Таңғажайып корей керамикасы

Кәрістің селадон керамикасы неліктен қытайлар мен еуропалықтарды таңғалдырды?

Үйрек пішініндегі селадон тамшуыры. Корё әулеті, 12 ғасыр. Жеке коллекция/Christophel Fine Art/Universal Images Group через Getty Images

Селадон Корё — ерекше сылама қолдану арқылы жасыл түс гаммасында жасалған сұлулық пен талғамның үлгісі саналатын кәріс керамикасы.

Мазмұн

Бұл керамиканың еуропалық атауының шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар бар. 17 ғасырдағы француз жазушысы Оноре д'Юрфэнің «Астрея» романының кейіпкері бақташы Селадон ең танымал нұсқалардың біріне жатады.iiСеладон сөзі жалпы есімді білдіріп, «Астре» романының кейіпкері сияқты махаббаттан азап шеккен жанды білдірді, бірақ 18–19 ғасырларда Ресейде азғырушылар мен зинақорларға қатысты қолданыла бастадыСеладон сымбатты еді, ақшыл киім киіп жүретін, бірақ үнемі махаббаттан жапа шегетін. Тағы бір нұсқа бойынша керамика Сұлтан Саладиннің құрметіне аталған. Бұл атау Гомердің «Илиадасынан» алынғаны туралы өте күмәнді теория бар, онда Селадон өзені туралы сөз болады. Қайткен күнде еуропалықтар таңғажайып нәзік, бозғылт жасыл түсті керамиканы «селадон» деп атай бастады. Ал жаңбырдан кейінгі аспанды еске салатын бұл керамиканың түс гаммасына модерн дәуірінде селадон» деген айдар тақты. Қытайда селадон керамикасын «Цин Цы» деп атайды, сөзбе-сөз аударғанда «нефрит фарфоры» деген мағынаны білдіреді, ал Кореяда «чхонджа» деген атауға ие.

Астрея мен Селадон, 17 ғасыр француз гобелені, Оноре д'Юрфенің (1568-1625) «Астрея» романындағы көріністі бейнелейді. Басти д'Урфе қамалы, Обюссон фабрикасы, Франция/DeAgostini/Getty Images

Қытайлық бастауы

Селадон керамикасының отаны саналатын Қытайда нефрит алтын мен күмістен қарағанда жоғары бағаланды. Бұл минералда реңктердің күрделі гаммасы тоғысқан: нәзік жасыл-кілегей реңктері бар ақшыл рең, қою сұр-жасыл және теңіз толқынының көкшіл түсін қамтиды. Өңделгеннен кейін оның беті жылтырап, майлана түседі және анау айтқандай жарыққа шағылыспайды. Нефритке тән қасиеттер адамның алты қасиеті, яғни мейірімділік, даналық, байсалдылық, әділдік, тазалық және батылдықты бейнелейді деп саналған. Қытайда адами қасиеттерді нефритпен байланыстыратын көне мақал-мәтелдер өте көп, мәселен, тәрбие мен білімнің маңызын еске түсіретін: «Өңделмеген нефрит жылтырамайды» деген мақал соған дәлел. Қытайда неолит дәуірінен бері нефрит қасиетті тас болды және діни заттарды жасау үшін пайдаланылды. Нефрит эротикалық бейнелермен де тығыз байланысты, мәселен, жыныс мүшелерін білдіретін эвфемизмдер көбіне «нефритті» деген сын есіммен қатар жүреді. Мысалы, «нефрит таяқша», «нефрит тостаған» т.б.

Бақа, үйрек және ұлу қосылған нефрит лотосы, Мин әулеті, Қытай, 1550-1644 жылдар. Осы өсімдіктер мен жануарлар бірге «Ұлдарыңыз көп болсын» ребусын құрайды.

Нефрит қымбат болды, сондықтан құрығанда оның түсі мен фактурасын негіз ететін заттарға ие болуды көбі аңсады. Нефриттің түсі, жылтырлығы мен жартылай тұнық фактурасына қол жеткізу үшін қытай шеберлері селатон жылтырағын жасайтын төл формулаларын ойлап тапты. Селадонның нақты қашан пайда болғанын анықтау мүмкін емес, бірақ Қытай ғалымдары алғашқы протоселадондардың өндірілуін Шығыс Хань дәуірімен (б.з. 25–220 жж.) және Чжэцзян провинциясымен байланыстырады. Қытай көзешілерінің шеберлігі артты, технология дамыды және Тан дәуірінің (бұл біздің дәуіріміздің 10 ғасыры) соңында Солтүстік Қытайдың нағыз селадондары — күрделі жасыл реңктердегі табиғи тастан жасалған өрнектер имитациясы бар жылтыр бұйымдар пайда болды.

Айдаһар оюымен өрнектелген Лонцюань қаласының селадон керамикасынан жасалған үш аяқты бөлмеге хош иісті түтін шығаратын аспап. Юан әулеті, Қытай, 13 ғасырдың соңы - 14 ғасырдың басы/Getty Images

Дәл осы уақытта шығыста КорёiiКорей түбегіндегі мемлекет (935–1392) мемлекеті гүлденіп, дами бастады. Мұнда қарқынды түрде салынып жатқан будда ғибадатханаларының құрылысына керамика бұйымдары көбірек қажет болды, осы мақсатпен Корё шеберлері Қытай көзешілеріне шәкірт болуға аттанды. Тарихшылардың айтуынша, дәл осы уақытта кейбір Қытай шеберлері Корей түбегіне көшіп, таза корей керамикасын жасауға атсалысқан. Корей көзешілері әуел баста технологияларды игерген, бірақ глазурь және өрнектермен тәжірибе жасау арқылы олардың бұйымдары Солтүстік Қытайдағы әйгілі әріптестерінің жұмыстарымен тең бағалана бастады, ал кейбір аудандарда кәріс көзешілерінің өнері өздерінің бұрынғы ұстаздарынан озып кетті. Мысалы, кәрістер Сангам тәсілін ойлап тапты — бұл түрлі түсті саздың кесектерінен тұратын өзінше безендіру. Олар ою, штамптау және глазурьмен өрнектеуді кеңінен қолданды.

Бұлттар мен тырналар бейнеленген селадон вазасы. 12 ғасыр. Кореяның Ұлттық сарай музейінің жинағы//The Oriental Applied Arts/Getty Images

Ыдыстардың нақты пішіндері, үйлесімді түстері, композицияның ерекшелігі, рельефтің әсем графикасы — мұның бәрі қытайлық талғампаз сыншыларды таңғалдырды. 1123 жылы қытайлық ғалым Сюй Цзин Кореяға барып, «Сюаньхэ жылдарындағы Корё елшілігі туралы иллюстрациялық әңгіме» кітабын жазды. Онда ол кәріс ыдыстарына тәнті болып, олардың қытайлық бұйымдардан кем түспейтінін, кейбірі тіпті одан асып түсетінін алға тартады. Бұл ортағасырлық қытай авторының осылайша таңдай қағуы сирек кездесетін құбылыс, өйткені оның әріптестері Қытайдан тыс әлемді дәстүрлі түрде солғын әрі аспан астының қай жағынан алып қарасақ та, ең нашар үлгісі екенін жазатын.

Балықшы құстың түсі

Корё керамикасы 11 ғасырдың ортасынан 12 ғасырдың аяғына дейінгі кезеңде, храмдар мен сарайларды безендіретін ең озық бұйымдар жасалған тұста өркендеді. 12 ғасырда сұлулықты көре білушілерді баурап алатын «балықшы құстың» (қанаттарының бірі жасыл түстен тұратын кішкентай құс) түсін білдіретін глазурьдің ерекше түрі жасалды. Оны Сюй Цзин былай сипаттайды: «Корё тұрғындары «балықшы құстың түсі» деп атайтын аспан түстес көк-жасыл қолөнер бұйымы, кішкентай қақпағы бар әрі асқабақ формасындағы, лотос гүлдері арасында үйректер орналасқан шарапқа арналған ыдыстар да баршылық. Сондай-ақ шыныаяқтар мен табақтар, гүлдерге арналған вазалар мен ыстық суға арналған ыдыстар да жасайды. Олардың бәрі Динчжоудағы керамикаға еліктейді, сондықтан олар туралы қысқаша айтамыз және суреттерін көрсетпейміз. Шарапқа арналған ыдыстарды арнайы көрсетеміз, себебі олар бір-бірінен ерекшеленеді. Арыстан пішіндес хош иісті түтін шығаратын ыдыс та «балықшы құстың» пішінінде — мұнда арыстан лотосқа сүйеніп, жоғарыда тұр. Бұл барлық бұйым ішіндегі ең көзге түсетіні. Қазір «балықшы құс реңкіндегі» керамика сирек кездеседі — сирек кездесетіні сондай, бұл өнер туындысы ұлттық қазына болып саналады, бірақ олардың авторлары мәңгілікке белгісіз болып қалды.

Лотос жапырақтарымен безендірілген тостаған және жүзім теріп жатқан ұл балалар салынған шарап құмырасы, керамика, Корея, Корё әулеті, 10-14 ғасырлар/Getty Images

1231 жылы моңғол шапқыншылығының басталуымен атақты Корё селадон өнері құлдырай бастады, түптеп келгенде еңсесін тіктей алмады. Моңғолдармен қарым-қатынастың беті бері қарағанда, жартылай қалыпқа келгендей де болды, алайда «балықшы құстың» құпиясы сол күйі табылмады.

Пиондар бейнеленген шатырды безендіруге арналған диск, селадон керамикасы, Корея, 12 ғасыр/DeAgostini/Getty Images

Жапон ұрылары

Кейінірек корей керамикасының тағы екі негізгі бағыты қалыптасты, олар «пунчон» және «пэкча», сондай-ақ дизайны қарапайым және өндірісі арзан бірнеше басқа қолөнер бұйымдары пайда болды. Көне үлгілерден қалыс қалса да, есесіне олар қарапайым адамдарға қолжетімді бола бастады. Мұнда қолөнер жаңа күшпен қайта жандануы мүмкін еді, бірақ 16 ғасырдың аяғынан бастап Кореяға жапондар шабуыл жасай бастады. Жапондар Кореядан қолөнершілерді, тоқымашыларды, көзешілерді белсенді түрде алып кетті, шеберлерді отбасымен, ауылымен бірге көшірді. Бұл жапон керамикасының корейге тән бірқатар ерекшеліктерге ие болуына әкелді, бірақ корей өнері қиын кезеңді бастан өткерді. Дәстүрлі қолөнерді толығымен қалпына келтіру беймүмкін болды. Ал Жапонияның Кореяны отарлау кезеңі — 1910–1945 жылдары көне заманның мұралары да елден шығарылды, ежелгі кәріс фарфорлары мен керамикасы әлемде кең танымалдыққа ие болды, ал жапондар ежелгі өнер бұйымдарын белсенді сатып ала бастады. Тіпті «жерлеу кәсібі» дамыды, себебі ежелгі зираттарда қайтыс болған адамға ана дүниеде керек болады деп саналған керамика мен фарфордан жасалған ыдыстар сақталды. Қабір тонаушылар қазбаға арналған бос жерлерді анықтау үшін ежелгі зират орындарында жерді металл шыбықтармен тескен. Бұл жабайы әдіс керемет бұйымдарды жойып жіберді, ал сақталғандары жапондардың, америкалықтардың және еуропалықтардың коллекциясынан табылды.

Селадонның бүгінгі күйі

Тек 20 ғасырдың 50 жылдарында ғана оңтүстік кореялық суретшілер дәстүрлі керамика, ең алдымен Корё селадоны өндірісінің технологияларын қалпына келтіре бастады. Әрине, қазіргі заманғы ғылыми және ресурстық мүмкіндіктер көптеген ежелгі құпияларды ашуға үлкен үлес қосты, десе де ежелгі құрамдас бөліктері қалпына келтіруді талап етеді. Қайткен күнде қазіргі Корё селадоны да классикалық үлгісі сияқты көз тоярлық, күрделі және қызықты және бағасы да қымбат — қолдан жасалған корей cеладонының бағасы өте жоғары.

Қазіргі заманғы селадон өндірісі бірнеше ауылда шоғырланған, ең үлкені Сеулге жақын Ичхон ауылында орналасқан, онда сексенге жуық шеберхана бар. Мұнда екі жыл сайын Бүкіл кореялық керамика жәрмеңкесі өтеді, онда сіз көзешілердің жұмыстарын сатып ала аласыз, ыдыс-аяқ пен басқа заттарды жасау процесін бақылайсыз немесе өзіңіз де құмыра айналдыру мүмкіндігіне ие боласыз.

Оқуға ұсынамыз:

Е.И. Гельман. «Очерки истории селадонов» // В сборнике «Генуэзская Газария и Золотая орда», 2019.

Карина Ким. «Поднебесный нефрит. Керамика королей», год издания не указан.

Андрей Ланьков. Загадка Северной Кореи. Курс для проекта Qalam

Екатерина Савушкина

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді