Өткен 2024 жыл жаһандық күйзеліске, катаклизмге, соғыс пен апатқа толы болды. Мұның салдары біздің елді де айналып өткен жоқ. 2024-ті шығарып сала отырып, Qalam редакциясы тарих бетінде жаңа із қалдыратыны анық, тіпті, әлемді жақсартуға үлес қосуы мүмкін (әлбетте, уақыт өзгеруінен басқасы) он оқиғаны әзірлеп, сіздерге ұсынып отыр.
- 1. Жыл жүлдесі: Оңтүстік Корея жазушысы Хан Кан әдебиет саласында Нобель сыйлығын алды
- 2. Жыл дәмі: тарихтағы ең ескі нан табылды
- 3. Жыл кітабы: Қазақстан поп-музыкасы туралы алғашқы энциклопедия жарық көрді
- 4. Жыл фильмі: «Бауырына салу»
- 5. Жыл граффитиі: тарихтағы ең ежелгі оқиғалы көркем сурет
- 6. Жыл табысы: тиынын түсіріп алған кім болды екен?
- 7. Жыл технологиясы: Жасанды зерде өртеніп кеткен папируста не жазылғанын анықтауға көмектесті
- 8. Жыл драмасы: Ешқашан «ешқашан» деп айтпа
- 9. Жыл биі: Олимпиададағы брейк-данс
- 10. Жыл дүрбелеңі: есті алған уақыт
Жыл жүлдесі: Оңтүстік Корея жазушысы Хан Кан әдебиет саласында Нобель сыйлығын алды
Бұл — тарихта алғаш рет Оңтүстік Кореяға беріліп отырған әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы ғана емес, сондай-ақ осы жүлде комитетін жеңімпазды белгілі бір саяси мүддені көздей отырып анықтайды немесе алдын ала белгілі квота жүйесі бойынша жұмыс істейді деп айыптауды тоқтатуға себепші болған ірі оқиға. Шын мәнінде, соңғы уақытта Нобельді мейнстрим сипаттағы, оқуға жеңіл авторларға (Анни Эрно, Юн Фоссе және басқалар) беріп келді. Танымалдығы басым, қатігездігі де бар «Ет жемейтін әйелді» жазған Хан Кан осы қатарда.
Жыл дәмі: тарихтағы ең ескі нан табылды
2024 жылдың наурыз айында Түркияның Конья провинциясындағы неолит дәуіріне тиесілі Чаталхөйүк атты қоныста жүргізілген қазба жұмыстары кезінде бұзылған пеш табылды. Ал пештің ішінен кезінде оттан түсірілмей қалған нан шықты. Оның жасы ең аз дегенде 6600 жылды құрап отыр.
Әлемдегі ең ескі нан қарапайым әдіспен әзірленген екен: кәдімгі ұн мен суды араластырып, илеген, сосын ашытуға қойған, алынған қамырды дөңгелек пошымға келтірген. Нан сәл сопақтау пішінде болуы үшін алақанмен үстін сәл басып, сосын барып пешке салған. Әзірге пештің неден бұзылғанын дөп басып айту қиын (әлде жер сілкінді, әлде құрылысшылардың салғырттығы), бірақ нан пісіп үлгермепті, себебі от тимеген крахмал табылды.
Тарихшылар неолит дәуірінде, нақтысы б.з.д. 9-мыңжылдықта басталған ауыл шаруашылығы революциясы кезінде осы аймақта астық басу және нан пісіру жақсы дамығанын онсыз да білетін еді. Алайда қазір мұның нақты заттай дәлелі бар. Қазып алынған ас үйдегі пештің жанынан бидай, арпа және бұршақ дәні табылды. Бұл да байырғы заманда жергілікті тұрғындардың қандай өсімдік өсіріп-баптағаны жайлы ойымызды растап тұр.
Жыл кітабы: Қазақстан поп-музыкасы туралы алғашқы энциклопедия жарық көрді
«91–23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы — әрі table-book, әрі қызыққа толы туынды, әрі дәуір үнін мұқият түрде қалпына келтіріп, қайта ойнатқан академиялық зерттеу. Шығарманың oral history және жады негізінде жаңғырған музыка болуы — оның бірегейлігі: мұндағы дүниенің бәрі алуан түрлі көптеген куәгердің естеліктеріне негізделген. Qalam кітаптың жалғасын, нақтырақ айтқанда, кеңестік кезеңдегі қазақ музыкасы тарихы туралы приквелін асыға күтеді.
Жыл фильмі: «Бауырына салу»
2024 жыл отандық спортшылардың Олимпиадаға киіп барған оғаш дизайндағы формасымен, не Олимпиадада дзюдодан алған алғашқы алтынмен шектеліп қалған жоқ. Жыл сондай-ақ әлі ұмытыла қоймаған қазақ дәстүрлеріне қайыра мән беріп, қайта қарастырған кезең болды. Соның бірі — бауырына салу. Бұл жас ата-ана тұңғыш баласын үлкендердің, көп жағдайда ата-әжесінің қолына беретін дәстүр. Әрине, одан сан түрлі қарым-қатынас қиындығы туындайды, мысалы, туған ата-анамен арадағы байланыс әлсірейді, ұрпақ арасында түсінбеушілік пайда болады, мұрагер мәселесі ушығады. Әлем бұл сөзбен режиссер Асхат Кучинчерековтің аттас дебют фильмі арқылы танысты. Режиссердің өзі де бала кезде осы қиын жағдайдан өткен екен.
«Бауырына салу» Шанхайдан бастап Сан-Себастьянға дейінгі көптеген әлемдік кинофестивальға қатысты, бірнеше жүлде ұтып алды және Қазақстан атынан «Оскарға» қатысуға ұсынылды. Өкінішке қарай, фильм «Үздік шетелдік фильм» санатында «Оскардан» үміттілердің ақтық шорт-листіне енген жоқ, алайда «Бауырына салудың» қазақстандық продюсерлері Диас Фельд және Камила Серкебаева қатысқан, тек ирланд тілінде ән салатын хип-хоп үштік жайлы «Kneecap» фильмі Ирландия атынан «Оскар» үміткерлерінің шорт-листіне кірді.
Жыл граффитиі: тарихтағы ең ежелгі оқиғалы көркем сурет
Индонезиядағы Сулавеси аралынан археологтар жартасқа салынған сурет тапты. Шамамен 51 000 жыл бұрын салынған екен. Онда шошқа және үш адам қатысуымен болған әлдебір оқиға бейнеленіпті. Әрине, не боп жатқанын дөп басып айту қиын, бірақ мұндай күрделі жайтты сурет арқылы әңгімелеудің сол заманда-ақ болғаны таңғалдырады. Рас, қарапайым өрнектерді адам баласы 100 000 жыл бұрын жоса жағып салуды үйренген болатын. Бірақ ұзақ уақыт бойы ең алғашқы сюжетті суреттер Еуропада, Испания үңгірлерінде пайда болды деп саналып келді. Алайда Индонезия араға бірнеше жыл салып археологтарға екінші рекордсменді ұсынып отыр. Бұған дейінгі «ең ежелгі» сурет (айтпақшы, онда да шошқаның суреті бар) дәл осы аралдан табылған-ды. Тек оның жасы 45 000 жылды құраған болатын. Осылайша Азия ұлы суретшілердің арғы Отаны болып келе жатыр.
Жыл табысы: тиынын түсіріп алған кім болды екен?
2024 жылдың маусымында «Тамғалы» музей-қорығының Халықаралық тарихи-археологиялық кешенді экспедициясы Қоғалы және Алмалы алқаптарында жүргізген дала зерттеулері кезінде маңызды дүние тапты. Бұл тамаша сақталған мыс тиын еді. Онда соғдылардың ұшы үшкір бас киімін киген әлдебір билеуші бейнеленіпті. Билеушінің қасында bgy (құдай) және prn (береке) деген соғды тіліндегі екі жазу бар. Тиынның артқы жағында тамға, яғни билеушінің жеке таңба-мөрі басылған.
Мұндай тиын Қазақстаннан бірінші рет табылып отыр. Құнды жәдігер ғалымдарға 7–8-ғасырларда Жетісудің бұл ежелгі қонысында қандай халық өмір сүргенін түсінуге көмектеседі. Бұл жаңалық туралы мына жерден оқи аласыз.
Жыл технологиясы: Жасанды зерде өртеніп кеткен папируста не жазылғанын анықтауға көмектесті
Геркуланум папирустары — б.з. 79 жылы Везувий атқылауы салдарынан қираған вилла кітапханасындағы қолжазбалар. Олар 18–19-ғасырларда табылған еді. Бір бөлігі вулканның қалың күлі астында қалып, жақсы сақталған. Алайда 1800-дей папирус жоғары температура кесірінен бүлініп, күйіп үлгерген екен: шиыршықталған жазбалар қарайған тас көмір кесектерге айналған. Оларды оқу мүмкін емес секілді еді. Бірақ 2000 жылдан кейін мәтінді дешифрлеу жұмысы басталды. Мамандар рентгендік микрокомпьютер томографиясы (micro-CT) және британдық Diamond Light Source синхронтроны көмегімен шиырылған папирусты жазбай-ақ онда не бар екенін анықтауға тырысты. Нәтижесінде папирус фрагменттері қайта конструкциядан өтіп, суреттері интернетке жүктелді. Ал 2023 жылы жоғары технологиялар саласында маманданған Нат Фридман және Дэниел Гросс атты екі кәсіпкер осы мәтіндерді оқу үшін Vesuvius Challenge (ағыл. Везувий сыны) жобасын іске қосты. 2024 жылы колледж студенті, SpaceX компаниясында тағылымдамадан өтіп жатқан Люк Фарритор, Мысыр робототехнигі Юсеф Надер және швейцариялық бағдарламашы-студент Джулиан Шиллигер ораулы күйде қалған екі папирустың 2000-дай әрпін тануға көмектескен жасанды зерде алгоритмін жазғаны үшін 700 000 АҚШ доллары көлеміндегі бас жүлдені ұтып алды. Айтпақшы, ең бірінші оқылған сөз Πορφυρας (грек. «қызылкүрең») болыпты.
Жыл драмасы: Ешқашан «ешқашан» деп айтпа
Қызу көтерілсе көмектесетін ең үйреншікті дәрі аспирин мен ең ауыр опиоидті есірткі саналатын героинді біріктіретін дүние не екенін білесіз бе (әрине, соңғысының 20-ғасыр басына дейін ауырғанды басатын заңды дәрі ретінде қолданылып келгенін есепке алмағанда)? Айтып берейік. Бұл екеуін көктемнің аяғына қарай қатты ушығып кететін, жазылмайтындай із қалдыратын, қыс келер уақытта беті бері қарағандай болатын, алайда сосын қайта басталатын жан шыдатпас бас ауруы біріктіреді. Нақтысы, біріктіріп келді. Бірақ 2024 жылдың көктемінде әлдебір ғажаптың куәсі болдық: әлемнің ең жолы ауыр футбол клубы леверкузендік «Байер» Германияның чемпионы атанды. Ол аз десеңіз, Еуропаның ең ірі бес лигасында ең ұзаққа созылған жеңіліссіз серия жасады.
«Байер Леверкузен» футбол клубын 1904 жылы «аспирин» және «героин» сауда маркаларын шығарған Bayer концерні жұмысшылары құрған еді. Клуб бес рет Бундеслигада екінші орын алып қалды (өзекті өртейтіндейі бар), осының кесірінен маңдайына «Вицекузен» (Vizekusen) деген мазақ атты жабыстырып алды. Бірақ бұл да бер жағы, себебі әлем намысқа тию жағынан асып түспесе, кем түспейтін «Неверкузен» (Neverkusen) деген атақ таңып қойған болатын. Өйткені «мәңгі екіншілер» лиганы ғана беріп қоймай, Чемпиондар лигасының финалында да ұтылған болатын. Алайда 2024 жылы мүлдем жеңілмей (мұндай рекорд — тіпті мюнхендік ұлы «Баварияға» да бұйырмаған жетістік) Германия чемпионатын ұтып алған «дәріханашылар» «Неверлузен» (Neverlusen) және «Ешқашан Неверкузен деп айтпа» (Never Say Neverkusen Again) деген екі бірдей жаңа атаққа ие болды.
Жыл биі: Олимпиададағы брейк-данс
Парижде өткен Олимпиада ойындарында алғаш рет брейк-данстан жарыс өтті. Бұл Олимпиада бағдарламасын кейінгі жылдарда толықтырған ең бір ерекше спорт түрі болды. ХОҚ жаһандағы басты спорт сайысына деген қызығушылықты арттыру үшін түрлі қадамға барып жүр: осыған дейін серфинг, скейтбординг, спорттық құзға өрмелеу болған еді, енді, міне, кезек көше биіне кеп жетті. Бір әттеген-айы, бұл жарыс екіұдай әсер берді. Брейк-данстан болған тұңғыш Олимпиада ойыны жаңа чемпиондармен емес, соңғы орын алған австралиялық Рэйчел Ганның біртүрлі «өнерімен» есте қалды.
Оның биі брейк-данс дегенде көзге елестейтін көріністен тым өзгеше болып шықты. Кейінірек сыпайы түрде «тым шығармашыл» деп аталып кеткен биі үшін Ганн түрлі мемнің бас кейіпкері болып шыға келді және брейк-данс фанаттары тарапынан да, басқа спортшылар тарапынан да сынға ұшырады. Рэйчелдің өзі (айтпақшы, мәдениеттану профессоры) мұндай сынға әркімнің өз стилі бар деген сыңайда жауап берді.
Брейк-дансшылар келесі Жазғы ойында жақсылап өнер көрсетіп, елдің жүрегін жаулап алады деп айта алмаймыз: Лос-Анджелестегі Олимпиада бағдарламасына кірген жоқ. Ганн кінәлі емес, ХОҚ мұндай шешімді Парижге дейін-ақ қабылдап қойған болатын.
Жыл дүрбелеңі: есті алған уақыт
2024 жылдың 1 наурызына қараған түні Қазақстанда уақыт өзгерді: бүкіл ел UTC+5 сағат белдеуінде өмір сүре бастады. Алғашқы күндері бұл жайлы неше түрлі әзіл-қалжың мен мем тудырған қоғамдық пікір кейін күрт өзгеріп, бұл шешімді қатаң сынға ала бастады. Әлеуметтік желілер мен медиада оған қарсы екенін, уақыт өзгеруі кесірінен өмір сапасының нашарлағанын айтқан адам саны көбейе берді. Жекелей алғанда, денсаулыққа келген зиян, әлеуметтік джетлаг, қалыптасып қалған кесте-тәртіптің бұзылуы, сондай-ақ түрлі жүйені қайта баптауға кеткен шығындар аталды.
Осы қарсылықтың шырқау шегі — маусымда бұрынғы уақытты қайтару туралы петицияның ресми органдардың қарастыруы үшін жеткілікті дауыс санын жинауы болды. Алайда петицияны қарастырған Сауда және интеграция министрлігі «стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулер және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауын» алға тартып, құжат талабын қанағаттандырудан бас тартты.
Жыл бойы дерлік уақыттың өзгеруі мәселесі түрлі жаңалыққа түрткі болды: әлдебір қазақстандық сотқа петицияға қатысты шешімді заңсыз деп тану туралы шағым түсірді (сот қанағанттандырған жоқ); Мәжіліс депутаттары «ашуланып», халықтың пікірін ескеруді талап етті; арыз-шағымдарды тіркеп, азаматтардың денсаулық жағдайын бақылап отыратын мониторинг тобы құрылды. Ал жақында уақыт алмасуының қазақстандықтарға әсерін кешенді зерттеу бюджеті 100 миллионнан 54 миллион теңгеге дейін қысқарғаны туралы жаңалық пайда болды.
2024 жылдың наурызына дейін ел UTC+5 және UTC+6 екі сағат белдеуінде өмір сүргенін еске сала кетейік. Ал 2005 жылы Қазақстан жаз бен қыста уақыт өзгертіп отырудан бас тартқан болатын. Әлемде жазғы уақытты қолданатын мемлекеттер саны қалай қысқарып бара жатқаны туралы материалымыздан толық оқыңыз.