш өмірінің соңғы аялдамасы болды деп айтсақ жаңылыспаймыз.
Қызыл әскердің көсеміне өкпесі бар Ыстанбұлға жер ауып барған ақтардың қалың шоғырына қарағанда, Алматыда салыстырмалы түрде оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген болатын. Орыстың эмигрант-жазушысы Евгений Чириковтың азамат соғысы жөнінде жазылған ең үздік «Зверь из бездны» (Тұңғиықтан шыққан аң; 1923 ж.) деп аталатын атақты романында, бұрынғы корниловшылардың Троцкийге көзқарасы шебер сипатталған бір эпизод бар:
«Адамның сұлбасының суретін салып, пішінді тасқа тіреп мылтықпен ата бастады. Қызы бұл ненің сұлбасы екенін білмек болып:
Әке? Бұл аға ма? – деп сұрады.
Иә, иә, Бұл Троцкий деген ағаң.
Осылайша Троцкий ағасының сұлбасының сау тамтығын қалдырмай оқ жаудырып, қағазға қолын сүртті».
Түркияға келген Троцкий: «Мұнда мен, құдды бір, әскери лагерьде жатқан сияқтымын» деп жазған еді. Дегенмен әлі 11 жылдық өмірі алда. Бірақ егер Алматыда ол өзі қырғауыл мен бөденені атып жүрген болса, осы бір аңшылық маусымының артынша Троцкийге қарсы аңшылық науқан басталып кетті. Оның Қазақ жеріндегі жайлы өмірі, толықтай расталған дерек болмаса да, өмірге шыр етіп келіп, алғаш есін білгендегі: «Бір жарым жаста болғанда ойынның қызығына батқан алма бағы жөніндегі бұлыңғыр елестер есімде қалыпты» деген естелігімен сәйкес келгені тегін емес. Қалай десек те 1928 жылғы айдау оған сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік берді (көпшіліктің келешегін болжау ісіне уақытын арнау).