КҮЛӘШ БАЙСЕЙІТОВАНЫҢ ҚАСІРЕТІ МЕН ҚУАНЫШЫ

Қазақ бұлбұлының өмірі замандастар естелігінде

~ 16 мин оқу

Гүлфайрус Ысмайылова. Күләш Байсейітованың портреті, 1970 жылдар / Bonart аукцион үйі ұсынған (https://bonart.kz/)

«Қазақ халқының ұлы әншісі», «замана бұлбұлы», «ұлт мақтанышы»: замандастары Күләшті осылай сипаттады. Ғұмыры қысқа болғанымен, сол қысқа ғұмырында жасындай жарқылдап, Байсейітова бір емес, бірнеше өмірге арқау болар жарқын жетістіктерге жетті. Зерттеушілер Әсел Әлмұратова мен Лиора Айзенберг Күләш Байсейітованың туғанына 114 жыл толуына орай әнші тағдыры жайлы баяндайды.

Мазмұны

Перзент

Болашақ әншінің шын аты Гүлбаһрам — Гүлбаһрам Бейісова еді. Бала кезінде оны анасы «Күләй» деп атаған, еркелете атаған осы есім кейін келе Күләшке айналған. Бұл — барлық дереккөзде кездесетін жалпыға белгілі жайт, сондай-ақ әншінің туған жылы 1912 жыл екені де анық. Бұдан әрі қарайғы мәліметтерде бірізділік жоқ.

Күләш Байсейітова, 1938 жыл / КФҚД ОМА

Күләш Байсейітованың туған күні мен туған жері әлі күнге дейін нақты анықталмаған: кей деректерде 19 сәуір (жаңа күнтізбе бойынша 2 мамыр), ал кейбірінде 12 қаңтар деп көрсетіледі. Туған жеріне қатысты да нақты ақпарат жоқ: бір деректерде Алматыда дүниеге келген десе, енді бірінде Семей облысы, Қарқаралы уезіндегі Жаңаорталық ауылында туған деп көрсетіледі.

Болашақ халық әртісінің анасы туралы мәлімет өте аз. Ал әкесінің әншінің қалыптасуына қосқан үлесі жөнінде деректер әлдеқайда мол. Күләш жастайынан-ақ жақсы ән айтқан, ал оны осы өнерге баулыған адам — әкесі Жасын Бейісов екен. Жасын қолөнер шебері, етікші болғанымен, әнші-ақын ретінде де танылыпты: домбыра сүйемелдеуімен той-думандарда, мерекелерде өнер көрсетіп, халық әндерін орындаған. Кішкентай Күләштің халық музыкасына деген сүйіспеншілігі де әкесінен дарыған болса керек: қағылез қыз жастайынан естіген әндерін жаттап алып айтатын болған.

1920 жылдардың басы, Қазақстанда ашаршылық жайлаған кезеңде, тұрмыстық жағдайдың ауырлығына байланысты он екі жасында Күләш Алматыдағы балалар үйі жанындағы интернатқа түседі. Жалпы, бұл Азамат соғысынан кейін Кеңес одағының қай түкпірінде де сезілген қиын жағдай еді. Ол уақытта көп отбасы үшін баласын интернатқа беру — ұрпағын аман алып қалудың бірден-бір жолы болатын.

Күләш кейін отбасымен қайта қауышты, бірақ төрт құбыласы түгелденіп толық біріге алмады. Күләштің болашақ жары Қанабек Байсейітов өз естеліктерінде сол кезеңді былай сипаттайды:

«...Күләшпен (шын аты — Гүлбаһрам) танысуыма ағасы Айтбек себеп болған-ды. Бір қыс солардікінде пәтерде тұрып шықтым. Күләш өте нәзік, кішкентай ғана қыз болатын, бір үйде шешесі екеуі ғана тұратын. Әкесі Жасын ол кезде ауылда, бөлек тұрып жатқан»iК.Байсеитов, «На всю жизнь», Алма-Ата: Жазушы, 1981 г..

Ал Күләштің шығармашылық жолының алғашқы кезеңіне куә болған замандастарының естеліктерінде отбасындағы жағдай біршама мұңдылау сипатталады. Оған кейінірек тоқталамыз.

Драма театрының актрисасы

Жеті жылдық мектепті тамамдағаннан кейін Күләш Алматы педагогикалық техникумына оқуға түседі. Дәл сол жерде, көркемөнерпаздар үйірмесінде оның табиғи таланты алғаш рет сахнада көріне бастады. Педагог мамандығын толық аяқтамаса да, бұл кезең оның шығармашылық тұрғыдан қалыптасу жолындағы маңызды белеске айналды.

Күләш Байсейітова Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымы ортасында, 1938 жыл / КФҚД ОМА

1929 жылы Қазақ драма театры Қызылордадан Алматыға көшірілді. Кейін бұл театр Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына айналды. Алғашқы кезеңде театр аралас сипатта болды: әрі драмалық, әрі музыкалық бағытты қатар ұстанды.

Қазақстан драма театры өнерінің негізін қалаушылардың бірі Сералы (Серке) Қожамқұлов осы театрда актер әрі режиссер болып еңбек етті. Дәл осы ортаға, оның қарамағына он жеті жастағы Күләш келіп, қазақ өнерінің қарлығаштарының қатарына қосылды.

«Алғашқы тыңдаулардың өзінде-ақ Серке қыздың табиғи талантын бірден аңғарды. Сөз бен қимылдың тұтастығы. Бет-әлпетінің әсерлілігі. Ішкі рух пен серпін. Оған қоса, жер қойнауынан бұрқ еткен дала бұлағының сыңғырындай таза, мөлдір дауыс. Тәжірибе мен кәсіби шеберлік қана жетіспейтін. Бірақ ол уақыт өте келе қалыптасатыны анық еді»iД.Снегин, «Куда текут родники» // А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейітова» жинағынан. — Алматы: Өнер, 2012.

Бұл — кеңес жазушысы әрі кинодраматург Дмитрий Снегиннің естелігі. Ол сондай-ақ Күләш басты рөлді сомдаған революциялық оқиғалар туралы қойылымның қалай дайындалғанын еске алады: онда Күләш алдымен жас қыздың, кейін мезгілінен бұрын қартайған әйелдің бейнесін сомайды. Шығарманың шарықтау шегінде актриса жылауға тиіс болатын, алайда өзі жас, өмірге құштар Күләш үшін бұл оңайға соқпайды. Сералы Қожамқұлов бұл сахнаны қайта-қайта пысықтап жаттықтырады:

«Серке де дегенінен таймады. Бірақ бір жолы ол да өзін ұстай алмай, қатқыл әрі талапшыл дауыспен: — Сен өзі өміріңде жылап көргенсің бе? — деді. 

Күләштің мінезі жаратылысынан ашық-жарқын, көңілді еді. Оның үстіне жастық шақта адам жиі жылай бермейді ғой. Ал жыласа да… Қысқасы, ол өткен өмірін есіне алды.

— Жыладым. Анаммен бірге. Әкем бізден біржола кететінін айтып, ескі қыстауда қалдырып кеткенде жыладым»iД.Снегин, «Куда текут родники» // А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейітова» жинағынан. — Алматы: Өнер, 2012.

Дайындық текке кеткен жоқ — премьера күні Күләш көрерменді тәнті етті.

Қазақстанның тұңғыш опера әншісі

Күләштің жұлдызын жаққан 1933 жыл еді. Оған себеп — сол уақта Қазақ драма театрының репертуарында берік орнығып қалған, Мұхтар Әуезов жазған «Еңлік-Кебек» қойылымы болатын. Еңлік рөлі 21 жастағы Күләшке актерлік қабілетін ғана емес, вокалдық шеберлігін де көрсетуге мүмкіндік берді.

Көп ұзамай, 1934 жылы, Байсейітова жаңадан ашылған музыкалық театрға ауысады. Кейін бұл ұжым Қазақ ұлттық опера және балет театры (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) деп аталды. Күләш бұл театрда өмірінің соңына дейін, жиырма жылдан астам уақыт еңбек етті.

Театрдың алғашқы қойылымы «Айман-Шолпан» болды. Оның либреттосын Мұхтар Әуезов, музыкасын Иван Коцык жазды. Айман партиясы труппаға жаңадан қосылған Күләшке сеніп тапсырылды. Сахнадағы әріптестерінің бірі — Арыстан рөлін сомдаған Қанабек Байсейітов еді. Қойылымды көрермен жылы қабылдайды, ал Күләш енді «Қыз Жібек» (музыкасы — Евгений Брусиловский, либреттосы — Ғабит Мүсіреповтікі) операсындағы басты рөлге дайындала бастайды. Дәл осы рөл кейінірек Күләшті күллі одақ көлемінде даңқты етеді. Ал әзірге ол вокалдық шеберлігін шыңдай берген.

Күләш Байсейітова «Қыз Жібек» операсында, 1948 жыл / КФҚД ОМА

Бір қызығы, шығармашылық жолын жаңа бастаған Күләш әу баста әнді төмен дауыспен айтқан — дәстүрлі халық музыкасы әйелдерден соны талап ететін. Кейінірек оның негізгі дауыс диапазоны — күміс тембрімен ерекшеленетін жоғары колоратуралық сопраноiөте жоғары әйел даусы екені анықталады. Қанабек оның жетістігіне тәнті болып, Күләштің мүмкін еместі мүмкін еткенін жазады: сол кезеңнің танымал педагогтарымен жұмыс істей отырып, ол даусын небәрі үш айда сопрано деңгейіне жеткізген, ал әдетте бұл кемінде үш жыл уақытты алар еді.

Күләштің тума талантын шыңдай түсуіне табиғи музыкалық қабілеті ғана емес, ерекше еңбекқорлығы, темірдей тәртіпке бағынуы мен сахнада күрт құбыла білуі де ықпал етті. Мысалы, «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүніс рөлі мінезі жағынан Күләштің болмысына мүлде қарама-қарсы болғанымен, бұл бейнені көрерменді сендіретін деңгейде сомдай алды: олар сахнада ерке, кекшіл хан қызы тұрғанына шын сенетін. Күләш бірде нәзік Жібек, енді бірде қайсар Сара болып көрерменді тәнті етті. «Мадам Баттерфляйдағы» Чио-Чио-санды, «Евгений Онегиндегі» Татьянаны және басқа да опералық партияларды орындағанын көрген замандастарының жазуынша, Күләш кез келген рөліне нандыра алатын әртіс еді.

КСРО халық әртісі

1936 жылдың мамырында Қазақ өнерінің алғашқы декадасы кезінде Байсейітова Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында өнер көрсетті. Дәл осы өнері үшін ол «КСРО халық әртісі» атағына ие болды. Ол бұл атаққа ие болған алғашқы қазақ әйелдерінің бірі ғана емес, жалпы Кеңес одағындағы ең алғашқы лауреаттардың қатарында болды. Ол кезде Күләш небәрі 24 жаста еді.

Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнері декадасының қатысушылары, 1936 жыл / КФҚД ОМА

Алайда Байсейітованың сахнадағы мәртебесі өрлегенімен, бәрі бірдей оп-оңай бола қойған жоқ. Мемлекеттік мәдениет мекемелерінің өкілдері әншіні жиі сынға алып, оның әнді «дұрыс айтпайтынын»: диафрагмамен емес, көмеймен айтатынын алға тартты. Мұндай сын сол кезеңдегі кеңестік көзқарастың бір көрінісі еді: «ұлттық» вокалдық дәстүр «жетілмеген» деген сынға жиі ұшырайтын. Сондықтан Байсейітованың бұл талаптарды елемеуге мүмкіндігі болмады. Ол кәсіби шеберлігін жетілдіруді міндет санап, даусын үздіксіз шыңдауға, сол талаптарды ескеруге мәжбүр болды. 1939 жылы ол былай деп жазды:

«Даусымның техникасын толық меңгердім деп айта алмаймын. Дауысты жоғары деңгейде толық игеру — қазір менің ең басты міндетім, басты мақсатым»iК.Байсеитова. «Сценическая правда» // А.Омарова (құраст.), «Күләш Байсейітова». — Алматы: Өнер, 2012.

«Мемлекеттік муза»

Байсейітованың мәдени символға айналу үдерісін кеңес билігінің мәдени иерархияны қалыптастыруынан бөле қарау қиын. «Кеңестік прогресс» деп аталған құбылыстың негізгі қырларының бірі Орталық Азия халықтарының мәдени келбетін еуропаландыру болды. Кейін режиссер А.Троицкий «Наша Куляш» атты мақаласында: «Кеңестік өнер — формасы жағынан ұлттық, мазмұны жағынан социалистік»iА.Омарова (құраст.), «Күләш Байсейітова». — Алматы: Өнер, 2012 деп жазды. Бұл үдерістің ең қарқынды кезеңі дәл 1930 жылдарға тұспа-тұс келді.

Күләш Байсейітова / КФҚД ОМА

Орталық Азияда бұл «прогресс» жобасы мынадай жолмен жүзеге асты: 1920 жылдары Александр Затаевич пен Виктор Беляев сияқты этнографтар жергілікті музыкалық фольклорды жинап, хатқа түсірді. Ал 1930 жылдары сол материалдардың негізінде опералар, симфониялар жазылып, балет қойылымдары дайындала бастады. Әдетте опера ең «прогрессивті» музыкалық жанр ретінде қарастырылды, өйткені ол мәтінді, вокалды, музыканы, сондай-ақ бейнелеу және сахналық өнерді біріктіретін күрделі өнер түрі еді.

Осы үдеріс аясында кеңестік Орталық Азия республикаларының әрқайсысында жас әрі дарынды әнші қыздарға — ұлттық опера өнерінің алғашқы жұлдыздарына ерекше назар аударылды. Қырғызстанда бұл — Сайра Киізбаева болса, Өзбекстанда Халима Насырова, ал Қазақстанда Күләш Байсейітова еді. Бұл әртістер «кеңестік жаңғырудың» символы ретінде қарастырылды: олар сахнада өнер көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар «жоғары өнер» жанрында жұмыс істеді — бұл ұғым сол кезеңдегі Мәскеудегі мәдени институттар белгілеген иерархияға сай қалыптасты.

Күләш Байсейітова тыңдармандарымен кездесуде, 1930–1940 жылдар / КФҚД ОМА

Сонымен бірге кеңестік мәдени саясат театр, опера және балет өнерінің дамуын кең ауқымды «мәдени революцияның» бір бөлігі ретінде қарастырды. Қазақстанда театр жай ғана өнер кеңістігі емес, ең алдымен мәдени-ағарту мекемесі әрі қоғамды өзгерту құралы болды. Идеологиялық үгіт-насихатпен қатар, спектакльдер, концерттер мен радиобағдарламалар арқылы билік адамдардың күнделікті түсініктерін өзгертуге ұмтылды, соның ішінде әйелдің қоғамдағы рөлі мен жаңа кеңестік мемлекеттегі ұлттық мәдениеттің орны туралы көзқарасты да қайта қалыптастыру көзделді. Ресми риторикада бұл үдеріс ашық түрде «жаңа өнер мен жаңа тұрмыс үшін күрес» деп аталды.

Алайда Байсейітова бағындырған шыңдар кеңестік мәдени саясаттың ғана жемісі деуге болмас еді. Оның жеткен жетістігі — тек өзіне тән, баршаны баурап алатын бірегей дарынының нәтижесі еді.

Күләш Байсейітова туралы естеліктерінде Ғабит Мүсірепов былай деп жазған:

«Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ таза талант. Қысқасы, «Чудо!»iҒ.Мүсірепов. «Чудо» // А.Омарова (құраст.), «Күләш Байсейітова». — Алматы: Өнер, 2012

Сырт көзге оның жетістік жолы расында да ғажайып сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында көрерменге көрінбейтін орасан еңбек жатты. Әншінің жары Қанабек Байсейітов кейде Күләштің қажетті дыбысты табу мен рөлдің дәлдігін игеру үшін күніне ондаған сағат бойы дайындалып, тынымсыз тер төккенін еске алады.

Қайраткерлік пен жалғыздық

Спектакльдер мен концерттерден тыс уақытта Күләштің тынығуға мүмкіндігі аз еді: Байсейітова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымының депутаты болды, сондықтан оған елдің түкпір-түкпірінен өтініш айтушылар ағылып жатты. Мұрағат құжаттарында оның тұрмысы төмен отбасыларға баспана алып беруге күш салғаны, жұмысқа орналасуға жәрдемдескені, соғыс мүгедектеріне зейнетақы тағайындалуына ықпал еткені, сот істеріне араласқаны, сондай-ақ алимент төлемеген бұрынғы күйеулерінен зардап шеккен жалғызбасты аналарды қолдағаны туралы деректер кездеседіiҚР ОМА, 1630-қор, 1-тізім, 78, 79, 80-істер.

1942 жылы Күләш Байсейітова концерттік бригада құрамында майданға шыға бастады. Кейін бұл еңбегі үшін «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. 1949 жылы Кеңестік бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі болды. Қоғамдық қызмет барысында ол үлкен мәртебе саналған халықаралық сапарларға да шықты.

Қазақстаннан барған концерттік бригада әртістері майдангерлермен бірге, 1942 жыл / КФҚД ОМА

Ал сахна сыртындағы өмір басқаша өрбіді: театр іші көре алмастық пен өзара қырқысқа толы еді. Бұл қысымның шарықтау шегі 1956 жылғы алты әріптесі қол қойған арыз болды. Байсейітова Қытай Халық Республикасына Мао Цзэдунның жеке шақыруымен жеке концертпен баруға тиіс болатын, бірақ оны жібермеді, себебі әріптестері Орталық Комитетке «Күләш ішімдік ішеді, моральға жат өмір сүреді» деген мазмұнда шағым жазады. Кейін Сара Латиеваға берген сұхбатында Ғабит Мүсірепов Күләштің орнына Бейжіңге дәл сол хатқа қол қойған адамдар барғанын айтқан. Алайда олардың есімін атамаған.

Қанабек Байсейітовтің естеліктерін жазып алған жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Күләштің бұл жағдайды ауыр қабылдағанын айтады. Ол тағылған айыптарды қорлық деп танып, қатты күйзелген:

«Мұндай масқараны көргенше өлгенім жақсы ғой, Қана…»iБексұлтан Нұржекеұлы, «Күләштің құдіреті», Б.Нұржекеұлының «Күләш Байсейітова туралы естеліктер» жинағынан. — Алматы: Білім, 2004, – 227-б..

Дос

Күләш Байсейітова адамдармен тез тіл табысып, айналасына жылы әсер қалдыра білетін жан болған. Мұны сол дәуірдің көрнекті тұлғалары — Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Латиф Хамиди сияқты қайраткерлердің мақалалары мен сұхбаттарына көз жүгірткенде анық байқауға болады. Замандастарының естеліктерінде ол туралы ең жиі айтылатын сипаттамалардың бірі «тартымды» деген сөз. Сәбит Мұқанов Күләш туралы естелігінде былай деп жазады: «Ол керемет жан еді, өте сергек, ашық-жарқын, көпшіл. Кіммен болса да тіл табыса алатын. Оны шалғайдағы ауыл ақсақалдары да, кішкентай балалар да — бәрі жақсы көретін»iС.Мұқанов, «Имя, которое помнит народ», А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейітова» жинағынан. — Алматы: Өнер, 2012.

Мұқан Төлебаевтың «Біржан — Сара» операсының шығармашылық құрамы / КФҚД ОМА

Күләш баспасөзге де сүйкімді болды. Музыка сыншысы Владимир Мессман 1936 жылы Мәскеудегі триумфы кезінде «Правда» газетінің Байсейітова шеберлігін жоғары бағалап, «тартымды» деп сипаттағанын жазады және өз жанынан былай деп толықтырады:

«Тамаша актрисаның өнерін сипаттауға, сірә, бұдан артық сөз таба алмаспыз. …Күләштің болмысындағы ең тамаша әсер қалдыратын қасиет  —  тектілік, қарапайымдылық, жүрекке жақын жылылық пен нәзіктік»iВ.Мессман, «Великая артистка казахского народа» // А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейітова» жинағынан. — Алматы: Өнер, 2012..

Байсейітова туралы ең әсерлі әрі жарқын естеліктерді оның жақын құрбысы — Шара Жиенқұлова қалдырған. Олар Күләшпен құрдас, Қазақ драма театрындағы еңбек жолын қатар бастап, кейін опера және балет театрында да қатар еңбек еткен. Екеуі де өздерінен үлкен әріптестеріне: Күләш Қанабек Байсейітовке, ал Шара Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шыққан. Араға жылдар салып Шара Жиенқұлова-Жандарбекова атақты құрбысы туралы былай деп еске алады:

«Ол өте жарқын, дара тұлға болатын. Қазір қабілетті актрисалар көп, бірақ олардың қайсысы Күләштің жалынды болмысымен, өнерге берілгендігімен, көрерменді өзіне баурап алып, оларды қол соқтыртып, толқытып, әнін демін ішіне тартып тыңдатуымен теңесе алады? Жиырма бес жыл бойы гастрольмен талай жерді шолып, дүние жүзін дерлік араладым, көрерменнің әртістерді әрдайым жылы қабылдай бермейтінін жақсы білемін. Кейде оларды өзіңе қарата алмайсың. Ал Күләшті көрермен әркез ерекше ықыласпен қарсы алатын»iШ.Жиенкулова, «”Казахский вальс” в Тбилиси», А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейітова» жинағынан. — Алматы: Өнер, 2012..

Күләш Байсейітова туралы мақалаларда гастроль кезінде болған бір оқиға жиі айтылады: опера әншісі тамағы ауырып, қызуы қырық градусқа жуықтап, сахнаға шыға алмай қалады. Оның орнына Жібек рөлін Шара Жиенқұлова сомдауы тиіс болады. Шараны гримдеп, сахнаға шығаруға дайындап қояды, бірақ Күләш соңғы күшін жинап, театрға келіп, өзі сахнаға шыққан. Жиенқұлованың естеліктерінде екі дарын иесінің қаншалықты жақын болғанын айқын көрсететін тағы бір маңызды оқиға да бар.

Оқиға 1948 жылы Тбилисиде болған. Шара Жиенқұлова Балтық жағалауы — Украина — Кавказды аралап, үлкен гастрольдік сапарда жүрген еді. Барлық билет сатылып қойған, кешке өнер көрсетуі керек. Сол сәтте оның қонақүйдегі бөлмесіне телефон соғылады. Тұтқаның ар жағында Күләш Байсейітова кешке «Даиси» қойылымында ән айтуы тиіс екенін, айта алмай қаламын ба деп қорқып тұрғанын айтады.

«Сөйтсем, Күләш Тбилиси театрында Палиашвилидің операсындағы Маро партиясын орындауға келісім беріп қойған екен. Қазір соған қорқып отыр. Өйткені ол бұрыннан бірге ән айтып үйренген әртістердің ортасына шығуы керек. Оның үстіне қандай әртістер десеңізші! Әрқайсысының өзіне тән терең ұлттық дәстүрі, италиялық мектебі бар. Олар өз тілінде ән айтады, ал Күләш өз тілінде»iШ.Жиенкулова, «”Казахский вальс” в Тбилиси», А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейітова» жинағынан. — Алматы: Өнер, 2012.

«Даиси» премьерасы Тбилисиде 1923 жылы өтті. Алматыдағы опера және балет театрында бұл грузин операсы жиырма жылдан кейін, 1943 жылы қойылды. Бас партия Мароны Күләш Байсейітова орындады, ал 1948 жылы бұл рөлді сомдап жүргеніне бес жылдай уақыт болып қалған.

Захарий Палиашвилидің «Даиси» операсы, Күләш Байсейітова Маро рөлінде / КФҚД ОМА

Соған қарамастан, Күләш сахнаға шығарда едәуір қобалжиды, құрбысы Шара Жиенқұловадан қолдау сұрайды. Шара барлық билеті сатылып қойған концертін тоқтатып, Байсейітованы қолдауға ұшып барады.

Алғашында грузин көрермені әншіні салқын қабылдайды. Бірақ Күләш өз партиясын айта бастаған сәтте бәрі күрт өзгерген:

«…Сахнаға аппақ киінген, талдырмаш, нәзік те сұлу Күләш шыққанда, зал сілтідей тынды. Ол ғажап еді!.. Шымылдық жабылған соң, залда бірер сәтке өлі тыныштық орнады да, артынша ду қол шапалақ соғылды. Көрермендердің үлкен бір тобы біз отырған көліктің қозғалуына мүмкіндік бермей, оны итеріп отырып, қонақүйге дейін жеткізді. Кейін Күләштің бөлмесінің балконының астына жиналып, ұзақ уақыт тарамай, оны қайта-қайта шақырумен болды. Мен музыканттарымды ертіп келдім, бәріміз бірге балконға шықтық. Музыканттар «Қазақ вальсін» ойнай бастады, Күләш ән айтты, ал мен би биледім. […] Бұл нағыз триумф еді»iШ.Жиенкулова, «”Казахский вальс” в Тбилиси», А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейітова» жинағынан. — Алматы: Өнер, 2012.

Атақты әртістің жары

Күләш Байсейітованың өмірі кеңестік билік жариялаған қазақ әйелдерін «азат ету» саясаты мен дәстүрлі көзқарастар арасындағы қайшылықтың айқын көрінісі болды. Бір жағынан, ол — мінсіз кеңес әйелінің бейнесі: әртіс, депутат, қоғам қайраткері әрі бүкілодақтық жұлдыз. Екінші жағынан, барлық кеңестік әйелден талап етілгендей, оған да үлгілі жар, ана, үй шаруасын шебер жүргізетін шаңырақтың ұйытқысы болуға тура келді.

Күләш Байсейітова «Тереңкөл» операсында. Қазақ опера театрының сахнасы, 1939 жыл / КФҚД ОМА

Қанабек Байсейітовтің естеліктерінен олардың үй ішіндегі, тіпті отбасындағы құпия көрініс ашылады: Күләш КСРО Халық әртісі бола тұра, «еденді өзі сүртіп, кірді өзі жуды, ана да, әрі үй шаруасындағы әйел де бола білді». Достары тіпті оған үй шаруасын басқа біреуге тапсыр деп ақыл айтқан:

«Бала туу, үй жұмысына араласу әртіске, оның ішінде әнші адамға зиян, бір ыстық, бір суықтан дауысы бұзылады…»

Бірақ Күләш өз «теориясын» қарсы қоятын:

«Отбасы әйелге ешқашан ауыртпалық болмайды. Керісінше, бала туған сайын әйел адамның даусы ашыла түседі екен...»iК.Байсеитов, «На всю жизнь», – 88–89 бб.

Байсейітовтер қазақ өнерінің жұрт алқалаған «алтын жұбы» саналды, алайда бұл шаңырақтың да сахна сыртындағы драмасы жеткілікті еді. Екі шығармашылық тұлға бірге өмір сүріп, қатар еңбек етті. Алайда «КСРО халық әртісі» деген құрметті атақты ерлі-зайыптылардың біреуі ғана — Күләш иеленді.

Ақын Мәриям Хакімжанованың естеліктеріне қарағанда, Байсейітовтердің шаңырағында жанжал аз болмаған. Ол Күләштің отбасындағы келіспеушіліктерді ауыр қабылдағанын, ішкі күйзелісін айтып жылап қалатын сәттерін атап өтеді.iМ.Хакімжановамен әңгіме, Сара Латиеваның «Бұлбұл» кітабынан

Осыған ұқсас деректер Ғабит Мүсіреповтің естеліктерінде де кездеседі. Байсейітовтермен жақын араласқан қаламгер, әншінің отбасылық өмірі оңай болмағанын жазады: ұрыс-керістің жиілігінен оның отана бақыты нәзік те тұрақсыз болған. Кейін Мүсірепов былай деп еске алған:

«Күләштің қазасына себеп болған ауыр жағдайлар аз емес: жан жалғыздығы, тұрмыстағы үйлесім мен түсіністіктің болмауы, бәрі де әсер етпей қоймады»iҒ.Мүсіреповпен әңгіме, Сара Латиеваның «Бұлбұл» кітабынан

Күләш қайтыс болғаннан кейін, 1957 жылы Қанабек Байсейітов үшінші рет шаңырақ көтерді.

Ана, әпке

Тағдырлы отбасы болған Байсейітовтер шаңырағында үш қыз дүниеге келді — Құралай, Қарлығаш, Қаршыға. Қанабектің бірінші жарынан Алдабек деген ұлы болған, оны Күләш өз баласындай көріп, тәрбиеледі. Бірақ ұлы мен кіші қызы Қанабек пен Күләштің көзі тірісінде дүниеден озады.

Қызы Қаршыға 1947 жылы, небәрі бес жасында, балабақшада тамақтан уланып қайтыс болады. Бұл қайғы Күләштің жанына қатты батады. Күнделігінде сақталған жазбалар оның бұл қасіретті қаншалықты терең әрі көбіне жалғыз өзі өткергенін аңғартады:

«Ей, құдіретті күшті Құдайым, октябрдің 2-күні күндізгі сағат 4-те ауырып, түнгі сағат 12-ге 15 минут қалғанда қайтыс болды. Менің жаным, құлыным еді. Жүрегім, өкпе-бауырым еді. Қайтейін жаным, жатқан жерің жайлы болсын, күнім-күнім; бауыры суық қара жер! 

Сағынам қайтейін, неғылам, қолымнан келер шара жоқ. 1948-жылы басына қорған орнаттым — үлкен ақ отау, июнь-август айында. 1949-жылы 19 январьда басына елка қойдым, ойыншықтарын тағып. Өзім барып жылап-жылап келдім. Әке деген не? Ей, қойшы соны…»iҚР ОМА, 1630-қор, 1-тізім, 53-іс

Осы қиын күндерде жанына жұбаныш сыйлаған — туған сіңлісі Райханның қызы Раушан еді. Ол Қаршыға қайтыс болған жылы дүниеге келеді. Райхан қызын үлкен әпкесінің тәрбиесіне береді. Раушан Байсейітовтер отбасында өсіп, кейін балет әртісі болды.

1952 жылдың күзінде отбасы тағы бір ауыр қасіретке ұшырады — өрімдей жас Алдабек қайтыс болды. Алматы заң институтын тамамдап, Талдықорған облыстық прокуратурасына тергеуші болып жаңа тағайындалған кезі еді. Бұл оның ата-анасы көптен күткен дербес өмір бастауындай көрінген. Күләш оның жолға шығуына өзі еріп баруға ниет білдірді. Қанабек оларды ерекше толқыныспен шығарып салғанын еске алады: достарынан көлік сұрап алып, ұлына ер жеткенінің, сенімінің белгісі ретінде өз мылтығын сыйлап, жолға аттандырған. Бірақ бұл сапар қайғылы аяқталды. Алдабек кездейсоқ оқтың құрбаны болды — дәл сол мылтық кенет атылып кетіп, қайтыс болады.

Күләш бұл жағдайды өте ауыр қабылдап, өзін кінәлі сезінді: «Қасында өзім жүріп айырылып қалғаным-ай! Тірі ертіп апарып, өлі алып келгенім-ай!» деп егілген екен. Қанабек Байсейітовтің айтуынша, ұлынан айырылғаннан кейін екеуі де қатты есеңгіреп, ұзақ уақыт бойы күйзелісте өмір сүргенiК.Байсеитов, «На всю жизнь», – 111–112 бб..

Күләш қайтыс болғаннан кейін қалған қыздардың тәрбиесі оның анасы — Зибажанның мойнына түсті. Бірақ әулеттегі қайғылы оқиғалардың соңы бұл емес еді. Байсейітовтерге тән болып өскен Раушанның туған анасы Райхан бір жылдан соң, 1958 жылы қайтыс болды, көп ұзамай Күләштің үлкен қызы Құралай қырыққа да жетпей өмірден өтті.

Күләш Байсейітова мен бүгінгі тарих

1957 жылдың маусым айының басында Күләш Байсейітова Мәскеуге аттанады. Онда Татар өнерінің декадасы өтіп жатқан еді. Қазақ КСР делегациясының өкілі әрі құрметті қонақ ретінде ол ресми шара аяқталғаннан кейінгі банкетте өнер көрсетті. Қатты басы ауырғандықтан, концерт аяқталысымен өзгелерден ертерек қонақүйге қайтып келеді. Кейін оны қонақүйдің жуыну бөлмесінен қызметші әйел тауып алған. Ресми дерек бойынша, өлім себебі — миға қан құйылу. Өмірден озғанда Күләш Байсейітова небәрі қырық бес жаста еді.

Бүгінде Күләш Байсейітова есімін ең алдымен алғашқы қазақ опера әншісі және КСРО-ның ең жас халық әртістерінің бірі ретінде еске алады. Оның есімімен көшелер, музыка мектептері мен концерт залдары аталған. Кеңес тарихнамасында ол көбіне ұлттық өнер жеңісінің символы, сондай-ақ кеңестік жаңғыру, «Шығыстың жаңа әйелін» — білімді, талантты, еркін тұлғаны қалыптастырғанының дәлелі ретінде көрсетілді. Алайда осы жетістіктің артында ұзақ жылдарға созылған ауыр еңбек пен сан түрлі сынақ, қайғы-қасіретке толы жеке өмір соқпақтары сайрап жатты.

Күләш Байсейітова шығармашылық кездесу барысында, 1954 жыл / КФҚД ОМА

Qazaq Roses жобасының продюсері әрі тең авторы Наргиз Шүкенова алғашқы қазақ опера әншісінің феноменін былай сипаттайды:

«Күләш ән айтты. Бұл оған табиғи талантының арқасында танымал болуға, даусын одақтың түкпір-түкпіріне жеткізуге, көзге түсуге мүмкіндік берді. Ол шынымен де тума талант. […] Бірақ ол опера әншісі болмағанның өзінде, бәрібір даланың ұлы әншісі болар еді — мұны ерекше атап өткім келеді. Оның жетістігі түгелдей Кеңес одағына, мектептерге, техникумдар мен училищелерге ғана байланып тұрған жоқ. Ол бұлардың бәрінсіз-ақ нағыз «Qazaq Rose» болар еді».

Qalam редакциясы жарияланымды дайындауға көрсеткен көмегі үшін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне алғыс білдіреді.

Лиора Айзенберг

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Әсел Әлмұратова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді