Суға батпайтын Сэм атымен танылған кеме мысығы Оскар үш ірі кеме апатынан аман қалып, «саяси бағытын» бірнеше рет өзгертудің нәтижесінде танылды.
Сэмнің шығу тегі белгісіз. Ала мысық соғысқа басталғанға дейін 1939 жылдың ақпанында Адольф Гитлер мен бұрынғы канцлердің немересінің қатысуымен суға түсірілген «Бисмарк» неміс линкорындағы экипаж мүшелерінің біріне тиесілі деген дерек бар. Үлкен кеме су бетінде жүзіп бара жатқан қамал сияқты еді, алайда пайдалануға берілгеннен кейін екі жыл бойы айлақта тұрды. Шамасы, біздің әңгімеміздің бас кейіпкері «Бисмаркқа» дәл сол кезде келсе керек.
1941 жылдың көктемінде линкорды неміс басшылығы алғаш рет және соңғы рет пайдаға жаратты. Ол «Ойген ханзада» крейсерінің жол бастауымен Британияның жабдықталған кемелеріне шабуыл жасау үшін Атлант мұхитына бет алды. Алайда, «Бисмарк» тек «Худ» крейсерін ғана қолға түсіре алды, ол суға батқаннан кейін неміс қалқымалы қамалына шабуылдар басталды. Үш күннен кейін «Бисмаркқа» жаудың басым күштері шабуыл жасап, салдарынан бірнеше ірі шұңқыр пайда болып, кеме су түбіне батып кетеді. Екі мыңнан астам экипаж мүшелерінен тек жүз он бес адам және бір мысық тірі қалды…
«Бисмарктың» сынық қалдықтары арасында қалқып жүрген мысықты британдық «Казак» эсминецінің теңізшілері байқап қалады. Олар жануарды судан шығарып алып, оған Оскар деген есім беріп, кемеде қалдырады. Оған бұл есімді беру де тегін емес, Oscar сары-қызыл жалауы Халықаралық байрақтар дабылы жиынтығына сәйкес «борттағы адам» деген мағынаны білдіреді. Мысыққа экипаж мүшелері тез бауыр басты, алайда өкінішке орай, бұл оқиға сәтті аяқталмады.
«Казак» кемесі Атлант мұхиты мен Жерорта теңізіндегі күзет кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысты. Соңғысы көбіне одақтастарының әскери жабдығына шығын келтіруді көздейтін неміс сүңгуір қайықтарының нысанына айналды. 1941 жылдың 24 қазанында Гибралтардан Ливерпульге бағыт алған «Казактың» құрамындағы күзет кемесі шабуылға ұшырап, эсминецті неміс сүңгуір қайығы торпедаға жіберді. Салдарынан жүз елуге жуық британдық теңізші қаза тапты. Бүлінген кемені айлаққа сүйреп апармақ болған, бірақ қате жібергеннің кесірінен ол мұхитқа батып кетті.
Алайда Оскар мысық бұл апаттан да аман қалып, тірі қалған теңізшілермен бірге «Легион» эсминеціне жайғасып, көп ұзамай Гибралтарға жеткізілді. Онда ол құрлыққа шығып, бірнеше апта тынықты. Шамасы сол кезде ол тарихта қалған жаңа лақап атқа ие болды, себебі қожайындар мысықты суға батпайтын Сэм деп атады.
Бірақ Сэм Гибралтарда да тұрақтап қалмады, сол жылдың қараша айында «Король кемесі» авиатасымалдағышынан өзіне қоныс тапты. Бір қызығы, суға салсаң батпайтын мысықтың жаңа үйі оның бірінші өмір сүрген кемесі «Бисмаркты» құрықтауға шыққан еді. Сондықтан «Кеменің» жаудың сүңгуір қайығының көз тіккен нысаны болғанына да таңғаларлық емес. 1941 жылдың қараша айына дейін кеме еш зақымданбай, сапарын сәтті жалғастырды, бірақ күздің соңында оған U-81 сүңгуір қайығы шабуыл жасап, суға батпайтын Сэм бір жылдың ішінде үшінші рет апатқа ұшырады. Бұл жолы да мысықтың тірі қалғанын айтудың керегі жоқ шығар?!
Суға батпайтын Сэм туралы гулеген әңгімелер күмән де тудырғаны рас. Оны Nautical fiction яғни теңіз фольклоры деп санайтын кем дегенде бірнеше автордың да бары рас. Әрі бұл сюжеттің үш жақты, ертегі іспетті құрылымына да байланысты емес. Шотланд журналисі әрі оқиғаны көзімен көрген Людовик Кеннедидің «Бисмарктың» суға батып кеткені туралы егжей-тегжей жасаған есебі және Оскар/Сэм деген мысықтың болмағаны туралы айтқаны әңгіменің негізсіздігіне келтірілетін дәлелдердің бірі саналады. Бұдан бөлек Людовик аз ғана неміс теңізшілері тірі қалғанын алға тартады. Британдық кемелер неміс сүңгуір қайықтарының қарсы шабуылынан қауіптеніп, ұрыс алаңын тез тастап кетуге мәжбүр болды әрі суда қалған қарсыластарына көмек қолын созған жоқ. Британдықтардың суда қалған мысықты көріп, оны құтқаруға уақыты болды ма?
Десе де, «Король кемесі» суға батқаннан кейін Сэмнің құрлықта жалғасын тапқан өмірі бұл оқиғаның растығына дәлел болса керек. Мысық біраз уақыт Гибралтар генерал-губернаторының үйінде тұрған, содан кейін Белфастқа жеткізіліп, соғыстың аяқталғанын күтіп, 1955 жылы қайтыс болған деген деректер де бар. Сондай-ақ Джорджина Шоу-Бейкер пастельмен мысықтың атақты портретін салған, ол әлі күнге Гринвичтегі Ұлттық теңіз мұражайында сақтаулы. Десе де Сэмнің бізге жеткен бірде бір фотосуреті жоқ.
Қайткен күнде суға батпайтын Сэмнің образы британдық теңіз тарихындағы ең әйгілі оқиғалардың бірі, демек бұл бейненің нақты прототипінің болып-болмағанына қарамастан, оның назар аударуға лайық екенін білдірсе керек.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Sam Stall. 100 Cats Who Changed Civilization: History's Most Influential Felines. — Quirk Books, 2007.
2. Val Lewis. Ships' Cats in War and Peace. — Nauticalia, 2001.
3. Kennedy, Ludovic. Pursuit: The Chase and Sinking of the Bismarck. - Cassell & Co, 2001.