Лисан әл-Ғайып — «Көз көрместің тілі»

«Құмбелдегі» фремендер тілінің әліппесі

Лисан әл-Ғайып — «Көз көрместің тілі»

Ребекка Фергюсон «Құмбел 2» фильмінде Леди Джессика рөлінде/Alamy

Америка жазушысы Фрэнк Герберттің (1920–1986) ғылыми-фантастикалық әлемінде құмдауыт ғаламшар Арракиста (тағы бір атауы — Құмбел) өмір сүретін азат тайпалар тобын фремен деп атайды. Олар — ауыр азаптан аман қалған және Арракистің жан төзгісіз қатал табиғатына мәдениеті мен өмір салтын бейімдей білген халық. 

Оқырман фремендердің төл бейнесімен олардың ойдан шығарылған тілі және тарихы арқылы танысады. Романда сипатталған оқиғалардан мыңдаған жыл бұрын фремендер Арракиске дзенсүнниттік жиһанкездер ретінде келген екен. Бұл қуғын-сүргінге ұшыраған діни қозғалыс болатын. 

Күнделікті өмірде олар араб тіліндегі заманауи диалектілердің өзгерген нұсқасында сөйлеседі. Классикалық араб тілін емес, ауызекі тілді қолдану айрықша маңызға ие. Себебі тілдің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған дәл осындай өміршең нұсқасы ғана сақталып, эволюцияға ұшырап, ақыры көп ғасыр өткен соң фремендердің тіліне айнала алатын еді.

«Құмбелдегі» араб тілінен алынған сөздер

1. Арракис Ғаламшар атауы араб тіліндегі ar-rāqiṣ («би үстінде») немесе ar-raqṣ («би») деген сөзден шыққан. Бұл — Айдаһарлық Мю жұлдызының орта ғасырлардағы арабша атауы. Фремендер осы аспан денесіне барып тұрақтаған болуы мүмкін. Бидің өзі құм төбелердің қозғалысы мен ғаламшардың ешкім күтпеген өзгеше мінезін білдірсе керек.

Арракисті біз бағындырдық. Шөл даланың шетінде жыбырлап жүрген сорлы фремендерді есептемегенде… біз алғашқылардың бірі болдық. 

Шөлейт планета/Alamy

Шөлейт планета/Alamy

2. Бене Гессерит Бұл атаудың шығу тегін латын тіліндегі bene gesserit («сәтті аяқтаған») ұғымымен байланыстырады. Алайда арабшадағы banī jazīra («арал балалары») сөзінің де ықпалы болуы мүмкін. Әйелдер ордені білім мен бақылау күшін білдіреді.

Қасиетті Шешей оның анасын қайдағы бір күң құсатып, жәй ғана Джессика деп атайтын. Ал оның анасы — Бене Гессерит, леди, герцог Лето Атрейдестің мұрагер туып берген нақсүйері болатын! 

3. Ғанима Пол мен Чанидің қызының есімі араб тіліндегі ghanīma («олжа») деген сөзден шыққан. Ғаниманың дүниеге келуі соғыстың және тірі қалу жолындағы күрестің нәтижесі екенін білдіреді.

Джессика Әлияның Харуды «ғанима» деген сөзбен атағанына мән берді. Фремендерде бұл сөз соғыста түскен олжаны білдіретін, алайда қазір басқа мағынада қолданылады. Мәселен, пердеге салмақ беріп тұру үшін іліп қойған найзаның ұшын осылай атаған болатын.

 Тимоти Шаламе мен Зендая «Құмбел 2» фильмінде/Alamy

Тимоти Шаламе мен Зендая «Құмбел 2» фильмінде/Alamy

4. Жиһад Араб тіліндегі jihād, яғни «күш салу» немесе «күрес» деген сөзден шыққан. «Құмбелде» бұл ұғым Пол Атрейдес бастаған фремендердің қасиетті соғысын сипаттайды. Олардың басты мақсаты — Арракисті азат ету және өмірлік қағидасын қорғап қалу.

Ұлы Жиһад дәуірінен бері осылай айтылып келеді. Бұл өсиет Экуменизм Библиясында солай жазылған. Тек оны «Адамның ақыл-санасына пара-пар ақылға ие машина құрай алмассың» деп басқаша жазу керек еді. 

Тимоти Шаламе «Құмбел 2» фильмінде/Alamy

Тимоти Шаламе «Құмбел 2» фильмінде/Alamy

5. Лисан әл-Ғайып Тура аударғанда «Көз көрместің тілі» (lisān al-ghayb) деп аударылады. Бұл термин Полдың бойындағы сәуегейлік қасиеттер мен фремендердің рухани дәстүрі арасындағы мистикалық байланысты айшықтап тұр.

Сонда Лисан әл-Ғайып барлық перденің ар жағындағы дүниені көретін болады.

6. Маһди Арабшадағы Mahdī деген сөз «тура жолдағы еруші» дегенді білдіреді. «Құмбелде» фремендер Пол Атрейдесті құтқарушы пайғамбар санайды, ол бүкіл халықты азат ететін, Арракисте жаңа өмір тудыратын Маһди болады деп сенеді.

Сәуегейлік болжамда «Маһди адам көзінен жасырылған дүниені көреді» деп айтылған. 

7. Муад’Диб Бас кейіпкер Пол Атрейдестің есімі. Араб тілінен аударғанда mu’addib «ұстаз» дегенді білдіреді. Бұл Полдың рухани көшбасшы және фремендердің жетекшісі ретінде рөлін айқындап тұр, сондай-ақ оның қатал ортада өмір сүре алатын қасиетін көрсетеді.

Джессика кітапқа қарады. Бірінші суретте Арракис аспанындағы шоқжұлдыз салынған екен. Бұл «Муад'Диб», яғни Тышқан еді. 

 Тимоти Шаламе «Құмбел 2» фильмінде/Alamy

Тимоти Шаламе «Құмбел 2» фильмінде/Alamy

8. Сайядина Полдың анасы Джессикаға берілген атақ-лауазым. Араб тіліндегі sayyiduna («біздің мырза») дегеннен шыққан. Бұл дәреже Джессиканың фремендер арасындағы рухани көшбасшы ретіндегі мәртебесін айшықтайды.

«Сайядина, – деп жауап берді ол, – Қасиетті Шешейіміз тым кәрі».

Rebecca Ferguson as Lady Jessica in Dune 2/Alamy

Rebecca Ferguson as Lady Jessica in Dune 2/Alamy

9. Сұбах үл-қаһар «Қайырлы таң» (арабшадағы ṣabāħ al-khayr сөзінен шыққан) дегенге саятын таңғы амандасу. «Құмбел» кітаптарында фремендердің бұл сөзді жиі қолдануы олардың мәдениетінің шығу тегін және ислам дәстүрімен байланысын көрсетіп тұр.

– Сұбах үл-қаһар, Хара. Түнді қалай өткіздің? 

Хара сол баяғы үйреншікті сыпайылықпен және бірқалыпты дауыспен жауап берді: 

– Сұбах үн-нар. Жақсымын.

10. Шай-Хұлуд Құмда өмір сүретін алып құрттың атын «мәңгілік қариясы» (shaykh khulūd) деп тәпсірлеуге болады. Шай-Хұлуд бейнесі қазына күзеткен айдаһарлар жайлы фольклорлық түсінікпен тығыз байланысты. Бұл оның мистикалық әрі қаһарлы кейпін білдіреді.

Сахара шөлінде атып келе жатқан таң.  Эрг-Чигага, Марокко/Alamy

Сахара шөлінде атып келе жатқан таң. Эрг-Чигага, Марокко/Alamy

Шақырады толған ай,

Шай-Хұлудты көрдің сен,

Бұлдыр аспан, қызыл түн, 

Қанды өліммен өлдің сен.

«Құмбел 2» фильмінен көрініс/Alamy

«Құмбел 2» фильмінен көрініс/Alamy

Фрэнк Герберт роман жазу барысында лингвистиканың өз заманындағы жетістіктерін қолданған. Жекелей алғанда, ол Сепир-Уорфтың гипотезасымен таныс болған. Бұл гипотезаға сәйкес, тіл адамның ойына ықпал етеді, тіпті ойдың қандай болатынын анықтап береді. Оны фремендердің аса қатерлі қоршаған орта жағдайына ерекше терминдердің және бейнелердің көмегімен бейімделетінінен байқауға болады.

Ф. Герберттің тәсілі лингвистикалық штудияда linguistic ecology (тіл экологиясы) деген жаңа әдістің пайда болуына әсер етті. Осы саладағы алғашқы мамандардың бірі, америкалық зерттеуші Эйнар Хауген (1906–1994) аталған ғылыми бағытты «тіл мен оны қоршаған ортаның арасындағы өзара байланысты зерттеу» деп анықтаған болатын. Шын мәнінде, бұл Ноам Хомскийдің (1928 ж. туған) академиялық ортада үлкен бедел жинап үлгерген тудырушы лингвистикасына қатысты реакция болатын. Тудырушы лингвистика тілді абстрактілі құбылыс, монолит, контекстіден бөлек тұрған және статикалық болмыс ретінде қарастырады.

Ф. Герберт шығармаларынан әсер алған ғылыми фантастика қазір де адамзаттың экологиялық сыни-тегеурінге, ғаламшарлық апат қатеріне және бөгде аспан жүйелеріндегі әлемдермен байланыс орнату проблемаларына деген қарым-қатынасын зерттеумен айналысып келеді.

Варзане өңіріндегі өмір тынысы. Иран/Alamy

Варзане өңіріндегі өмір тынысы. Иран/Alamy

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

  1. Пиперски А. Конструирование языков: от эсперанто до дотракийского. М., 2017.

  2. Baheyeldin, K. 2004. Arabic and Islamic themes in Frank Herbert’s Dune. <http://baheyeldin.com/literature/arabic-and-islamic-themes-in-frank-herberts-dune-html>.

  3. Lebling, R.W. 2010. Arabic in the sky. Aramco World 61(5). <http://archive.aramcoworld.com/issue/201005/arabic.in.the.sky.htm>.

  4. Michaud, J. 2013. Dune endures. The New Yorker, 12 July 2013. <https://www.newyorker.com/books/page-turner/dune-endures>.

  5. Ryding, Karin Christina. ‘The Arabic of Dune’, in D.F. Virdis, E. Zurru and E. Lahey (eds), Language in Place: Stylistic Perspectives on Landscape, Place and Environment, John Benjamins, Amsterdam, Netherlands, 2021.

Никита Краюшкин

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ