СЭЙ-СЕНАГОН

Ортағасырлық жапон жазушысының өмір сүру ережелері

СЭЙ-СЕНАГОН

Кобаяси Киётика. Сэй Сенагон "Ежелгі өрнектер" сериясынан. 1896 жыл. Жапония. Ағашты түрлі-түсті нақыштау / Alamy

Бізге Сэй-Сенагон деген атпен белгілі жазушы әрі император әйел Садаконың сарай ханымы 10 және 11 ғасырлардың тоғысында өзінің атақты «Төсек басындағы жазбаларын» жазды. Сол кезде императордың әйелдері мен нақсүйерлерінің нөкерлерінің ішінде сол дәуірдің ең үздік әйел ақын-жазушылары, суретшілері мен ойшылдары жиналса да, Сэй-Сенагон тіпті осы жарқыраған саңлақтардың арасында үздіксіз жанған жұлдыз болып көрінетін. Оның сөз тапқыштығы, байқағыштығы, майталман қылқаламы оған қайтыс болғаннан кейін де өшпеген атақ-даңқ әкелді, ал Жапония жалпы дүние жүзіне шыққаннан соң ортағасырлық жапон жазушысының еңбектерін бүкіл әлем де танитын болды. Бұл орайда оның артында елеулі тарихи еңбектер де, үлкен романдар да қалған жоқ-ты, тек оның жеке күнделігінің күлкіге сәл бейім, арманшыл, кейде кекесінді, кейде мұңды жолдары ғана қалған.

Тартымды еркектер туралы

«Еркектердің соңында қызметшілері жүруі керек. Өзіне еліктіретін ең бір келбетті еркектің қасында нөкері болмаса, ол мен үшін түкке тұрмайды».

Қыздарға тәрбие беру туралы

«Жақсы болашақты армандамай, өздерінің отбасындағы күйкі бақытын қызғыштай қорғайтын әйелдер маған сондай бейшара болып көрінеді! Мен әр бойжеткеннің тұрмысқа шыққанға дейін сарайда біраз тұрып, ақсүйек қауымның өмірімен танысқанын қалар едім».

Қастық ойлаушылар туралы

«Сен әлдебіреуге аса ықылас көрсете қоймаған екенсің, міне, енді ол өш алу мақсатында неше түрлі әңгіме айтып, саған нақақ жала жабады, қолынан келгенше қара күйе жағады, ал өзін көкке жеткізе мадақтайды. Бұл сондай жиіркенішті!».

Сэй Сенагон, Хисикава Моронобудың "Сұлулық суреттерінің жинағы" иллюстрацияланған кітабынан / Alamy

Сэй Сенагон, Хисикава Моронобудың "Сұлулық суреттерінің жинағы" иллюстрацияланған кітабынан / Alamy

Провинциядан келген хаттар туралы

«Егер провинциядан жолданған хатқа сәлемдеме қоса жүрмесе, өкінішті. Мұндай жағдайда астанадан келген хат та қуантпауға тиіс секілді, бірақ есесіне онда әрқашан да мол жаңалық болады».

Бүргелер туралы

«Бүргелер — аса жексұрын жәндіктер. Көйлектің астында секіріп жүргенде, көйлегің қолпылдап кеткендей көрінеді».

Балалар туралы

«Әңгімеде әлдебіреу туралы жаман пікір айтасың, ал бала сенің сөзіңді сол адамның бетіне тура сол қалпында қайталап береді!».

Ызаны келтіретін нәрсе туралы

«Ақылы таяз адам мысқылдап күлген қалпында мыжып, не болса соны айтса».

Кездесу кезінде тамақ беру туралы

«Егер еркектер сарай әйелдеріне қонаққа келгенде, әйелдердің жатын бөлмелерінде тамақ ішуге кіріссе, бұл өте ұнамсыз нәрсе. Оларға тамақ беретіндер де сөгуге лайық».

«Меніңше, қонақ тіпті түн ішінде ессіз мас болып келсе де, оған тіпті ыстық сумен бірге бір тостақ күріш те беруге болмайды. Бәлкім, ол әйелді тасжүрек деп санап, енді қайтып келмейтін де шығар... Мейлі, солай-ақ болсын!».

Мінез-құлқы төзгісіз адамдар туралы

«Ескі хикаяны әңгімелеп отырасың. Кенет әлдекім сенің әңгімеңнің желісін іліп әкетеді де, әрі қарай өзі жалғастырады. Төзіміңді тауысатын адам! Жалпы, мейлі ересек адам болсын, не бала болсын, сөзіңді бөліп, әңгімеге араласатын кез келген адам төзіміңді тауысады».

Қуанышқа бөлейтін нәрсе туралы

«Ішің пысып жүресің, бірақ әдетте өзіңе аса жақын емес бір адам күтпеген жерден қонаққа келеді. Ол қауымдағы соңғы жаңалықтарды айтады, күлкілі, қайғылы немесе қызықты сан түрлі оқиғалар туралы, басқа да жайттар туралы әңгімелейді... Ол мемлекеттің немесе жекелеген адамдарының істерінің бәрінен хабардар, бәрін түсінікті әрі анық айтып береді. Жаның жайланып, көңілің көтеріледі».

Жаулар туралы

«Бөлмеге өзің жек көретін біреу кірсе, жүрегің суып сала береді. Жүрек деген қызық нәрсе, оның толқып кетуі оп-оңай».

Ақымақ ата-аналар туралы

«Тыңдауды жақтырмайтыным — өздерінің сүйкімсіз баласының керемет екеніне кәміл сенетін, оған үздіксіз таңдай қағып, баланың тіліне еліктеп, не айтса, соның бәрін қайталайтын ата-аналар».

Ызаны келтіретін нәрсе туралы

«Әлдекім есікті ашып, сыртқа шықты, ал артынан есікті жабу ойына да келмейді. Қалай ызаңды келтіреді!».

Сэй Сенагон қарға қарап тұр / Alamy

Сэй Сенагон қарға қарап тұр / Alamy

Семіз адамдардың сұлулығы туралы

«Бозбаланың немесе кішкентай баланың бетінің томпақ болғаны жақсы. Етжеңділік сондай-ақ провинция губернаторлары мен лауазымды адамдарға өте жарасады».

Өсек-аяң туралы

«Әлдекім туралы өсек айтасың, ал оның естіп қойғанын байқамайсың. Содан кейін, ол сенің қызметшің немесе мүлдем елеусіз адам болса да, ұзақ уақыт бойы өзіңді қолайсыз сезінесің».

Күтпеген ыңғайсыз жайтқа тап болу туралы

«Кейбіреулер ұялмастан-ақ аяқ астынан былапыт бірдеңені қойып қалады да, жұрттың бәрін ыңғайсыз күйде қалдырады».

Әдеп сақтау туралы

«Көргенсіздіктің белгісі: ұялшақ адам бірдеңені енді айтпақшы болғанда, алдын орағытып сөйлеп кету».

Жалғыз басты әйелдің үйі туралы

«Егер жалғыз әйел тұратын үй тозығы жеткен, қараусыз қалған күйде болса, бұл маған ұнайды. Қоршау құлап қалсын. Тоғанды балдыр шөп бассын, бақта жусан қаулап өссін, ал соқпақтардың құмын көк сабақтар жарып шықсын... Осы суретте қаншама мұң мен қаншама сұлулық бар! Жалғызбасты әйел тәжірибелі қожайын кейпінде бәрін жөндеп, түзетумен әбігер болған, қоршауы мықты, ал қақпасы берік үй маған мүлде ұнамайды».

Дұға оқу туралы

«Ай жаңадан туғанда дұға оқу үшін ғибадатханада оңаша қалғанымда, айналадағының барлығының ызғырықтан қатып, қар басқанын қалаймын. Бұл сондай әдемі! Ал кенеттен жаңбыр мен сыздың иісі шықса, одан жаман не болуы мүмкін!».

Жанашырлық туралы

«Әлдекім солқылдап жылап отырып, қайғылы оқиға туралы айтады. «Шынында, қандай қасірет!» – деп ойлайсың, бірақ көзіңнен бір тамшы жас шығара алмайсың. Ұяласың, жыламсыраған сияқты көрінуге тырысасың, аса қапалы түр білдіресің, бірақ оныңнан түк шығар емес! Ал басқа бір жолы қуанышты хабар естігенде, көз жасың кенеттен өзінен-өзі судай ағатынын қайтерсің».

Күнделігі туралы

«Менің жазғандарым бөгде көздің оқуына арналмаған, сондықтан да мен ойыма келгеннің бәрін, тіпті оғаш және жағымсыз нәрселер туралы да жазамын».

Не оқуға болады?

1. Сэй Сенагон. Записки у изголовья // Перевод В. Марковой. — М.:Толк, 1995.

2. Япония в эпоху Хэйан (7941185): Хрестоматия // Ред. И.С. Смирнов; сост. М.В. Грачев. — М.: РГГУ 2009.