ТЕРІСКЕЙ ТЕҢІЗДІҢ ТЕҢДЕССІЗ МАЙШАБАҒЫ

Империяның бой түзеуіне әсер еткен балық

ТЕРІСКЕЙ ТЕҢІЗДІҢ ТЕҢДЕССІЗ МАЙШАБАҒЫ

Игнатий Йозеф ван Регемортер. Антверпендегі балық базары. 1827/Alamy

Ежелгі заманнан бері Атлантикалық Clupea harengus майшабағының үлкен-үлкен үйірлері Дүниежүзілік мұхиттың солтүстігін мекен етіп келеді. Балықтың бұл түрі шамамен 3-6 миллион жыл бұрын пайда болған. Тіпті Homo sapiens адамдары олардан әлдеқайда кейінірек жаралды. Ал осы солтүстіктің салқын суында жүзіп жүрген майшабақтар адамзаттың дамуына бірнеше миллион жыл бойы үлес қосып келгенін білесіз бе?

Мазмұны

Адам мен балық: бастау

Балтық теңізін мекен ететін, майшабақ тұқымдас Clupea harengus membras (салака) секілді атлантикалық майшабақ орташа температурасы 6–12С суларда кездеседі. Балтық және Солтүстік теңіздері, сондай-ақ Атлант мұхитының субполярлық бөлігі — бұл балықтың жайлы мекені.

Б. з. 10 ғасырдың басында Балтық жағалауын, Британ аралдары мен Солтүстік Еуропаны қалың халық қоныс етті. Сол уақытта балықшылар жағалау суларынан майшабақ пен салака балықтарын аулаумен айналысқан. Алғашында олар өз қамы үшін ғана қармақ салатын-ды.

Скейндегі (Швециядағы қала, орта ғасырлардағы ең ірі балық базарларының бірі) майшабақ аулау . 15 ғасыр гравюрасы/Alamy

Скейндегі (Швециядағы қала, орта ғасырлардағы ең ірі балық базарларының бірі) майшабақ аулау . 15 ғасыр гравюрасы/Alamy

Майшабақтар көптеген отбасының денсаулығын жақсартып, ұзақ жасауына мол пайдасын тигізді. Аса сапалы ақуыз бен омега-3 май қышқылдарына, пайдалы минералдар мен D, B12, B3 дәрумендеріне бай майшабақ солтүстік халқының тамақтану рационында таптырмас асқа айналды. Өйткені ол замандағы ақсүйек болу бақыты бұйырмаған басым көпшіліктің құрсағы аш болмаса да, дастарқаны тым жұпыны-тұғын. Жарлының асқазаны жануарлардың ғана ақуызын қорек еткен, оның үстіне, орманы аз Еуропада қара халықтың аң аулайтын мүмкіндігі аз болатын. Мал бағу, құс өсіру болса — ұзақ уақытқа созылатын әрі тым қымбатқа түсетін шаруа. Ал теңіздің теңдессіз байлығын пайдасына жарата білген балықшылар ақуызды армансыз өндірді.

Балық шаруашылығының саудаға айналуы

Б. з. 10–11 ғасырында майшабақ аулау ісі коммерциялық сипат ала бастады. Тұздалған майшабақтар Солтүстік Еуропада ауқымды сатылымға шықты.

Солтүстік-батыс және Орталық Еуропадағы көпестер гильдиясы мен базары дамыған қалалардың сауда және қорғаныс конфедерациясы Ганза одағы 12 ғасырға қарай майшабақ сату ісінде жетекші рөл атқарды. Ганзалықтардың Солтүстік Еуропаның бүкіл жағалауындағы саудада бәсі биік болды. Олардың жеке сауда жолдары, банк пен қойма қызметтері жүйеленіп, қарқынды дамыды.

Айлақ. Миниатюра Гамбург заңдары кодексінің басылымында, «Кеме қатынасының ережелері» жазбасымен, 1497. Абсолон Штумме. Гамбург тарих мұражайы/Wikimedia Commons

Айлақ. Миниатюра Гамбург заңдары кодексінің басылымында, «Кеме қатынасының ережелері» жазбасымен, 1497. Абсолон Штумме. Гамбург тарих мұражайы/Wikimedia Commons

Экономика көбейіп келе жатқан халықты асырау үшін сапалы азық-түлікті қажет етті: Батыс Еуропаның көптеген қаласы өзіне жеткілікті азық-түлік өндіре алған жоқ. Қуанышқа орай, майшабақ популяциясы мол болды, мұны ортағасырлық авторлардың шабақтарды жалаң қолмен-ақ аулай беруге болады деп жазғанынан біле аламыз.

Балықты тұздау мәселесі

Негізгі мәселе өнімді тұтынушының үстеліне жылдам жеткізу еді. Балық бұзылып кетпеу үшін тез өңдеудің тәсілін табуға тырысты. Егер балықты кептірер болса, таптырмас табиғи майы да бірге кеуіп кетеді, сондықтан майшабақты әдетте тұздап сататын, ал тұз ол аймақтарда жеткілікті болатын. Бірнеше тұз шахталары, теңіз тұзын булау және теңіз тұнбасын күйдіру ісі де дамыған, бірақ бұлар өнім бағасының солтүстік Еуропада айтарлықтай арзандауына әсер етті. Рас, дәстүрлі тәсілмен тұздалған майшабақ дәмі тез ашып кететін, ал байлар бұл қылтанағы көп әрі татымсыз балықты төменгі тап өкілдері жесін деп жақтыра қоймады.

Геррарт Доу. Майшабақ сатушы мен бала. Шамамен 1664/Alamy

Геррарт Доу. Майшабақ сатушы мен бала. Шамамен 1664/Alamy

Теңіз күмісі

13 ғасырда голландтар «майшабақ кемелерін» жасап, бұрынғыдан да көп мөлшерде майшабақ аулай бастады, сөйтіп, әлемге әйгілі майшабақ өнеркәсібінің негізін қалады.

Майшабақ. Фламанд ақыны Якоб ван Марланттың «Табиғат гүлдері» трактатынан миниатюра. 13 ғасырдың соңы/Wikimedia commons

Майшабақ. Фламанд ақыны Якоб ван Марланттың «Табиғат гүлдері» трактатынан миниатюра. 13 ғасырдың соңы/Wikimedia commons

Солтүстік Еуропа үшін климаты қолайлы кезең болды. 950–1250 жылдардағы жылы кезең аяқталғанымен, әлі де сезіле қойған жоқ. Еуропада тек келесі ғасырдың басында, яғни Кіші мұз дәуірі басталғанда ғана күрт суытып, егін бітік болмады. Бұл арада ауа райы жайлы, қысы жылы, көктемі мен жазы шуақты болып, Балтық және Солтүстік теңіздер жағалауындағы қалалар қарқынды дамыды. Сол күндері майшабақ «теңіз күмісі» деп атала бастады.

Ганза нарығының негізгі өнімі

13 ғасырдың орта шеніне таман Солтүстік Еуропадағы балық өнеркәсібінде 35 мыңнан астам балықшы қызмет қылды және аймақ халқының көп бөлігін балық өнімдерімен қамтамасыз етті. Майшабаққа деген сұраныстың көп болғаны соншалық — Ганза қалаларында, мысалы, майшабақ балық шаруашылығы орналасқан Любек (Германия) кедендік регистрлерінде кей жылдары майшабақ ең маңызды сауда нысаны ретінде көрсетілген. Майшабақ нарығы осы өнімнің көптігі мен қолжетімділігіне байланысты барлық сауданы тартты. Балық саудасы Балтық жағалауын Шығыс Еуропа мен Батыс Еуропаны жалғап тұрған маңызды сауда торабына айналдырды.

13 ғасырдың орта шеніне таман Солтүстік Еуропадағы балық өнеркәсібінде 35 мыңнан астам балықшы қызмет қылды және аймақ халқының көп бөлігін балық өнімдерімен қамтамасыз етті.

Балықты голландтық тәсілмен тазалау

Ал балықшылар майшабақтарды тұздап, тасымалдау мәселесін қалай шешті? Олар балықты ащы дәмнен арылтып, ақсүйектердің дастарқанында тұруға лайықты ас дәрежесіне қалай көтерді?

Аңыз бойынша, Зеландияның Бервльет қаласының балықшысы Уиллиам Баккельс (William Buckels немесе William Beuckel әлде Beuckelson деген әйгілі есімі де бар) алдын ала салқындату арқылы майшабақтарды консервілеу идеясын ойлап тапты.

Майшабақты тұздауға дайындау. 19 ғасырдағы пошта картасы/Courtesy of Am Baile

Майшабақты тұздауға дайындау. 19 ғасырдағы пошта картасы/Courtesy of Am Baile

Аршып-тазалау немесе gibbling — бұл балықтың желбезектері мен ішек-қарнының кейбір бөліктерін алып тастау процесі, бірақ ас қорыту ферменттерін өндіретін бауыр мен ұйқы безінің бір бөлігі қалады. Бұл жағдайда майшабақ толығымен қаннан тазарады, ал қансыз балықтың ащы дәмі болмайды. Ферменттердің жұмысының арқасында тұздалған майшабақ бір апта ішінде нәзік «кіршіксіз» (матье)iголланд тілінен алынған maatjes, таза, пәк қалпына түседі.

Майшабақ шайқасы - Жүз жылдық соғыс эпизодтарының бірі. Орлеанды қоршау кезінде ағылшын армиясын қамтамасыз ету үшін негізінен майшабақ бөшкелерінен тұратын конвой жіберілді. Жан Шартьенің Карл VII хроникасының қолжазбасынан Филипп де Мазеролленің миниатюрасы. 1470 жж/Wikimedia commons

Майшабақ шайқасы - Жүз жылдық соғыс эпизодтарының бірі. Орлеанды қоршау кезінде ағылшын армиясын қамтамасыз ету үшін негізінен майшабақ бөшкелерінен тұратын конвой жіберілді. Жан Шартьенің Карл VII хроникасының қолжазбасынан Филипп де Мазеролленің миниатюрасы. 1470 жж/Wikimedia commons

Шамамен 1386 жылы Бекельс өз әдісін қолдана отырып, бөшкелерге майшабақтардың бір тоннасын алғаш рет тұздаған-ды. Сондағы майшабақ тіл үйірер, таңғажайып дәмді болып шықты! Бұл әдіс бірден тұздалған голланд майшабағына үлкен сұраныс тудырып, майшабақ нарығында голландтық монополияға жеткізді. Көптеген ғасыр бойы «матье» рецепті голландтардың (сонымен қатар фламандтық) ең дұрыс табылған шешімі болды. Рас, Фландрия тұрғындарының (керемет рецептіні ойлап тапқан Уиллиам Бекельс те бар) Ганзамен байланысы оларға майшабақтарын сату мүмкіндігімен шектелген және оны негізінен тек өз қажеттіліктері үшін пайдалана алатын. Осылайша Нидерландия әлемде «майшабақ өндірудің патшасы» атанды. Сондай-ақ ел астанасы Амстердам қаласы «майшабақ қылтанағынан тұрғызылған» деген де сөз бар. Осы күнге дейін Нидерландыда «матье» майшабақ классикалық ортағасырлық рецепт бойынша өндіріліп келеді.

Бұл рецептінің күрделі құпиясы жоқ:

  • балықты сойып, желбезектерін және ішек-қарынының бір бөлігін алып тастайды;
  • шоғалдырығы мен уылдырығына тиіспейді;
  • майшабақты тұзды су құйылған бөшкелерге салады;
  • сөйтіп, бөшкенің қақпағын бекітіп, 5 күн күтеді.
 Майшабақ тұздау. 17 ғасырдағы голландиялық гравюра/Alamy

Майшабақ тұздау. 17 ғасырдағы голландиялық гравюра/Alamy

Майшабақ сатып ақша тапқан голландиялықтар түскен қаражатын іске жаратып, кеме жасай бастады. Біріншіден, «майшабақ зауыттарының» бүкіл флотилиялары — теңізден майшабақ аулау және өңдеу үшін арнайы жасалған алып та мықты кемелер. Мұндай майшабақ зауытының алғашқы кемесі 1415 жылға таман жасалған. «Майшабақ зауыттарынан» кейін қуатты әскери-сауда флоты жандана бастады. Майшабақ елдің колонияларды жаулап алуы мен Голландияның колониялық империясын құру жолындағы негізгі қозғаушы күш болды.

 А. Шторк. 1670 жылғы ағылшын-голланд соғысы кезіндегі төрт күндік шайқас/Wikimedia commons

А. Шторк. 1670 жылғы ағылшын-голланд соғысы кезіндегі төрт күндік шайқас/Wikimedia commons

Әрине, көпшілігі голландиялық монополияны құлатуға тырысты: Ганзаның қатаң заңдарын қиратуға бағытталған көптеген әрекеттер жасады. Мысалы, бәсекелестері өз кемелеріндегі майшабақты тікелей теңіз суына тұздауды шығарды, олардың сондағы көздегені — жақсылап мөлшерленген және бабы келіскен тұзды сатып алып, шығынданбау еді. Сөйтіп олар өзіндік монополиялық заңдары қалыптасқан Ганза сауда орындарын айналып өтіп, Англия мен Францияда балықты тез арада сатып жіберді. Ал негізінде голландиялық майшабақты тек голландтар мен одақ мүшелерінің ғана сатуға хақы бар еді. Контрабандашылардың балығы нашар әрі бұзылуға бейім болды, өйткені теңіз суына тұздау дегенің — оңбайтын іс. Бірақ ол «нағыз голландтық» майшабақтан әлдеқайда арзанға сатылды. Арзан балықты әскери квартал басшылары қажеттіліктері үшін әрі қаражатқа үнем болады деп жиі сатып алатын.

Майшабақ ыстайтын жай. 18 ғасыр гравюрасы/Alamy

Майшабақ ыстайтын жай. 18 ғасыр гравюрасы/Alamy

Майшабақ қылтанағынан іргесі қаланған империя

Голландияның алтын дәуірі 17 ғасырда басталды. Нидерландтар сауда, ғылым, соғыс және өнер салаларында алдыңғы қатардан көрінді. Бұлайша өркендеуіне не нәрсе әсер етті? Бұның жауабын Вермеердің «Делфт көрінісі» картинасынан таба аламыз. Бұл сурет 1660 жылы, Алтын ғасырдың қызған шағында салынған. Картинада «майшабақ зауыттары» қала пейзажының ажырамас бөлігі ретінде бейнеленген.

Ян  Вермеер. «Делфт көрінісі». 1660/Wkimedia Commons

Ян Вермеер. «Делфт көрінісі». 1660/Wkimedia Commons

Кеме жасау ісінің дамуы және кеме жөндеу зауыттарының жұмыс көлемі Голландияда тамаша флоттың пайда болуына түрткі болды. Голландияда кеме жасау өркен жайды. Бекельстің өнертабысы арқасында экспедициялар кезінде теңіз кемелерінің экипажын пайдалы және құнарлы тамақпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Алғашқы голландиялық сауда экспедициялары 16 ғасырдың соңында-ақ Батыс Африка, Оңтүстік Америка және Ява аралына дейін жете бастады.

17 ғасырдың екінші жартысында Нидерланды Малай архипелагының бір бөлігін басып алып, Малай түбегінде және Үндістанның бірнеше аймақтарында, сонымен қатар Цейлон аралында (Шри-Ланка), Қытайда, Вьетнамда, Бирмада, Йемен, Оман және Жапония, сондай-ақ Канададағы Ньюфаундленд аралында бекінді. Айтпақшы, тамаша майшабақты Ньюфаундленд суларынан да аулаған.

Амстердам портындағы майшабақ флоты. 16 ғасыр гравюрасы/Alamy

Амстердам портындағы майшабақ флоты. 16 ғасыр гравюрасы/Alamy

Кеме хирургы Жеймс Йонге (James Yonge) күнделігінде Ньюфаундлендтегі балық аулау станцияларының жұмысын былай деп сипаттап жазған:

«Егер олардың қармағы сәтті қапса, экипаж кешке таман жаппай ау сүзуге кірісетін, әр кеме салмағы бірнеше тонна болатын мың, мың екі жүзге дейін жетерлік балық олжалайтын... Экипаж балықты тура кеменің үстінде пісіреді... Балақай ауланған олжаны балық соятын үстелге әкеп қояды, содан кейін оның басын шауып, ішек-қарнын тазарта бастады…»

І Петр патша мен голланд майшабағы

Тарихшылардың айтуынша, теріскей теңізінен ауланған майшабақтардың жалпы көлемі 1560 жылға таман шамамен 60 000 тоннаға жеткен. 17–18 ғасырларда голландтар жыл сайын 90 000 тонна майшабақ тұрақты тұздап тұрған. Кішкентай майшабақ елге мол байлық әкеліп, береке орнатты.

17-18 ғасырларда голландтар жыл сайын 90 000 тонна майшабақ тұрақты тұздап тұрған.

1697 жылы Амстердамға барған орыс патшасы І Петр голландиялық қарапайым қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін көріп есі кетіп, туған еліне оралды. Сонымен, майшабақ Голландияның дамуына ғана емес, сонымен қатар Петр өз елінде голландиялық жетістіктерді қайталауға тырысып, күрт жүзеге асыра бастаған реформаларға да септігін тигізді.

Уиллиам Бекельсті еске алу

Балықты аршып-тазалаудың тиімді тәсілін ойлап тауып, елді байытқан балықшының есімі әлі күнге Нидерланд жұртының есінде. Өзінің туған қаласы Бирвлиттегі (халық саны шамамен 1600 адам) шіркеудің витраж терезесінде Бекельстің суреті бейнеленген.

Бекельс бейнеленген Бирвлиттегі витраждың литографиялық көшірмесі/Wikimedia commons

Бекельс бейнеленген Бирвлиттегі витраждың литографиялық көшірмесі/Wikimedia commons

Майшабақ және ертедегі капитализм

Майшабақ аулайтын кемелер голландиялықтарды теңізде ұзақ жүзуге жарамды жаңа технологиялық шешімдер іздеуге мәжбүр етті. Кеме жасаушыларға балық өңдеу жүйесіне қажетті орны бар және көбірек экипаж бен қызметкерлер сыятын бұрынғыдан үлкенірек кеме құрастыруға тура келді. Алып кемелердің, үлкен экипаждың және технологиялық жетістіктердің бәрі де – голландтық ерте капитализмнің бастауы.

 Георг Флегель. Майшабақпен атюрморт. 1679/Wikimedia commons

Георг Флегель. Майшабақпен атюрморт. 1679/Wikimedia commons

Табысты майшабақ аулау ісі де назардан тыс қалмады. Қарақшылар да, көрші мемлекеттер де кейде майшабақ таситын кемелерге шабуыл жасайтын. Бұған жауап ретінде Голландия қалалары ортақ мүдделерді қорғау үшін конвой жіберуге келісті. Голландияның Алтын ғасырында майшабақ таситын кемелерді қорғайтын алғашқы әскери кемелер жасап, әйгілі әскери жорықтар ұйымдастыра бастады.

Ресурсты сақтау

19 ғасырдағы өнеркәсіп революциясы майшабақ балық шаруашылығына кемеге бу қазандықтарын орнату және балық өнімін сақтау әдістерін жақсарту сияқты жаңалықтар әкелді. Теміржол пайда болғаннан кейін майшабақтарды ішкі нарыққа тасымалдауды жеделдеді. Бірақ 1900 жылдардың басында майшабақ балық шаруашылығы шамадан тыс балық аулау мен қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты проблемаларға тап болды.

 Майшабақтарды Солтүстік теңізде аулау. 19 ғасыр/Alamy

Майшабақтарды Солтүстік теңізде аулау. 19 ғасыр/Alamy

Заманауи балық аулау техникасы мен құрал-жабдықтарын, мысалы, гидролокатор мен үлкен траулерлерді енгізу балық аулаудың тиімділігін арттырды, бірақ сонымен қатар балық аулау ісінің проблемалар да көбейді. Ал майшабақтар азайып кетті.

Гримсбидегі (Англия) балық аукционында майшабақ. 1915 жыл/Alamy

Гримсбидегі (Англия) балық аукционында майшабақ. 1915 жыл/Alamy

20-21 ғасырлар тоғысында майшабақтардың тұрақты санын сақтап қалуға бағытталған халықаралық келісімдерге қол қойылды: аулау квотасы, маусымдық шектеулер, шабақтарды өсіру және суға жіберу секілді майшабақты солтүстік суларында сирек кездесетін мекендеушіге айналдырмау мақсатында көптеген шаралар жүзеге асты.

Бүгінгі таңда майшабақ әлемдегі ең танымал коммерциялық балықтардың бірі болып қала бермек.

Александр Привалов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ