Бағзы замандардан келе жатқан дәстүрлердің бесігі саналатын, алуан түрлі идеология, мәдениет һәм сенім тоғысып, мидай араласып кеткен Орталық Азия — ежелден бері алыс-жақын елдегі саяхатшылардың арман-қиялына айналған аймақ. Біздің өңірді аралаған бұл жандар жолжазбаларында әр кезде бейтарап деуге келмейтін, бірақ өзіне тән айрықша тұжырымдарын айтып, думанды базарлар мен көшпенділердің салт-дәстүрі, мәңгілік мәдени мұрасы туралы көрген-білгенін ортаға салады. Qalam арнайы мақалалар топтамасын жариялауды бастады: осындай саяхатшылардың аймақтың түрлі дәуірін қамтитын және көпқырлы келбетін айшықтайтын әңгімелері мен естеліктерінен үзінділер ұсынып отырамыз.
Топтаманың бүгінгі санында танымал орыс археологы, тарихшы Николай Веселовскийдің қазақтар, қазақ тілі және қазақ дәстүрі туралы жазбаларынан үзінді жарияладық.
Орыс археологы, Орталық Азия тарихын зерттеуші Николай Веселовский (1848–1918) Самарқанда ұзақ уақыт бойы қазба жұмыстарын жүргізді. 1885 жылы ол археологиялық зерттеулер мен қазба жұмысын бастау мақсатында Түркістан өлкесіне іссапарға аттанады. Веселовский тапқан дүниелердің бір бөлігі — Эрмитаж бен басқа орыс мұражайларында әлі күнге дейін сақтаулы. Ғалым саяхат кезінде археологиялық зерттеулермен шектеліп қалмай, жергілікті қолжазбаларды да жинаумен айналысқан. Оның бірқатарын кейін жариялаған екен. Мәселен, «Түркістан өлкесін орыстардың жаулап алуы туралы қырғыз әңгімесі» атты еңбекті 1894 жылы Санкт-Петербургта басып шығарған. Бұл Мәмбет есімді қазақтың орыс әскеріне қарсы қорғанып, Ташкент жағында шайқасқаны туралы шығарма болатын. Оқиғаны Мәмбеттің ұлы Қалыбай әкесінің өз аузынан жазып алыпты.
Кітаптың алғысөзінде Веселовский «Жақында ғана жүріп өткен қарсылық күресінде түркістандықтар біз жайлы, өзі жайлы не ойлады; келімсек шапқыншылардан не күтті, неден қауіптенді?» деген сұрақтың жауабын іздейді. Оның сөзінше, мәселенің анық-қанығына жетемін десең, «екінші тараптың, бұл жағдайда жәбір көргендердің айтпағын да тыңдау керек», әйтпесе біржақтылыққа салынып кетуге болады.
Қалыбайдың жеткізген хикаясынан бөлек, Веселовскийдің кітабы мен жазбаларында 19-ғасырдың соңындағы Түркістан өлкесін жайлаған қазақтардың дәстүрі мен мәдениетін сипаттайтын дерек те көп.
Мысалы, ол аймақтағы аралас неке жайлы былай дейді:
«Орталық Азияда аралас неке өте жиі кездеседі. Сарт, татар не қалмақ әйелден туған қырғыздыңiқазақтың ұлын «шала қазақ» [چاللا قزاق] деп атайды; ал сарттың қырғыз не татар әйелден туған баласы «шала сарт» [چاللا سارت] саналады; тау қырғызыiқырғыз бен сарт, татар яки қалмақ әйелі арасындағы некеден пайда болған ұл «шала қырғыз» [چاللا قیرغیز] болады, ал қалмақтың қырғыз, сарт әлде тау қырғызы әйелінен тудырғаны «шала қалмақ» [چاللا قالماق] делінеді. Мұндай некедегі балалар әкесінің де, шешесінің де тілінде бірдей сөйлейді».
Веселовский өлкедегі тілдердің бір-біріне қалай ықпал еткенін де сипаттайды. Жекелей алғанда, Қалыбайдың жазба қазақшасына тоқталады:
«Қалыбайдың тілі — таза қырғыз емес, қаланың не отбасының ықпалына түсіп, өзгерген түрі. Ол кейде қырғызша, кейде сартша жазады, тіпті соңғысы алдыңғысына қарағанда жиі ұшырасады…».
Ғалым қазақ поэзиясының ерекшеліктерін де саралайды:
«Қырғыз өлеңдері әдетте нақты өлшемді болып келеді, себебі белгілі бір ырғақты қатаң сақтай отырып, шертілетін ішекті аспапдың сүйемелдеуімен жырланады. Өлеңнің осы ырғаққа келмей қалған тұсы болса, мәтіні өзгертіледі, сөз алынып тасталады я, керісінше, қосылады. Соңғысы қырғыздарда таза техникалық мағына білдіретін «аяқ салу» деп аталады.
Веселовский сол замандағы қазақ лирикасының көпке мәлім сюжет желісі жайлы да әңгімелейді:
«Қырғыз-қазақтар батырларын керемет құрметтейді, олардың ерлігін мадақтап, жырға қосады, ойлағаны мен тілегені солардың желеп-жебеуімен ғана іске асады деп ойлайды; батырларсыз қай істің де ақыры қайырсыз болады» деп санайды.