БАТЫСТАН ШЫҒЫСҚА ҚАРАЙ: ДЫБЫС ГЕОГРАФИЯСЫ

47. Salvatore Adamo — Inch Allah

БАТЫСТАН ШЫҒЫСҚА ҚАРАЙ: ДЫБЫС ГЕОГРАФИЯСЫ

Әнші Сальваторе Адамо фотосуреті. Күні жоқ /Alamy

Qalam сантүрлі мәдениеттердің өзара тоғысуын зерттеуге тырысады. Осыған орай музыка әртүрлі географиялық және идеологиялық кеңістіктер арасында бітімгер қызметін атқаратын плейлисттер сериясын бастауға шешім қабылдадық. Біздің алғашқы плейлистіміз «Батыстан Шығысқа — жүз үздік туынды» деп аталады. Ол аптасына бірнеше рет жаңартылып отырады, әрі Батыс поп-мәдениетінде музыкалық, географиялық, тұрмыс-салт яки саяси өзге де Шығысқа тән шындықтың қалай бейнеленгені туралы сөз ететін болады («Батыс» және «Шығыс» ұғымдарын бұл жағдайда мейлінше кең әрі шартты түрде түсінген жөн).

Дүниежүзілік бауырмалдық символы деуге тұрарлық біреу болса, бұл — әнші Адамо. Ол итальян текті бельгиялық бола тұра, француз эстрадасының королі атанды және Жапонияда «Tombe la neige» әні өз уақытында ұлттық қазына мәртебесіне дейін дәріптелді. Адамо ЮНЕСКО-ның елшісі қызметін де атқарды, Африкадағы аштыққа ұшыраған балалардың қамын ойлап ғарыш шығындарынан бас тартуға үндеді. Ауғанстанға да барды, Вьетнамдағы балалар туралы да әндер жазды («Tout le long du Mekong»). 1967 жылы, алты күндік соғыстан кейін көп ұзамай, ол еврейлер мен арабтар арасында делдал болуға шешім қабылдады және «Inch Allah» әні арқылы бейбітшілікке шақырды. Толығымен мұсылмандық қайырмасына қарамастан, бұл ән Израильді жақтады деп саналды (белгілі бір мағынада ол Иерусалимге сілтеме жасай отырып осылай естіледі) және Адамоға араб елдеріне кіруге тыйым салынды. 1986 жылы Адамо Таяу Шығыс туралы «Les collines de Rabiah» деген тағы бір ән шырқаған, ал бұл туындысы азаматтық соғыстан зардап шеккен Ливанға қатысты еді.