Мехико — Батыс жарты шарының Ежелгі Римі. Бұрынғы басқыншылар күл-талқан еткен ұлы империяның астанасы. Испандықтар ацтектердің бас қаласы болған көне Теночтитланның орнына жаңа әлем жасаймыз деген арманын жүзеге асырмақ болып, бұдан былай бәрі жақсы болады деген үмітпен Мехиконы тұрғызған. Әдеттегідей бәрі керісінше болды.
Қайта өрлеу дәуірінің архитектурасының ережелері бойынша салынып, түрлі сарайлар және шіркеулермен көмкерілген ескі Мехико көбіне-көп барокко кезеңіндегі оңтүстік италиялық (Катания, Лечче, Ното) қалаларды еске салады. Ауқымды заманауи қала иесіз қалған отарлық орталықтың айналасында бой көтерді. Сондықтан қаланың барлық жерінен, айталық барокко стилінде салынған үйлер мен бетоннан құйылған көп қабатты биік ғимараттар арасынан да, бір қарағанда, келмеске кеткендей көрінген көне ацтектердің жоғалып кеткен астанасының жаңа бөліктерін байқауға болады. Мұнда ұдайы қазба жұмыстары жүргізіліп көне қаланың бөліктері жөніндегі ақпар әлем жұртшылығының назарына ұсынылып тұрады. Көне қаланың аталған бөліктері Мехиконың күнделікті өмірімен біте қайнасып, жаңа қалаға сый-құрмет пен аз-маз күңгірттік дарытып тұр.
Мұнда да дәл Римдегідей, жоғарыда аталған дүниелердің үстіне кейбір аудандарында әлемдегі ең үлкен мегаполистердің бірінде көремін деп мүлдем күтпеген ауылдағыдай күн кешіп жатқан қызылды-жасылды халық тұрмысы келіп қосылады. Қазіргі уақытта Мехико агломерациясында 22 миллионға жуық адам өмір сүреді. Бұл үлкендігі бойынша әлемдегі оныншы, ал Америка құрлығындағы Сан-Паулудан кейінгі (Мехико Нью-Йорктен сәл-пәл үлкендеу) екінші агломерация. Мехикоға бастапқы кезде бой үйрету айтарлықтай оңайға соқпайды, дегенмен артынша қала ауанына үйренген соң төртінші (немесе есеп бойынша қаншасыншы екені белгісіз) Римді зерттеуге және сұлулығына тамсансам деген желік маза бермейді.
КАКТУС, ҚЫРАН ЖӘНЕ ЖЫЛАН
Қазіргі Мехико қаласының территориясындағы Тлатилько және Куикулько сынды көне тұрақтар б.д.д. бірінші мыңжылдықта, Мезоамерикада өркениет енді қалыптаса бастаған уақытта бой көтерген. Қазіргі қаланың негізін 11-12 ғасырда солтүстіктен келген науа халықтар тобының өте табанды әрі қатігез, дейтұрғанмен кішігірім ғана тайпасы қалаған болатын. Аталған тайпа мүшелері өздерін мешúкалықтармыз (mexíca) деп атаған, Мехико/Мексика (México) деген сөз дәл осы атаудан шығып отыр. Аңыз бойынша мешикалықтарды қоныс аударуға күн және соғыс құдайы Уицилопочтлидің өзі бағыттаған. Күндердің бір күнінде Тескоко аралдарының бірінен олар Уицилопочтли уәде еткен белгіні: тікенді шөптің, яғни кактустың үстінде жыланды шоқып жеп отырған қыранды көрген. Мұндай шым-шытырыққа толы оқиғаны табиғатта жиі ұшырастыра бермейсіз, сондықтан мешикалықтар қоныстануға болатын құнарлы жерді таптық деп ойлаған. Уақыт өте келе кактустың үстінде жыланды шұқып отырған қыран — Мексика мемлекетінің елтаңбасына айналды.
Теночтитлáна қаласының негізі қашан қаланды деген сұраққа қатысты ғалымдардың пікірі әртүрлі; ең ақылға қонымды уақытын 1325 жылғы 20 маусымды айтсақ болады. Кейінгі уақытта, бастапқы кезде қала Куаумиштитлан деп аталған («бұлттар арасындағы қыранның мекені»), ал Теночтитлан деген атау елу жылдан кейін Теноч есімді алғашқы билеушінің құрметіне қойылған деген нұсқа орнығып келеді.
Бұлт арасында көктей ұшқан қыран, кактусқа қонақтаған қыранға қарағанда қисынды көрінеді. Оның үстіне Мехико теңіз дейгейінен 2 мың метр биіктіктегі көзтартарлық тау жазығында орналасқандықтан, әлемдегі ең биік астананың бірі саналады. Үлкен жазықты (шамамен 75–125 км созылған) жан жағынан биік таулар қоршап тұр. Бір кездері жазықта 5 үлкен көл болған. Теночтитлан қаласының іргесі Тескоко көлінің батыс бөлігіндегі аралда қаланған, ал көлді бойлай жағалауда қазіргі уақытта қалаға қосылған және осы аттас атауын сақтап қалған екінші деңгейлі қыстақтар бой көтерген. Қазіргі уақытта көлдердің барлығы дерлік құрғап кетті немесе тартылып қалды. Дегенмен бір кездері бұл аймақта бірегей көл өркениетінің болғанын Мехиконың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Сочимилько ауданында орналасқан ауқымды каналдар жүйесі айғақтайды. 20 ғасырдың басында аталған каналдардың кейбірі қаланың орталығына дейін жеткен.
Қала халқының айтуынша, ол жақтан кейде Плакунья (Llorona) елесін кезіктіруге болады. Кең тараған аңыз бойынша, бір үндіс қызы испан капитанына ғашық болып, одан бала табады. Кейін еркек әйелді тастап кеткен соң,iжәне аңыздың қандай нұсқасы айтылғанына байланысты капитан я үндіс қызының өзі бейшара балаларды өлтіріп тастайды. Содан бері бақытсыз әйелдің елесі су қоймасының жағалауын кезіп, балаларын жоқтап жүреді-мыс. Аталған Сочимилько ауданында, суға шомылып жүрген бір сылқымның лала гүлдеріне шырмалып қалып, тұншығып қалғаны жөнінде аңыз айтылады. Оның жаны оқиға болған жерді тастап кеткісі келмегендіктен, чинампаның (құрғатылған арал) қожайыны каналдан тапқан қуыршақтарын елеске сый ретінде ұсынып отырған. 1990 жылдардан бастап аталған жердің атағы төрткүл дүниеге жайылды, ал қазіргі уақытта жалған қуыршақ аралдары да пайда бола бастады.iбұл Сочимильконың шалғай жеріне жүзіп баруға ерінген жандарға арналған
ЕЖЕЛГІ ЗҰЛМАТТАР ҚАЛАСЫ
Заманауи Мехиконың тарихи орталығы мен мешикалықтардың орталығы бір аймақта орналасқан. Теночтитлананың бас ғибадатханасының қалдығы қазіргі президент сарайы мен кафедралдық собор ортасында қазылып, тарихи ескерткіш болып тұр. Бұл Уицилопочтли мен Тлалоку құдайларға арналып салынған, ұдайы қанды құрбандықтар өтіп тұрған қосарланған баспалдағы бар пирамида іспеттес ғимарат. Аталған орында бір кездері абыз тастан қашалған пышақпен құрбанның кеуде тұсын тіліп, көркем түрде «кактустағы баға жетпес қыранның асы» деп аталатын,iiбұл атау, бәлкім, кактустың гүлі мен қанға бөккен жүректің түсі ұқсас болғанына байланысты туған болса керек соғып тұрған жүрегін суырып алатын болған.
Тарихтағы ең көп қан төгілген Теночтитлананың (Templo Mayor) бас ғибадатханасынан қырық жыл ішінде қазылып алынған мүсіндер мен құнды заттар, музейге айналған собордың шығыс бөлігін толтырып тастады. Алайда қазбалар — бұл үлкен кешеннің орталық бөлігі ғана; қалған ғибадатханалар мен пирамидалар көршілес жатқан кварталдағы ғимараттар мен собор, сондай-ақ орталық үлкен алаңның астында жасырын жатыр. Осындай кварталдардың бірінен археологтар ақырындап Donceles (Испанияның мәдени орталығының астынан), República de Argentina және República de Guatemala көшелері арқылы үш жақтан кіруге болатын бірнеше пирамиданы ашты. Бір қарағанда, аталған пирамидалар көзге жылы әрі жайлы көрінеді. Алайда қазіргі кезде түрлі суреттер салынған плакаттармен жасырынып тұрған (көпшілікке әлі ашылмаған) пирамидалардың бас сүйектен тұрғызылған тұғырнамалары мешикалықтарда қанды жоралғылар болғанынан хабар береді. Мешикалықтар құрбандыққа шалынған адамдардың басын қысқа таяққа түйреп, қабырғаға бекітіп отырған. Соған қарағанда ежелгі зұлматтар орын алған қала тұрғындарына бас сүйектен тұрғызылған қабырға арқылы ниетінің ақ екенін және тақуалығын паш етсе керек.
Теночтитланамен қосылып кететін көршілес жатқан Тлателолько аралында Мехико жазығындағы ең үлкен базар болған. Өзге аймақтан келген саудагерлер мұнда тауарын кемеге тиеп жеткізіп отырған. Сондай-ақ Теночтитлана-Тлателолькодан Тескоко көлінің солтүстік, батыс және оңтүстігін жағалай жайлаған жұрттарға арналып салынған дамбы жолдары болған. Ал көлдің кең салалы әрі суы тұщылау шығыс бөлігі 16 километрге созылған дамбы-қабырғамен бітелген. Аталған дамбылар сонау император V Карл Габсбург11V Карл Габсбург iИспания королі және Қасиетті Рим империясының императоры (1516–1556 жж.) берген Мехико туында бейнеленген.
Өзеннің қақ ортасында орналасқан Алтын сарайға үш дамбы арқылы баруға болады. Бүйір жақта тырнақтарын сарайға қадап отырған екі алтын арыстанның мүсіні, Теночтитлананы испандықтардың жаулап алғанын символдайды. Арал аймағында кладодии (өркен) өскіндері мен жыланды шоқып жемес бұрын мексикалық қыран қонақтап отыратын кактустар өскен.
КОНКИСТАДОРДЫҢ ҚАЙҒЫЛЫ ТҮНІ
Эрнан Кортес22Эрнан Кортес iiИспандық конкистадор (1485–1547) — Мексиканы жаулаған қолбасшы бастаған Испандықтар бастапқы кезде Теночтитлан императоры II Монтесумның (1466-1520) шақыруымен қалаға бейбіт түрде келген. Алайда уақыт өте келе екі жұрт арасында қақтығыс болып, ацтектер өлтірді делінетін императордың қазасынан кейін жағдай тіптен ушығып кеткен. 1520 жылғы 30 маусымнан 1 шілдеге қараған түні испандықтар мен олардың үндіс одақтастары көтерілісшілер басып алған қаладан шығып кетпекші болғанымен, дамбылардың бірінде оқыстан жасалған соққыдан ес жия алмаған. Аталған соққыдан соң Испандықтар тонап алған алтыннан қағылып, Кортес өз әскерінің жартысынан (шамамен 500 сарбаз) және үндіс одақтастарының басым бөлігінен (шамамен 5 мыңға жуық адам) айырылған. Кортес аман қалғанымен, жылнамашылардың бәрі бір ауыздан оның бастан кешкен қасіреті мен қаза болған сарбаздары хақындағы сұрқай пайымдарын қағазға түсірген. Жылнама бойынша Попотл ауданындағы жартылай қурап қалған мәуе ағаштыңiне мексикалық таксодиум не кипаристің бір түрі ауэуэта ағашы түбінде қайғыға батқан Кортес көз жасын көлдей қылып, қаза болған жолдастарын жоқтап егіліп жылайды. Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын, кейінгі уақыттарда Мексикада, әсіресе, Мехикода белең алған отарсыздану үрдісіне байланысты аталған ағаштың «Қайғылы түн» (La Noche Triste) деген атауы «Жеңіс түні» болып өзгертілді.
Дегенмен қайғыға толы жеңіс түні (қалай атасақ та) ұзаққа созылмады. 1521 жылы 13 тамызда ұзақ уақыт қоршауда қалған Теночтитланды испандықтар алып, қала ішін тегіс тонап, жұртты қанға бөктірген соң, қала атауын Мехико деп өзгерткен болатын. Көп өтпей аталған қала Жаңа Испания вице-корольдігінің астанасына айналды. Испандықтардың қаласы гипподамдық жүйе (шаршыларға бөлінген) бойынша жоспарланып, түрлі монах ордендерінің ғибадатханалары мен олардың алдындағы алаңдар орналасқан аймақ астананың маңызды орталығына айналды. 1560 жылдардың өзінде алғашқы Аламеда деп аталған қала саябағы ашылды.
КАСТИЛЬЯ РАУШАНЫ МЕН БИКЕШІ
17 ғасырда қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан әулие Гуаделуп Бикештің құрметіне тұрғызылған ғибадатханалар кешені жаңа орталыққа айналады. Аталған бикештің культі Испанияда Эстремадурдағы Гуадалуп аймағында 14 ғасырда қалыптасқан еді. Мексиканы жаулап алған соң, әулие Гуаделуп Бикештің капелласы, ертеректе Тонанцин әйел-құдайға табынатын жер болған, Мехиконың солтүстік аймағындағы Тепейяк дөңінде бой көтерді. Дегенмен осы бір әрекет католик дінбасыларының шамына қатты тие қоймаған тәрізді.
Аталған шіркеудің салыну аңызын баяндар болсақ, мәселе былай болған: 1531 жылы әйел-құдай үндіс Хуан Диегоның түсіне кіріп, Тепейяк дөңіне өз құрметіне ғибадатхана тұрғызуды епископқа жеткізуін өтінген. Соған қарағанда Әулие Бикеш, оқиғаның еліктіргіш жалғасын қызықтауымыз үшін осы бір бұзылған «телефонды» пайдаланған секілді. Күдікшіл епископ Хуан Диегодан дәлел әкелуін талап еткен. Құдай-әйелдің кеңесімен аталған үндіс дөң басынан бір құшақ кастилья раушанын (француздық итмұрынның испанша атауы) теріп әкеледі. Бірақ дөң басына бұрын-соңды гүл өспеген, оның үстіне еуропалық жергілікті гүлдің мұнда өсуі мүмкін емес дүние. Осыдан кейін Бикеш үндіске нәзік гүлшанақтарды салып алу үшін өзінің үстіндегі жабынын (тильма) берген. Хуан Диего көзтартарлық гүлімен епископтың алдына келіп жабынды ашып қалғанда, күлтелер бірігіп әйел-құдайдың бейнесін құрап тұр екен. Жаңадан салынған капеллаға дәл осы бейне алынды және содан бері бүкіл Латын Америкасы бойынша үлкен құрметке ие бейнеге айналды.
ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ӨМІР МЕРЕКЕСІ
18 ғасыр жергілікті (креолдар) ақсүйектердің (мұхиттың арғы жағында емес, Мексикада туғандар) заманы болды. Креолдардың ішіндегі пысықтары күміс кен орнынан түскен қаржы есебінен шекесі шылқыған байға айналып, Испаниядан дворян титулдарын сатып алды. Сондай-ақ олар Мехикода дәрежесі мен байлығын паш ететін сәулетті сарайларды тұрғызды. Аталған дәуірдің құрылыс стилін кейде мамандар шектен шыққан сән-салтанаты үшін ультрабарокка деп те атайды. Мексикалық ультрабарокко стилінің өркендеуіне Педро де Аррьету (1660 (?) –1738) есімді архитектордың қосқан үлесі орасан зор. Шынтуайтында, ол көркемдік тұтастығымен таңдандыратын Мехиконың отарлық келбетін қалыптастырды. Аррьетта ғимараттың қабырғасын сәндеу үшін қою қара-қызыл түсті тесонтл тасы мен терезе және есік жақтауларына ақ-сұр түсті өте берік чилука тасын сәтті үйлестірген алғашқы сәулетші. Жүз жыл ішінде қаланың жартысына осындай ғимараттар салынып, 20 ғасырдың басында аталған стиль қайтадан сәнге айналды. Осының арқасында қала орталығының келбеті біртұтастығын сақтап қала алды.
Аррьетта шығармашылығының шырқау шегі — Гуаделупа Бикештің ғибадатханасы болды. Аталған нысанда ол бірқатар архитектуралық айла-шарғыны қолданып (әр бұрышына мұнара соғып, тоғыз есік салу т.б. әдістер арқылы), ортағасырлық Еуропаға тән болғанымен, Жаңа әлемдегі барокко стилі үшін оғаш саналған Қасиетті Иерусалимнің бейнесін тірілтті.
МЕКСИКАЛЫҚ НАИВТІҢ ЖАРҚЫН ТҮСІ
Мексикалық ультрабарокко стиліндегі сарайларды салдырған бақуатты ақсүйектердің ұрпағы метрополиге қарсы қозғалысты бастап, 19 ғасырда тәуелсіздікке қол жеткізді. Кортестің Жаңа Испанияны құрғанына тура үш ғасыр толған соң, 1821 жылы 27 қыркүйекте, қайтадан қарсы шыққандар Мехикоға басып кірді (бұл еуропалық отандастарының үстемдігін жоймақ болған, негізінен жергілікті ақсүйектерден құрылған әскер болатын). Осыдан кейін Мехико Испаниядан тәуелсіз Мексика империясының, сосын республикасының, одан соң қайтадан империясының астанасы болды. Тәуелсіз Мексиканың саяси тарихында мемлекеттің статусы осылайша алма-кезек ауысып отырды.
Қала дамуы үшін маңызды саналған келесі бір кезең (әлемнің басқа көп қалаларындағыдай) 19 ғасырдың екінші жартысына дөп келеді. Ол шақта Мехико маңайындағы көлдің суы толықтай құрғатылып кеткен болатын. Француз әскерінің көмегімен мексика тағына келген император Максимилиан Габсбург (1864–1867) Чапультепек тауындағы қамалды еуропалық сарайға айналдырды. Ол Мехико орталығы мен аталған сарай арасын, бертін келе президент Бенито Хуарестің (1858–1872) жасаған реформаларының құрметіне Paseo de la Reforma деп аталған 4 километрге созылған даңғылмен жалғады. Тағдыр тәлкегі бойынша дәл осы президент Азамат соғысы нәтижесінде тақтан құлаған императорды ату жазасына бұйырған. Реформа даңғылының америкалық Париждің Елисей алаңдарына айналуы Порфирио Диас (1876–1911) есімді диктатордың билігі тұсында орын алды.
1940–1950 жылдары мексикалық модернизм архитектурасының (көп қабатты тұрғын үй кешендері, сондай-ақ сәнді Мексиканың ұлттық атом университетінің бас ғимараты) бірқатар нысаны салынды. Қала орталығында көк тіреген тұрғын үй бой көтерді — қатты жер сілкінісіне төтеп берген Латын Америка мұнарасы (181 метр). Чапультепек маңайында құрамына Колумбқа дейінгі өнер туындылары қойылған Ұлттық антропология және тарих музейі орналасқан ғаламат музейлер кластері салынды.
Жалпы алғанда 20 ғасырды түпнұсқа мексикалық мурализм мен архитектуралық модернизмнің көркемдік деңгейде ұлы жетістіктерге қол сермеген кезең деуге толықтай негіз бар. Аталған кезеңдегі мексика архитектурасының бірегей серпілісі ретінде шамадан тыс қызылды-жасылды халық тұрмысы мен тұмса табиғатты қала құрылысының тіліне айналдырған әрекетін айтсақ болады.
Айталық, Хуан О’Горман (1905–1982) түсті (және суретті) алғаш болып модерндік архитектурадағы маңызды элемент ретінде қолданды. Ол Латын Америкасындағы алғашқы функционализм ғимаратын салды, – Сан-Анхель қаласының оңтүстік шетінде орналасқан Диего Ривера және Фрида Калоның (1931–1932) шеберлік-үйі. Ле Корбюзье өсиетімен салынған, ерлі-зайыптылардың жұмыс істеуі үшін екі бөлек тұрғызылған ғимарат аспалы өткел арқылы біріктірілген. Мұндағы минималистік эстетика мен ең арзан құрылыс заттарын қызылды-жасылды түстер салтанатты ете түскен: Диегоның шеберханасы қызыл-ақ түске, ал Фриданың шеберханасы көршілес Койоакан ауданында орналасқан туған үйі секілді көк түске боялған, Лев Троцкий33Лев Троцкий i(1879–1940 жж.) Ресейде 1917 жылы болған Қазан төңкерісінің көшбасшыларының бірі (Мексикаға қоныс аударып келген бетте осында тұрған) тұрған үйде болған. О’Горманның қолынан туған екінші жауһар — университет кітапханасы (1950–1956). Ғимараттың негізгі нысаны төрт жағынан толықтай дерлік, Колумбқа дейінгі отарлықтан бастап, отарлық арқылы ұласқан заманауи әлемге дейінгі ғылым мен білім тарихын паш еткен тастан жасалған мозаикамен қапталған.
Қызылды-жасылды түстер идеясы бастапқыда мексикалық архитектураның бірегей ерекшелігі ретінде танылса, артын ала Луис Барраган (1902–1988) мен Рикардо Легорретта (1931–2011) есімді архитекторлар сәтті сата білген мексикалық дизайнның нағыз брендіне айналды. Луис Барраган шаршы іспеттес жекежайларды салу барысында (қара-сары, ашық түсті терракота, қызғылт-қызыл, көк) «мексикалық» түстерді шыңдау арқылы, шырқау шегіне жеткізген.
Оның жұмыстары лайықты бағасын алды: ол архитекторларға берілетін әлемдік деңгейдегі Притцкер сыйлығын алғашқылардың бірі болып иемденді, ал оның Чапультепек маңайында салынған өз үйі жеке пункт бойынша ЮНЕСКО-ның тізіміне қосылды. Оның үйін тамашалаудың машақаты жетерлік — тек интернет арқылы сатылатын билеттің өзі лезде таусылып қалады. Үйін тамашалай алмадым деп қапа болсаңыз, Луис Барраган мен суретші Матиас Гёрицемнің алыстан мұнартып көрінген Cателлит-Қаласының (Ciudad Satélite) кіреберісінде тұрғызған қызылды-жасылды мұнарасының призма пішіндес ұшар басына зер салсаңыз болады. Биіктігі 30–50 метр болатын металл құрылысы арлы-берлі ағылған көліктердің тура үстінде тұр.
Рикардо Легорреттаның да қолынан туған атағы жер жарған ауқымды ғимараттары жетерлік. Ол Барраган стиліндегі қызылды-жасылды түстерді түрлі бағыттағы (және әлемнің әртүрлі қаласында) көп қабатты ғимараттарға алғаш болып қолданып, қалалық ландшафта белең алған түс ретінде орнықтырды. Оның маңызды жұмысы ретінде Мехикодағы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратын, Аламедтегі Мемлекеттік Сот және Койоаканға таяу маңда орналасқан Ұлттық өнер орталығы сынды кешендерін айтсақ болады.
Әлемнің өзге алпауыт мегаполистерімен салыстырғанда Мехикода 21 ғасырда айтарлықтай үлкен өзгеріс жоқ. Дегенмен 2010 жылдары қаланың көркін арттырған бірнеше зәулім үй бой көтерді. Солардың арасындағы ең сәндісі ретінде «Реформа» мұнарасы (246 метр, архитекторы Бенхамин Романо) және Paseo de la Reforma даңғылының аяқталар тұс пен Чапультепекке кіреберісте орналасқан BBVA мұнарасын (235 метр, архитекторлары Ричард Роджерс пен Рикардо Легоррета) айта аламыз. Сондай-ақ қаладағы ең биік ғимарат Койоакандағы Митика А мұнарасы да (Сесар Пелли, 267 метр) тілге тиек етуге тұрарлық.
Аталған өркөкірек және ультра буржуаздық көкпен таласқан ғимараттардың табанында көл үстіндегі кішігірім аралдарда қаһарлы Құдайлардың ашуын басу үшін, құрбандыққа шалынған жандардың жүрегін суырып алған жоралғылар, конкистадорлардың ессіз әрекеттері, ашынған халықтың көтерілістері мен революциялары, сондай-ақ осы қалаға қоныс аударып келген, ертеректе Алматыда қуғында болып, 1917 жылы орнаған орыс революциясының бас архитекторы атанған Лев Троцкийдің басына тиген таяқтан қаза тапқан оқиғасы өткеніне сену, әлбетте, қиындау.
ОҚУҒА ҰСЫНАМЫЗ
1. Карлос Фуэнтес. Бұлтсыз аспан мекені (Carlos Fuentes. La región más transparente) 1958.
2. Джек Керуак. Мехико-блюз (Jack Kerouac. Mexico City Blues) 1959.
3. Хорхе Ибаргуэнгойтия. Мехикода өмір сүруге арналған кеңестер (Jorge Ibargüengoitia. Instrucciones para vivir en México) 1990.
4. Роберто Боланьо. Жабайы тыңшылар (Roberto Bolaño. Los Detectives Salvajes) 1998. The Savage Detectives.
5. Гильермо Фаданелли. LA қонақүйі (Guillermo Fanelli. Hotel DF) 2010.
6. Хуан Вильоро. Мехико деп аталатын қала (Juan Villoro. El vértigo horizontal) 2019. Horizontal Vertigo: A City Called Mexico.