Ноғайлар деген кім?

Тарихшы Ернар Ужкенов Ноғай Ордасы қайдан шығып, қайда кеткені туралы айтады

~ 10 мин оқу
Ноғайлар деген кім?

Жан-Виктор Адам. Ноғай жауынгері. 1830 жылдар / Ресейдің Мемлекеттік Эрмитаж музейі / Wikimedia Commons

Ноғай Ордасы — Ұлы дала мен Қазақ хандығы тарихының жете баға берілмей келе жатқан кезеңдерінің бірі. Әдетте ноғайлар туралы сөз болғанда, олардың Қасым ханға қарсы шыққаны не қалмақтармен аз уақыт күресіп, беті қайтып қалғаны ғана айтылады. Алайда бұл мемлекеттің тарихына қатысты белгісіз жайттар әлі де көп. Ноғай Ордасын неге Шыңғыс хан ұрпақтары ғана басқарған? Ноғай мен қазаққа не ортақ? Қазіргі ноғайлар қайда тұрып жатыр? Qalam-ға арнайы сұхбат берген тарихшы Ернар Ужкенов осы да, өзге де сұрақтарға жауап берді.

Ноғай Ордасы қайдан шықты?

Алтын Орда ыдырап кеткеннен кейін көп ұзамай-ақ оның құрамынан Ноғай Ордасы бөлініп шығады. Бұл жерде негізгі шешім ең ықпалды билеуші тайпа — маңғыттардың қолында болса керек. Маңғыт ұлысы сол кездегі ең ықпалды ру-тайпа бірлестігінің бірі саналатын. Ноғай ұлысының іргесін қалаған Едіге десек, маңғыттар соның тұсында-ақ үй ішінен үй тіге бастаған.

Едіге Алтын Ордадағы Шыңғыс хан ұрпақтарына, соның ішінде Тоқтамыс ханға қарсы шығып, Әмір Темірдің көмегімен оны жеңеді. Алайда бұл жерде шешуші бір жайт бар: Едігенің өзі Шыңғыс хан тегінен тарамаған. Билігінің легитимдігі жеке беделіне ғана сүйенгендіктен, Едіге Шыңғыс хан тегінен шыққан қуыршақ хандарды таққа отырғызып, солардың атынан өзі билік жүргізу жүйесіне көшеді.

Едігенің 1408 жылғы Руське жорығы. «Суретті жылнамалар жинағы» миниатюрасы. 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Едігенің 1408 жылғы Руське жорығы. «Суретті жылнамалар жинағы» миниатюрасы. 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Сөйтіп, қазіргіше айтсақ, Едіге өзінше бір «хан жасаушыға» айналды. Ол алып Алтын Орданы тұтас сақтап қалуға емес, оның бір қиыры — Еділдің аяқ жағы мен Жайық өзені маңындағы өз билігін нығайтуға күш салды. Ноғай Ордасы да осы жерде бой көтерді.

1392 жылға қарай Едіге дербес әміршіге айналып үлгерген еді. Алайда Ноғай Ордасының жалпы Орда ортасынан біржола бөлініп шығуы одан да ұзаққа созылды. Бұл үдеріс Едігенің мұрагері Мұса бидің тұсында аяқталады. Шын мәнінде, «Ноғай» саяси атауы орнығып, Ноғай Ордасы жеке мемлекет болып қалыптасуының негізін қалаған тұлға деп Мұса бидің аты аталса керек еді.

Алтын Орда ыдырап, билік шоғырланған бірнеше орталық қалыптасып жатқан кезге тоқталсақ, осы шартты «бөлініс» қантөгіссіз жүрді ме? Әлде барлық тарап бір-бірімен қиян-кескі соғысқан тартыс болды ма?

Ол кезең жазба дереккөздерде «бұлғақ» деп аталады. Біреу біреуге бас имеймін деп бұлғаққа салған кез дегеннен шыққан ғой. Алайда шын мәнінде сол кезде әлдебір жекелеген ұлт топтары ел болып ұйысып, өзін-өзі басқармаққа ұмтыла бастаған. Соның салдарынан екі үдеріс қатар жүрді. Біріншісі — Ұлы бұлғақ, яғни бәрінің бәрімен соғысы. Алайда екінші бір фактор — орталықтану да болған. Маған салса, біздің тарихнамада осы екіншісіне жете мән берілмей келеді.

Сигизмунд фон Герберштейн. Московия картасы. 1549 жыл / Wikimedia Commons

Сигизмунд фон Герберштейн. Московия картасы. 1549 жыл / Wikimedia Commons

Мынаған назар аударыңыз: Тоқтамыс хан өлгеннен кейін Алтын Орда іс жүзінде ыдырап кетеді. Алайда 1420 жылдары, тағы бір дерек бойынша 1433 жылы бұрынғы орталық ұлыстың орнына Үлкен Орда шығады. Жері — Еділдің аяқ жағы, Жайық өзенінің бойы мен Қазақстанның батысы. Яғни орталыққа тартылу үдерісі тоқтамаған. Бұл — Алтын Орда мұрасы қаншалық бай, қуатты әрі ауқымды болғанын көрсететін аса маңызды жайт.

Көшпенділер қарауында қалалар да қала берді. Қала жұрты ел іші тыныш болса, күн сайын жау шаппаса, ойран салмаса дейтін. Сондықтан да орталыққа тартылу үдерісі жалғасты. Алтын Орда дәуіріндегі көшпенділер мұрасының бір бөлігі болған Ноғай Ордасының өзі де көп ұзамай Сарайшықты астана қылып, қалаға қарай ойыса бастайды.

Маңғыттарға келсек, олар Ноғай Ордасының негізгі ұйытқысы деуге бола ма? Олар ру-тайпа бірлестіктерінің ең ірісі болды ма, әлде ең ықпалдысы болды ма?

Ең ірісі де, ең ықпалдысы да болды. Ол кезде әлдебір ру-тайпа бірлестігінің қуаты көбіне адам санына қарайтын. Маңғыттар — әуелде Моңғолияның орталық бөлігінде, Онон өзенінің бойында тұрған моңғол тайпасы. Кейін Шыңғыс ханмен бірге қазақ даласына келіп, түркі тілін, жергілікті мәдениет пен дінді түгел сіңіріп алып, Ноғай ұлысының толыққанды бір бөлігіне айналады. Олардың беделі Шыңғыс ханның серіктері болғанына ғана емес, көп қол шығара алатын қуатына да байланысты еді.

Сергей Прокудин-Горский. Маңғыт әулетінен шыққан Бұхараның соңғы әмірі Әлім хан. 1911 жыл / АҚШ Конгресі кітапханасы / Wikimedia Commons

Сергей Прокудин-Горский. Маңғыт әулетінен шыққан Бұхараның соңғы әмірі Әлім хан. 1911 жыл / АҚШ Конгресі кітапханасы / Wikimedia Commons

Алтын Орданың бүкіл жүйесі күйреген кезде ірі ру-тайпа бірлестіктері алдыңғы қатарға шыға бастайды. Ұлыстың жұрты неғұрлым көп, соғысқа шығарар қолы неғұрлым қалың болса, сол өңірде аман қалып, саясатта үстемдік қылатын мүмкіндік те соғұрлым жоғары болатын. Маңғыттардың күйі дәл осындай болған.

Ал өзге рулар ішкі тақ таласында біресе бір үміткерді, біресе басқасын қолдап, күші мен қорын көп сарқып алған еді. Маңғыттардың бағы — көшпелі маңғыт ақсүйектері мен Шыңғыс хан тегінің мүддесі арасында тепе-теңдік ұстай білген Едігедей дарынды басшысы болғаны.

Маңғыт тарихындағы осы рудың қуатын көрсететін жекелеген мысалдарға қарасақ, Бұхараны маңғыт тегі ұзақ уақыт, тіпті 1920 жылға дейін билеп келіп, большевиктер өкіметі орнаған кезде ғана тақтан тайғанын да ескеру керек. Яғни 14-ғасырдан 20-ғасырдың басына дейін маңғыттар елеулі саяси рөл атқара берді деуге болады.

Едіге туралы тарқатып айтсаңыз. Оның өзі кім болған? Алтын Орданың ақырғы кезеңіндегі әміршісі болды деген пікір шындыққа сая ма?

Едіге — жұрт сүйген әміршілердің бірі. Шыңғыс хан тегінен тарамаса да, ел қамын жеген қаһарман ретінде тарихта қалған алғашқы тұлғалардың бірі. Ноғай, қазақ, қарақалпақта Едігенің өмір тарихына жеке эпос арналып, халық жадында сақталған. Ол Орталық Азия аймағы елдерінің бәрінің тарихында маңызды тұлға болды.

Алдымен Едігенің өмір сүрген ортасын, заманын түсіне білу керек. Бұл Шыңғыс ханның беделі мен абыройы біртіндеп құлдырап бара жатқан әлсіз ұрпақтарының дәуірі еді. Олардың көбінің өздеріне бұйырған асқақ мемлекеттік қызметтерді атқарарлықтай дайындығы жоқ еді. Едігенің тез-ақ абырой жиып, беделі асып кеткені де содан.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

Батырлар жырының бастан кешкені

Фольклортанушы Жұмашай Рақыш

Оның қолбасшылық қабілеті айқын еді. Мысалға 1399 жылы Ворскла бойындағы шайқаста ол Литваның ұлы князін тас-талқан қылып жеңгенін еске алайық. Ал дипломатия шеберлігі туралы айтсақ, онда 1408 жылғы Мәскеуге шапқан үлкен жорығы мен өзге де дипломатиялық табыстары — ерен дарынының айғағы.

Едіге Әмір Темір тұсында өмір сүріп, оны өз көзімен көрген. Қуыршақ хандарды таққа отырғызу, солардың атынан билік жүргізіп, жарлық шығару, сөйте тұра іс жүзінде толыққанды әмірші болып қала беру тәжірибесін, меніңше, сол Әмір Темірден үйренсе керек.

Бұл жерде Едігенің Тоқтамыспен қарым-қатынасы да аса маңызды. Бастапқыда екеуінің арасында жаулық болмаған. Түрлі дерекке қарағанда, әуелгіде тіпті Едіге Тоқтамысты қолдаған. Алайда жеке араздығы да болды: кезінде Орыс (Ұрұс) хан Едігенің бір туысын — бір деректе көкесін, енді бір деректе әкесін өлтірген екен. Арада қанды кек қалған.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ӘМІР ТЕМІРДІ ДӘРІПТЕУ МЕН МАНСҰҚТАУДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Самарқаннан Делиге дейін оған деген көзқарас әр дәуірде қалай өзгерді?

Алайда әуелгіде Едіге Тоқтамыстың ең белсенді қарсыластары қатарында болған жоқ. Мәселенің мәнісі басқада: біздің тарихымыздағы тағы бір аңыз тұлға Тоқтамыс Алтын Орданың жоғарғы билеушісі тағынан үмітті өзге бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда дербес, мінезді еді. Содан да ол Едігенің өзіне де, беделі мен мақсатына да қауіпті болса керек.

1550 жылы қазіргі Батыс Қазақстан аумағында жүрміз, алдымыздан қазақ пен ноғай қатар шықты деп елестетіп көрейікші. Қайсы қазақ, қайсы ноғай екенін тани алар ма едік?

Мүлде тани алмас едік. Тіпті қазіргі күннің өзінде, этнографиялық зерттеулер жүргізілгенде, баяғыдан екі бөлек өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, тілдерімізден сәйкеспейтін, жаңа сөз табудың өзі өте қиын. Ноғай тілі — қазақ тіліне ең жақын тілдердің бірі. Қателеспесем, филологтар лексика туыстығы 97% не 98% депті.

Ноғай телебағдарламаларын қарап көрейікші. Қазақша білетін кез келген адам ол жерде әңгіме біз туралы болып жатпағанын аңғармай қалатынына сенімдімін. Ноғай қауымының көп өкілі қазақ телевизиясын көріп жүргенін білемін. Олар Астрахан және Атырау облыстарының шекарасында тұрады, біздің спутникті оңай ұстайды және жаңалық көріп жүреді.

Ноғай және Қырым татарлары. 19-ғасыр иллюстрациясы / Wikimedia Commons

Ноғай және Қырым татарлары. 19-ғасыр иллюстрациясы / Wikimedia Commons

Ал 16-ғасырды айтсақ, көшпенділердің бәрінің тұрмыс-тіршілігі бір-біріне ұқсас болған. Қалмақ қоғамына қарасақ та, аса бір айырмашылық таппаймыз. Қалмақияға бірнеше рет конференцияға бардым, музей араладық. Маған салсаңыз, «нағыз қалмақ» затын «нағыз өзіміздің» заттан ажыратып тануға келгенде бүкіл ғұмырын осы іске арнаған мамандардың өзі қиналып қалады-ау.

Қалай десек те, көшпелі өмір салты мәдениет айырмашылықтарын тегістеп, жойып жібереді. Киіз үй ыңғайлы ма? Ыңғайлы. Атты дәл осылай ерттеу керек пе? Иә.

Дэвид Аллан. «Башқұрттар». 1814 жыл / Wikimedia Commons

Дэвид Аллан. «Башқұрттар». 1814 жыл / Wikimedia Commons

Әскер ісінде де, бір-біріне жау болса да, біреу жаңа бірдеңе ойлап тапса, ең озық тәсілдер мен жекелеген элементтерді бір-бірінен көшіріп алып отырған. Бұл — баяғыдан іргелес жатқан халықтардың бәріне тән үрдіс.

Өзара жиі құдаласу болмаса, бұл халықтардың әлдебір айырмашылықтары болар ма еді, кім білсін. Алайда екі жақты некелесу үйреншікті болғаны сонша — жазба деректерде олардың әлдебір таңсық дүние деп тіркелгені некен-саяқ. Олар саяси мүддесіне қарай ғана — біреуі Исмаил биді қолдап, өзгелері Назар ханның соңынан еріп кетіп — екі айырылған біртұтас халық екенін нақты түсінетін, біртұтас мәдениет өкілдері еді.

Сонда олар өздері де бірін бірінен ажырата алмады ма?

Көшетін жолы, қонатын жұртына қарай танитын. Біреуі Жайықтың ар жағында, біреуі бер жағында көшіп-қонып жүрген. Басқаша қалай тануға болады? Материалдық мәдениет десек, тіпті сан ғасыр өткеннің өзінде ол әлі де біртұтас болып келеді. 16-ғасырдағы адамға бұл әлдебір тұтас парасат көрсеткіші болса керек.

Ноғай Ордасының құлауына қандай факторлар әсер етті? Табиғи апаттар ма? Оған Қазақ хандығының ықпалы қандай болды?

Әлбетте, жұт жайлап, індет жүріп, жұрт қырылды. Орыс жазба деректерінде, барлаушылар мәліметтері мен көпестер хабарламаларында мал қырылғаны, жұрт Ноғай Ордасынан бас сауғалап басы ауған жаққа босып кеткені айтылады. Алайда, маған салсаңыз, басты себеп — мемлекеттік құрылымның осалдығы еді. Алтын Ордада орталық билік қалаларға, ал қалалар орталық билікке зәру болатын. Кейінірек бұл байланыс әлсіреді: енді бәрі жергілікті ақсүйек-шонжарлардың қолына қарап қалды. Ноғай Ордасының бар байлығы жалғыз астанасы — Сарайшық маңына шоғырланды. Астана бірнеше рет талан-таражға түскеннен кейін, мемлекеттің арқасүйер тірегі қалмады деуге де болады.

Александр Орловский. «Салт атты». Түсті литография. 1819 жыл / Wikimedia Commons

Александр Орловский. «Салт атты». Түсті литография. 1819 жыл / Wikimedia Commons

Қалмақтар келгенде ноғайлар ендігі тоз-тозы шығып отырған. Көршілермен келіссөз жүргізе алатын жекелеген билеушілер болғанымен, олардың артында бұрынғыдай біртұтас әскери күш тұрған жоқ еді. Қараңызшы, жеңімпаздар келіп, ең шүйгін жерлерді — құдығы бар өрістерді, өзен бойындағы жерлерді тартып ала бастады. Ал көшпенділер көкмайсадан айырылса — малынан айырылғаны. Сондықтан ноғайлар амалсыз: бір бөлігі батысқа, Қырым хандығына қарай, енді бір бөлігі шығысқа, қазақтарға қарай ауа көшуге мәжбүр болды. Біреулері орнынан қозғалмай, қалмақтарға алым-салық төлеп тұрды. Әрине, шапқыншылық, қырғын, жазалау жорықтары болмай қойған жоқ, десе де бұл біртіндеп ығыстыру үдерісі еді.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ. ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢІ

2-дәріс. Аласапыран соғыс

Қазақ хандығы әлдебір шешуші рөл атқарды дей алмас едім: мұның бәрі, былайша айтқанда, заңды құбылыс болды. Ойлап көріңізші, мемлекет әлсірегенде халық өзара қырқыстан, жау шапқыншылығынан, барымтадан қорған болатындай қуаттырақ пана іздей бастайды. Ол дәуірде Қазақ ханы бұл рөлге әбден лайық болған — алыста жатыр, әжептәуір дербес болып қалуға мүмкіндік береді, сөйте тұра қорған бола алады. Сондықтан бұл кезде ноғайлардың бір бөлігі басқа билеушіге алым төлей бастаса, сол билеуші олардың мемлекетін күйретті деген сөз емес.

Қазіргі ноғайлар қайда тұрып жатыр? Ресей аумағында ма, қазіргі Қазақстан жерінде ме, әлде басқа жақта ма?

Қазіргі Қазақстан аумағында олар ру-тайпа топтары болып сақталған. Ресей аумағында бары да сөзсіз. Жоғарыда, қателеспесем, Солтүстік Дағыстан аумағында ұлттық округ мәртебесі бар, айтарлықтай ірі ноғай этномәдениет бірлестігі бар дегенбіз. Олар қазір тілін дамытып, өз мәдениетін зерттеп жатыр. Алайда жергілікті тау жұртының әдет-ғұрпының ықпалымен күнделікті тұрмыста төл мәдениетінен біраз алшақтап кеткен. Тілі де қатаңданып қалған — кей сөздер көбіне «ч», «ж» әріптерін басып айтылады, алайда лексика құрамы сол баяғы күйі.

Астрахан ноғайларын айтсақ, оларда этномәдени бірлестік барын білемін. Олар Ресей мемлекетінің көпдінді, көпэтносты аймағы — Астрахан өлкесінде өмір сүріп жатыр. Өз мәдениетін дәріптеп, зерттеу жағынан ерекше табысқа жетті ме, ол жағын нақты білмедім, алайда бұл қауым шамамен 10–20 мың адамның басын қосып отырғаны мәлім.

Карим Тинчурин. Ноғай шабандоздары. Кисловодск, 1929 жыл / Wikimedia Commons

Карим Тинчурин. Ноғай шабандоздары. Кисловодск, 1929 жыл / Wikimedia Commons

Ставрополь өңірінде, Кубаньда да ноғайлар бар. Олар жекелеген топтар болып келеді. Мен білсем, олар еш жерде біртұтас үлкен этнос болып ұйысып отырған жоқ.

Ноғай Ордасы жеңілгеннен кейін халқының бір бөлігі шегініп барып, Қырым ханының дәргейіне бас ұрып, қолына қосылған. Қырым хандығында да олар едәуір жақсы сақталды. Әттең, Қырым хандығының тарихы қазіргі отандық тарих ғылымында ондағы ноғайлардың нақты саны туралы кесіп айтатындай деңгейде кеңінен зерттелмеген. Қателеспесем, оларда да әлдебір ноғай қозғалысы бар. Әйтеуір, ол туралы естігенім бар.

Черкес ноғайлары. 19-ғасыр аяғы не 20-ғасыр басы / Wikimedia Commons

Черкес ноғайлары. 19-ғасыр аяғы не 20-ғасыр басы / Wikimedia Commons

Соның ішінде башқұрттар арасынан да ноғай іздерін көп ұшыратуға болады. Қазіргі Татарстанда да ноғай топонимикасы, жекелеген ноғай ру-тайпа топтары кездеседі. Олар өзге еш жерде біртұтас, басым этнос құрап отырған жоқ. Соған қарамастан, тарыдай шашырап кетсе де, ноғайлар өз мәдени дәстүрлерін сақтап, қайта жаңғыртуға талпынып келеді.

Сарайшық қалашығындағы музей кешенінің ашылуына арналған фестиваль. Атырау облысы, Қазақстан, 2021 жылғы 2 қараша / Мейрамгүл Құсайынова / Anadolu Agency via Getty Images

Сарайшық қалашығындағы музей кешенінің ашылуына арналған фестиваль. Атырау облысы, Қазақстан, 2021 жылғы 2 қараша / Мейрамгүл Құсайынова / Anadolu Agency via Getty Images

Соңғы сұрағым бар. Ноғай Ордасы аса бірегей мемлекет, өте қызық құрылым болып шықты. Алайда башқұрттар оны өз тарихының бөлшегі санайды, қазақтар өзінікі, татарлар өзінікі көреді. Сіздің ойыңызша, бұл кімнің тарихы, кімге тиесілі?

Ноғай жастары арасында ноғай тілі мен мәдениетінің рөлін арттыру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Тарихымыз ортақ болды дей аламыз ғой, алайда ең алдымен, ноғай тарихы деген — ноғай халқының тарихы.

Олармен ортақ тарихымызды айтсақ, бір-бірімізбен ажырамас байланысымыз барын есте ұстауымыз керек. Жаңа айтқанымыздай, ноғайлар, әлдебір тұрғыда, қазақтардан еш айырмашылығы жоқ халық. Ортақ жырауларымыз, ақындарымыз — осының бәрі бізді байланыстыратын біртұтас өткеніміз. Ортақ мақал-мәтеліміз де көп.

Дмитрий Ермаков. Ноғайдың ұлттық биі. Мансуров ауылы, Кубань облысы. 1870–1880 жылдар / Ашық дереккөздерден

Дмитрий Ермаков. Ноғайдың ұлттық биі. Мансуров ауылы, Кубань облысы. 1870–1880 жылдар / Ашық дереккөздерден

Жеке сезімімді айтсам, әкем Атырау қаласында «Ноғай бейіті», яғни ноғай қорымы деп аталатын зиратта жатыр. Еділ бойынан Арал маңына дейін созылған сауда жолы — көне Ноғай жолы туралы деректер 19-ғасырдағы әскери экспедициялар жазбаларында, саяхатшылар мен көпестердің естеліктерінде сақталып қалған.

19-ғасырға дейін нендей мұра бұзылмай жеткенін елестетіп көріңізші! Жеткені өз алдына, ол әлі күнге дейін жасап келеді. Бұл туралы айта беруге болады, алайда тағы да баса назар аудартқым келетіні — Ноғай Ордасының тарихы бәрінен бұрын ноғайлардың тарихы. Біз ортақ тарихтың әлдебір бөлігі туралы ғана сөз қыла аламыз.

Бұл — тарихшы Ернар Ужкеновтің сұхбатының бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam History Youtube арнасынан көріңіздер.