ШОҚАН ЖӘНЕ ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР

Қазақ ханзадасы империяның қолшоқпары болды ма?

~ 8 мин оқу
ШОҚАН ЖӘНЕ ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР

Әбілхан Қастеев. Шоқан Уәлихановтың портреті. 1951 жыл / ҚР мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы

Отызға жетер-жетпес жасында сан түрлі ғылымды тел еміп, бүтін бір империя элитасын ғана емес, әлемді таңғалдырған Шоқан Уәлихановтың ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанымен, тағдыры талай нарға жүк боларлық құпияға толы. Әсіресе өмірінің соңғы жылдарында патшалық отарлау саясатын терең түсініп, көңілі қалған, налыған Шоқанның өлімі де жұмбақ күйінде қалғандай әсер қалдырады. Ал ғылым-білім арқасында өзгелермен терезесі тең сөйлескен ол шынымен империяның қолшоқпары болды ма? Елге оралған Шоқанның көңіліне кірбің түсірген не нәрсе? Белгілі журналист Дархан Әбдік Qalam-ға арнап жазған мақаласында 19-ғасырдағы қазақтың интеллектуалдық ой-өрісінің өлшемі болған тұлғаның біз біле бермейтін қырларына үңіліп көрді.

Мазмұны

«Дала аристократиясының» тұяғы

19-ғасырда қазақ даласында Ресей империясының қысастығымен хандық билік күші жойылып, «аға сұлтандармен» алмастырылғанға дейін үш жүзге ортақ билік те, жүздердің дербес билігі де тек төре тұқымының еншісінде болды. Жекелеген рулар төре-сұлтандарға бағынды. Бұлар «дала аристократиясының өкілдері» еді. Төре тұқымының жаны да, мүлкі де қара қазақтан жоғары бағаланды. Алайда Шоқан қатардағы төренің бірі емес еді. Түп тегі атақты Абылайдың үлкен ұлы Уәлиден тарайды. Уәли Орта жүздің соңғы ханы болса, Абылай хан — қазақ тарихындағы ерекше әрі қаһарман, аты аңызға айналған тұлға. Демек, хандық институт жойылғанына қарамастан, қазақы салтпен оның шөбересі заңды ханзада саналатын. Мұның бәрі болашақта Шоқанның тағдырына әсерін тигізгені рас, бірақ ол туралы кейін жан-жақты тоқталамыз.

Шоқанның әкесі – Шыңғыс Уәлиханов (сол жақтан екінші). 1865 жыл / КФҚД ОМА

Шоқанның әкесі – Шыңғыс Уәлиханов (сол жақтан екінші). 1865 жыл / КФҚД ОМА

Бір анығы, Шоқан ешқашан өзін не «төре», не «ханзада» сезінген емес. Ол — азаматтық санадағы тұлға. Ал оның мұндай биікке қалай көтерілгенін түсіну үшін сол дәуірдің ерекшелігі мен қоғамдық-саяси өміріне үңілген жөн.

1825 жылы Санкт-Петербургте «декабристер көтерілісі» бұрқ етті. Бұл Ресейдегі «крепостнойлық құқық» (крепостное право) деген атпен белгілі ресми құлдықты жоюды және империяда либералды реформаларды өткізуді талап еткен көтеріліс болатын. Оны негізінен ақсүйектер ұйымдастырғанымен, басы-қасында 1812 жылғы француз-орыс соғысына қатысқан, Еуропа көрген, «ағарту дәуірі» мен Француз революциясының идеяларынан сусындаған тұлғалар тұрды. Дегенмен көтеріліс сәтсіз аяқталып, қатысушыларының көбі Сібірге жер аударылды. Сөйтіп, Сібірде еркін ойлы ортаның ошағы қалыптасты. Осындай орталардың бірі — Омбы қаласы болатын.

Шоқан Уәлиханов салған сурет. Шоқанның бауырлары. 1855 жыл / Wikimedia commons

Шоқан Уәлиханов салған сурет. Шоқанның бауырлары. 1855 жыл / Wikimedia commons

Бала Шоқан

Шоқан 12 жасында тыныс-тіршілігі мен саяси өмірі қыз-қыз қайнаған ортаға түсіп, көзқарасын, білімін шыңдады. Алайда бала Шоқанның зеректігі, білімге деген құштарлығы әріден бастау алатын. Өйткені ол заманауи білімге ұмтылған, көзі ашық әулеттен шықты. Әкесі Шыңғыс сауатты, қазақ ауыз әдебиетін алғашқы болып жинай бастаған лауазымды кісі еді. Әжесі Айғаным болса, өз заманында аса беделді болатын. Сырымбет деген жерде орыс әкімшілігінің көмегімен ағаштан үй-жай (усадьба) салып, маңынан медресе тұрғызған адам. Шоқан сол медреседен алғаш сауатын ашып, арабша жазу мен сурет салуды үйренеді. Оның кескіндеу өнерін кадет корпусына түскенге дейін меңгергенін досы Г.Н.Потаниннің естеліктері де растайды:

«Орыс қаласы балаға қатты әсер етті, ол бірден қала орталықтарының бірін қарындашпен қағазға түсіре бастады» деп жазады ол естелігіндеiПотанин Г.Н. Биографические сведения о Чокане Валиханове.

Омбыға келген бала Шоқанның орысшасы нашар болатын. Бірақ қабілетті оғлан бірер жылда тілді жетік меңгеріп қана қойған жоқ, кадет корпусының ең үздік шәкіртінің біріне айналды. Бұл жайында Григорий Потанин «Чокан Чингизович Валиханов» атты мақаласында:

«Шоқан тез дамып, өз қатарының алдына шықты. Әсіресе саяси идеялар мен әдебиет саласында. Мектеп басшылығы оған болашақта Орталық Азияны зерттейтін жиһанкез деп қарайтын» деп жазады.

Ал «Биографические сведения о Чокане Валиханове» атты еңбегінде:

«Мұғалімдер оны болашақ зерттеуші, тіптен ғалым ретінде қабылдаған кезде Шоқанның жасы небәрі 14–15-те болатын» дейді.

Полиглот Шоқан

Шоқан Кадет корпусының соңғы курсын тамамдаған жоқ. Сол кездің талабы бойынша бұратана халық өкілдері оқудан бір жыл ерте босатылатын. Себебі соңғы курста отарлау саясатының құпия әдістеріне арналған бағдарлама болыпты-мыс. Ал мұны бұратаналардың білуіне қатаң тыйым салынған еді.

Яков Фёдоров. Сырымбеттің жайлаған жері. Шоқанның балалық шағы өткен жер / Wikimedia Commons

Яков Фёдоров. Сырымбеттің жайлаған жері. Шоқанның балалық шағы өткен жер / Wikimedia Commons

Қалай десек те, 1853 жылы 17 жасар Шоқан Кадет корпусын «әскери кавалерия офицері»iкорнет дәрежесімен аяқтап, Батыс Сібір генерал-губернаторының қарауына жұмысқа алынады.

Шоқан орыс, француз тілдерінде еркін сөйлеген. Ағылшын тілін де білуі ғажап емес. Себебі Н.М.Ядринцев естеліктерінде Шоқанның сүйікті жазушылары ретінде Уильям Теккерей мен Чарльз Диккенсті атайды. Оның Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегін алғаш ғылыми айналымға енгізгенін ескерсек, парсы тілін жетік меңгеруі бек мүмкін. Сауатын медреседе ашқанын ескерсек, Шоқанның араб тілінен де хабары бары анық. Түркітілдес халықтардың тілін түгел білетінге ұқсайды. Мәселен, «Манас» жырын алғаш хатқа түсіргеніне және Қашғарға тыңшы ретінде барғанына қарағанда, ол ұйғыр, қырғыз, татар, өзбек тілдерінде еркін сөйлеген секілді.

Шоқан Уәлиханов салған сурет. Қытай шенеуніктерінің қабылдауында. Құлжа. 1856 жыл / Wikimedia Сommons

Шоқан Уәлиханов салған сурет. Қытай шенеуніктерінің қабылдауында. Құлжа. 1856 жыл / Wikimedia Сommons

Шоқанның жан-жақты қабілет-дарынын есепке алған патша үкіметі оны жас та болса өз мүддесіне пайдаланды. Бұл отарлау саясатының шарықтап тұрған шағы болатын. Әскери экспедициялар құрамында белгілі ғалымдар мен зерттеушілер болғанына қоса, болашақта отарлануы тиіс шығыс аймақтарға тынымсыз барлау жұмыстары жүргізілетін. Алайда Шоқан әкімшілік тапсырмалардан бөлек, бар ынта-жігерімен ғылыми зерттеумен шұғылданды. Мәселен, қырғыздың «Манас» эпосын генереал-губернатордың тапсырмасымен қағазға түсірмегені айдан анық. Бір қызығы, «Манас» жырын жазып алып қана қойған жоқ, оған ауқымды әдеби-ғылыми сараптама жасады. Әлемге танытып, «Дала Илиадасы» деген атақ берді. Бұдан біз Шоқанның тағдырлас түркі халықтарының бәріне бірдей сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарағанын көреміз.

«Индиана Джонс»

«Қашғар сапары» — аңыз бен ақиқат астасқан жөні бөлек әңгіме. Біріншіден, Шоқан өзін Қашғарға жеткізетін керуен кешіккенге дейін бір айға жуық жападан-жалғыз далада жүреді. Қарусыз, азық-түліксіз. Ешкімнің көзіне түспеу үшін күндіз сай-сала мен тау-таста жасырынып, түнделетіп жаяу жүріп отырады. Керуенге қосылғасын бірнеше мәрте қарақшылардың шабуылынан қорғанады. Ал Қашғарға жеткесін өзі танымайтын «туыстарымен табысып»iШоқан басқа адам болып, бала кезінде Қашғардан кеткен сарт саудагер Әлімбай болып танысады, солардың сеніміне кіріп, күн сайын басын өлімге тігіп отырып ақпарат жинайды.

Қашғар картасы / Wikimedia commons

Қашғар картасы / Wikimedia commons

Шыны керек, жуырда ғана көтерілісті өткерген Қашғардың көрінісі үрей туғызардай еді. Қаланың төңірегі адам бассүйегінен көтерілген үйінділерге толы болатын. Бұдан бір жыл бұрын Қашғарға келген неміс зерттеушісі Адольф Шлагинтвейттің де басы шабылған. Шоқанның сыры ашылса, Шлагинтвейттің күйін кешпек. Ол Қашғарда болғанына бес ай толғанда «Қайсыбір орыс тыңшысы сарт саудагерімін деп жасырын кіріпті» деген хабар шығады. Шоқан керуенмен бірге қаладан сытылып шығып үлгереді. Соңдарынан қуғыншы әскер жөнелтіледі. Шоқанның бұл сапардан тірі қайтуы заңдылық емес, сәтін салған тағдырдың сыйы еді. Осы оқиғаның желісімен беллитристикалық романдардың кейіпкерлері — авантюрист ғалым Индиана Джонс немесе атақты шпион Джеймс Бонд секілді, Шоқан жайлы шытырман оқиғалы шығарма жазса, артық емес. Бұл 22 жастағы қазақ ғалымының шынайы өмірінен алынған кітап болып шығар еді.

Шоқан Парижге барған ба?

1860 жыл, 4 мамыр. Санкт-Петербург қаласы. Орыс Географиялық қоғамының ғимаратында Шоқан Уәлихановтың Қашғар сапары жайлы баяндамасы тыңдалды. Жиынға империя астанасының ғылыми элитасы түгел жиналады. Еңбекті алдын ала оқып шыққан атақты саяхатшы, шығыстанушы, дипломат Е.П.Ковалевский «гениально!» деп баға берді. Уәлихановтың ерлігі мен еңбегіне Ресей империясы ғана емес, күллі әлем таңғалды. Оның есептері мен монографиялары ағылшын, неміс, француз тілдерінде бірінен соң бірі басылып жатты.

Егор Ковалевский. 1860 жылдар / Wikimedia commons

Егор Ковалевский. 1860 жылдар / Wikimedia commons

Жас офицер императордың жеке тапсырмасы бойынша «4-дәрежелі Әулие князь Владимир» орденімен марапатталды. Артынша Сыртқы істер министрі Александр Горчаковтың жеке өтінішімен Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментіне жұмысқа алынып, әскери дәрежесі штабс-ротмистр деңгейіне көтерілді. Ал әкесіне жазған хатта баяндағандай, ол ендігі кезекте «Әскер министрі Милютин, генерал Барон Ливен, граф Толстой, сенатор Любимовтармен араласып, үйлеріне барып» тұрадыiШоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлихановқа жазған хатынан, 1860 жыл, 9 тамыз.

Осылайша, Санкт-Петербургтегі күллі элита тамсана қол соққан Шоқан Парижге де табан тірейді. Тарихшылар бұл мәліметті дәлелденбеген деп есептегенімен, сөзімізге айғақ болатын екі дәйек бар. Біріншісі — Шоқанның 1860 жылдың 4 қарашасында әкесіне жазған хаты. Онда Парижге бару мақсатымен қарыз алғанын айтып, тезірек ақша жіберуін сұрайды. Екіншісі — орыс дипломаты Барон Александр Врангельдің естелігі:

«Уәлиханов өте тәрбиелі, ақылды, білімді адамға ұқсайды. Маған ол өте қатты ұнады. Достоевский де онымен кездескеніне қуанып қалды. Кейін оны Петербургте және Парижде кездестірдім»iА.Е.Врангель, Ф.Достоевский туралы естеліктер.

Бірақ көп уақыт өтпестен жағдай өзгеріп, оның өмір жолы күрт басқа арнаға бұрылады.

Оралу, империяға қарсылық және құдалықсыз өткен той

1861 жылдың көктемінде Шоқан елге қайтып, Омбыға емес, ауылға ат басын бұрады. Елге оралғасын емделіп, тынығудың орнына бірден аға сұлтан сайлауына түседі. Сайын даланы аралап, жүздеген кездесулер өткізеді. Сайлауда айқын басымдықпен жеңгенімен, генерал-губернатор оны лауазымды қызметке тағайындамайды. Ресми түсініктемеде «денсаулығына байланысты бас тартты» деп қана жазылған.

Шоқан Уәлиханов. 1860 жыл / Wikimedia commons

Шоқан Уәлиханов. 1860 жыл / Wikimedia commons

1863 жылы орыс әкімшілігі Уәлихановтан қазақ даласында сот реформасын өткізуге қатысты пікір-ұсыныстарын сұрайды. Шоқан сол кезде атақты «Сот реформасы жөніндегі жазбаларын» әзірлейді. Бұл — саяси манифест, отарлау жүйесіне қарсы ашық сын еді. Саяси реформалар талап етіп, патшалық Ресейдің әкімшілік сотын жемқор деп айыптайды. Қазақтар ғана емес, орыс переселендерінің өзі әділдік іздеп орыс сотына емес, қазақтың дәстүрлі билер сотына жүгінетін мысалдарын келтіреді.

«Кез келген ұлт үшін дамудың алғышарты — өздігінен даму, өзін өзі қорғай білу, өзін өзі басқару және өзіндік сот»

деген саяси тұжырым жасай келе:

«Орынборлық даланы басқару жүйесіндегі ең үлкен сорақылық — ол, әлбетте, орда шенеуніктерінің халық сайлауы нәтижесінде емес, шекара басшылығының қалауымен тағайындалатындығында» дейдіiШ.Уәлиханов, «Сот реформасы жөніндегі жазба».

1864 жылдың наурыз айында Уәлиханов Қоқан хандығына қарсы жорыққа шыққан генерал Черняевтің әскеріне қосылды. Алайда Әулиеата бекінісіндегі орыс әскерінің бейбіт халықты қынадай қырғанын көзімен көрген соң тікелей басшысымен жанжалдасып, өз еркімен кетіп қалады. Бірақ Шоқан өз үйіне емес, қазақ-қытай шекарасындағы Тезек төренің ауылына беттейді.

Василий Верещагин. «Соғыс апофеозы». 1871 жыл / Мемлекеттік Третьяков галереясы  / Wikimedia Commons

Василий Верещагин. «Соғыс апофеозы». 1871 жыл / Мемлекеттік Третьяков галереясы / Wikimedia Commons

Сонда Тезек төренің қарындасына үйленеді. Құдалар келіп төс қағыстырмайды, тойы да жасалмайды. Сөйтіп, қазақ «ханзадасының» отау көтергені жетімнің тойы құрлы тойланбайды. Әулиеата қырғынынан 10 ай өтті дегенде, 1865 жылдың сәуірінде Шоқан Уәлиханов мәңгілікке көз жұмды.

Жауабы жоқ сұрақтар

Шоқан Уәлихановтың құйрықты жұлдыздай ағып түскен келте ғұмырын, алайда мән-мағынаға толы шығармашылық жолын саралағанда, күрмеуі қиын, жауапсыз сұрақтарға көптеп кездесеміз. Ол неліктен Петербургтегі табысты өрлеп келе жатқан мансабын, империяның Сыртқы істер министрлігіндегі қызметін және өзі сондай жақсы көрген ғылыми ізденістері мен достарын тастап, елге оралды?

Шоқан Уәлиханов пен Фёдор Достоевский, Семей. 1859 жыл / Wikimedia Commons

Шоқан Уәлиханов пен Фёдор Достоевский, Семей. 1859 жыл / Wikimedia Commons

Не себепті аға сұлтан сайлауына түсті? Отарлау жүйесінде қазақ даласындағы «аға сұлтандық» ең төменгі дәрежелі орыс шенеунігімен иықтаса алмайтын «қуыршақ басшы» екенін аға сұлтанның баласы, Ресей офицері Уәлиханов білмеуі мүмкін емес. Тіпті сайлауда жеңгесін, неліктен, ресми резолюцияға сәйкес, «денсаулығына байланысты лауазымын атқарудан өз еркімен бас тартты?»

1865 жылы Шоқанның жақын достары Григорий Потанин мен Николай Ядринцев Сібірді Ресейден бөлгілері келгені үшін «саяси баппен» сотталып, түрмеге жабылды. Бірақ әскер қатарын өз еркімен тастап кеткен штабс-ротмистр Уәлихановқа қарсы іс қозғалып, тергеу жүргізілген жоқ.

1865 жылдың 14 қаңтарында Колпаковскийге жазған хатында Шоқан Уәлиханов бірнеше жәшік сигара сұрайды. «Туберкулезден қасірет шегіп жүрген» науқас адам үшін таңғаларлық өтініш.

Дәл сол 1865 жылы, Орыс география қоғамының жиынында мәлімдеме жасаған аса көрнекті ғалым П.П.Семенов Тянь-Шаньский Шоқанның өліміне қатысты былай деді:

«В глубине киргизских степей, на границе России с Китаем, погиб в рассвете лет даровитый киргизский султан Чокан Валиханов».

Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде «погибнуть — умереть насильственной, неестественной смертью» делінген.

Яков Фёдоров. Шоқан Уәлихановтың бейіті / Wikimedia Commons

Яков Фёдоров. Шоқан Уәлихановтың бейіті / Wikimedia Commons

Атақты ғалым Шоқанның қазасына байланысты бұл сөзді неге қолданды? Бұл сұрақ ұлы тұлғаның өліміне қатысты жұмбақтың бояуын қалыңдатып, көңілдегі күдікті еселей түсетіні анық. Демек, Шоқанның өмір жолында айтылмаған ақтаңдақтар мен жауабын таппаған сұрақтар әлі де көп.