СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

4-дәріс. Чучхе әлемі

Солтүстік кореялықтар Чучхе идеялары Монументінің алдында тұр / Alamy

Солтүстік Корея – сталинизм идеясы үстемдік құрған ел. Рас, Солтүстік Кореяда кезінде экономика, мәдениет саласы және азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мемлекеттің жіті бақылауында болған қоғам құрылған еді. Мемлекеттің қоғам өмірін осыншалық дәрежеде бақылауда ұстауы — өзге елдердің тарихында болмаған жайт. Дегенмен сол қоғамдық тәртіптің ғұмыры ұзаққа бармады. Көп болса 30–35 жыл жасаған ол сыртқы факторлар мен ішкі проблемалардың әсеріне шыдас бермей, біржола күйреді. Көрнекті шығыстанушы-корейтанушы ғалым Андрей Ланьков көне дәуірден бастау алып, бүгінде жалғасын тапқан Солтүстік Корея феномені туралы баяндайды.

Мазмұн

1960-жылдардың басына таман Ким Ир Сен билік тізгінін толықтай өз қолына алды. Оған қарсы тұра алатын үш «балама» фракция өкілдерінің барлығы дерлік биліктен шеттетілді не қуғын-сүргінге ұшырады. Сол кезден бері билікке келгендердің басым бөлігі бұрынғы маньчжур партизандарынан, сондай-ақ мансабын 1945 жылдан кейін бастаған, ескі фракциялардың ешқайсысымен байланысы жоқ шенеуніктерден құралған.

Аталмыш кезеңде Солтүстік Кореяда қалыптасқан қоғамның айрықша тұрпат алуына дәл осы қайраткерлердің ықпалы орасан зор. Бұл қоғамға совет марксизмі мен Мэйдзи революциясы заманында Жапонияда тараған идеяларды бойына сіңірген Шығыс Азия шаруаларының дәстүрлі ортасына тән көзқарастар қатты әсер етті.

БАҚЫТТЫ ҚОҒАМ

Шығыс Азия шаруалары қандай қоғамды әділ әрі ізгі қоғам деп санаған? Осы ретте ең алдымен экономикалық өмірі игіліктерді баршаға теңдей бөліп беруге негізделген қоғам туралы айтып отырмыз. Шаруалар әлеуметтік теңсіздіктің кез келген түрін жамандыққа балап, сауда-саттықты, тіпті қолөнерді кәсіп қылғандарға күмәнмен қараған. Олардың ойынша, осындай кәсіп иелері жоқтан ақша жасап отырғандар, еш қиналмай, оңай жұмысты ермек етіп жүргендер-мыс. Біздің дәуіріміздің басында Шығыс Азияда айқындала түскен өз алдына бөлек қоғамдық кәсіптердің дәстүрлі иерархиясының ең жоғары деңгейінде көзі ашық шенеуніктер, ал содан кейінгі сатыда шаруалар тұрған. Үшінші сатыда қолөнершілер, ал ең төменгі, төртінші сатыда саудагерлер тұрған. Саудагерлер қалтасы қалың азаматтар болғанымен, бұларды Конфуций ілімін дәріптеген қоғамда абыройлы тап өкілдері деп санамаған.

Си Хуань. Өрік бағындағы шенеуніктер жиналысы. 1437 жыл/Metropolitan Museum of Art, New York, USA

Шаруа бұқарасының бар мақсат-мұраты — бәрін тең бөлу қағидасының іске асқаны еді, яғни ешкім бұра тартпай, бәрі шамамен бірдей еңбек еткені үшін шамамен бірдей ақы алуы керек-тін. Жалпы, шаруалар қай жерде болмасын шенеуніктерді жақтырмаған,iел аузында «патша жақсы, уәзірлері жаман» деген мәтел бар емес пе алайда Шығыс Азияда жұрттың шенділерді тәуір көрмейтіні соншалық анық байқала бермейтін. Шаруа шенеунік озбырлығына төзуге дайын болды, тіпті шенеуніктің тұрмысы әлдеқайда жақсы екенін оғаш санамады. Қоғам пирамидасының шыңына мемлекет басшысы, монарх шыққан: шаруалардың ізгі қоғам туралы түсінігіне «аңғал монархизм» формуласы тән.

Дегенмен Ким Ир Сен тұсындағы Солтүстік Кореядан дәстүрлі шаруалар ортасына тән утопиялық модельдерге жат құбылыстарды да байқауға болады. Атап айтқанда, Ким Ир Сен ауыр өнеркәсіпті қарқынды түрде дамытуға баса назар аударған. Оның бұл талпынысын кезінде, Корея отар болған тұста, елді заманауи өнеркәсіптік державаға айналдыруды армандаған модернизаторлардың көңілінен шығатын әрекет десек болады. Ким Ир Сеннің ауыр өнеркәсіп саласына ден қойғанына тағы бір себеп болды. Ким Ир Сен екіге бөлінген елді бір күні біріктіремін, Оңтүстік Кореяны Солтүстік Кореяға қосып аламын деген үмітін үзбеген. Пропаганда мақсатында, әрине, сол біріктіру процесі бейбіт жолмен жасалуы керек деп айтылды, бірақ Ким Ир Сен түбінде солай болады дегенге сенбеді. Ким Ир Сен мен оның айналасындағылардың пайымынша, елді біріктіру үшін әскери күш қолдану қажет, ал сол күшті тек ауыр өнеркәсіпті дамыту арқылы ғана құруға болатын еді.

150 күндік «еңбек шайқасына» шақыру. 2009/Wikimedia Commons

Осы орайда, айтпақшы, Солтүстік Корея басшылығының Кеңес Одағының ақылына құлақ аспай, жеңіл өнеркәсіп пен пайдалы қазбалар өндіру саласын дамытуға баса назар аударғысы келмегені де содан. Солтүстік Корея басшылығы болат балқыту ісін жолға қойғысы келді, өйткені кезі келгенде болаттан снарядтар мен танкілер жасауға да ыңғайлы.

Солтүстік Корея моделін өзгелерден ерекшелеп тұрған тағы бір сипат — Солтүстік Кореяның ресми дүниетанымында ұлтшылдықтың рөлі зор. Национализм идеялары Шығыс Азияда 19 ғасырдың аяғында тарала бастап, 20 ғасырдың ортасында осы өңірдегі барлық елдердің негізгі идеологиясына айналды. Мұндағы коммунистік режимдер сөз жүзінде интернационализм идеяларына адал болғанымен, іс жүзінде өздерінің «буржуа» көршілерінен еш кем түспейтін ұлтшыл болған. Осы аймақта қазіргі заманғы ұлтшылдық идеяларының таралуына жол ашып берген Жапония еді, ол сол тұста «қан және топырақ» қағидасын дәріптеген неміс национализмінің ықпалына ұшыраған. Мұның Солтүстік Корея ұлтшылдығына да әсері тиді: бұл ел совет және ашып айтқанда, марксизм дәстүрінен бас тартып, халықтың мәдени тұрғыда ғана емес, сонымен қатар биологиялық тұрғыда да бір ұлт, «қаны бір» адамдар екенін басып айтуға бейім болған.

МАРКСИЗМНІҢ ЖАҢА ТАРМАҒЫ

1960–1990 жылдардағы КХДР сыртқы саясатының негізі бағыты — сол кезде қиян-кескі қақтығыс жағдайында болған Кеңес Одағы мен Қытай арасында амалдап, өзіне кесірі тимейтіндей әрекет ету еді. Басты қамқоршысы санатындағы екі алыптың текетіресі Солтүстік Корея мүддесіне сай болды. Осындай жағдайда Солтүстік Корея КСРО-дан да, ҚХР-дан да көмек алып тұрды. Келіссөздер кезінде Мәскеу (немесе Пекин) көмек көрсетуден бас тартса, Пхеньян дәл сол көмекті Мәскеудің (Пекиннің) қарсыласынан сұрауға мәжбүр боламыз деген сыңай танытатын. Мұндай айлаға көнген тарап жәрдем беруге келісетін, осылайша Солтүстік Корея сырттан өзіне қажет қолдау тауып отырған. Уақыт өте келе үлкен экономикалық қиындықтарға тап болған Солтүстік Корея осындай қолдауға зәру еді.

Мансудэ монументі. Солтүстік кореялықтар жапондарға қарсы шықты / Alamy

Сол кезеңде баспасөзде жарияланбаған, сансыз көп жабық саяси сабақтарда талданған материалдарға сенсек, КХДР басшылығы Кеңес Одағының да, Қытайдың да саясатын қатты сынаған.iсол материалдардың көпшілігі кейін ашылып, жарияланды Осы орайда қолданысқа енген сипаттау сөздерді де бар: совет саясаты мен теориясын «ревизионизм», ал Қытайдікін — «догматизм» деп атаған.

КСРО мен Қытай қарым-қатынасының қарама-қайшы болғанын ескеріп, икемді әрекет еткен КХДР басшылығына ақырында тосын қадам жасап, радикалды революциялық идеологияның өзіндік нұсқасын — Чучхе идеясын ойлап табуға тура келді.

Кейін Солтүстік Корея пропагандасы Чучхе идеяларын Ким Ир Сен партизандық күрес кезеңінде ойлап тапқан дегенді алға тартқан, алайда мұндай мәлімдемелер негізсіз. Ким Ир Сеннің Жапонияға қарсы күрес жылдарында жазған барлық еңбектері кейін жасалған фальсификация. Қолда бар деректерге сүйенсек, Ким Ир Сен «чучхе» терминін алғаш рет 1955 жылы желтоқсанда сөйлеген сөзінде қолданған. Алайда бұл термин сараланып, Солтүстік Кореяның болашақ ресми идеологиясының атауына айналғанға дейін арада тағы да 10 жыл өтті.

Чучхе идеялары монументі / Alamy

Десе де, мәні түсініксіз, бұлыңғыр келген Чучхені толыққанды идеология деп атауға болмайды. Солтүстік Кореяның чучхе философиясына арналған әдебиеттері көп жағдайда «Адам — барлық заттың иесі» деген сияқты жаттанды тезистерді қайталай беруден арыға бармайды. Ал Солтүстік Кореяның қатардағы азаматы іс жүзінде Чучхе идеяларын — Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің нақыл ойлары мен сөйлеген сөздерінің жиынтығы деп түсінеді.

Алайда бізге Чучхе идеялары жеке философиялық жүйе саналғандығымен қызық болып тұрған жоқ.iосындай ұғынықсыз, қарапайым пайымдар жиынтығын философия деуге келмейді Шын мәнінде, КХДР басшылығы Солтүстік Кореяның Қытай мен Кеңес Одағынан бөлек, шетелден келген марксизм-ленинизм тұжырымдарынан ерекше, дара философиясы бар дегенді желеу қылып, біз тәуелсіз саяси күшпіз деп қорықпай айтатын болды. Чучхе қағидасының жариялануы 1960–1990 жылдары Пхеньянның сыртқы саясат стратегиясында Мәскеу мен Пекиннен алшақтау бағытына бет бұруына негіз болды.

«“Әскер бірінші орында!” саясатының ұлы жеңісі жасасын» плакаты/Wikimedia Commons

Бұдан былай Солтүстік Корея дипломаттары мен ресми лауазымды тұлғалары: «біз енді марксизмнің советтік нұсқасын да, Қытай нұсқасын да сөзсіз иланатындай беделді деп санамаймыз, өйткені біздің Мәскеу мен Пекиннің ресми идеологиясынан әлдеқайда жетілген төл идеологиямыз бар» деп айта алатындай жағдайда еді. 1970-жылдары Солтүстік Кореяда Чучхе идеясы — прогрессивті идеологияның дамуындағы жаңа кезең деген ойды жиі айтатын. Сол тұста марксизм — капитализмнің қалыптасу кезеңіндегі прогрессивті идеологияның ең озық нұсқасы саналатын. Оның орнын басқан ленинизм — империализм дәуірінің талаптарына сай прогрессивті ойдың дамуының келесі кезеңі еді. Осы ретте кимирсенизмді (Чучхе идеясын) — прогрессивті идеологиялардың дамуының ең жоғарғы, яғни марксизмнен де, ленинизмнен де кемел сатысы деп жариялаған. Соған қарамастан марксизм мен ленинизмнен өрбіген кимирсенизмді жеке-дара идеология деп түсіну керек екендігі баса айтылды. Бірақ мұндай ұстаным КХДР-ға көптеп көмек беріп отырған одақтастар мен қамқоршылардың шымбайына тиген сияқты. 1980-жылдары Солтүстік Корея мұндай көзқарастан бас тартты. Қалай болғанда да, Солтүстік Корея бір кездері негізінен Африка мен Азия елдерінде Чучхе идеясын жан-жақты насихаттауға қаражат аямай, осы бағыттағы пропагандаға білегін сыбанып кіріскен.

СОЛТҮСТІК ОҢТҮСТІККЕ КӨЗ ТІКТІ

Елдің Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасын айтатын болсақ, тараптар бітім жасасқаннан кейінгі алғашқы он жыл ішінде КХДР басшылығы Оңтүстік Кореяда революциялық жағдайдың туындауы екіталай деген пайымда болды. Алайда 1960 жылғы сәуірдегі революцияның нәтижесінде Ли Сын Ман режимінің құлағанына, содан кейін 1961 жылы 16 мамырда әскери төңкерістің болғанына қарап, Пхеньян Оңтүстік Кореяда революциялық жағдай туындауы мүмкін деген ой түйеді. Бұған қоса, 1960 жылдардың ортасында қалың бұқара Сеулдың Жапониямен қарым-қатынасты қалпына келтіруге талпынғанына жаппай наразылық білдірген.

1960 жылдың 19 сәуірі. Сәуір көтерілісі немесе Сәуір төңкерісі деп аталатын наразылықтың басталу күні / ашық дереккөзден алынған

Осындай жағдайда Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяны азат етуге тағы бір рет әрекет жасады, алайда бұл жолы 1950 жылы Сеулға жасалған төте шабуылға ұқсамады. Осы жолы билік Вьетнам үлгісіне жүгінгенді жөн көрді. Жалпы, Вьетнамның бірқатар тұсы Кореяға ұқсас еді, сол кезде осы елдегі ахуалға Солтүстік және Оңтүстік Корея басшылары қатты мән берген, Вьетнам олардың дүниетанымына айтарлықтай әсер еткен. 1960-жылдардың соңғы шені Вьетнам коммунистері үшін таңданарлық табыстарға толы кезең болды. Олар Оңтүстіктегі қалаларда астыртын қызмет етіп жүрген коммунистерді, джунглиде жасырын жүрген партизандар қозғалысын, сондай-ақ Солтүстіктің қарулы күштерін пайдаланып, Америка режиміне адал Сайгон өкіметіне қысымын арттырды. Бәрімізге мәлім, сол режим 1975 жылы құлап, Вьетнам әскер күшімен біріктірілген.

Вьетнамда ойдағыдай нәтиже берген әдістерді КХДР басшылығы өз елінде де қолдануға бел буады. 1960-жылдардың ортасында Солтүстік Кореяның барлау қызметі Оңтүстік Кореяда, негізінен жас зиялылар арасында пайда болған астыртын солшыл ұлтшыл топтарға белсенді түрде демеу бере бастады. Сонымен қатар КХДР басшылығы Оңтүстік Корея аумағында партизан базаларын құруға тырысты — сол үшін Оңтүстік Корея аумағына арнаулы жасақтарды да қондырған, ол жасақтар біршама шалғай аудандарда партизандық базалар құрып, жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жұртты өз жағына тартуы тиіс еді. Ақыры 1968 жылдың қаңтарында Солтүстік Кореяның арнаулы жасағы адуын әрекеттен тартынбастан Оңтүстік Корея президенті Пак Чон-хидің резиденциясына шабуыл жасаған.iбұл шабуылды баспасөзде «Оңтүстік Корея партизандарының» операциясы деп сипаттайды деген Шабуыл сәтсіз аяқталды — қарсы тарап жасаққа тойтарыс берді, дегенмен солтүстік кореялық арнаулы жасақты айдалада емес, мемлекет басшысы резиденциясына он шақты метр қалған жерде тоқтатып үлгерді.

КХДР сарбаздары Корея соғысы кезінде әскери дайындық сабағында. 1953/Getty Images

Осы тұста солтүстік пен оңтүстік арасындағы шегара бойында шиеленіс те күрт өршіді, америкалықтардың әскери нысандарына шабуылдар да жиілеп кетті. 1969 жылы сәуірде КХДР әуе күштерінің жойғыш ұшақтары америкалықтардың EC-121 барлаушы ұшағын атып түсірді, ал 1968 жылы қаңтарда Солтүстік Корея теңізшілері «Пуэбло» атты америкалық барлау кемесін ұстап алды. Солтүстік кореялықтардың мұндағы ойы — онсызда Вьетнамдағы соғыстан әбден қажыған Америка жұртшылығы Кореядағы жағдай ушыққан тұста америкалық әскерін сол елден шығаруды талап ететін болады, содан осы жайтты пайдаланып, Оңтүстік Кореяда тыныштықты бұзып, жаппай партизан қозғалысына дем беріп жіберуге болады дегенге сайды.

Алайда бұл стратегия жүзеге аспады, Корея түбегін «Екінші Вьетнамға» айналдыру әрекетінен түк шықпады. Оңтүстік Кореяның Оңтүстік Вьетнамнан айтарлықтай ерекше болған. Әуелі географиялық фактордың рөлін ескеру қажет. Сол шақта Оңтүстік Корея аумағы ормансыз, дөңді жер еді.iқазір елдің таулы аймақтары орманды келген, сол ағаштардың бәрін 1970 жылдары ғана қолмен еккен Әрине, мұндай ландшафт аумағын қалың джунгли басқан Вьетнамдікінен өзгеше әрі партизандық соғыс жүргізуге қолайсыз. Осы орайда 1960-жылдардың орта шенінде Оңтүстік Кореяда қарқынды экономикалық даму кезеңі басталғанын атап өту қажет. Ел екіге бөлінген кезде өмір сүру деңгейі мен экономикалық дамуы жағынан Солтүстіктен едәуір артта қалған Оңтүстік 1960-жылдардың аяғында Солтүстікті басып озды. Бұған қоса, Оңтүстік халқының едәуір бөлігі 1950 жылғы жаз бен күз мезгілінде ауылдары мен қалаларының бірнеше ай бойына солтүстік кореялықтардың қол астына өткенін әлі де ұмытпай, көңілі күпті болған.iiСолтүстік Корея өкіметі мен оның тәртібін тәуір көргендер 1950 жылы күзде-ақ тойтарыс бере алмай, кері шегінген солтүстік кореялық әскерлермен бірге кетіп қалған.

Қалай болғанда да, 1970 жылға қарай Оңтүстікте төңкеріс жасау әрекеті сәтсіздікке ұшырап, билік бұл жоспарынан бас тартқан. 1972 жылға дейін Сеул мен Пхеньян арасында қарым-қатынас тыйылған. Дегенмен 1970-жылдардың басында Оңтүстік Кореямен келіссөздер басталып кеткен еді: оларды ресми түрде «елдің бейбіт жолмен қайта қосылуы бағытындағы келіссөздер» деп жариялағанымен, іс жүзінде қос тарап (екі Корея мемлекеті) бейбіт қатар өмір сүру жолдарын ғана айқындап алуға тырысқан. Сол келіссөздер ойдағыдай нәтижелі болмады, дегенмен олар қос Кореяның, арадағы бірнеше үзілісті санамағанда, әлі күнге дейін жалғасып жатқан өзара байланыс тетіктеріне жол ашып берді.

КХДР-да БИЛІККЕ ТІРЕК БОЛҒАН КҮШТЕР

КХДР-дың саяси жүйесі Кеңес Одағына өте ұқсас еді. Бұл таңғаларлық жайт емес, себебі Солтүстік Кореяның саяси жүйесі о бастан совет үлгілеріне сай және совет партия қайраткерлерінің атсалысуымен құрылған. 1950-жылдардың аяғында «совет фракциясы» түпкілікті жойылғанға дейін елдегі партиялық аппаратты ұйымдастыруға негізінен 1945–1948 жылдары КХДР-ға келгенге дейін кәсіби партия қызметкерлері болған совет корейлері жауапты еді. Алайда 1960-жылдары екі елдің бір-біріне ұқсамайтын бағытта дамып келе жатқаны анық байқалды.

Елдегі билік жүйесі партия-мемлекет моделіне құрылған. Шын мәнінде, КХДР-да ресми түрде екі шағын партия болған, бірақ солтүстік кореялық лауазымды тұлғалардың Кеңес Одағы дипломаттарына айтқан әңгімесіне қарағанда, екі партия да 1950-жылдардың аяғында қызметін тоқтатқан, оларды бар деп дипломатиялық мақсатта, яғни көзбояушылық үшін ғана айтатын. Бұл партиялар дербес саяси рөл атқармаған, олардың жер-жерде жұмыс істейтін аппараты болған жоқ, тіпті орталық аппаратының өзі іс жүзінде қызмет еткен орган емес-тін, тек шетелден келген делегацияларға көрсетіп, КХДР-да нағыз партиялық жүйе бар деп ауыз толтырып айту үшін қажет өтірік мекеме болған.

Кореяның Еңбек Партиясының Құрылу монументі / Alamy

Дегенмен Ким Ир Сеннің тұсында КХДР-да коммунистік елдерге тән мемлекеттік және партиялық басқару органдарының дуализмі қатты білінбеді, билік осы проблеманы еңсерудің өзіндік жолын ойлап тапқан. Социалистік елдердің көбінде мемлекеттік органдарға қарағанда партия органдарының міндеті мен құқығы мейлінше анық бекітілмеген-ді, тіпті айқындалмаған десек те болар. Ресми құжаттарда партия жалпы саяси басшылықты жүзеге асырады деген көмескі мәлімдемелер ғана болған. Ал партия мен мемлекеттік органдардың іс жүзінде қалай өзара әрекет ететінін жүре-бара қалыптасқан институционалдық дәстүрлер (әдеттер жиынтығы) айқындап берген.

КХДР-да 1960-жылдардың басында экономиканы басқарудың Тэан жүйесі деп аталатын тәртіп енгізілді. 2002 жылға дейін өмір сүрген бұл жүйенің бір ерекшелігі — елдегі кәсіпорындардың бас әкімшісі міндетін оның директоры емес, партия комитетінің (партком) хатшысы атқарған, ал директор оған бағынышты болған. Шын мәнінде, кәсіпорын директорының лауазымы, мысалы, көптеген социалистік елдердегі Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне ұқсас еді, билеуші партияның Бас хатшысы одан жоғары тұрған.iосы екі лауазымды әртүрлі адамдар иеленген жағдайларда

Ким Ир Сен және Ким Чен Ир зауытта тексеріс жүргізуде. 1970 жылдар / ашық дереккөзден алынған

Сол кездегі Солтүстік Корея саясатының тағы бір қызықты ерекшелігі — билік елді «өз күшіне ғана сену сарынындағы революциялық рухта» тәрбиелеуге, осындай ұстанымға баулуға тырысқан. Бұл принципті ең әуелі экономикада қолданған, бірақ оның аясы осы саламен ғана шектеліп қалған жоқ. Осы қағидаға сәйкес, мемлекет үшін ең дұрыс жағдай — автаркия, яғни тұтас елдің, оның жекелеген аумақтық әкімшілік бірліктерінің, тіпті жеке кәсіпорындардың қажет дегеннің бәрін өз күшімен өндіріп шығаратындай жағдайға жетуі. Тек өз күшімізге ғана сенеміз деген революциялық рухтың қызық көріністері де болған. Мәселен, 1980-жылдардың басында Солтүстік Корея баспасөзі Пхеньян элеваторында қалыптасқан жағдай туралы хабар таратқан. Бұл кәсіпорын теміржол вокзалына келіп түскен астықты өз аумағындағы қоймаға дейін тасымалдап тұру жолын табуы керек-тін. Осы жұмысқа қажетті локомотивке тапсырыс бере салудың орнына, баспасөзде хабарланғандай, кәсіпорын жұмысшылары «сырттан келіп ешкім жарылқамайды деген революциялық көңілге бой алдырып, рухтанып, шабыттанып» өздеріне керек шағын тепловозды жобалап, құрастырып шығады. «Өз күшіңе ғана сен деген сарындағы революциялық рухқа» сілтеудің түпкі мәні — орталық басқару органдарының жауапкершілігін жергілікті әкімшілік органдар мен кәсіпорындарға ысыра салу.

Бұл қағида сыртқы саясатқа да қатысты еді. Мүмкін болса, ең жақсысы — Солтүстік Кореяның сырттағы тараптармен ықпалдастығын, соның ішінде сауда-экономикалық байланыстарын барынша азайтқаны керек-тін. Автаркия — елдің саяси және экономикалық тәуелсіздігінің синониміне айналды.

Солтүстік Кореяға тән тағы бір ерекшелік — Ким Ир Сенді құдайдай көріп, оның жеке басына табыну. Бұл жүйе көбіне КСРО-дағы Сталиннің және Қытайдағы Маоның культіне еліктеген, дегенмен КХДР көсемінің жеке басына табынудың сипаты, ауқымы әрі жүйелі түрде орныққаны соншалық, Совет және Қытай үлгілері оның шаңына ілесе алмай қалды. 1970-жылдардың басынан бері кәмелетке толған корейлердің бәрі далаға шыққанда кеудесіне Ким Ир Сеннің портреті бар арнайы белгіше тағып жүруге тиіс еді. Солтүстік Кореяның кез келген қаласының орталығында Ким Ир Сеннің мүсіні немесе Көсем бейнеленген үлкен мозаикалық панно болуы керек-тін. Мереке күндері қала халқы осындай ескерткішке немесе панноға келіп, гүл шоқтарын қойып, Көсемге тағзым ететін болды. Елде жарық көрген кез келген мақала, соның ішінде ғылыми журналдардағы мақалалар міндетті түрде Көсем сөзінен алынған, арнайы қалың қаріппен терілген цитатадан басталуы керек еді. Көсемнің портреттері елдегі барлық ресми мекемелерде ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлерде де ілулі тұруы керек; бұл аз болғандай, сол портреттерге арнайы күтім жасау ережелері әзірленіп, олардың орындалуын қатаң бақылаған.

Корея Еңбек партиясының мүшесінің төсбелгісі / Wikimedia Commons

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1960-жылдардың басынан бастап Ким Ир Сен айналасына сенімді серіктерін — Маньчжуриядағы партизандық күреске қатысқан, совет әскерінде қызмет еткен үзеңгілестерін жинаған. Біреуінің сауаты нашар, басқасының іске бейімі, арнаулы тәжірибесі жоқ осы адамдардың бәрі Ким Ир Сенге тәуелді болған. Жағдай басқаша өрбіп, қамқоршы табылмаса, осы адамдардың саяси билік шыңында біразға дейін тұрақтап қалуы былай тұрсын, сол билік шыңына шығуының өзі екіталай еді.

Ким Ир Сен тұсындағы Солтүстік Корея режимінің бір ерекше тұсы — сол кезеңде елде жоғары лауазымды шенеуніктерді қудалау, қатарын тазалау жүрмеген.iестеріңізде болса, совет үлгісіндегі режимдерге биліктегілердің қатарын мезгіл-мезгіл тазартып отыру шаралары тән еді Былайша айтқанда, Сталин дәуіріндегі КСРО-да, Мао Цзэдун тұсындағы Қытайда жоғары лауазымға тағайындалу, көсемге тым жақын болудың артықшылығынан қаупі көп еді. Бұған көз жеткізу үшін елдің көрнекті тұлғаларының өмірбаяны жазылған кез келген анықтамалықты қарап шықсаңыз болады. Қытайда, әсіресе Кеңес Одағында көсемнің көзіне түскен ірі шенді тұлғалардың көбінің басына ерте ме, кеш пе, қауіп-қатер төнген.iқұдай сақтап, аман қалғандары түрмеге жабылған, ал бұлай жолы болмағандар атылған

Алайда Солтүстік Кореяда жағдай басқаша-тын. 1960-жылдардың аяғында мемлекеттік билікті ұстап тұрған жоғары лауазымды партия қызметкерлері арасын соңғы рет бір тазалап алған, партизандар тобынан шыққан бірнеше көрнекті партия қайраткері репрессияға ұшырады. Содан бері Ким Ир Сен төңірегіне топтасқан серіктер құрамы көп өзгермеді — әрине, бұрынғы партизан үзеңгілестері жасы ұлғайып, денсаулығы сыр беріп, ажалы жеткенде, 1970-жылдардың соңғы шенінде дүниеден оза бастаған.

Жапон саясаткерлері Жапонияның корей қауымдастығына Ким Ир Сеннің қайтыс болуына байланысты көңіл айту үшін келді. 1994/The Asahi Shimbun via Getty Images

Осы орайда Ким Ир Сен өзі құрған режимнің болашағы не болмақ деген сұраққа ден қояды. Сол кезде Солтүстік Кореяның айналасында өрбіген жайттарға куә болған көсемнің көңілі жай таппады. Ол Сталин қайтыс болған соң КСРО-да не болғанын көрді: елде жаппай десталинизация науқаны басталды, сол науқан совет жүйесіне тән көптеген проблемалар үшін жауапкершілікті Сталинге артып қою мақсатын көздеген (әлбетте, бұл оның негізгі мақсаты емес еді).

Ким Ир Сеннің бірден байқағаны: Кеңес Одағында Сталинге қарсы науқанның етек жаюына бастамашы болғандар — кезінде Сталиннің арқасында қызметі өрлеген, көсемге ақтық демі қалғанша шексіз адалмыз деп ант еткен адамдар еді. Бұдан шығатын қорытынды айқын болды. Ким Ир Сеннің қайтыс болғаннан кейінгі абырой-беделіне дақ түспей ме (әр саясаткердің осыны ойлайтыны бар ғой), өзі бастаған іс тоқырап қалмай ма, сондай-ақ Кореяны өзі дұрыс деп тапқан бағытта кім ілгері жетелейді, билік мұра болып кімнің қолына өтеді деген сұраққа ден қойғаны заңды да.

КОММУНИСТІК МОНАРХИЯ

Сол мұрагер кім деген сұрақ өзекті еді. Бұл ретте Қытайдағы оқиғалардың ықпалы қатты болған сияқты. Өздеріңіз білетіндей, Мао Цзэдун ұзақ уақыт бойы сенімді серігі болған Қытай қарулы күштерінің қолбасшысы Линь Бяоны өз мұрагері етіп таңдаған. Алайда Линь Бяо Мао Цзэдунның қайтыс болуын күтпей, оған қастандық жасап, билікті басып алуға оқтанады. Сол қастандық іске аспады, Лин Бяо Кеңес Одағына қашып құтылмақшы еді,iсол тұста КСРО Қытайдың басты геосаяси жауы болған жолда апат болды.

Қытай мен Кеңес Одағындағы жайттарды саралай келе, Ким Ир Сен өз беделін сақтап, ісін ілгері алып кететін мұрагер тағайындау керек екеніне көзі жетті. Мұрагер етіп Ким Ир Сеннің көзі тірісінде билікке жармаспайтын, ал көсем қайтыс болған соң елдегі барлық проблемалар үшін кінәны соған артып қоймайтын адамды таңдау керек еді. Осындай мұрагер рөліне тек оның ұлы ғана лайық болғаны анық.

Ким Ир Сен бірінші әйелі Ким Чен Сук және кішкентай Ким Чен Ирмен/Getty Images

Сол кезде Ким Ир Сеннің бізге белгілі үш ұлы болған. Ұрпақтарының саны одан да көп болғаны ықтимал, себебі билік басына келген Ким Ир Сен жеке өмірінде Шығыс Азияның ықпалды ер азаматтарына тән ертеден келе жатқан үйреншікті әдетке бой алдырған. Заңды (ресми) некелерді ғана айтатын болсақ, Ким Ир Сен үш әйел алған. Алғашқы жары — Маньчжуриядағы күрес жылдарында бірге болған жолдасы еді, оны жапондар тұтқынға алған, 1945 жылдан кейін онымен еш қарым-қатынас болмады. Екінші әйелі Ким Чжон Суктан екі ұлыiбіреуі шетінеп кеткен және бір қызы болған. 1949 жылы Ким Чжон Сук қайтыс болғаннан кейін, Ким Ир Сен өзінде хатшы болып істеген Ким Сон-эге үйленді, одан екі ұл туды.

Осылайша, 1960-жылдардың аяғында Ким Ир Сеннің аман қалған үш ұлы болды. Мұрагер таңдауға дайындық басталғанын аңғарған Ким Сон-э өзі туған екі ұлдың біреуін Ким Ир Сеннің мұрагері етіп тағайындайтындай жағдай жасауға білек сыбана кірісіп кетті. Бірақ оның бұл әрекетінен түк шықпады. Ким Ир Сен ақыры өзінің тұңғыш ұлы Ким Чен Ирді таңдады.

Ким Сон Э - КХДР негізін қалаушы Ким Ир Сеннің екінші әйелі / AP Photo

Ким Чен Ир 1941 жылы Хабаровск маңында дүниеге келген, анасынан ерте айырылды. Ол сол кезде Солтүстік Корея азаматтарының екінің біріне бұйыра бермеген элиталық білім алған. Әкесіне қарағанда, Ким Чен Ир шетелге мүлде шықпаған десе де болады, шет тілдерін білмеген. Солтүстік Корея пропагандасы таратқан ақпаратта оның нағыз патриот болғандықтан, КСРО-ға оқуға барудан бас тартқанын жиі айтатын.iсовет дипломаттары оны шынымен елге келіп, білім алуға шақырған екен 1950-жылдардың аяғында, Солтүстік Корея мен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынас нашарлаған тұста, Солтүстік Корея басшысының ұлы Мәскеуге — әлемдік ревизионизм ошағына барса, ағаттық болар еді.

Ким Чен Ир Ким Ир Сен атындағы университетке түсіп, саяси экономика мамандығын бітіріп шыққан. Таныстарының айтуына қарағанда, ол аса ынталы студент болмаған, кітап оқып, дәріс тыңдаудан гөрі қыздармен көңіл көтеріп, мотоцикл айдауға, шетел фильмдерін көруге әуес болған екен. Дегенмен Ким Чен Ирдің ұшқыр ойлы, тартымды, аса еңбекқор әрі адам танығыш студент болғанын да атап өткен. Солтүстік Кореяның болашақ басшысымен жас кезінде аралас-құралас болғандар оны ортасына сыйлы, сүйкімді адам деп сипаттаған.iтаныстары оны беделі басым «ақсүйектер» арасынан шыққанына бола жақсы көрмеген, шын сыйлаған Ким Чен Ир біраз уақыт орталық партия органдарында жұмыс істеп, онда корей мәдениеті, әсіресе кино саласындағы істерді қадағалаған. 1970 жылдардың басында оныiКим Ир Сеннің жасы үлкен кейбір үзеңгілестері наразы болғанына қарамастан Политбюро құрамына кіргізеді, ал 1970-жылдардың аяғында әкесінің мұрагері қызметіне бекітіп, 1980-жылдардан бері оның жеке басына табыну жүйесі (әкесінің культіне ұқсас жүйе) қалыптаса бастады. 1980-жылдары мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үйлердегі Ким Ир Сен портреттерінің қасына ұлының, яғни мұрагерінің дәл сондай үлгідегі портреттерін іліп қоятын болды.

Ким Ир Сен және Ким Чен Ир — ұлт әкелері. Намподағы балалар үйіндегі сурет / Alamy

Осылайша, Солтүстік Корея — көсемнің көзі тірісінде мұрагерін алдын ала тағайындаған, сол мұрагерлікке көсемнің ұлын таңдаған алғашқы социалистік елдердің бірі болды.iбұл ретте алғашқы болып жол салған Қытай еді, дегенмен ондағы осындай транзит сәтсіз аяқталды Сол кезден бері Солтүстік Корея монархияға айнала бастады. Соған қарамастан, жоғарыда айтқанымыздай, халықтың едәуір бөлігі мұндай өзгеріске наразылық білдірмеді — олар мұндай тәртіптің орнауын заңды, қалыпты құбылыс деп білген.

Көшірілді