ЭДО ДӘУІРІ ЖАПОН КУРТИЗАНКАЛАРЫ

Жалаңаяқ көңіл көтеру арулары мен жұлынған тырнақтар

Бұрама қағаздағы сурет. Шунга. Махаббаттың он көрінісі. Қағаздағы сия, бояу. 1800 жылға жуық/Wikimedia Commons

Ортағасырдағы Жапонияда махаббаттың барлық түрі мен көрінісін кәсіпке айналдырған әйелдер қалай өмір сүрді?

Мазмұны

16–19 ғасырлардағы Жапония ұзақ ғасырға жалғасқан оқшауланудан кейін таңғажайып қауашағын ашып, сыртқы әлеммен байланыс орната бастаған ел еді. 9–10 ғасырлардан бастап елге шетелдіктердің — корейлер мен қытайлардың кіруі айтарлықтай қиындаған болатын, ал кейінірек оған мүлдем тыйым салынды. Жапондықтарға да саяхаттауға рұқсат берілмейтін. Бұған дейінгі сауда жолдары 12 ғасырға дейін ендігі түгел жабылып, Жапония өз мәдениетімен тұйықтала келе ерекше өркениет құрған еді. Бұл өркениет оңтүстік-азиялық дәстүрлердің ортақ негізінде дамыса да, кейін өз заңы бойынша өмір сүретін ерекше әлемге айналды. Оны әлі күнге дейін басқа мәдениет өкілдерінің түсінуі қиынға соғады.

Дегенмен олардың бұл әлемді түсіндіріп беретін нұсқаулықтары да жоқ емес еді. Таңғажайып түрде 9–10 ғасырлардан бастап Жапонияда тұрмыстық әдебиет дами бастады — бұл архаикалық және ортағасырлық әлем үшін ерекше құбылыс еді. Ол кезеңде әлемдегі әдебиет үлгілері батырлық эпосқа көбірек бейім келетін. Күнделіктер, жол жазбалары, тұрмыстық көріністер мен қала өміріндегі хикаяттарға сирек назар аударылатын.

Батырлық эпостар қаншама күн мен түнге созылатын құдайлар мен жындардың шайқасын қуана-қуана айтып беретін. Бірақ одан жаңа жыл мерекесіне орай мандариннің базардағы бағасы қанша болатынын немесе бойдақтар кешіне қанша байлам кептірілген балық дайындау керектігі туралы мәліметтерді білу қиын еді. Негізінде, жапон әдебиетінде мұндай «ұсақ-түйек» мәселелердің өзі назардан тыс қалмайтын. Дәл осы әдебиеттің арқасында біз бүгін Жапонияның жабық кезеңдерде, сондай-ақ алыс жерлерден жүзіп жеткен бейтаныс кемелер мен адамдар арнайы порт қалаларына келе бастаған уақыттарда қалай өмір сүргені турасында толықтай дерлік мәлімет ала аламыз.

Кимоно киген Жапон куртизанкасы. 1920 жылдар/Alamy

Ихара Сайкаку (1642–1693) — Жапонияның әлемге баяу және құлықсыз ашылу кезеңінде өмір сүрген новеллист. Нагасакидегі голланд факториясымен байланысы бар саудагер отбасынан шыққан ол өз дәуірінің өлара шақта, қарама-қайшылық сипатта екенін жақсы сезінді. Мүмкін, осы себепті оның шығармашылығы нағыз жапон тұрмысын жіпке тізіп беретін сипатымен ерекше. Ол жапон тұрмысын барлық ұсақ-түйегімен және күнделікті өмірдің сән-салтанатымен бірге егжей-тегжейлі суреттеген. Қазіргі уақытта оның романдары мен новеллалары жапон қоғамының әртүрлі топтарының әдет-ғұрыптары мен тәртіптері туралы таусылмас дерек көзі саналады. Дайме князьдері, монахтар, шаруалар, саудагерлер, ғалымдар мен шенеуніктер, қолөнершілер, ұрылар мен қайыршылар — мұның бәрін ол дәлме-дәл, ирониямен әрі жарқын образдармен сипаттап шыққан.

Сайкаку Эдо дәуіріндегі әйелдердің тағдырын да назардан тыс қалдырмады. Тіпті бар ғой, кітаптарында әйелдерге ерлерге қарағанда көбірек көңіл бөлген десек қате айтпаған болар едік. Әңгімелерінің қомақты бөлігін әртүрлі деңгей мен дәрежедегі куртизанкаларға арнады. Себебі тәртіпке бейіл жапон өркениетінде тіпті куртизанкалар да белгілі бір деңгейлерге бөлініп, әр деңгейге өзіне тән рөл жүктелген еді.

Жапон ақыны Ихара Сайкаку портреті. Шамамен 1693 жылға дейін/Wikimedia Commons

Куртизанкаға айналу қалай іске асатын?

Жапонияда «көңіл көтеру аруының» тағдыры дәстүрлі түрде қайғылы деп саналғанымен, оларға таңылған бұл рөл ешқашан жеккөрінішті дүние болмаған. Ибраһими діндердіiибраһими діндерге иудейлік, христиандық пен исламды жатқызадыұстанатын елдерді айтпағанның өзінде, тіпті Қытайдың өзінде жезөкшелікке бұлармен салыстырғанда анағұрлым жаман көзбен қараған. Ал Жапонияда моногамиялық неке ұзақ уақыт бойы сирек құбылыс болды. Қонақ некенің формасы көбірек болып, мұндай некеде ерлі-зайыптылардың ажырасуы үйреншікті жағдай еді.

Әйел көбінесе өмір бойы ата-анасының үйінде өмір сүріп, балалары оның тегін алатын, ал мұрагерлік көбінесе әйел сызығы бойынша жүретін еді. Эдо дәуірінде, әсіресе самурайлар арасында, патриархал сипаттағы тұрақты неке маңызды рөл атқара бастады, бірақ қоғам әлі де әйелдерді «тәртіпті» және «құмарпаз» деп қатаң бөлуді қабылдауға дайын болмап еді. Көптеген жапон куртизанкалары ерте ме, кеш пе тұрмысқа шығып, олардың өткеніне не күйеулері, не қоғам бас қатырмайтын. Керісінше, егер әйел некеге дейін танымал әрі табысты куртизанка болса, бұл белгілі бір деңгейде отбасының беделін арттыратын.

Жапонияда қыздарды ұлдардан кем бағаламады, кейде тіпті жоғары бағалаған, өйткені отбасына қажеті жоқ ұлдарды кейде туа сала өлтіретін, ал қызды бес-алты жасында сатып жіберуге әрқашан мүмкіндік бар еді. Кішкентай қыздарды сатып алатын саудагерлер елді аралап, ең алыс таулы мекендерге де баратын.

Сұлу әрі ең бастысы, ақылды қыз үшін қомақты ақша алуға болатын, бұл қаражат бүкіл отбасының бір-екі жыл аштықтан аман қалуына мүмкіндік беретін еді. Дегенмен қыздарды тек кедейлер ғана сатты деп ойлау қате: кейде ауқатты, тіпті асыл тектілердің өзі қыздарын, тіпті ересек бойжеткен қыздарын сататын. Оқыған, жаза алатын және музыкалық аспаптарда ойнай білетін тәрбиелі қыздың бағасы әлдеқайда жоғары болатын.

Ихара Сайкаку «Жалғыз басты әйелдің махаббат оқиғалары» атты шығармасында дәл осындай оқиғаны сипаттайды. Ықпалды отбасының текті бойжеткенін алдымен князь сарайына қызметші ретінде орналастырған, бірақ ол жерде қыз қызметшімен күнәлі іске ұрынып сол үшін сарайдан қуылады. Ата-анасы қызын билеп, ән айтуға үйретеді де оны басқа бір ақсүйектің сарайына күң ретінде орналастырады, бірақ ол жерде де жағдай сәтсіз аяқталады.

Ақырында, олар қызын сатып жібереді.

«Ата-анам қиындыққа тап болды. Әкем сауда ісінде біреуге ойланбай кепіл болып ұрынды, ол адам ізім-қайым жоқ болып кетті. Қарыз беруші қарызын талап етіп, елу рё сұрады — сол үшін әкем мені Симабарадағы Камбаяси көңіл көтеру үйіне сатуға мәжбүр болды. Осылайша он алты жасымда күтпеген жерден тағдырыма дзёро (гетера куртизанка) болу жазылды. «Он алтыға толған жастан ай да болса асып түсе алмайды, сұлуы көп астананың өзінде ешкім саған жете алмайды», – деп тамсанған үй иесі маған жарқын болашақ уәде етті».

50 рё — аз ақша емес, бұл 750 грамм алтынға тең, ал Жапонияда алтын өте жоғары бағаланған. Бұл сомаға кішігірім үй сатып алуға болатын, бірақ гетералар иесі бұл саудадан ұтысқа шығып еді. Әдетте, ауылдан келген қыздарды он жылға жуық гетера ету үшін қызметші ретінде ұстап, оларға білім береді, қонақтармен әңгімелесуді үйретеді, өзіне күтім жасауды меңгертеді және сәнді суретшілердің қолымен безендірілген бірнеше жібек кимонодан тұратын бай гардероб дайындайды. Тек содан кейін ғана қыздарды «қоғамға шығарады». Ал бұл жағдайда, бірден князь сарайларынан шыққан, өнер мен этикетте тәжірибесі бар дайын ару гетералардың ең жоғарғы санатына жататын «таю»iнемесе «тайфу»дәрежесіне бірден көтерілетін.

Жоғары дәрежелі гетералар

Киото, Эдо және басқа да ірі қалалардың жоғары дәрежелі гетералары тек арнайы бөлінген аудандарда — юкаку секілді «гүл кварталдарында» орналасқан «шай үйлерінде» өмір сүретін. Гетера міндетті түрде үй иесінің атына «жазылып», оның есімі қалалық басқармада сақталатын гетералар тізіміне енгізілетін. Бұл тізімнен гетераның атын алып тастау үшін иесіне қомақты сома төлеу керек болатын, бұл сома, әсіресе бастапқыда, тек өсіп отыратын, өйткені сәнді аруға киім-кешек, қызметшілер, бөлмелерінің сән-салтанаты, опа-далап, хош иістер мен әшекейлер қажет еді.

Иесінің гетераны сатып алуға жұмсаған бастапқы сомасы оның тұрақты клиенттері мен қамқоршылары әлі де болмағанына қарамастан бірнеше есе өсіп үлгеретін. Себебі гетераның бағасы оның қол жетімсіздігі туралы қауесетке байланысты өскендіктен, үй иелері «тауарды ұстай тұруды» жөн көретін де қызды тек ең бай қонақтарға ғана ұсынатын. Бірақ соның өзінде қызға тек қарап, сөйлесуге ғана рұқсат ететін. Бірнеше күміс монетаға оңай сатып алуға болатын аруларға сонша есінен танып ақша жұмсамайтынын, қомақты ақшаны тек қол жетпес сұлуларға ғана төлейтінін шай үйінің иелері жақсы білетін.

Цукиока Йошитоши. Татуировка жасаудағы әйел - Кансей дәуірінің куртизанкасы. «Әдет-ғұрып пен әдет-ғұрыптың отыз екі аспектісі» сериясынан. 1888 жыл/Pictures from History/Universal Images Group via Getty Images

Жас әрі сәнді таюдың өмірі әнші немесе әңгімеші — гэйсяғаiеуропалық дәстүрде «гейша» деп аталады. Гэйсялар дәстүрлі түрде музыкант және әңгімеші ретінде тек ер адамдар болған, оларды мерекелерге қонақтарды көңілдендіру үшін шақыратыны ұқсас болатын. Эдо дәуірінде бұл рөлді әйелдер де меңгерді. Таюды қонақтарға шақыратын, ол жерде басқа әйелдермен бірге отырып, келушілермен әзілдесетін, күлетін, кейде шахмат ойнайтын немесе ән айтып беретін. Бірақ қонақтардың көзі тым қатты түсе бастағанда, шарапқа қызып алып орынсыз қылық жасай бастағанда таюлар алтын түсті желпуішпен (таю дәрежесінің ерекше белгісі) бетін жауып, қызметшісін шақырып кетіп қалатын. Таюды мерекелерге, салтанатты кештерге, қайықта серуендеуге, үйеңкі жапырақтарын тамашалауға шақыратын.

Оған атақты әртістер мен ақындар ғашық болатын, қыздың оларға жазған хаттары аукциондарда сатылатын, бұл жағдай таю иелерін қуантып, қыздың танымалдығын арттыратын. Дегенмен бұл уақытта таюлардың сыртынан сауда қызып жататын — қызға тұрақты қамқоршы іздейтін иелері таюдың бөлмесіне кіру құқығы үшін қомақты қаражат беруге дайын байлармен саудаласатын. Қыз неғұрлым танымал және оған ғашық жандардың саны көп болса (кейбіреулеріне, егер жағдай әдепті ұйымдастырылса, сирек те болса, көңіл бөлуі мүмкін), оның бағасы соғұрлым жоғарылайтын. Тұрақты қамқоршы таюға кез келген уақытта келетін, оның барлық шығындарын, қарыздарын өтеп, сыйлықтар жасап, жомарт қылық жасайтын.

Хирошиге. Йошивара кварталындағы Наканотё көшесіндегі шие гүлін зерделеу. Эдо (қазіргі Токио)/Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Мұндай жомарт жосынды Ихара Сайкаку былай сипаттайды:

«Сакакура есімді бір қарт джентельмен таю Титосэге қамқорлық көрсететін. Титосэ шарапты жақсы көретін, ал тіске басар ретінде Могами өзенінің шығысында көбірек кезігетін тұздалған шаяндарды ұнататын. Сакакура Кано мектебінің бір суретшісіне шаяндардың қабыршақтарына алтын бояумен бамбук жапырақтарының гербін салуды тапсырды. Әр жазу үшін күміс монета төлеп, жыл бойы Титосэге осындай жазуы бар шаяндарды жіберіп тұрды... Дэва есімді таюдың күзгі даладағы бұғыларды көргісі келетінін естіген Нисан бірден үйінің артқы бөлігін бұзып, мыңдаған хаги бұталарын отырғызуды бұйырған. Сөйтіп, артқы ауласы гүл бағына айналды. Түні бойы Тамба тауларының тұрғындары оның бұйрығымен бұғыларды аулады. Таңертең ол оларды Дэваға көрсетіп, содан кейін үйді қайта салды».

Мұндай жомарт қылықтар тек гетералардың ғана емес, олардың қамқоршыларының да беделін арттыратын. Қамқоршылар арасында бай саудагерлер жиі болатындықтан, гетераны қамқорлыққа алу олардың сауда үйлеріне жасаған жарнамасы саналатын. Таюға арналған ессіз іс-әрекеттер тек байлардың үйлерінде ғана емес, көшелерде де өсек-аяңның басты тақырыбын құрайтын.

19 ғасырдың аяғындағы сәнді таралған шашты Ойранның фотосуреті/Alamy

Қамқоршылары гетералардан әдетте адалдықты талап етпейтін, керісінше, танымал әртіспен таюдың романы жиі қамқоршының тек мақұлдауын тудыратын, өйткені бұл бай, бірақ асыл текті емес саудагердің сол әртістің айналасына, ішінде ақсүйектер бар ортаға енуіне мүмкіндік сыйлайтын. Алайда әртістер мен ақындар да белгілі бір танымал таюға деген құмарлығы мен сезімін көбінесе тек жарнама мақсатында көрсететін. Бірнеше атақты әртістің үйінде ғашық болған таюларына құштарлығын білдіру үшін жұлып алған тырнақтарын сақтайтын арнайы қобдишаларының болғаны турасында аңыздар кездеседі.

Табысты таю бірнеше жыл ішінде қарыздарынан құтылады, содан кейін бірнеше жыл ақша жинайды, қамқоршысынан оны гетералар тізімінен алып тастауды сұрайды және өз ғашықтарының біріне тұрмысқа шығады — көбінесе ең қарапайым әрі көзге түспейтін ғашығына. Ол ғашығы бірнеше жыл бойы келісім бойынша, бір жерде қарапайым отау құрып сол жерге жиған дүниесімен бірге келетін болашақ жарын күтумен болады.

Ал табысты қамқоршы таба алмаған сәтсіз таю клиенттерімен белгіленген төлем үшін жеке кездесулерді жиілетеді. Оның иелері киімдері мен күтіміне жұмсалатын шығындарды азайта бастайды, ал уақыт өте келе мұндай таюды «тэндзин» санатына ауыстырады. Бұл туралы басқарма тізіміне тиісті белгі қойылады.

19 ғасырдың аяғындағы Ойран фотосуреті/Alamy

Күміс желпуіші бар тэндзиндер — шай үйінің негізгі жұмыс күші. Таю мекемеге атақ әкелсе, тэндзин — табыс түсіреді. Таюға алтын төленсе, тэндзинге күміс беріледі, бірақ бұл күміс алтыннан гөрі жиі түсіп отырады. Тэндзин қонақтардың талабына дереу көнеді, бөлмесіне бірге кіреді. Сөз жүзінде ол өзіне ұнамаған клиенттен бас тартуға құқылы болғанымен, мұны жиі қайталайтын болса тағдыры нашар болады.

Жоғары дәрежелі гетералардың санатындағы жауапсыз қызды иелері қарапайым дзеро-қызметшілер санатына ауыстыруы мүмкін. Күндіз ол шай үйін тазалап, жоғары гетераларға қызмет етеді, ал кешке оны иелері ең қарапайым адамдар көңіл көтеретін дәмханалар мен кеспеханаларға жібереді. Мұндай жерлерде дзероны бірнеше тиынға шымылдық артындағы төсенішке алып кетуге болатын. Кеспехана иесі оның клиенттерін мұқият есептеп, тапқан ақшасын дзероның иесіне жібереді.

Дзеро тартымсыз болған кезде ғана оның қарыздарын «кешіреді» және оны гетералар тізімінен шығарып тастайды, өйткені оны ұстап тұру тиімсіз болып қалады. Сайкаку мұндай жағдай басына төнгенде қартайған, түрі бұзылған, күтімсіз дзеролардың таңғажайып кейіпте қайтадан құлпырып шығатынын жазады: олардың түскен шаштары қайта өсіп, беттегі дақтары мен қызыл мұрны да қайда кеткені белгісіз болып, жағымсыз жөтелі де басыла қалатын. Сөйтіп, тартымды, ендігі еркін әйел қайтадан махаббат саудасының толқынында жүзетін.

20 ғасыр басындағы Ойран мен қызметші қыздарының фотосуреті/Alamy

Қараңғылық әйелдері

Жезөкшеліктің мұндай түрін қоғамдық пікір айыптап, кейде билік оларды қудаланғанымен, кең таралған құбылыс болған. Қалаларда көшеде жүріп, өздеріне клиент іздеуге жезөкшелерге әрдайым тыйым салынғандықтан, әдетте өз бетінше жұмыс істейтін әйелдер әртүрлі делдалдарға жүгінетін. Бұл делдалдар дүкен, шағын қонақ үй, монша және т.б. орындардың иелері болуы мүмкін еді.

Клиенттермен сөйлескенде, олар уақытты жағымды әрі арзан өткізу мүмкіндігін астарлап ұсынатын. Егер келісім жасалса, көрші үйде қарапайым өмір сүріп жатқан әйелді шақыру үшін қызметші қызды жіберетін. Оны мысалы, көйлек үлгісін таңдауға немесе науқас баласына қарауға көмектесуге шақыратын. Мұндай куртизанкаларды «қараңғылық әйелдері» деп атаған. Мұндай кәсіппен кейде күйеуінің келісімімен тұрмыстағы бай әйелдер де жиі айналысқан. Алайда мұнысы оның күйеуімен бірге түрмеге жабылуына әкелуі де мүмкін еді. Ал егер самурай отбасы мұндай іске барса, жағдай өлім жазасымен аяқталуы ықтимал болатын.

Дегенмен Сайкакудың новеллалары мен замандастарының куәлік етуіне қарағанда, неке тазалығы туралы заң кінәлілерге сирек қолданылған, көбінесе ол тек басқа қылмыс жасағандарға: мысалы, клиенттің ақшасын ұрлау, ұрланған заттарды сату секілді қылмыспен қолға түскендер жазаланған.

Ойран Дочу - тамаша кимоно киген Таюудың (жоғары сыныпты жезөкшелер) шеруі. Таюудың жанында Камуро деп аталатын бала-қызметшілері. Киото, Шимабара ойын-сауық ауданының Даймон негізгі қақпасының қасында жасалған 19 ғасырлық винтажды фотосурет/Alamy

Монша әйелдері

Жапондар моншаны қатты ұнататын халық, сондықтан Эдо дәуірінде ыстық бұлақ маңындағы моншалар да, қала моншалары да өте танымал болған. Көптеген монша әйелдері қонақтарға көмектесіп, киімдерін жуып-кептіретін, массаж жасайтын, шай мен тәттілер ұсынатын және ерекше қызметтер көрсететін. Монша әйелдерімен жақын араласудың құны моншаға бару құнына тең болатын. Монша қызметшілері арасында мұндай қызметтерден бас тартатын әйелдер болғанымен, көбіне секс ұсынылған қызмет тізіміне кіретін.

Айта кету керек нәрсе, билік кейде жезөкшелікпен күресуді күшейткен кездің өзінде, моншашылар әдетте қатаң шектеуге ұшырамаған. Олардың қызметі ежелгі, дәстүрлі, табиғи және жалпыға ортақ нәрсе ретінде қабылданып көп назарға түспейтін. Бірақ монша әйелдері жұмыс орнында ешқандай артық іске жол бермейтін. Монша тек танысу орны болған, онда тіпті оңаша қалуға ешқандай жағдай жасалмаған.

«Қонақ моншаға келеді, оның сүйіктісі бәрінің көзіне түсетіндей етіп оған ерекше көңіл бөледі. Қонақты Юдзэннің туындысы деп есептелетін жалған суретпен безендірілген желпуішпен желпиді. Моксамен күйген жердің тыртығын уқалап, шаш үлгісін бұзып тұрған артық шаштарды тарап жатқызады. Жай келушілерге ол немқұрайлы қарайды. Бос нәрсе сияқты көрінгенімен, мұндай әрекет кейбіреудің көңіліне тиеді. Олар мұндай ерекше назар бөлуге қызығып, өздері де монша әйелін құпия кездесу орнына шақырады».

Тории Киёнага. Онна ю (әйелдер моншасы), түрлі-түсті ағаш гравюра. Шамамен 1780–1790/Wikimedia Commons

Көшпелі әнші әйелдер

Клиенттерді көшелерде шақыру көпшілік қалаларда қатаң жазаланатын, ал ауылдарда халық саны аз әрі тұрмысы кедей болатын. Бірақ құрлық жолдары мен су жолдарында көптеген көшпелі әнші әйелдер жүретін, оларды әрдайым қайығыңызға, от жағып отырған жеріңізге немесе қонақ үйіңізге шақыруға болатын еді. Әрине, тек «Бүгін жағалау қарағайлары қандай мұңды» деген әнді әуезін келтіре отырып орындауын тыңдау үшін ғана шақыра алатын едіңіз. Бұл әнші әйелдер фольклорда тіпті жолбарыс, қарақшы және зұлым рухтармен бірге «жолаушыны аңдып жүретін төрт қауыптың» біріне жатқызылды.

Түнгі «сока»

Куртизанка үшін ең төменгі құлдырау деңгейі — «сока» немесе «жеңінен ұстаушы» мәртебесіне түсу еді. «Сока» деп ең кәрі әрі көріксіз әйелдерді атаған. Олар түнде ең қараңғы көшелермен жүріп, күзетшілердің көзіне түспеуге тырысып, өтіп бара жатқан ер адамдардың киімінен ұстап, оларды бұрышқа шақырып, бірнеше мыс монетаға қысқа кездесу ұсынатын. Көшеде әлеуетті клиенттерге сөзбен шақыру қылмыс саналып, өте қатал жазаға душар болатындықтан, «сока» ер адамдарды үнсіз тартып, клиенттің өзі сөйлегенін күтетін. Бұл ережені айналып өтудің тағы бір жолы болған: бірнеше «сока» «өгіз» деп аталатын ер адамды жалдап, сол ер адам клиенттерді шақыратын. Сайкакудың айтуынша, Киотодағы «сока» әйелдердің орташа жасы 60–80 жас болған.

Гетералар мен билік

Жоғарыда айтылып өткендей, рұқсат етілген жезөкшелік түрлері жазаланбаған, керісінше, гетералардың ереже мен нұсқауларды сақтау шартымен заңмен қолдау тапқан. Бұл ережелер жиі өзгеріп жататын. Түрлене бергені сонша кейде орындалуы да қиын болатын.

Мысалы, Ихара Сайкаку өмір сүрген заманда куртизанкаларға кез келген аяқ киім түрін киюге тыйым салынған. Бұл тыйым көше жезөкшелігімен күресу мақсатында енгізілген. Себебі дәл осы түрі сөзсіз зұлымдық саналған.

Шай үйлеріндегі қыздарға ешқайда барудың қажеті жоқ деп саналған — оларды мерекелерге, театр немесе қонаққа үсті жабық зембілмен (паланкин) апаратын, ал қалған уақытта үйде отырсын. Бұған жауап ретінде гетералар кимоносының етегін еденнен төмен түсіріп (осылайша, қазіргі күнге дейін Жапонияда тым ұзын кимоно «сәл әдепсіздік» реңкіне ие) сүйретіп жүретін де етегінен көрінбейтіндей етіп жеңіл сабан сандалдар киетін болған. Себебі тексеріс кезінде оны тез шешіп тастауға болатын еді.

Әртүрлі кезеңдерде заң бірде гетераларға тістерін қара түске бояуға тыйым салса, енді бірде гетераның опа-далабына жылына жұмсалатын қаражат көлемін шектеген еді. Тіпті таюдың ғашықтарына жазған хаттарында құдайлардың атын жазуға тыйым салды. Шенеуніктердің осындай мағынасыз белсенділігі үнемі көп қиындық туғызып, ешқандай нақты нәтижеге әкелмеген де еді. Дәл осы қырынан Жапонияның басқа елдерден еш айырмашылығы болмады.

Куртизандар Йосивара ауданында самалдықта тұр, Токио, шамамен. 1895/Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Назгүл Сұлтанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді